Батыс Сібір — байырғы қазақ жері. Көшім хан — ұлттық батырымыз!

Абылай МАУДАНОВ

 

Батыс Сібір — байырғы қазақ жері. Көшім хан — ұлттық батырымыз!

 

 

Қостанайлық ғалым Сібір жерін орыс патшалығынан бұрын қазақ рулары игергенін кітап қылып бастырмақ, деп хабарлайды Express Qazaqstan.

Тарих ғылымдарының докторы Аманжол Күзембайұлының есімі ғылыми ортада кеңінен танымал. Ол үнемі «Тәуелсіз ел өз тарихын өзіндік көзқарасы тұрғынан қарап, талдап, баға беру керек» деген ұстанымды айтып келеді. Қостанайлық тарихшы бірнеше жыл бұрын үлкен бір жобаны қолға алды. Бүгінде ол ұлы Еркін Әбілмен бірге «Алтын Орданың Батыс Сібір ұлысы: этно-саяси тарихы» атты еңбек жазып жатыр. Бұл кітап алдағы жылы (орыс тілінде) жарық көрмек. Мұнда қазіргі Қазақстанның шекарасынан тыс қалған байырғы қазақ жері мен руларының көптеген тарихы қамтылады.Express Qazaqstan тілшісі ғалымды осы тақырыпта сөзге тартып, әңгімелескен еді.

Батыс Сібір — біздің байырғы мекеніміз

Тілші: Аманжол аға, жасыратыны жоқ, Сібір десе біздің санамызға қысы-жазы мұз боп жатқан ну орман, «ит жеккен», сары аязды суық мекен елестейді. Герографияда «Батыс-Сібір жазығы» деген ұғым бар. Қазақ жерінің бір бөлігі, оның ішінде Қостанай да аталған аумаққа кіреді. Ал, «Батыс-Сібір ұлысы» дегеніміз қай ұлыс? Қашан, қалай пайда болды?

Аманжол Күзембайұлы: Біле білгенге, Батыс Сібір байырғы қазақтың жері. Ібір-Сібір төл тарихымыздың ажырамас бөлігі.

Бәріңізге белгілі, қазіргі Мұңғұлия жерінен шыққан Шыңғыс хан маңайындағы бар тайпаны біріктіріп, Орта Азияны өзіне қаратты. Сөйтіп, үлкен бір мемлекеттік бірлестік (Конфедерация) құрды. Бірақ, орта ғасырдағы коммуникациямен ондай алып аумақты бір орталықтан бағындырып, бір жерге салық жинап, әскер ұстау әсте мүмкін емес еді. Сондықтан, ұлыстарға бөлді. Бөлініс кезінде Шыңғыс қаһан Сібірдің аң-құсқа толы, орманды бай өлкесін Тайбұғаға мирас еткен. Бұл 1220 жыл болатын. Былтыр Тайбұға хандығының құрылғанына 800 жыл толды. Оның алдында Қыпшақтың Қутемір, Керейдің Қайранбай батыры Сібірдегі ұсақ тайпаларды бағындырып қайтқаны туралы мәліметтер бар.

Кей деректерде Тайбұға сол кезде 12 жастағы бала еді дейді. Мұндай кұрметке ие болатын Тайбұға кім? Ол — Шыңғыс хан «әке» санап, қолдауын көрген Керейдің Тұғырыл, яғни, Оң ханының (Қытай деректерінде Ван хан, Уан хан деп те атайды) Ұйқы деген ұлынан туған немересі. Кезінде Тұғырыл ханнан көрген көмегін ескеріп, Шыңғысхан Тайбұғаға Сібірді сыйлады.

Қазіргі Ресей жерінде біздің біраз қаламыз болған

Тілші: Өзін сонша жоғары бағалаған қаһанға Тайбұға да қарыздар боп қалмаған шығар?

Аманжол Күзембайұлы: Әрине, қаһанға құрмет ретінде Тайбұға Шымға-Тура қаласын салады. Бұл осы күнгі Түмен (Тюмень) қаласы. Оған ілесе тағы да Қашлық, кей деректе Ескер қаласы бой көтереді. Ол қазіргі Ресейдің Тоболск қаласының орны. Қорғанның да іргетасы сол кезде қаланды. Міне, өзінің қаласы, мәдениеті бар түркі тілдес халықтардың бәрі «Тайбұға жұрты» аталды. Оның құрамына кірген әрине, қазақтың рулары екені түсінікті. Олар Арғын, Қыпшақ, Керей, Уақ, Найман, Жалайыр, Меркіт, Қаңлы, Кіші жүздің біраз рулары, кейін ұмытылып, басқа халықтарға сіңіп кеткен рулар да бар. Мысалы, Естек руы Башқұрттың құрамына еніп кетті. Түрі, тілі ұқсас «Сыбыр» деген халық болған. Осы күнге дейін Омск жақта кездеседі. Оның сыртында мұндағы тұрғындардың 25 пайызы сарттар еді.

Сібірде сауда өркендеген

Тілші: Сарттар деймісіз? Олар Сібірде қайдан жүр?

