Домалақ арыз.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Өмірхан Әбдиманұлы

Домалақ арыз.

        Алғашқы қадамдарынан бастап, аяқтан шалып, тобықтан қағып, балағына жармаспайық. Мен мұны, құрметті 31-дің ұжымы, Сендердің ұстаздарыңның атынан айтып отырмын

 

Осы аптаның соңына таман бір дос көңілді азаматтың жөн сілтеуімен ютубтен 31 каналдың жаңалықтарындағы ҚазҰУ туралы берген хабарды көруге мүмкіндік туып қалды. Жалпы мен өзім соңғы кездері ТД қарамаймын десем де болады. Кейбір өзім арнайы көретін саяси-әлеуметтік, ғылым-білім, тарих, әдеби-мәдени жалпы руханияттық мәселелер жөнінде хабарлар таратын каналдардардан қажетті дүниелерді арнайы таңдап қарайтыным болмаса, көгілдір экранға телміріп отыруға жағдай да, уақыт та жоқ. Бұл күнде «қолфонда» қажетті жаңалықтың бәрі тұр ғой. Кем болып бара жатса, соның ФБ-сында бармын, сондағы достарым жазып жатқан жайларға, қажет деп тапсам, кейде қостап, кейде «апыр-ай» дегендей, өз ой-пкірімді білдіріп қоятын әдетім бар. Ол да аса көп емес, сол бір сәттегі сөз сараңдығыма, болмаса, кейбір өзіндік қайшы жауаптарға достардың ренжіп қалатын жағдайлары кездесіп жатады. Оған өкінбеймін де, әр адамның өзіндік шындықты пікірі болғаны жөн ғой.

Құдайшылығын айтайын, менің ректор Жансейіт Түймебаевпен өмір көшінде бірде ат басы түйісіп, бірде қашықтап, қатар келе жатқан азамат ретінде өте жақсы білемін деп айта аламын. Оған талай адамдар куәлікке жүре алады. Сондықтан да ойлана келе, мына бір 31-дегі жағымсыз жағдайға қатысты өз ойымды білдірмекке бел будым.

Қош делік, сонымен әлгі таныстың айтуымен бұрын қарамайтын ютубты арнайы қарауға тура келді. Арғы жағын таратып айтпай-ақ қояйын, мен телеөнердің де, тележурналистиканың теориялық мән-мәнісін де, практикалық қызметінде бір кісідей білетін адаммын. Сонау жылдары МГУ-ді бітіргеннен кейін ҚазҰУ-дегі 35 жылдық еңбек жолымды 7 жыл «Тележурналистиканың теориясы мен практикасы» пәнінен дәріс оқып, практикалық сабақтар жүргізуден бастаған адаммын. Сол кезде Республикалық басылымдар мен ғылыми жинақтарда телеөнер жайлы біраз ғылыми-танымдық мақалаларым да жарияланған-ды. Шынын айту керек, ол кезде (1985- 90 жылдар) телевизия жайлы қазақ тілінде жазатын адам жоқ десе де болады. Кейіннен филология саласына кетіп, бұл бастамаға қайта орала алмадық.

