Жаңа әліпби: Емле ережелеріндегі ескерілер кемшіліктер

 

Отправить письмо себе

Амир Молдабеков <moldabekov47@mail.ru>

Кому: moldabekov47@mail.ru

Қалдыбай Арыстанбекұлы, PhD доктор,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультеті

Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының доценті м.а.

«Қамшы» сілтейді

Жаңа әліпби: Емле ережелеріндегі ескерілер кемшіліктер

2018 жылғы 6 желтоқсанда Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия мақұлдаған Жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелері тағы бір қайтара саралану, олқылықтары болса жөнделу мақсатында республикалық басты басылым Егемен Қазақстан газетінің 2019 жылғы 11-санында жарияланды. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры профессор Е.Қажыбек: «Жаңа әліпби негіздегі емле ережелеріне қоғам мүшелері бей-жай қарамайды деген сенімдемін және жұртшылықтан ұсыныстар болады деп ойлаймын және ғылыми негізді ой-пікірлер міндетті түрде ескерілуге тиіс» десе, белгілі ғалым, профессор Ш.Құрманбайұлы Хабар арнасының «Ұлы дала өркениеті» бағдарламасына берген сұхбатында: «Емле мәселесі қазақстандықтар арасында бір үтір, бір нүкте, бір таңба болса да ашық талқылану керек» деген болатын. Еліміз үшін маңызды іске аз да болса үлесімізді қосу мақсатында, біз де жаңа емле ережелерімен танысып, ескеріліп қалар деген ниетпен өз ескертпелеріміз бен ұсыныстарымызды ортаға салуды жөн санадық.

Осыған дейінгі мақалаларымызда әліпбидегі кемшіліктер туралы және сол кемшіліктер түзелмей, емле ережелері де дұрыс жасалмайтыны жөнінде мәселе қозғаған болатынбыз. Емле жасаушылар әліпбидің кемшін екеніне қарамастан оны мүмкіндігінше жазуымызға икемдеп, емле ережелеріне жаратуға барынша тырысқан. Ол үшін емле авторларына алғысымызды білдіреміз. Дей тұрғанмен кемшіліксіз іс болмайтыны, кез келген іс сын-ескертпелерді түзей отырып дамитыны баршаға мәлім. Енді емле ережелеріндегі өзіміз байқаған кейбір кемшіліктерге ойысайық:

Республикалық басты басылымда жарияланған Емле ережелерінің алғы сөзі «Жаңа əліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелері» «Қазақ тілі əліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылы 26 қазандағы №569 Жарлығына сəйкес бекітілген жаңа əліпби бойынша əзірленді» деп басталған. Алайда №569 жарлықпен бекітілген нұсқа апостроф нұсқасы болатын. Бұл нұсқаны көпшілік қолдамағандықтан, Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 19 ақпандағы №637 Жарлығына сәйкес алдыңғы нұсқаға өзгерістер енгізіліп, соңғы акут нұсқасы бекітілген болатын. Газетте ұсынылған емле ережелері соңғы акут нұсқасы бойынша әзірленген. Сонда газет мәтінінде (техникалық) қате кеткен бе, әлде солай алғашқы жарлық көрсетілуі керек пе, оны мамандар айта жатар.

2-параграфта «а́, о, о́, u, ú əріптері төл сөздің басында жазылады» деп, мысал ретінде «ádis, álem, sán, dán, mádenıet, báıterek; ozyq, ońtaıly, qoǵam, torsyq; óris, ómirsheń, kósem, bórik; utymdy, ustaz, qujat, tumar; úrdis, úkimet, júıe, túbegeıli» сөздерін береді. Дұрысы «сөздің басында» емес, «сөздің алғашқы буынында» болса керек;

7-параграфта «ıy, ıi әріп тіркестеріне аяқталған етістіктерге көсемшенің ı (-й) жұрнағы жалғанғанда, екі ı әрпі қатар жазылады: baıy – baııdy, keıi – keııdi» деген. Бұл ереже бекітілген әліпбиде дауыссыз [й] дыбысы мен [ый], [ій] дыбыс тіркестеріне бір ғана /Ιι/ таңбасы берілу салдарынан болған ерсі ереже. Бұл төте жазуға, яғни араб графикасына ғана тән ереже. Ол туралы tilalemi.kz сайтында жарияланған «Араб графикасына тән ережені жаңа әліпбиге енгізбеген жөн» атты мақаламызда кеңінен талқылаған болатынбыз;

