«БАЙҚОҢЫРДЫҢ» БАСШЫЛАРЫН ДІРІЛДЕТКЕН…

 Almaty-akshamy.kz/«Ақшам» және ағайын/«БАЙҚОҢЫРДЫҢ» БАСШЫЛАРЫН ДІРІЛДЕТКЕН…

«БАЙҚОҢЫРДЫҢ» БАСШЫЛАРЫН ДІРІЛДЕТКЕН…

18.01.2017

 0 472

Обком хатшысы Еркін Әуелбеков туралы әңгіме-сыр

 

Әшірбек АМАНГЕЛДІ,

Қазақстанның құрметті

журналисі

Судьядан кешірім сұрады

 Бірде осы Алматының ор­талық  саябағында  егде тарт­қан екі кісінің бір-бірінен: «Сіз Әуел­бековті білуші ме едіңіз?» — деп сұрап жатқанын құла­ғым шалды. Одан әрі білетіні- біл­мейтініне  Әуелбековтің елге жасаған қызметі, іскерлігі, адамгершілігі, адалдығы мен әділдігі  тура­лы қызу әңгімелеп  жатты. Мен сонда іштей «Жақ­сының аты өлмейді» деген осы-ау деген ойға қалдым.


Рас, кешегі кеңестік за­манда республика және  об­лыс көлемінде  талай аза­мат­тар  үлкен  басшылық қыз­мет­тер атқарды. Солардың бі­рен-сараны болмаса, көбінің есімдері елдің есінде қала қойған жоқ. Өйткені, халық кез-келген адамды атқарған лауазымды биік қызметіне  емес, істеген ісіне, елге сіңір­ген еңбегіне қарай бағалай­ды. Соған лайық сый-құрмет көрсетеді.  Бұл орайда,  Еркін Нұржанұлы Әуелбековтің орны да, жөні де бөлек.

Басқа қызметтерін айтпа­ғанда, Еркін Әуелбеков рес­пуб­ли­камызда: Көкшетау, Торғай  және Қызыл­орда сияқ­­ты үш облысты бас­қар­ды. Олардың қай-қайсы­сы­ның  да экономикасын, әлеу­меттік жағ­дайын көтеруге айтарлықтай үлес қосты.  Іс­кер де білікті басшы ретінде әріп­тестері мен елдің құрме­ті­не бөленді. Жұрт Әуел­бе­ков­тің жұмыс істеу стилін, қарапайымдылығын, халық­тан өзін жоғары санайтын та­лай бюрократ, тоғышар  бас­шыларды тәубесіне келтіріп, сабасына түсіргенін  аңыз ғып айтып жүрді.

Бірге қызметтес болған­дар­дың қай-қайсысы да Еркін Нұржанұлының ешкімге бұра тартпайтын турашылдығын, жаны мен арының тазалығын, істің көзін білетін көреген­дігін, бастаған шаруаны аяғы­на дейін тындыратын іскер­лігін бағалап, мойындайтын.

Әдеттегідей қысқа да қасаң жазылатын энцикло­педиялық анықтамалардан Ерекең  тура­­­лы мынадай жолдарды оқимыз: «Әуелбеков Еркін Нұржанұлы, 1930 жылы бұрынғы Көкшетау, қазіргі Солтүстік Қазақ­стан облысының Ғабит Мүсірепов ауданын­дағы Жаңасу ауылында туған. 1953 жылы Мәскеудегі К.Тимирязев атын­дағы ауыл ша­руа­шылығы акаде­миясын бітір­геннен кейін еңбек жолын Коно­валов МТС-де бас агроном болып  бастаған. Онан әрі Марьев кең­шарының дирек­торы, облыстық атқару коми­теті төрағасының орынбасары, облыстық партия комитетінің екінші хатшысы, облыстық атқару комитетінің төрағасы, республика ауыл  ша­руа­шылығы министрінің бірінші  орынбасары, астық өнімдері жә­не құрама жем министрі, Көкше­тау, Тор­ғай және Қызылорда облыстары партия комитет­терінің бірінші хатшысы. КСРО Жоғарғы Кеңесі Ұлттар кеңесінің ұлттық сая­сат және халық­аралық қаты­нас­тар жөніндегі комиссиясы төрағасының орынба­сары, ҚР Президентінің кеңесшісі қызмет­терін атқарған».

