“Казахское ханство образовано на 15 лет раньше “Русского государства”

мақаланың авторы В.Козодой

“Казахское ханство образовано на 15 лет раньше “Русского государства”

 

 Қазір де орыстың парасатты ғалымдары, басқа да гуманитарийлері баршылық екен. “Казахское ханство образовано на 15 лет раньше “Русского государства” атты мына мақаланың авторы В.Козодой да қазіргі уақытты зерттеуші маман болғанымен, баяғы Чаадаевтар салған әділет жолынан таймай, дұрыс пікір қалдырыпты.

Біздің ғылым, білімді басқаратын ұлықтар Біріншіден, Алтын Орда дәуіріндегі және одан кейінгі уақыттағы қазақ елінің, Қазақ Ордасының тарихы туралы дәлелді, дәйекті академиялық еңбек әзірлеу үшін кәсіби медиевист қазақ мамандарын жұмылдырып, орыстың В. Егоров,  В. Трепавлов, И. Зайцев, Р. Почекаев сияқты үлкен ғалымдарын шақыруы керек. Дәл осы шаруа — онсыз да не болса соған шашылып жатқан қаржыны аяйтын іс емес.

Екіншіден, Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ішінен “Қазақ даласының отарлану кезеңі” деген арнайы бөлім ашу керек. 19 ғасырдағы Ресей империясының қазақ даласы мен Орта Азияға басқыншылық жорықтары, ұлт-азаттық көтерілістер тереңнен талданып, нақты тарихи деректермен берілуі керек. Яғни, біз тарихымызды тұтастай қайта қарауымыз керек. Басқыншылық соғыстардан бастап, кейінгі жаппай қоныстандыру уақытына дейінгі архив деректерін тұтастай жинақтап, бірнеше том етіп, жарыққа шығаруға болады. 1840 жылдардан бері қарай барлық деректер архив қорларында жақсы сақталған. Шекелерінде “ОЦ” — особо ценное деген белгі соғылған деректерді Алматыдағы Орталық Архив қорынан кездестіргенмін. 1996 жылы бірнешеуін алып, қарастырып, оқып-танысқан едім. Сол деректердің ішінде Патша жандармериясының қазақтардың қоныстарын тартып алып, оны орыс переселендеріне беру, қазақтың жергілікті беделді адамдарын бір-біріне айдап салу әдістерін қолдану, рушылдықты қоздыру, т.т. толып жатқан нұсқаулықтары бар. Архив қорларында қазақ даласының қазір Ресей даулап отырған солтүстік өңірінің көне картасы да бар. Ол картада жер-су атаулары, ол жерлерді қазақтың қай рулары жайлайтынына дейін көрсетілген. Сол деректерді жинақтап, саралап, зерттеп, ғылыми айналымға енгізу қажет. Әйтпесе, құр “ойбай” мен әлсіз “айғайдан” түк шықпайды.