Аманжол Күзембайұлы: Бұл уақытта Сібірде сауда өркендеді. Бұқара, Самарқанмен екі ортада керуен үзілмеді. Сібірдің байлығы қазақ даласын кесіп өтіп, Иран, Үндістанға жол жартты. Сарттар осылай сауда жасауға келіп, тұрақтап қалған.

Тілші: Мұның бәрін қандай дереккөзден алдыңыз?

Аманжол Күзембайұлы: Орыстар Сібірді жаулай бастағанда алдымен аңыз, әңгімелерді жинады. Оны «Сибирское летописи» (Сібір жылнамасы) дейді. Деректердің бәрі сонда сайрап жатыр. Ремезов деген балаларымен бірге картасын да жасаған. Бірақ, олар мұндағы түркі тілдес ру, халықтардың бәрін «Сібір татарлары» деп сыпырмайын атап, шатастырып жіберген. Мұның дұрыс емес екенін дәлелдеп жатқан ғалымдар да бар. Соның бірі сібір халықтарынан шыққан Зайтуна Тычинских деген жас қыз. Ал, Дамир Искаков атты тарихшы бәрін «татар» атап жүр. Шындығында оның бәрі қазақ рулары. Тайбұға әулетімен Шыңғыстың Шайбан (кей деректе Шибан) әулеті үнемі текетіресіп, Сібірдің билігіне таласып отырды. Билік ауысқанмен, оның құрамындағы халық сол қалпы қала берген.

Батыс Сібірді неге тастап кеттік?

Тілші: Демек, аталған қалалардың бәрі қазақтың ата жұрты, Сібірді орыстардан бұрын қазақ рулары игерді деуге толық қақымыз бар ғой?

Аманжол Күзембайұлы: Ол анығында солай. 300 жылдай гүлденіп тұрған Тайбұға жұрты Есім ханның тұсында қазақ хандығына ауа бастады.

Тілші: Не себепті? Қандай да бір қысым көрді ме?

Аманжол Күзембайұлы: Оның себебі, табиғаттың өзгеруіне байланысты. География ғылымында «екінші мұздақ» деген термин бар. 17 ғасырдың соңында Сібірде қар көп түсіп, жазы жаңбырлы болды. Мұның өзі жылқының тебіндеуіне қиындық туғызды. Сондықтан көшпелі халық қары аз, қазіргі қазақ даласына қарай үдере көшті. Тәуке ханның тұсында мал баққан қазақ руларының дені Сібірден Сарыарқаға ауды.

Тілші: Батыс Сібірді үш жүз жыл қазақ рулары мекен етсе, «Сібір хандығы» деген ұғым қандан пайда болып жүр? Оны неге бөлек мемлекеттей көреміз?

Аманжол Күзембайұлы: Сібір десе бәрі 18 ғасырға дейін бос жатқан, мәдениеті жоқ. Ағаштың ішінде тері жамылып жүрген жабайы адамдар ғана жүрген жер көреді. Орыстар сондай сана орнықтырды. Әлі де солай түсіндіріп жүр.

Негізі, «Сібір хандығы» термині алғаш рет ХVІІ ғасырда орыс жазбаларында пайда болды. Ғылымда өзі солай, аты өзгерсе мемлекет басқа болып шыға келеді. Сөйтіп, шатасады.

Көшім хан қазақтың ұлттық батыры

Тілші: Сібір дегенде, еске түсетіні әрине, Көшім хан. Қазір осы тұлғаға қатысты көп айтылып жүр. Ал, енді осы Сібірге Көшім қалай барды? Ата-тегі кім?

Аманжол Күзембайұлы: Көшім Сібірге қазақ даласынан барды. Бір деректерде оны Қорғалжын маңынан кетті дейді. Енді бірі Аралдың Алтыауыл деген жерінен шықты дейді. Тегін Қыпшақ дейді, енді бірі Шыңғыс ханның тұқымы дейді. Меніңше, соңғысы дұрыс. Өйткені, Шоқан Уәлихановтың өзі оны «сұлтан» деп атайды. Тағы бірі оны Ноғай деп жүр.

Манағы айтқанымыздай, Бұқара мен Сібір қалалары арасында керуен үздіксіз жүріп жатты. Көшім керуеннің қауіпсіздігіне жауап берді. Өзі де саудамен айналысты. Демек, даладағы ықпалды адамдардың бірі болған.

Көшімнің туған жылы туралы дерек жоқ.1510-20 жылдардың арасы дейді. Белгілісі, ол 1555 жылы Ібір-Сібірге барған. 8 жыл ішіндегі ондағы халықтардың басын біріктіріп, 1563 жылы хан сайланды. Бұл хандық 17 жыл дәуірлеп тұрды.

Тілші: Бұл хандықтың қазаққа қатысы бар ма? Мемлекеттің жері қай аумақтарды қамтыды?