Ал, шындығында, қысқа қайы­рылған осынау мәлімет-деректердің ар жағында бір азаматтың өмір жолы, еткен еңбегі, төккен тері, жеткен жетіс­тіктері мен қуаныштары, көрген қиындықтары мен «тар жол, тайғақ кешулері» жатыр.

Былайша айтқанда, Еркін Әуелбеков өз заманының озық перзенті бола білді. Еліне, хал­қына барынша адал және қалт­қысыз қызмет етті. Небәрі қы­рық үш жасында Социа­листік Еңбек Ері атанды. Бұған қоса, үш рет Ленин, бір рет Октябрь революциясы  және үш мәрте  Еңбек Қызыл Ту секілді  ор­ден­дерімен марапатталды. Төрт рет КСРО Жоғарғы Кеңесіне де­путат болып сайланды. Ке­ңес одағының тұсында мұндай құрмет пен марапатқа екінің бірінің қолы жете бермейтін.

Әрине, «Еркін Әуелбеков­тің өмір-тіршілігі бұлтсыз күнгі аспандай, жай­машуақ бо­лып өтті, қызметі кедергі-қиын­­дықсыз, кем-кетіксіз болды» деп айта алмаймыз.

Әуелбеков Қызылорда об­лы­сын басқарған тұста осы об­лыстық соттың төрағасы болған,  республикаға белгілі заңгер, ардагер судья Өтеген Ықсанов ағамыз: «Еркін Нұр­жанұлының кейде асыра сіл­теп жіберетін кездері бола­тын. Бірақ, ол өте әділ, жаны таза азамат  еді. Менің бір мә­селеге байланысты  келіспей, оған қарсы шыққаным бар. Ар­тынан істің ақ-қарасы айқын­далғанда, менен кешірім сұра­ды. Мен де өз тарапымнан кішілік әдеппен «артық кет­кен жерім болса, кешіріңіз» дедім. Ондай қадамға ол кезде өздерін жарты құдай санайтын обкомның бірінші хатшылары бара бер­мейтін. Осының өзі Ерекеңнің адами бол­мысын, кісілік парасатын аңғарта­ды», — дегенді айтады.

Білетіндердің айтуынша, іске қыр­сыз, біліксіз, кеудем­соқ талай басшы­ларды қыз­мет­терінен босатқаны үшін Еркін Әуелбековтің үстінен Алматыға, Мәскеуге домалақ арыздар қарша бора­ған көрі­неді. Алайда, нақты тексеріп, зерттеп қарағанда, олардың бәрі де негізсіз, жәй әншейін «жаптым жала, жақтым күйе» болып шыққан.

 

«… Сол күні ажырасамын» дейтін

…Жаңылыспасам, бұл 1998 жылдың аяғы  не 1999 жылдың басы болатын. Менің Еркін Нұржанұлымен танысып, сөй­ле­суім ойламаған жерден жүзеге асты. Оған себепші болып, жөн сілтеген халқы­мыздың біртуар азаматы — Өзбек­әлі Жәнібеков-тін. Өз-ағаның өзімен әңгімелесіп, сұхбат алып болға­нымда:

– Егер мүмкіндік болып,  қолың тисе, Әуелбековпен сөйлесіп, пікірлес­кенің жөн.  Ол кісіден көп нәрсені естіп, білуге болады. Ерекеңнің өмір жолында ғибрат пен тағылым  аларлық жәйттер жеткілікті, – деді.

– Оны қайдан табамыз? —   деппін қапелімде.

– Керек болса, телефонын берейін. Бізбен көрші тұрады, – деді жеңіл жөтеліп.

Арасын ұзатпай, Өзекең берген телефон нөмірі бойын­ша хабарласып едім. Әр жақ­тан ер адамның қоңыр даусы естілді. Сөйтсем, Еркін аға­мыз­­дың өзі екен. «Осылай да осылай» деп бұйымтайымды ай­тып, реті келсе, кездесіп, әңгі­мелескім келетінін жеткі­зіп жатыр­мын. Ол кісі мені мұқият тыңдап болды да:

– Қарағым, жуырда менің шешем қайтыс болған. Сол кісінің қырқын бергелі жа­тыр­мыз. Сонан соң ел жақта Жаңа­су деген ауылда шаруа қожа­лығын ашқанбыз. Соның біраз жұмыстары бар. Солар­ды тын­дырып келейін. Кел­геннен кейін хабарласып, кеңі­рек отырып әңгіме­ле­сейік, – деді.

