Ақпарат кеңістігіндегі бостандық қарлығашы

      Құдиярбек АҒЫБАЕВ

Ақпарат кеңістігіндегі бостандық қарлығашы

 

Тәуелсіз Қазақстанның ширек ғасырдан енді ғана асқан тарихы небір ұлы оқиғаларға толы. Көз алдымызда тарих кітабының әр бетінен азаттықтың, тәуелсіздіктің самалы еседі. Осынау жылдарда елімізде қай саланы алсақ та үлкен жетістіктерге қол жеткіздік. Ұлт ретінде әлем сахнасынан ойып орын алдық. Ауыз толтырып, мақтанып айтар істерімізді ешкім жоққа шығара алмас. Осы жолда ғаламторды шарлаған мыңдаған ақпарат көздерінің арасынан өз жолын іздеп, бағыт-бағдарын жоғалтпастан талмай жұмыс жасап келе жатқан қазақ тілді журналистердің ерен еңбегін, олардың ұлт, мемлекет алдындағы миссиясын жоғары бағалауға болады.  Сондай жанкешті еңбектің бір көрінісі  —  жоғарыдағы аталмыш сайт туралы зор мағлұмат беретін «Біздің сайт – Дешті Қыпшақ» деп аталатын екі томнан тұратын тамаша кітап  екені анық. Кітап әзірге, шамалы тиражбен жарық көріп отыр. Алдағы уақытта тапсырыстар болып жатса «Электронды ресурстар орталығы» баспасы қалағанша шығарып беруге дайын.

Көзі қарақты оқырман атының өзінен-ақ байқағандай, бұл кітапта тарих, ұлт тағдыры, тіл мен діл, сондай-ақ, халқымыздың бізге беймәлім ерте кезеңдеріндегі бастан өткерген тарихы көрнекті ғалымдарымыздың ғылыми- зерттеу еңбектері арқылы орын алған. «Дешті Қыпшақ» сайтының ашылғанына небәрі алты-ақ жыл өтсе де шетелдік, отандық түрктанушы ғалымдарымыздың терең зерттелген ғылыми мақалаларын жүйелі түрде жариялап отыру арқылы өз оқырмандарының қатарын көбейте түсуі де заңды құбылыс деп білеміз.

Қазір еліміздің интернет кеңістігінде қазақ тіліндегі сайттар біртіндеп ашылып жатыр. Бұл қуанарлық жайт. Өкінішке орай, ондай сайттардың көпшілігінде қаржы мен білгір мамандардың қатары әлі күнге дейін шектеулі боп жатады. Тек, қазақ тілі мен діліне, тарихына, ұлт мәселесіне жаны ашитын азаматтардың белсенді іс-әрекеттерінің арқасында көптеген қазақ тіліндегі сайттар жұмыс істеп тұр. Оның әсіресе, «тиімді» тұстары да, кемшін тұстары да жетерлік.

Өздеріңізге ұсынылғалы отырған «Біздің сайт:  «Дешті Қыпшақ» деп аталатын кітап қазіргідей дәстүрлі медианы жаңа медиа алмастырып жатқан заманда қазақстанның ғаламтор кеңістігінен енді ғана өз орнын тауып, қазақ қоғамына тарих, тіл мен діл, білім-ғылым саласынан танымдық ақпарат тарататын сайт туралы толық мағлұмат беретін тамаша кітап екен. Кітаппен таныса отырып, ғаламтор желісінде ұлт құндылықтарын алға шығарып, оны зерделеп зерттейтін материалдарды жүйелі түрде жариялап, ақпараттық-танымдық қызмет көрсететін бұл сайттың мақсаты мен жауапкершілігі де атан түйе көтере алмастай ауыр жүк екенін түсінгендей болдық.

Кітапты оқи бастағаннан-ақ сіз, сайттың ұстанған бағыт-бағдарын бірден байқайсыз. Шетелдің, сондай-ақ, Қазақстанның көрнекті ғалымдарының, ғылым мен білім саласында жүрген оқытушылар мен студент- жастардың халқымыздың терең тарихы, тілі мен ділі, ұлт мәселесі мен мәдениеті жөніндегі құнды еңбектері мен ой-пікірлерімен таныса аласыздар.

«Біздің сайт: «Дешті Қыпшақ» деп аталатын  қолдарыңызға тиген бұл кітапты –  ата-баба аманаттаған атамекен Қазақстанның Алтай мен Атырауға дейін созылып жатқан шегі-шетсіз даласының тау мен тасынан ел тарихын іздеп тапқан, арманда кеткен ел қорғаған ер бабаларымыздың бүгінгі азат ұрпақтарына қалдырған өсиетін бойтұмардай қастерлеп, бойларына найзағай отындай от жаққан, отаншылдық сезім мен ана тілі мен діліне, дініне көздің қарашығындай қорған болуды мұрат тұтқан сайт жұмысының елге сіңірген еңбегінің бір үзігі деп білген жөн.

Ендеше, қазақ деген халықтың өткені мен бүгіні жөнінде терең де мәнді сыр шертетін тәуелсіз Қазақстанның ақпарат кеңістігінде оқырманға қанат қаққалы отырған бостандық қарлығашы – «Біздің сайт – «Дешті Қыпшақ» деп аталатын кітаптың жолы болсын дейміз.

 

Құдиярбек АҒЫБАЕВ