Аманжол Күзембайұлы: Неге қатысы болмасын? Көшімнің хандығы құрамындағы қазақ рулары емес пе?! Бұл мемлекеттің шекарасы қазіргі Новосібірдегі Бараба даласынан бастап, Орал тауына, Солтүстігі Ханты-Мансыға, бір шеті қазіргі Нұр-Сұлтан қаласына дейін қамтыды. Осынша аумақ Көшімнің қоластына қарады. Мәскеумен келіссөздер жасап тұрды. Осындай үлкен мемлекетті билеген адам қалайша осал болады?

Ермакты Уақтың батыры итке талатып өлтірген

Тілші: Соншалықты алпауыт, бай елдің билеушісі қалайша «қарақшы Ермактан» жеңіліп жүр?

Аманжол Күзембайұлы: Көшімнің билігінің құлауына Ермактың еш қатысы жоқ. Ермак — қарақшы. Оны «Сібірді игеруші батыр» деңгейіне көтерген орыстың насихаты. Керек десең Ермакты Уақтың Сәтбек деген батыры итке талатып өлтірді деген дерек бар. Енді бір жазбада Сәтбек иығын шауып, Ермак қашып Ертіске суға кетіп өлген дейді. ХVІІІ ғасырда Дәстем деген сал болған. Сол Дәстем салдың жырында Ермактың өлімі суреттеледі.

Рас, Көшім Ермакпен соғысты. Оның әскері Ермактан басым болды. Көшім Қазан, Астрахан хандығына көмектесу үшін әскерін жіберген. Сол кезде Ермак Түмен қаласын басып алды. Көшім қайтадан күш жинап келіп, тықсырып қуып шыққан. Ресей Ливон соғысын аяқтап, бар әскерін Сібірге төкті. Екі мемлекет арасында үлкен қанды шайқас болды. Сібір солайша біртіндеп уысымыздан шыға бастады. Бірақ, Октябрь революциясына дейін қазақтар Сібірге шабуылдаумен болған. Оны орыстың Маслюженко деген тарихшысы жазып жүр. Ол өзі Қорғанда тұрады. Қолында дерегі бар. Бірақта қазақтың байырғы өз жерін қайтарып алуға тырысқан әрекетін «орыс жеріне шабуылдады» деп түсіндіреді. Мұнысы қате.

Кешегі 1932 жылғы алапат аштық жылдары теріскейдегі қазақтар тұтасымен Батыс Сібірге ауды. Неге? Өйткені, қазақтың тарихи жадында «Сібір атамекеніміз» деген ұғым өшпестей жазылып қалған.

Тілші: Көшімнің нақты қай еңбегін жоғары бағалар едіңіз?

Аманжол Күзембайұлы: Біріншіден, ол патшалық Ресейдің экспанциясын кемі 100 жылға шегеріп кетті. Оның ұлдары да Сібір үшін шайқасумен болды. Көшімнен кейін билікке келген Әли сұлтан да қартайғанша орыспен соғысып өтті. Ал, Әли сұлтанның ордасы қазіргі Қостанайға қарасты Меңдіқара ауданындағы Алакөлдің бойында болған. Бұл шайқастар патша отаршыларының қазақ даласына келуін ұзақ уақытқа тоқтатты. Айналып келгенде, Көшімнің тарихы — қазақтың тарихы. Біздің ата-бабаларымыздың қасиетті мекен үшін болған соғысы! Ал, Көшім — қазақтың ұлттық батыры! Оған шекарадағы қалаларда көше атып, тіпті тұтас қаланың атын берсе де артық емес!

Тілші: «Көшімді Ермак жеңген жоқ» дедіңіз. Сонда оның ажалы кімнен келді?

Аманжол Күзембайұлы: Оның өлімінің екі түрлі нұсқасы бар. Мысалы, Шоқан Уәлиханов «80 жасқа келіп, Аралдың Алтыауылында қартайып өлді» дейді. Тағы бірі «Қорғалжын маңайында ағайындарының қолынан қаза тапты» дейді. Қайсысы дұрыс, нақты дерегім болмағасын айта алмаймын.

Ең басты мәселе мынада…. Сібір деген ауқымды ұғым. Бұл сұхбатта біз Батыс Сібірді, оның өзінде оңтүстік жағын, қазақтар мекендеген бөлігін ғана қамтыдық. Қалған халықтарды қозғаған жоқпыз. Мәселен, Новосібірдегі (Бараба) Құлынды даласы, Тоболск қаласы, Тюмень , Омбы, Орынбор, Қорған облыстарының оңтүстігі түгелімен біздің атамекеніміз еді. Әлі күнге дейін қазақтар тұрып жатыр. Сондықтан, Батыс Сібірді, Көшімді бөтен көрмеу керек. Онда біздің тарихымыз тұнып тұр.

Тілші: Осының бәрі кітапта айтылады ғой?

Аманжол Күзембайұлы: Иә, айтылады. Және оны өзгелер білуі үшін орыс тілінде шығарғалы отырмыз. Біздің мақсат ғылыми жаңалық ашу емес. Ғылымда мұның бәрі белгілі. Көздегеніміз — тарихымызды бөтен жұрттың ықпалымен емес, тәуелсіз көзқараспен жазып, ұрпақ санасында қалыптастыру.