Ел білетін азамат ағамыздың мына­дай ықылас-пейіліне мен кәдімгідей қуанып қалдым. Сөйтіп, дереу қоятын сұрақтарымды алдын ала нобайлап, әркім­дерден сыр тартып, сұрастырып, Еркін Нұржанұлымен кездесуге іштей дайындала бастадым.

Адамның қалауы мен ойлағаны бола берген бе? Арада аз уақыт өткенде  газет­терден Әуелбековтің бақилық бол­ғаны туралы қазанама хабарды оқып,  өкініште қалдым. «Жазмыштан – озмыш жоқ».  Солай өмір-тағдыр менің Ерекеңмен кездесіп, сұхбат алуымды жазбапты.

Әйтсе де, маған  «Еркін ағамызды бірден-бір жақсы білетін кісі – аяулы жары Күлше Оспанқызы­мен жолығып, әңгімелессем қайтеді?» деген ой келді. Біреулерден екеуі қырық бес жылдан астам тату-тәтті отасқан дегенді естігем.  Көп өтпей оның сәті түсті. Әуелбеков­тер шаңырағына арнайы барып, Күлше апамызбен емен-жарқын сөйлесіп, көкейде жүрген біраз сауалдарға жауап алдым.  Ол сұхбатты «Зерде» журналы­ның 2000 жылғы 3-санында «Адалдықты ту етіп өтті» деген атпен жарияладым. Оны  кезінде  біреу оқып, біреу оқыма­ған шығар. Сондықтан  сұхбатты «Алма­ты  ақшамы» арқылы оқырман назарына қайталап ұсынғанды жөн көріп отырмын.


Үй іші, от басында қалыптасқан ұстамды да салқын­қанды әдет-дағдының әсері ме екен, басында Күлше апамыз онша ашылып сөйлей қоймады.

«Көзге түсу үшін мақтанғандай болмаймыз ба? Оны жазып қайтесіз?» дей берді. Дегенмен, мен Еркін Нұржанұлының қызметі мен өміріне қатысты әр қилы сұрақтар қойып, сөзге тарта бердім…

— …Ерекең өте қарапайым өмір кешті. Дүние-мүлік, байлық, ақша дегенге қызыққан жоқ. Қандай қызметте болса да өзін ел-жұрттан бөлек және оқшау ұстауға тырыспады. Маған ылғи да: «бірінші басшының ары мен жаны таза болмаса, онда құрығаны. Оны ел сыйламайды. Іс ешқашан оңбайды, ілгері баспайды, – деп отыратын. – Егер біреу-міреуден осылай да осылай, Әуелбековтің әйелі бір жерден бір затты алыпты немесе бір шаруаға араласып, килігіпті дегенді естісем, қиын болады, сол күні ажырасамын!» — дейтін. Әрине, оны жеккөргендіктен айтпайды ғой. Сақтандырады-дағы. Түрлі өсек-аяңнан аулақ болғысы келеді. Елдің алдында жүзіміз жарық, арымыз таза болсын дейді.

Әлі есімде… Көкшетауда бірінші хатшы болып жүргенінде Жеңіс дейтін інісі үйленді. Еркін бірден: «Ешқандай дақпырт-даңғазаның керегі жоқ. Өздерімен бірге оқитын студенттерді шақырып, кішігірім той жасаңдар, болды», — деді. Сөйтті де, өзі саяжайға кетіп қалды.

Еркін адам болып ауырған кісі емес

– Сонда, мұндай қарапайым және салқынқанды  қасиеттер Ерекеңнің бойына қайдан дарыды деп ойлайсыз?

–       Ең бірінші — ата-анадан…  Сонан соң өскен ортадан болса керек.

Біздің атамыз мектепте қырық жыл ұстаз болған кісі. Көкшенің мына Айыртау жағындағы ел-жұрт оны жақсы біледі. Елге сыйлы болған адам. Ол кісіден оқып, тәлім-тәрбие алған талай шәкірт кейіннен білікті де білімді азаматтар болып өсті.

Қызылжарда тұрғанымызда бір жолы үйге бір орыс әйелі келді.

– Бұл қай Әуелбеков? Баяғы Сырымбетте-Каз­городокта мектеп директоры болған Әуелбековке қаты­сы бар ма? – деп сұрайды.

