ЗУҚА БАТЫРДЫҢ БАСЫ АЛЫНҒАН КЕЗ

Көкбөрі Мүбарак

ЗУҚА БАТЫРДЫҢ БАСЫ АЛЫНҒАН КЕЗ

1929жылы Зуқа батырдың басы алынған кез.
Әуелі Зуқа батырдың жаны ашып асырап алған дүңген ұлтынан Жақия деген баласы болады. Батырдың өлімінен кейін бұл баланы Қытайлардың ерте жоспарлап әдейі батырдың ауылына кіргізіп, ең жақсы тыңшы ретінде соншама жыл бұрын даярлағаны белгілі болды.
1929жылы осы Жақия Алтайдың орталығы болған Сарсүмбе қаласынан Өр-Алтайдағы Көктоғай ауданының Белқұдық деген жерінде отырған Зуқа батырдың ауылына келеді. Батыр ұлын құшақтап мауқын басып, одан «біздің өңірден Сарсүмбеден шыққан Қытай жасағы өтіпті. Қарауылдарымыз байқап қалды. Бұдан хабарың барма?» деп сұрайды. Жақия ол әскерлердің мән-жайын білетінін айтады да, бірақ әскерлердің кеткен бағытын мүлдем басқа жаққа кеткенін айтып батырды алғаш рет алдайды. Өйткені бұған дейін де Жақия сауда-саттықпен шұғылданған болып Сарсүмбе қаласының ішіндегі үкіметтің жағдайын астыртын Зуқаға әркез жеткізіп сеніміне еніп алған еді. Батыр да ұлының айтқанына сеніп сол күнгі әскерлерлердің бағытына күмән келтірмей, аяқ астынан бейғамдыққа салынады.  Жақия тағы да жұмыстары барын айтып кетпек болады да, арнайы әкелген шәй-тұзын қаптан алып шығып жатқан кезде оның білегіне телмірген Зуқа: «мынаның екі білегіне дейін қан ғой!» сұқтанып қарап аң-таң болады. Батырдың сөзінен секем алып шошып кеткен Жақия асығып кетіп қалады.  Жақия ауылдан ұзап асығып кетіп бара жатқанда оның артына көз жіберіп ұзақ қарап тұрған Зуқа: «- япыр-ай, мынаның арты да өрт болып барады ғой!» деп тағы да таңдана сөйлепті.  Сол күні неге екені белгісіз, көзіне осылай қан көрінген Зуқа бейғамдыққа салынып, күзеттерді босаңсытып алады.  Түн ортасында Ма-Дарың дейтін ұлты дүңген жендет 200 қаралы шерікпен ауылда Зуқаның сарбаздары болмаған орайды пайдаланып, Жақияның хабар беруімен ең қамсыз кезді күтіп келіп ауылды басып қалады. Зуқа отырған ауылды қоршап алған әскерлер ауылды бала-шаға демей 53 адамды жауыздықпен өлтіреді, пайғамбар жасынан асқан Зуқа батыр да қара тұяғынан хал кеткенше айқасып, жаудың 7-8 әскерін жайратып өзі де мерт болады.
Батырдың басын кесіп алып өлшеген кезде 5 килограм шыққан екен. Ал, әдетте адамның басы оның жарты салмағындай, тіпті одан да кіші 1.5 килограмдары да болады екен. Осыншама ауыр басқа таңғалған жендеттер оны үкіметке апарып тапсырады. Оның басын Сарсүмбе қаласы, қазіргі Алтай қаласындағы қара көпірге үш күн іліп жұрттың мысын баспақ болады. Жұрт әруақты ердің басын қайтарып алып, денесімен қосып өзі қайтыс болған Өр-Алтайдағы Белқұдық деген жерге әкеліп жерлейді.
Ал, дүңген ұлтынан болған асыранды ұлы Жақия ол да денесі алып, есік пен төрдей, қаруға жетік, өте сақ, жанынан қанжарын тастамайтын, бір-екі адамның шамасы келмейтін, Зуқа жақсы тәрбиелеген адам болған. Ол осы оқиғадан соң Алтайдан қашып өлке орталығы Үрімжіге кетеді. Үрімжінің оңтүстігіндегі Қаратау өңіріндегі Абақ Керейдің Қарақас руының малшылары Жақияны танып қойып, орайын күтіп жүріп, Қарақас Азанбай деген адам оны сол жерде мерт етіп басын терекке іліп, батырдың кегін алған екен.

Құрметпен: Көкбөрі Мүбарак