Мұның бәрін жазып отырған себебім, 31 каналдың «ҚазҰУ ректорының үстінен профессорлар мен мұғалімдер шағым түсірді» деген «жарнамалық» тақырыбы айқай салып тұрған жаңалықтағы жалған ақпараттардан теледидар «түсін суытып», ызғар шашып, сес көрсетіп тұрғандай болып көрінді маған. Иә, ақпараттық хабардың жүлге-жүйесі сол бір бағытта дайындалғаны бесенеден белгілі болып тұр. Жоғарыдағы сегіз сөзден тұратын тақырыптық сөйлемдегі әу бастан көзге ұратын бір жалғандықты «мұғалімдер» деген сөз паш етіп тұр. Шағым ҚазҰУ-ден жазылған болса, олар өздерін «мұғалім» атауы мүмкін емес. Ұстаз ұғымы жоғары оқу орнында «оқытушы» атауымен астасса, орта мектепте «мұғалім» атауымен астасады. Шағым иелері осының мәнін білмеген болса, олардың оқытушылық шама-шарқы белгілі болып-ақ қалады. Меніңше, бұл шалалау редактор ұйымдастырған жалған істің сенімсіздік тудырарының бір көрінісі. Ал енді «үстінен» деген сөз қолданыстан сонау өткен ғасырдың «37-38 жылдар» атты келмеске кеткен зұлмат уақыттың «үскірікті» лебі есіп, жалған жаланың мүләйімсіген «мысық тілеуі» сезілетіндей. Сол бір кездерде белгісіз күйде қалуды бекем тұтынып, бір топ тобырдың тұлға «үстінен» жазған жалғыз парақ қағазы жазықсыздан-жазықсыз талай ердің түбіне жеткен жоқ па еді?!… Кеңес кезінің кейінгі тұстарында мұндай жалғандықты жалау еткен жалалы дүниелер «домалақ арыз» деп аталды. Ондайларға өтіріктің өрмегі ретінде көңіл де бөлінбейтін, қарастырылмайтын да. Біздер «37-38»-дегі оқиғалардан жиренбестен, одан кейінгі іс-әрекеттерден ой-сананы тазартпастан, бүгінгі егеменді ел кезінде жалған «домалақтың» «үшкілін» де, «жалпағын» да, «үшкірін» де тауып алатын болдық.

Енді берілген «жаңалықтағы» ақпаратты хабардың жалғандығына келейік. Жаңалықтағы ақпарат тап бір бүкіл ҚазҰУ ұжымы жаңа ректорды ұнатпай, оның келгеніне қарсылық көрсетіп жатыр, баспасөз өкілдерімен кездескенде журналистер қауымы түгелдей оның бүгінгі жасап жатқан істерін жоққа шығарды дегендей жымысқы пиғылды жамылғы етіп жасалған. Кешіріңіздер, сіздердің бұл лай суға езіп берген өтіріктеріңіз өрге баспайды! Мен, әрине, бұл жиынға қатысқан жоқпын. Бірақ ҚазҰУ баспасөз қызметінің ақпаратын оқып, видеоларымен таныс болғандықтан, баспасөз мәслихатының қалай өткенінен жақсы хабадармын. Мәслихатқа қатысушылармен де пікірлесіп отырмын. Себебі мен — осынау үлкен жиынға қызығушылық танытуға тиісті адамның бірімін. Өйткені жуналистка факультетінде оқытушы болып қана қоймай, біраз жыл оны басқарғаным да бар, базалық білімім мен ғылыми жұмыстарым филологиялық ілім және журналистикамен тығыз байланысты.