–       Ия, соның баласы, – десек, әлгі балаша қуанып, сөйлеп жатыр:

–       Мен ол кісіден көп тәлім-тәрбие алып, жақсылық-шарапатын көріп едім, –дейді.

Сол әйел артынан біздің бір жақын туысымыздай, ұзатқан қызымыздай болып кетті.

–       Күлеке, ағамыздың өзінің өмір жолы, қызмет­тес болған адамдары, жүмыс істеген жылдары жайында жазып қалдырған естелігі, күнделік жазбалары жоқ па еді?

– Өкінішке қарай, ондай нәрсе қалмады. Өзі де кейде күліп: «Жетпістен асқан соң жазамын. Жұрт «жаз» деп айтып жүр», дейтін. Бір-екі рет осы Әбдіжә­міл ағай (Нұрпейісов) және Мұхтар Мағауин дейтін жазушы айтқан көрінеді. «Жазыңыз, сізде көп дүние бар. Кейін ұрпаққа тағылым, ескерткіш болып қалсын» – деп.

Ажал деген айтып келмейді екен. Бүгін барсың, ертең жоқсың. Көз жұмып кете бересің. Бұлай болады деп еш ойлаған жоқпыз. Еркін адам болып ауырған кісі емес. Қыңқыл-сыңқыл дегенді білмейтін. Үнемі спортпен айналысып, денесін шынықтырып, сергек жүретін. Тіпті, көз жұмғанға дейін шаңғы тепті десем, өтірікші болмаспын. Соны өзі ерекше ұнататын… Торғайда жүргенде ғой деймін. Далада шаңғы теуіп жүрсе, бір орыс жігіті ұшырасып: «Сіз шаңғыны жақ­сы тебеді екенсіз. Қазақтар бұған онша әуес болмау­шы еді. Қайдан үйреніп жүрсіз?» — депті таңырқап.  Бұл да оған әзілдеп жауап берген көрінеді. Тағы бірде әлгі жігіт жолығып: «Мені құттықтап қой. Әйелім ұл тапты», – депті. Ерекең: «Құттықтаймын!» — дейді.

Кейіннен бір жиналыста көріп қалып: «Әй, менің күнде бірге шаңғы теуіп, әзілдесіп жүргенім біздің бірінші хатшы екен ғой», – деп қайран қалыпты.

 

Оқушылар мұғалімдерден гөрі Еркіннен көбірек қаймығатын

– Ол кісінің өскен ортасы, өмірбаяны туралы ешбір еңбекте кеңінен жазылмапты. Энциклопедия­лық анықтама кітаптарда өте қысқа жазылған ресми мәліметтер ғана бар екен?

– Ол рас. Еркін мақтануды, өзін дәріптеуді ұнатпайтын… Өмір жолы туралы не айтуға болады?.. Көкшетаудың әлгі Рузаев ауданындағы Фрунзе колхозында, қазіргі аты Жаңасу, сол жерде дүниеге келген. Жаңа айттым ғой, атамыз мектепте қырық жыл ұстаз болған кісі деп. Енеміз Қалима күні кеше тоқсаннан асып қайтыс болды. Өте бір жайлы, мінезі жұмсақ, дауыс көтеріп, ұрысуды білмейтін кісі еді. Ол үй шаруасы мен бала төрбиесінің қамында болған. Еркін өзі көп балалы отбасынан шыққан. Сондықтан онда өзімшілдік деген атымен жоқ болды.

Мектепті үздік бітіріп, Мәскеудегі Тимирязев атындағы ауыл шаруашылығы академиясын да солай аяқтап, еңбек жолын Солтүстік Қазақстан облысын­дағы бір МТС-та бас агроном болып бастады. Соңынан сол МТС-тың және кеңшардың директоры болды.

Өзі жиырмадан сәл асқан жап-жас жігіт. Сырықтай ап-арық. Сырттан келгендер:

– Әй, бала,  директорларың қайда? – деп сұрайтын көрінеді. Жымиып:

– Директор менмін, – десе, онша сеніңкіремей бас-аяғына қарап, шолып шығады екен.

–       Бір-біріңізбен қалай танысып едіңіздер?