11-параграфта «Төл сөздер бірыңғай жуан не жіңішке үндесіммен жазылады: azamat, yntymaq, bosaǵa, turmys; ásem, memleket, izet, úmit, sóılem.  Ал кейбір кірме сөздерде тіл үндестігі сақталмай жазылады: quzіret, qudіret, muǵalim, qyzmet, qoshemet, aqіret, qasıet, qadir, kitap, taýqіmet, qazіret» деген. Ал ережелердің «Тірек ұғымдары» атты бөлімінде кірме сөзге «қазақ тілінің дыбыстық заңдылықтары бойынша игеріліп жазылатын өзге тілден енген сөз» деген анықтама берілген. Олай болса осы параграфта төл сөздердің қатарында тұрған memleket сөзі, 2-параграфта төл сөздердің қатарында көрсетілген «álem, mádenıet, qujat, úkimet, ustaz» сөздері де кірме сөздердің қатарында болуы тиіс. Өйткені тілімізге memleket, álem, mádenıet, qujat, úkimet сөздері араб тілінен, ustaz сөзі парсы тілінен игеріліп енген.

Ескере кететін және бір жағдай [қ] дыбысы тілімізде тілшік пен тілдің түбі арқылы жасалып, тек қана жуан дыбысталатын дыбыс екені, ал [і] дыбысы тек қана жіңішке дыбысталатын тіл алды дауыстысы екені белгілі. Тілімізде бұл екі дыбыс таңбасының қатар тұруы, үндестік заңына қайшы келіп, дыбыстауды қиындатады. Сондықтан aqіret, taýqіmet сөздеріндегі і әрпін тіл арты [ы] дыбысының таңбасына ауыстырып, aqyret, taýqymet деп жазған жөн;

15-параграфта «Түбірдің соңғы буынында үнді дауыссыз дыбыстан кейін тұрған y, i әріптері тəуелдік қосымшасы жалғанғанда түсіріліп жазылады. Мысалы: aýyl – aýly, daýys – daýsy, erin – erni, halyq – halqy, oryn – orny, ǵuryp – ǵurpy, qyryq – qyrqy (қырқын беру), kórik – kórki (бет-ажар), árip – árpi, naryq – narqy (бағасы), paryq – parqy, qulyq – qulqy, oıyn – oıyny» делінген. Алайда келтірілген мысалдардағы соңғы «oıyn – oıyny» сөзі бұл ережеге бағынбай тұр. Сонымен қатар «Түбірдің соңғы буынында үнді дауыссыз дыбыстан кейін тұрған y, i әріптері тəуелдік қосымшасы жалғанғанда түсіріліп жазылады» деген мәтінді «Түбірдің соңғы буынында екі үнді дауыссыздың немесе үнді дауыссыз бен қатаң дауыссыздың ортасында келген y, i әріптері тəуелдік қосымшасы жалғанғанда түсіріліп жазылады» деп нақтылаған жөн. Өйткені сары, тары, шәлі т.б түбірлердің соңғы буынында да үнді дауыссыз дыбыстан кейін y, i әріптері бар, алайда оларға бұл ереженің қатысы жоқ;

16-параграфта «Соңғы буынында á əрпі жазылатын түбір сөздерге ашық дауыстылармен келетін қосымшалар ғана жуан жалғанады: kúnásinа, kúnásinаn, kýásinа, kýásinаn, kúnáǵa, kúnádan, kinálaý, shúbálaný, kýáǵa, kýádan, kúmánǵa, kúmándaný» делінген. Мысалдардағы kúnásinа, kúnásinаn, kýásinа, kýásinаn сөздерінен байқағанымыздай, аталған ереже бойынша kúná, kýá сөздеріне қысаң дауыстымен келген үшінші жақтағы тәуелдік -si жалғауы жіңішке жалғанған. Алайда осы жіңішке жалғауға барыс және шығыс септік жалғауларын -nа, -nаn деп қайта жуандату, тілге күш түсіргендей болады. Дұрысы, жіңішке -si жалғауынан соң, үндестік заңын пайдалана отырып жіңішке әуезді -ne, -nen жалғауы арқылы kúnásine, kúnásinen, kýásine, kýásinen деп айтқанды жөн санаймыз. Бұл ұсынысымыз 53-параграфтың ескертпесіне де қатысты;

