Жинақтаушы: Есенбаева Айгерім
Экономика:
Зейнетақы қорындағы қаражаттар ақыры мемлекет игілігіне жұмсалатын болды деп тілшіміз Бақытнұр Әлібай, Бауыржан Нарымбетов хабарлайды.
Миллиондаған қазақстандықтың жылдап жинаған зейнетақы қорындағы қаражаттары ақыры мемлекет игілігіне жұмсалатын болды. Бүгін өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Нұрсұлтан Назарбаев осындай тапсырма берді. Яғни, зейнетақы жинақтарында еркін жатқан 1 жарым триллионға жуық қаржы әртүрлі бағыттарға құйылмақшы. Мемлекет басшысы шұғыл жинаған отырыс барысын Бақытнұр Әлібай баяндайды.
Үкіметтің кеңейтілген отырысы жайында әдеттегідей күні бұрын айтылмады. Тіпті, бірде-бір журналист шақырылмады. БАҚ өкілдері елдегі экономикалық ахуалға арналған жиынның барысын Ақорданың ресми твиттер парақшасы арқылы біліп отырды. Өткен жылды қорытындылаған президент, биылда оңай болмайды деді. Оған былтыр жыл басында 60 доллар болған мұнай баррелінің биыл 30 доллар айналасында екендігін мысал етті.