–       Біздер бір мектепте оқыдық. Еркіндер оныншы класта оқығанда біз жетіншіге бардық. Ол өте үздік оқыды және белсенді оқушы болды. Оқушылар мұғалімдерден гөрі Еркіннен көбірек қаймығатын. Біздің әкелеріміз де бірін-бірі жақсы білген. Мен өзім осы Алматыдағы ҚазПИ-дің тарих факультетін тауыстым. Аржағы түсінікті болса керек. Бір-бірімізді ұнаттық. Сөйтіп, қосылдық қой.

 

Жалпы, мен әйелі болып күйеуімнің шаруасына араласқан кісі емеспін…

– Осы Еркін Нұржанұлын неліктен бір облыстан  бір облысқа ауыстыра берді деп ойлайсыз! Алдымен Көкшетаудан Торғайға, одан Қызылордаға…

–       О жағын білмеймін. Бұл өзі сол кездегі жоғарыдағы басшылықтың еркі мен билігіндегі шаруа болды ғой. «Партиялық тапсырма, пәлен жұмысқа барасың», – дейді. Кете бересің. Жалпы, мен әйелі болып, күйеуімнің шаруасына араласқан кісі емеспін… Бір білетінім, Көкшетаудан Торғайға ауысқанымызда жақын-жуық, туыстарымыз қуаныпты. Сөйтсек, байғұстар «Еркінге сөз келеді, зиянымыз тиеді» деп тиісті нәрселерін ала алмай жүреді екен. Арқалыққа (Торғайға) көшіп барғанымызға бір-екі ай болған. Бір күні сіңілім Ғалия телефон соғады. «Қалайсыңдар?  Сендерді сағындық қой!» дейтін шығар десем. «Кеткендерің жақсы болды. Біз үй алатын болдық», – деп қарап тұр. Оған не дейсің?!

–       Бұрындары да жұрт «Әуелбеков — іскер де әділ басшы» деп ауызға алып жүретін. Дегенмен, ол кісінің аты мен атағы бергі Қызылордаға ауысқанда көбірек шықты ғой деймін?

–       Мен өзім қызылордалықтарға дән ризамын. Өздері бір жайсаң ел. Әлі күнге Еркінді ауыздарынан тастамайды. Сонда қызмет істеп жүргенде Еркін жұмыстан келгенде тамсанып: «Өздері қазақша қандай әдемі сөйлейді. Салт-дәстүр де сақталған. Біз солтүстікте жүріп, орыс болып кете жаздаған екенбіз ғой», – деп отыратын.

Қызылордада Байқоңырға іргелес жатқан Төретам дейтін ауыл бар. Жаңадан барған жылдары сол ауылдың тыныс-тіршілігін көріп, бір күні күйініп келді. Әр жақтан әскерилер басынып, ауылдың шетіне кір-қоқыстарын тастайтын көрінеді. Ал өздерін қалашыққа кіргізбейді.

Екі жақтағы өмір екі басқа. Аналар ақ май жеп отыр. Төретамдықтардың тұрмысы жұтаң. Мұндай әділетсіздікке ол қатты күйзелді. Сөйтіп, дереу космо­дром­ның Мәскеудегі және осындағы басшыларын шақырып, обкомның арнайы бюросын өткізеді. Мәселені төтесінен қойыпты. Бюродан терлеп шыққан әлгілер бір-біріне қарап: «мына, Әуелбеков дейтін қазақ емес шығар. Қазақ болса, мұндай қатаң талап қоюға батылы бармас еді ғой», – дейтін көрінеді. Содан кейін космодром басшылары сабаларына түсіп, тәубаларына келіп, жергілікті халықпен  санаса бастады.

Өмір деген қызық қой. «Қазақ емес» дегеннен шығады. Сол Қызылордада тұрғанымызда бір жолы үйге бір әйел келіп тұр. «Баяғыда балалар үйінде бізбен бірге бір Еркін дейтін бала болып еді. Мына Әуелбеков сол Еркін емес пе?» – дейді. Біз: «ойбай, бұл балалар үйінде болған емес. Әке-шешесі, бауыр­лары бар», – деп күліп жатырмыз.

 

Горбачевпен бірге оқыған емес

– Шамасы осы Қызылордада болуы керек. Жұрт­тың: «Әуелбеков таңертең сүттің кезегіне барып тұрады екен. Дүкен аралап жүре беретін көрінеді. Ел қатарлы автобусқа мінеді екен» деп аңыз ғып айтып жүргені.