Иә, жаңа ректор келгенін сіздердің көзқарастарыңызға қарама-қайшылықта ҚазҰУ ұжымы қуана қарсы алды десек, еш жалғандығы жоқ. Мұның екі себебі бар. Біріншіден, жаңылыспай дұрыстап санай алсақ, ол ҚазҰУ-дің (бұрынғы ҚазМУ) 14-ші ректоры екен. Солардың біріншіден бастап, ешқайсысы да университеті құртайын, бүлдірейін деген ішмерез оймен келген жоқ. Қай-қайсысы да осы университеттің дамуына әл-қадырынша үлес қосты. Олардың әрқайсысының жақсы істеріне тоқталсақ, толыққанды бір кітаптың жүгін арқалап кетері хақ. Осы жерден тоқтай қалайық. Ия, кемшіліксіз жан жоқ. Кемшілікпен кеткендердің бірінің қолынан келмеді, екіншісіне кесірін тигізген төрге көтерілген төрелік орынды дер кезінде босатпай, ұзағырақ отырып қалуы. Алғашқы ақниетті екпіннің арыны басылып, қызмет күнделікті құбақан тірліктің күйбіңіне айналып, айнала қоршағандардың ләпбайы мен мадағына малданып, жұрт пікіріне құлақ аспай, өзім білемге салынған тұстан-ақ, көз тұнып, құлық өзгеріп, іс жығасы қисая бастады дей бер. Оның арты ұжымды жадату былай тұрсын, жүйке тоздырып, шаршатуға әкеп соғады. Мына бір төрге шығып, төбеден қарағанға табынып қалған заманда ұжым «үндемеген үйдей пәледен құтылады» қағидатын ұстанғанмен, іштен тынып, құтылғанша асығары шындық. Міне, Жансейіт Қансейтұлының келісі осындай бір өліара тұсқа тап келді, ендеше ел-жұрт қуанбай қайтсін. Ұжымның ортақ қуанышының тағы бір себебі жаңа ректор ғылым мен білімнің қасиетті қарашаңырағының төл түлегі, саналы ғұмырының адалдық пен адамдық сипатының бастауы туған университетінен тамыр тартып жатқан азамат. Шәкірт болды, басқа болмаса да, туған университетіндегі шәкірттік жағдайды жақсы біледі. 15 жылға таяу ұстаздық етті, университетіндегі ұстаздық қызметтің қасиеті мен машақатын естігеннен емес, електен өткен өз тәжірибесі тұрғысынан пайымдай алады. Кезінде бір-екі жыл өзге білім ордасында кафедра басқарды, білім мекемесінде білім беруді үйлестіруші орта буын басшылықтың еңбегін бағалауды жанымен түйсінеді. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар дегендей», бір-екі жылды араға салып, қатарласа оқыған біздерден ат оздырды. Тәуелсіз еліміздің көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері деңгейіне көтерілді. Мұның бәріне талабы мен талпынысының, еңбегі мен ерлеуінің арқасында қол жеткізгенін білетін біздер қуанбасақ, қызғанған жоқпыз. Ел көрді, жер көрді, әлемдегі өзіндік орны орнықты, дүрілдеп тұрған екі үлкен елде елші болды. Оның біз үшін пайдасы сол, елші болған елдердің білімі мен ғылымының жеткен жетістіктерін саралап, өркен жайған өрісінің бағыт-бағдарын айқындап, тәжірибеге алар тағылымын тиянақтап, өркенді елдің ұрпаққа өсиет етер өнегесін жинақтай жүргеніне күмән жоқ. Міне, осындай азаматтық тұлғаның бала кезінде табалдырығын имене аттаған алтын ұяның төрінен орын алған сәтінде, осының бәрін 90 пайызы білетін ҚазҰУ ұжымы, әсіресе, «көп өмір сүргеннен емес, көпті көргеннен сұра» деген даналық сөз жадында жатталған жастар неге қуанбасқа?! Бұл көлгірсу емес, көптің көкірек көзіндегі мөлдір шындық! Осыны қалай ғана өтірік дей аласыз, құрметті ақпарат дайындаушы көсемсөзші. Әлде, «Қызғаныштың қызыл итіне жем болып жүрген біреулердің» айтағына еріп, өтірікті шын деп, құдай ұрып, аларыңа алданып отырсың ба?..

Сендерге шағым берген «мұғалімдерден» алған өтірік ақпардың «сорпасы бес қайнаса да шындыққа қосылмайтынын» ютубтағы пікір білдірушілердің 95 пайызы дәлелдеп отыр ғой, соның бәрі жаңа келген ректорға жағымпазданып жатыр ма? Әйтпесе, туған университетіне ақ көңіл, адал ниетпен келіп жарты жыл көлемінде талай тың бастамалардың туын тіктеген жаңа ректордың, мәселен, ҚазҰУ қалашығын абаттандыруы, 40 жыл қол тимеген оқу ғимараттарының іші-сыртын жаңартып-жаңғыртып, күрделі жөндеуден өткізуі, жаңарған университет ұстаздары мен студенттерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында заманауи жабдықталған жаңа тамақтану орындарының ашылуы, сіздердің түсінігіңіздегі «мұғалімдердің» айлығын көтеруі мен уақтылы беріп отыруы, әлемнің озық үлгідегі унивеситеттерінен түрлі саланың аса танымал 40-қа таяу профессорын дәріс беруге шақырып, келсімін алуы, алыс та жақын шетелдерде университет филиалдарын ашуы, т.б. жайттар көз қуантып, көңіл көтермей ме?! Бұл мәселелердің бәрі кешегі баспасөз мәслихатына қатысқан журналистер алдында ашықтан-ашық айтылды. Көкірегіне күдік ұялағандардың сұрақтарына нақты жауап қайтарылды. Біле білсеңіздер, бұл — КазҰУ-дің 87 жылдық тарихында өткізіліп отырған тұңғыш баспасөз мәслихаты. Осының өзі-ақ ректордың ізгі бастамаларының ашық та жариялылық сипатының жарқын көрінісі емес пе?