21-параграфта «Түбір сөзге -hana, -nama, -góı, -qoı, -kez, -kesh, -paz, -ger, -ker, -tal, -dar, -qor тəрізді араб, парсы тілінен енген … қосымшалар сөздің соңғы буынының жуан-жіңішкелігіне қарамай жалғанады» делінген. Алайда аталған қосымшалар араб тілінен емес, парсы тілінен енген қосымшалар. Сондықтан мәтіндегі «араб» сөзін алып тастаған жөн;

32-параграфта «Ásire, bir, kóp, jalpy, бей жəне avan, avıa, avto, agro, antı, aero, gıdro, gıper, eýro, ızo, ınfra, kıno, mega, mını, radıo, tele, trans, últra, foto, elektr сияқты сөзалды сыңарларымен, сондай-ақ beı қосымшасымен келген атаулар бірге жазылады» дегендегі бірінші қатарда келген бей сөзі артық;

44-параграфтағы «Араб цифрымен берілген санға қосымша дефис арқылы жалғанады, сондай-ақ түсірілген -ynshy (-inshi), -nshy (-nshi) қосымшасының орнына дефис қойылады» деген ережеден соң «Осы ереже диссертациялық жұмыстарда пайдаланылған әдебиеттердің беттеріне сілтеме берілгенде де қолданылады» деген сөйлемді арнайы қосу керек. Өйткені диссертациялық жұмыстарда қазақ тілінің емле ережесі бойынша [5, 12-б.] деп жазылған сілтемелерді Мемлекеттік ұлттық ғылыми-техникалық сараптама орталығы орыс тіліндегідей [5, Б. 12] деп мәжбүрлі түрде өзгерткеніне талай куә болғанбыз. Бұл үрдіс әлі де жалғасын табуда;

46-параграфта «Күшейткіш буынмен келетін сөздер дефиспен жазылады: ap-anyq, qyp-qyzyl, sap-sary, jap-jaqsy, súp-súıkimdi, quba-qup. Бірақ appaq, kókpeńbek болып жазылады» деп берілген. Мұнда не нәрсе аппақ, көкпеңбек болып жазылатыны түсініксіз. Сондықтан «Бірақ appaq, kókpeńbek болып жазылады» деген сөйлемді «Бірақ appaq, kókpeńbek сөздері дефиссіз бірге жазылады» деп өзгерткен жөн;

47-параграфтағы ағылшын тіліндегі MP4-pleer сөзін қазақ тіліне осы қалпында енгізу дұрыс емес. Тіліміздегі орыс орфографиясы бойынша жазылып жүрген сөздерден құтылу үшін латын графикасына көштік емес пе? Енді олардың орнын ағылшын орфографиясымен жазылатын сөздермен толықтырмақпыз ба? Олай болса MP4-pleer сөзін MP4-ойнатқыш немесе MP4-бейне ойнатқыш деп аударып алған жөн. Сол секілді MP3-pleer сөзін де MP3-ойнатқыш немесе MP3-музыка ойнатқыш деп аударып алсақ латын графикасына көшудегі мақсатымызға сай болмақ. Ал оқылуы тілімізге бейімделіп, МыПы4-ойнатқыш немесе МыПы4-бейне ойнатқыш және МыПы3-ойнатқыш немесе МыПы-3 музыка ойнатқыш болғаны жөн;