– Бұл енді елдің кішкене өсіріп айтқаны. Болмаса Еркін ондай көзбояушылық пен жасандылыкқа бара қойған жоқ. Рас, кейде дүкендерді аралап кететін. Бір қонақ­тан, не кештен кешірек қайтқанда көлігін жіберіп, таксимен қайта салатын әдеті болушы еді. Ол үшін бұл қалыпты және үйреншікті әдет-тін. Мысалы, сол Қызылордада тазалық және тәртіп болуы үшін әрбір көшені обкомның бюро мүшелері мен қызмет­кер­леріне бөліп берді. Халық сыйлағанды сыйлай біледі. «Әй, мынау Әуелбековтің жауапкер­шілігіндегі көше, ұятқа қалмайық» деп тұрғындардың өздері көшелерін тазалап, үйлерінің сыртын ақтап, сырлап жатқанын көзіміз талай көрді.

–       Сонда бірінші хатшы болып жүргенде емес пе, Диме­кеңді бір съезде сынап, жоғары жақтағыларға жақ­пай қалғаны. Жалпы, Ерекең Дінмұхамед Қонаев­пен қандай қарым-қатынаста болды?

– Аса жақын араласа қойған жоқпыз. Ресми, қызмет бабына қатысты байланыста болды. Көкше­тауда болғанымызда Зухра жеңгей екеуі демалуға келетін. Сыпайы, әдеп сақтап күтіп алып, шығарып салатынбыз. Басқадай бір ренішіміз, не көңіл қалған жеріміз болған емес.

Әлгі  ХVІ съезде емес пе, Еркіннің: «Димаш Ахметұлы, соңғы сегіз жылда Қызылордаға бірде-бір рет келмепсіз» деп айтқаны. Соны Димекеңнің айна­ласындағы жандайшаптар мен жарамсақтар қоздырып: «ойбай, сізге ауыр сөз айтты, сынады» деген сыңайлы. Сондайлардың айтақтауымен басшылық тарапынан Әуелбековпен жұмыс істегендерге «компромат табындар!» деп тапсырма берілген деседі. Сонда ғой, Еркіннен кейін Көкшетауда және Торғайда  бірінші хатшы болған Оразбек Қуанышевтің: «Мен ол кісімен бір партия ұйымында  тіркеліп, қызметтес болған жоқпын. Сондықтан ештеңе айта алмаймын» деп, бас тартып жүргені. Сондай солақай  саясаттың зардабын Еркін біршама тартты.

–       Жұрт кезінде «Әуелбеков М.С.Горбачевпен дос-жаран екен. Екеуі партия  мектебінде бірге оқыпты» деп жүрді ғой. Сол сөз қаншалықты рас?

–       Бұл сөз өтірік. Михаил Горбачев Орталық коми­­теттің хатшысы болғанға дейін Краснодар өлке­сінде өлкелік партия комитетін басқарды. Ол, негізінен, ауыл шаруашылығымен айналысатын өңір. Еркіннің жұмыс істегені де сондай облыстар еді. Соған байла­нысты жиналыстарда бірге болып, таныс-біліс болға­ны рас. Әйтеуір ол кісі Еркінді ерекше құрмет­ейтін. Жоғарғы Кеңестің бір комитетіне сайланып, Мәскеуге көшіп барғанымызда өзі тікелей Кручинаға (Орталық Комитеттің іс басқарушысы) айтып, бізге орталықтан жақсы пәтер әперді. Ол да болса кісілігі ғой. Кейіннен бері, елге — Қазақстанға көшерімізде біреулер: «Ол пәтер­ді дереу жекемен­шікке айналды­рып,  сатып кетіңдер. Өте қымбат тұра­ды» деп ақыл берді. Еркін ондай әрекетке бармады. Пәтердің кілтін Орталық комиттеттің шаруашылық басқармасына тапсырып кетті.

…Тіпті, Алматыға ауыстырып алсақ та болады екен. Оған да бара қоймадық. Оны айтасыз, мұнда келгенде сегіз ай үй-пәтер ала алмай жүрдік. Ақырында бір жанашыр азаматтар араласып, осы пәтерге қолымыз жетті, әйтеуір.

Жалпы адамға біткен әдет қой. Мен үй ішіне барлай көз салдым. Көнелеу көрініп тұр ма, дегендей жеңгеміз:

–       Мынау баяғыда Көкшетауда сатып алған жиһаз-мебеліміз ғой, – деді. Жаны сірі өзінің. Мұны сүйрелеп Торғайға да, Қызылордаға да, тіпті, Мәскеуге де апардық. Көзімізге сондай ыстық көрінеді.