Әлде, мұның бәріне сіздер және жалғандықты жанына серік еткен шағымшыл «мұғалімдер» сенбей ме? Ендеше, мұндай қатып қалған қасаң пікір «көрмес — түйені де көрместің» кейпі ғой. Мен бұл жайларды ректордың жарты жылдық есеп беру жиынына қатысқан кезде құлақпен естіп, көзбен көрдім, сендім. Жалғанға емес, Шындыққа!

Осы тұста тағы бір жайтты айта кеткен абзал. Жоғарыда Ж. Түймебаевтың басшылыққа келгенін ұжым жылы қабылдағанын атап өттім. Бұған, әсіресе, біздер — гуманитарлық саладағы ұстаз-ғалымдар қатты қуанғанын жасыра алмаймын. Ал университеттегі оқытушылардың кем дегенде жартысы — гуманитарлық мамандықтар иесі. Университет тарихындағы 14 ректордың бұған дейінгі сонау ілгерідегі екеуі ғана гуманитар болса, бүгінгі Жансейіт Қансейітұлы үшіншісі екен. Ол — әрісі әлем, берісі түркі дүниесі мойындаған көрнекті тюрколог ғалым. Ал білімінің тірегі, ғылыми ізденісінің алтын арқауы — қазақ тіл білімі. Одан бізге қандай жаттық бар?!

Біз әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім — адамзаттың қас жауы» деген қанатты сөзін жиі қайталағанмен, оның түпкі мәніне назар аудара бермейміз. Ары айт та бері айт, тәрбиенің негізі — руханияттық-адамгершілік ілімде жатқан жоқ па?! Ал ол ілімнің құдірет-күші жаһанда мойындалғанына еш талас жоқ. Ендеше, мына бір ел мәңгілігін аңсаған арман тұтқан тұста келешектің келбеті, болашақтың тірек-тұғыры жастарды ілім-білім беру мен тәрбие-тәлім арқылы тұлға ретінде қалыптастыруда руханияттық ілімнің жүрекке құнар құйған қуаты арқылы қоғамдық өмір тезінен өткен абзал азаматтың тәуелсіз ел мақтан тұтар оқу орнының бас ұстаздығына келгенін қуана қарсы алайық. Жаңашылдықпен енгізіп жатқан жаңа басталамаларын бірлесе қолдайық! Алғашқы қадамдарынан бастап, аяқтан шалып, тобықтан қағып, балағына жармаспайық. Мен мұны, құрметті 31-дің ұжымы, Сендердің ұстаздарыңның атынан айтып отырмын. Көбің біздің шәкіртіміз екендіктеріңіз шындық қой. Тіпті осы каналдың негізін қалаған, қазіргі университет директорлар кеңесінің мүшесі — Арманжан Байтасов та біздің шәкіртіміз. Журналистика факультетін дамыту жайлы талай пікір алысып, кеңес құрған жайымыз бар. Адалдық пен шындықты шырақ еткен шығармашылық қашанда өседі, ал өтірікті өріс көріп, жалғанды жанына жалғау еткен шығармашылық өшеді. Өркенім өссін десең, шындықтың шымылдығын түр!

35 жылдық ғұмырды бірге өткізіп келе жатқан, небір қиын-қыстау кезеңдерді берік бірлігімен жеңе білген ұжымымызға айтарым — ҚазҰУ-дегі ұлы ұстаздар ұлағаты көкірегіне ұялаған, туған университетіне деген құрметі ерекше ел перзентінің алдын кес-кестемей, ақ жол тілеп, үлкеніміз ризашылығымызды білдіріп, кішіміз үмітімізді үкілейік. Аман болыңыздар, аман болайық!!!

 

 

31Құдиярбек Ағыбаев, Yesbergen Alaukhanov и ещё 29

Комментарии: 13

Нравится

Комментировать