53-параграфта «Кісі есімдеріне жəне -ov, -ev жұрнағымен аяқталған кісінің тегіне қосымша түбір сөздің соңғы буынына сəйкес үндесіп жалғанады: Álıhannyń, Álıhanǵa; Kúnsulýdyń, Kúnsulýǵa; Nábıevanyń, Nábıevkе; Baıǵaraevanyń, Baıǵaraevqa» делінген. Алайда Nábıevanyń деген кісі тегінің түбірі жіңішке болғанына қарамастан жуан -nyń қосымшасы жалғанып, ережеге бағынбай тұр және не үшін жуан қосымша жалғанғаны туралы түсініктеме берілмеген. Сонымен қатар, -ov, -ev жұрнағы дауысты дыбыстан кейін келсе, қазақ тілінде екі дауысты қатар келмейтіндіктен -ov, -ev жұрнағының алдынан ı әрпін жазып, Baıǵaraıev, Túrkeıev деп жазған жөн. Қазақша мәтіндердегі орыс есімдері де осы қағида бойынша Сергеев – Sergeıev, Алексеев – Alekseıev, Беляева – Beláıeva деп жазылуы тиіс. Ең дұрысы, ұлты қазақ азаматтар -ov, -ev, -ич, ин жұрнақтарынан құтылғаны жөн;

54-параграфта «Екі сөзден құралған кісі есімдері бірге жазылады: Tóremurat, Aısáýle, Saqypjamal, Ábilqasym, Qasymjomart, Batyrhan, Tursynzada, Nurǵalı, Aıgúl, Aqbala, Aqylbek, Jaqsybaı, Shárbaný , Toqqoja, Nurbıke, Nuraıym, Nurdildá , Bıbihanym, Asyljan, Ahmetqazy» делінген. Олай болса осы ережеге орай ҚР қазіргі президентінің аты қазақ тіліндегі мәтіндерде Qasymjomart (Қасымжомарт) деп дефиссіз бірге жазылуы тиіс. Сонымен қатар кісі есімімен аталатын астанамызды Nur-Sultan (Нұр-Сұлтан) деп дефис арқылы жазу да дұрыс емес. Бұлай жазу кеңес кезіндегі Алма-Ата, Кзыл-Орда, Ак-Мечеть, Сыр-Дарья, Аму-Дарья секілді орыс тілінің жазу емлесіне қайта оралғанымызды білдірмек. Ал бұл дефис қала аты мен адам атын ажырату үшін қойылды деу жай ғана өзімізді өзіміз алдарқату болмақ;

56-параграфта «Араб, парсы тілінен енген кісі есімдері қазақ тілінің дыбыстық заңдылығына сəйкес жазылады: Ysqaq, Yrysjan, Yrysaldy, Ysmaıyl немесе Symaıyl, Muhambet, Ybyraıym, Bátıma, Qasen, Qusaıyn, Qadısha, Pazyl, Ábdiqadir, Álbeıbarys» делінген. Алайда келтірілген мысалдарда Yrysjan есіміндегі jan компонентінен өзге парсы сөзі жоқ. Ysqaq, Ysmaıyl, Symaıyl, Ybyraıym есімдері араб тіліне еврей тілінен енген есімдер. Ал соңғы Álbeıbarys есімінің бірінші компоненті Ál араб сөзі болса, екінші, үшінші компоненттері, яғни бей/бай және барыс түркі сөздері. Сонымен қатар араб, парсы тілдері бір тіл емес екенін ескере кету керек. Екеуі қазақ және орыс тілдері секілді бір-біріне туыстығы жоқ бөлек-бөлек тілдер. Сондықтан «Араб, парсы тілінен» дегенді «Араб, парсы тілдерінен» деп көпше түрге өзгертіп, мысалдардың арасына Меруерт, Мейіркүл, Мейіржан, Пакизат, Гүлзада, Гүлжан секілді т.б. парсы тілінен енген кісі есімдерін араластырған жөн;

74-параграфта «Ағылшын тіліндегі атауы бойынша қысқарған әлемдік мәртебесі жоғары халықаралық ұйым атаулары түпнұсқа тіліндегідей жазылады: UNESСO, USAID, NATO, EXPO. Қосымшалар қысқарған сөздің айтылуына қарай дефис арқылы жалғанады: UNESСO-nyń, -ǵa; USAID-tyń, -qa; NATO-nyń, -ǵa; EXPO-nyń, -ǵa» делінген. Латын графикасына көшудегі негізгі мақсаттардың бірі тілімізге күштеп енгізілген орыс тілінің дыбыстарынан құтылу болатын. Бұлай ереже жасау орыс тілінен енген басы артық әріптердің орнына ағылшын тілінің әріптерін тықпалаумен парапар. 47-параграфқа айтылған ескертпеміздей, енді құтылғалы отырған орыс орфографиясының орнына ағылшын орфографиясын енгізумен бірдей. Сондықтан мұндай сөздерді жазғанда әліпбиіміздегі бар әріптермен IÝNESKO, IÝSAID, NATO, EKSPO деп жазғанымыз жөн;

