«Тау ішінде» әнінің сыры

 МУЗЕЙ ҚОРЫНАН 

     
                
                          «Тау ішінде» әнінің сыры

 

Сәкен Сейфуллин, «Көкшетау», «Біздің жақта», «Тау ішінде», «Сыр сандық», «Ақсақ киік» сынды әндерімен қатар, «Бабаларыма», «Жас қазақ марсельезасы», «Анаға», «Ұйқыдағы ару», «Лашын құс», «Жеткіншегім тартынба!», «Біздің ауыл», «Кәмила» атты әндердің сөзін жазған.

Тау ішінде…
Сәкен әр кеш ақбоз атына мініп, өзі іңкәр боп табысқан Меруертіне барып жүрді.
Қырқадан ақбоз үйлер көрінеді. Сол сәт үйден шығып, түнгі боз мұнарда ақ көйлегі бозаң тартып сұлу бейне де көрінеді.Сәкен ат шылауын маған ұстатып, белгілі кездесу орны – биік Қараталға жөнеледі. Ақ түн, алып шынар, мөлдір бұлақ, жұлдызды аспан, сырлы кездесудің тілсіз-үнсіз куәсі осы тұл табиғаттың құшағы.
Осылай алты күн өтті. Әр кеш, ай асты, жайлы түнде ат үсті келе жатып, Сәкен ыңырана толғап, қоңыр кешке қосылып, жан адам естімеген бір әннің сазын баяу шырқаумен болды.Бір түн ұйықтамай өлең сөздерін дәптеріне түсірді. Өзі өзімен күбірлей сөйлеп, жиі тысқа шығып, су жағалап, сырлы дүние құшағына берілді.
Соңғы күн, соңғы кеш, Сәкендер ертең жолға шықпақ. Ай туып келеді. Сәкен көңілді.
— Бір апта бірге болдық, Тәуке. Достық істеріңе ризамын. Тынықтық. Ән де келді дүниеге. Оның сөзі мынау, — деп, дәптерін ашып, өлең жолдарын тебірене оқыды.
Келемін тау ішінде түнделетіп,
Аймақты күңірентіп өлеңдетіп.
Ақ боз ат астымдағы сылаң сағым,
Жалтаңдап құлақтарын елеңдетіп.
Соңғы түн, соңғы кеш.
Кең дүние күміс нұрға шомып, жым-жырт жатты. Тасбұлақтан Меруерт жанынан қайтқан Сәкен ай маңдайын, кең кеудесін баяу желпіген майда қоңыр самалға тосып, ат үсті баяу әндетіп келеді.
Тау шатқалына кірдім. Айнала биік құзарға еніп, ұзаған сайын Сәкеннің қоңырқай ашық даусы биіктей түсті. Оған айнала төнген құзар тастар, түнгі дүние жаңғырыға үн қосты.
Ұйқыға әнімді естіп берілмессің,
Маужырап төсегіңде керілмессің.
Ақырын үйден шығып уәделі,
Жеріне келуге сен ерінбессің…
Шіркін, сол бір сәттегі Сәкеннің көңіл күйі қандай еді. Ақбоз аты, үстінде ақ көйлек. Омырауын ашып тастап, айлы түн астында аңырата шырқап келе жатты азамат. Жалған дүние, өтер-кетер деп кім ойлаған.
Таң сазымен Сәкендер аттанды. Суындық асуында қайырыла тұрып қоштастық. Алдағы беймәлім өмір, белгісіз тағдыры күткен кең дүние құшағына құлап, ұзап бара жатқан қос бейнеге қиыла қарап қала берген едім…»,-деп Еркінбек Тұрысов