 

Балалар «аталап» жоқтап, жылап тұрды

Осы арада өзінен-өзі:

–       Ағамыздың үй шаруасына, тұрмысқа икемі қалай болып еді? – деген сауал туындады. Мен оны іркіп қала алмадым.

–       Қалай десем екен? …Ол кездегі партиялық тәртіп, үрдіс солай болды ма, әйтеуір оның көп уақыты жұмысқа арналатын да, басқа шаруаға қолы тие бермейтін. Мәскеуге барғанда сондағы театрларға бара­тынбыз. Ал, мына көйлек-көншек, костюм-шал­бар­ларын дүкендерден іздеп жүріп мен алатынмын. Кейде жалынып,  дүкеншілерге айтып кетемін. «Егер тар не кең келіп жатса, түсі ұнамай қалса, қайтып әке­ліп, ауыстыра қояйын» деп.

Тамақ, ас жағына да аса бір кірпияздығы болған жоқ. Кейде, тіпті, үйде мен болмасам, қайнатылған кар­топты жеп, нан мен шай ішіп те кете беретін.

Бір жолы Мәскеуге барғанда Орталық комитеттің бөлімдеріне және министрліктерге барып қайтқан. Анда-мұнда жүгіріп жүріп, қатты терлепті. Терлегені соншалықты, тері сұр костюмінің сыртына шығып кетіпті. «Еркін-ау үстіңе қарасаң қайтеді? – десем, – Әй, оны қойшы, мен бүгін біраз шаруа тындырдым. Онан да соны сұрамайсың ба?» – деп қуанып мәз болып тұр.

–       Менімен бір-екі рет сөйлескенде Көкшетауда шаруа қожалығымыз бар деп еді. Өмірінің соңғы кезінде соған көбірек ден қойды-ау деймін?

–       Өзінің туған ауылы Жаңасуда сондай бір шаруа­шылық ұйымдастырған, бүкіл ауылдастарының басын қосып. Соған өзі кеңесші болып жүрді. Мақ­саты — мынадай қиын заманда елді тарықтырмау ғой. Жүгіріп жүріп сол ауылға жаңа үлгідегі мектеп сал­дыр­ды. Оған мүғалімдер жетіспей, ауылдағы келіндерді жинап, Көкшетаудағы пединститутқа оқытты. Осында келгенде өзі күліп айтып отыратын. «Келіндерді жинап алып, кітап бойынша саңырауқұ­лақты тұздауды, түрлі жеміс-жидектерден тосап жасау­ды үйреттім», – деп. Өйткені, біздің жақта аққайыңдар сыңсыған орман ішінде саңырауқүлақ пен жидек көп өседі.

Бірде: «ой, ауылдың балаларының бойы өспей қалатын болды. Ертең олар әскерге жарамайды. Сонда елді кім қорғайды?» – деп келді. Сөйтіп, сол кездегі туризм және спорт министрі Бірғаным Әйтімоваға барып жүріп, түрлі спорт жабдықтарын алып, ауылға апарып берді. Сонда ауылдың балаларын екі топқа бөліп, өзі төреші болып, футбол, волейбол ойнатады екен. Соның бәрін артынан елге барғанда естідік. Бауыр басып кеткендері соншалықты, Еркінді Жаңа­суға апарып жерлегенімізде ауылдың әлгі балалары «аталап» жоқтап, жылап тұрды.

Тағы бір жолы денсаулық сақтау министрі Девят­коға жолығып, сол кісінің көмегімен ауылдастарына қажетті дәрі-дәрмектер алып берді. Әйтеуір бір ауылды болса да нарықтық қатынасқа бейім өмір сүруге, заманға  лайық жаңаша тіршілік етуге үйрет­кісі келді. Басқа қолынан не келеді? Өзі бұрынғыдай облыстың басшысы емес. Зейнеткерлік демалыстағы адам.

Қарағым, несін айтасың?  Қазір бәрі алыстап кеткен сағым, көрген түс секілді. Еркін өле-өлгенше еліне, халқына адал қызмет етуге тырысты. Ал кейбір кемшілігі, қателігі болса, оны елі кешіреді деп ойлаймын. Онсыз пенде, адам баласы жоқ шығар.