76-параграфта «Шеттілдік бірқатар сөздер түпнұсқасына ұқсас жазылады, оларға қосымша буын үндестігіне сәйкес жалғанады: moderator (-dyń, -y, -ǵa, -lar), marker (-diń, -i, -ge, -ler), stepler (-diń, -i, -ge, -ler), vaýcher (-diń, -i, -ge, -ler), sýpervaızer (-diń, -i, -ge, -ler), aıfon (-nyń, -y, -ǵa, -dar), banknot (-tyń, -y, -qa, -tar), bankomat (-tyń, -y, -qa, -tar), planshet (-tiń, -i, -ke, -ter), onlaın (-nyń, -y, -ǵa, -dar), oflaın (-nyń, -y, -ǵa, -dar), dızaın (-nyń, -y, -ǵa, -dar), barmen (-niń, -i, -ge, -der), resepshn (-niń, -i, -ge, -der), skrınshot (-tyń, -y, -qa, -tar), blokbaster (-diń, -i, -ge, -ler)» делінген.

Орыс тіліндегі термин сөздер, тіпті Ресейге көршілес, орыс тіліне туыстас әрі әліпбилері де бір (кирил) беларусь тілінде де орыс тіліндегідей жазылмайды. Мысалы фонетика – фанетыка, орфография – арфаграфія, морфология – марфалогія, банкомат – банкамат, модератор – мадэратар, степлер – стэплер, планшет – планшэт, офлайн – афлайн, орфография – арфаграфія деп көптеген терминдер беларусь тіліне бейімделіп алынған.

Осы орайда беларусь тілінің тәжірибесіне жүгінген жөн тәрізді, яғни бұл параграфтағы «Шеттілдік бірқатар сөздер түпнұсқасына ұқсас жазылады» дегенді «Дыбысталуы қазақ тілінің заңдылықтарына сәйкес келетін шеттілдік бірқатар сөздер түпнұсқасына ұқсас жазылады» деп толықтырып, мысал ретінде дыбысталуы қазақ тілінің заңдылықтарына сәйкес келетіндерін ғана келтіру керек.

Орыс сөздеріндегі о әрпі, беларусь тіліндегідей қазақ тілінде де ешқашан да [а] болып айтылмайды. Яғни о әрпін [а] деп оқу санамызға сіңіп қалған орыс тілінің әсері. Сондықтан moderator сөзін қазақ тіліндегі айтылуына қарай бірінші буындағы о әрпін а-ға, соңғы буынындағы о әрпін [ы] дыбысының таңбасына өзгертіп maderatyr, ал bankomat сөзіндегі о әрпін айтылуы бойынша [а] дыбысының таңбасына өзгертіп, bankamat деп, ал resepshn сөзін resepshіn деп жазып, мұндай сөздерді 77-параграфтағы «Бірқатар кірме сөздер айтылуы бойынша жазылады» деген ережеге жатқызған дұрыс болмақ. Осылай етсек беларусь, араб, т.б. тілдер секілді бүкіл шеттілдік сөздерді тілімізге оңай игеріп алатын боламыз;

81-параграфта «э əрпі е əрпімен жазылады: element, elevator, poetıka, koefısent» делінген. Мысалда келтірілген elevator, poetıka, koefısent сөздері э әрпін е-ге ауыстырғаннан тілімізге бейімделіп кеткен жоқ. Сондықтан poetıka, koefısent сөздеріндегі о әрпін а-ға ауыстырып және қазақ тілінде екі дауысты қатар келмейтінін ескеріп осы а мен е әріптерінің арасына ı әрпін қосып, pаıetıka, kaıefısent деп өзгерткен жөн. Тіпті алғашқы буынынан кейінгі буындары жіңішке дыбысталатындықтан бұл сөздердегі а әрпін á-ге ауыстырып páıetıka, káıefısent десек тіл үндестігін сақтаған боламыз. Ал elevator сөзіндегі о әрпін қазақ тіліндегі айтылуы бойынша y-ға ауыстырып, elevatyr деп жазу керек. Бұдан кейінгі параграфтардың мысалдарында келетін қазақ тілінің айтылымына үйлеспейтін шеттілдік сөздердегі дыбыстарға қатысты ұстанымымыз да осындай болмақ. Осы орайда Ж.Аймауытовтың төте жазумен жазылған «Жаман тымақ» атты өлеңінде «шкаф» сөзін қазақ тіліне бейімдеп «ышқап» деп жазғанын ескере кету керек. (Ақынның «ышқап» деп жазғанына қарап, кейде осы «шкаф» сөзі қыпшақтардың «ішқабынан» шықпады ма екен деген ойға қаламыз);

82-параграфта «ю əрпі ú əрпімен жазылады: parashút, absolút, glúkoza, debút, prodúser, lúks, valúta, búdjet, búro, sújet, búleten, fúchers, kompúter, tútor, konúktýra, konúktıvıt. Қосымшалар соңғы буынның үндесіміне сəйкес жалғанады» делінеген. Қолдаймыз, алайда бұл ереже юань, каюта, т.б. сөздерге жүрмейді. Сондықтан «Сөз басындағы және буын басындағы ю әрпі ıý әріп тіркестерімен, ал дауыссыздан кейінгі ю əрпі ú əрпімен жазылады» деп толықтырып, мысал арасына ıýan, kaıýta, т.б. сөздерді қосқан жөн;

83-параграфта «я əрпі á əрпімен жазылады: zarа́d, knáz, narád, razrád, grıláj. Қосымша §16 бойынша жалғанады» делінген. Құптарлық ереже, алайда бұл ережеге ядро, яхта, маяк, т.б. сөздер тура келмейді. Сондықтан бұл ережені «Сөз басындағы және буын басындағы я әрпі ıa әріп тіркестерімен, ал дауыссыздан кейінгі я əрпі á əрпімен жазылады» деп толықтырып, мысал арасына ıahta, ıadro, maıak, т.б. сөздерді араластырған жөн;

Осы тараудың ескертуінде «и (ı) әрпінен кейін тұрған я-ның орнына а жазылады: aksıa, alergıa, hımıa, gımnazıa» делінген. Алайда 6-параграфта ı әрпі дауыссыз дыбыстың таңбасы екені, ал 7-параграфта уı (ый), іı (ій) дыбыс тіркестері сөздің барлық буынында ı әрпімен жазылатыны айтылған. Сонда aksıa сөзіндегі ı әрпін қай ережеге салып оқимыз. Бірінші ереже бойынша [аксйа] деп оқимыз ба, әлде екінші ереже бойынша [аксыйа] деп оқимыз ба? Екінші ережеге салып [аксый-а] деп оқысақ, соңғы [а] дыбысы жеке буын құрағаны ма, ал [аксы-йа] деп дұрыс буынға бөліп оқысақ «уı (ый), іı (ій) дыбыс тіркестері бір буынға түспей қалмақ. Яғни «уı (ый), іı (ій) дыбыс тіркестері сөздің барлық буынында ı әрпімен жазылады» деген ереже қайда қалды? Қысқасы aksıa сөзі буынға қалай бөлінбек? Сұрақ көп. Бұл сұрақ Túrkia, Fransia, Italia, Japonia, т.б. ел атауларына да қатысты;

84-параграфта «Жіңішкелік белгісі (ь) бар буынға жіңішке дауыстылардың әрпі жазылады, қосымшалар түбірдің соңғы буынына үндесіп жалғанады» делінген. Біздің ойымызша орыс сөздерін орысша жазылуында жіңішкерту белгісі бар екен деп, орыс тіліндегі дыбысталуына жақындатып айтудың қажеті жоқ. Мысалы альбатрос сөзін álbatros [әлбатрос] дегеннен гөрі, тіл үндестігін сақтап albatros [албатрос] деген тиімді. Ал альбом сөзін тілімізді алға, артқа күштеп қозғалтып álbom [әлбом] дегеннен гөрі, бірыңғай жуандатып аlbom [албом] немесе бірыңғай жіңішкелетіп álbо́m [әлбөм] десек бұл сөздің мағынасы өзгеріп кетпес;