–       Мұндайда жұрт артында қалған бала-шағасы бар ма? – деп сұрайды ғой.

–       Шүкір, Еркіннен екі перзент қалды. Ұлының аты – Бақытжан, қызы – Сәуле. Шыңғыс дейтін немереміз бар. Атасы оны керемет жақсы көруші еді. Ет-жүрегің елжірейді. Шыңғыс атасын әлі күнге дейін іздейді…

 

Қай жақсы бұл дүниеге сыйып еді?

Арамызда жақсы бір әңгіме-сұхбат өрбіген соң Күлше жеңгеміз бізге үлкен үміт пен сенім артты ма екен: «Биыл Еркіннің туғанына 70 жыл толатын еді. Әттең, ол тойын өзі көре алмай кетті. Соған көзін көргендердің естеліктерін жинап, кітап етіп шығарсақ деп ек. Қолдарыңнан келсе көмектессеңдер?» — деген өтініш айтты.

Мұндайда бар мәселе қаржы-қаражатқа барып тірелетіні белгілі. Оның үстіне кісіні қайырым мен мейірімнен алшақтатып, безбүйрек ететін нарық дейтін алпуыттың дендеп келе жатқан кезі. Сондықтан Күлше апамыз: «осылар кітапты шығаруға қолұшын береді-ау» деген біраз адамның тізімін және телефондарын  берді. Әдептен аспай, олардың бәріне хабарласып, мән-жайды айтып, түсіндірген болдық. «Көзден кетсе, көңілден кетеді» дегенді қазекем қалай тауып айтқан. Ерекең биліктің бір тұтқасын ұстап, лауазымды қызмет атқарып жүргенде жанынан шықпай, жарамсақтанып жүрген  жандайшаптардың талайы әртүрлі сылтаулар айтып, көмектесуден бас тартты. Олардың көбі биліктің төңірегінен әлі кете қоймаған, елге белгілі атқамінерлер-тін. Қайтерсіз, пендешілік қой. Бәлкім, қандай да бір сақтық пен ішкі  есептері болған шығар. Ал, оларды кісілік пен адал­дық, қайырымдылық туралы сөйлетіп көріңіз, алдары­на жан салмайды. Дегенмен, ел  іші емес пе? Заман мен саясат қалай құбылса да  биік парасат пен адамгершіліктен айнымайтындар да табылды.

Кітаптың жарық көруіне сол кездегі Солтүстік Қазақстан облысының әкімі болған Қажымұрат Нағыманов, Қызылордадағы «Аралтұз» мекемесінің бастығы Балтабай Ақпанбеков, облыстық сертификат­тау және стандарттау мемлекеттік кәсіпорнының дирек­торы Әбдіғаппар Әмірғалиев, Айыртау ауда­нының (Солтүстік Қазақстан) әкімі Армия Әбіл­қайырұлы және Алматыдағы «Сайран» автовокза­лының президенті Есенгелді Мұқыжанов сынды азаматтар демеушілік жасады.

«Азамат» деп аталатын ол кітапқа көрнекті мемле­кет қайраткері Бәйкен Әшімовтен бастап, кезінде республикалық, облыстық деңгейде лауазым­ды қызметтер атқарған, Орталық комитеттің хатшысы, министр, обком хатшысы, облатком төрағасы болған елу шақты адамның естеліктері енді. Олардың қай-қайсысы да еліне, халқына адал қызмет еткен, ары да жаны да таза, аты аңызға айналған азаматтың нар тұлғасын әр қырынан ашып көрсете білді. Өйткені, қай нәрсенің де әділ төрешісі мен шынайы бағалаушысы халық — көпшілік. Сондықтан естелік кітап ғибраты мол ғұмырнамаға айналғандай болды. Артынан кітапты оқып, танысқандар жылы лебіз-пікірлерін білдірді.

Аталған кітапта Нұр Ілия Айсаұлы дейтін автордың «Еркін ағаны жоқтау» дейтін өлеңі берілді. Онда кісіге ой саларлықтай мынадай шумақ айтылған:

Құрметтеп, қалың жұрты сүйіп еді,

Сүйсініп, ақылына ұйып еді.

Жұлдыздай жарқ етті де ағып өтті,

Қай жақсы бұл дүниеге сыйып еді?

Сол айтқандай, біз  бұл дүниеге қай жақсыны сыйдырып, көзі тірісінде бағасын біліп едік.