93-параграфта «p, h əріптеріне аяқталған шеттілдік сөздерге тəуелдік жалғауы жалғанғанда, p, h əріптері ұяңданбайды жəне қосымшалар жуан жалғанады: arhetıp – arhetıpi, stereotıp – stereotıpi, sheıh – sheıhy, shtrıh – shtrıhy; seh (-tyń , -y, -qa, -tar), sheıh (-tyń , -y, -qa, -tar), shtrıh (-tyń , -y, -qa, -tar)» делінген. Алайда келтірілген мысалдарда arhetıp, stereotıp сөздері arhetıpi, stereotıpi болып, қосымшалар ережеге қайшы жіңішке жалғанып тұр. Сонымен қатар, 81-параграфқа қатысты айтқанымыздай, мұндағы stereotıp сөзін stereýotıp деп жазған жөн;

96-параграфта «-кт, -ск, -пт, -фт əріп тіркесіне бітетін сөздерге қосымша y, i дəнекері арқылы, ал -кт, -нкт, -ск сияқты құрамында к əрпі бар сөздерге тек жіңішке, басқаларына соңғы буын үндесіміне қарай не жуан, не жіңішке жалғанады: fakt, faktige, faktisi; pýnkt, pýnktisi, pýnktige; ınstınkt, ınstınktisi, ınstınktige; dısk, dıskige, dıskisi; aksept, akseptige, akseptisi; soft, softyǵa, softysy)» делінген. Біздің ойымызша мұндай дыбыс тіркестерін осы қалпында қолдану тілімізге жат. Сондықтан қазақ тіліндегі айтылымына қарай кейбірінің соңғы жағына ы немесе і әріптерін жалғаған жөн. Мысалы fakti [факті] (faktige, faktisi); dıski [дискі] (dıskige, dıskisi); aksepti [аксепті] (akseptige, akseptisi); softy [софты] (softyǵa, softysy), ал пункт сөзін pýńkіt [пуңкіт] (pýńkіti, pýńkіtke), инстинкт сөзін ınstıńkit [инстиңкіт] (ınstıńkiti) деп жазсақ, тілімізге ыңғайланар еді (тіпті, pо́ńkіt [пөңкіт], ensteńkit [енстеңкіт] деп жазсақ тілімізге толық икемдеген болар едік). Алайда келтірілген мысалдардағы кейбір сөздердің баламасы тілімізде бар. Олай болса өзге тілдердегі бөтен сөздерді тілімізге жөн-жосықсыз ендіріп, сөзімізді былғай беру жарамас. Біздің ойымызша Абай атамыз бұл мәселеге деген көзқарасын ХІХ ғасырда «Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы, Ол – ақынның білімсіз бейшарасы» деп екі-ақ жолға сыйдырып, нүктесін қойған;

98-параграфтағы «Ағылшын тіліндегі түпнұсқасында w əрпімен басталатын кейбір сөздер ý əрпімен жазылады: ýаtsap, ýıkıpedıa, ýeb-saıt» деген мәтінді «W əрпімен басталатын ағылшын тіліндегі кейбір аударылмайтын сөздер қазақ тіліне енгенде сөз басындағы w әрпі ý əрпіне ауысады: ýаtsap, ýıkıpedıa, ýeb-saıt» деп өзгерткен жөн;

Емлешілер ықшамдалу қағидасын алға тартып, «уı (ый), іı (ій) дыбыс тіркестері сөздің барлық буынында ı әрпімен жазылады» және «uý (ұу), úý (үу) дыбыс тіркестері cөздің барлық буынында ý әрпімен жазылады» деген ереже енгізді. Әріптерді ықшамдау тілдің әлеуетін көтерер болса ағылшындар eight, night, right, nation, tongue секілді дыбыс санынан әріп саны артық көптеген сөздерін құрамындағы дыбыс санына қарай [ейт], [найт], [райт], [нейшн], [таң] деп ықшамдалып жазылатындай етіп, реформа жасар еді ғой. Сөздердің соңында жазылып, оқылмайтын /е/ әрпін give, live, eye секілді т.б. көптеген сөздерден алып тастар еді ғой. Әрине ағылшын тілі осындай шұбалаңқы әріптерімен ағылшын тілі болып тұр. Мұндай әріптері ықшамдалмаса да аталған сөздер кітаптарға сыймай қалып жатқан жоқ және жазылған кітаптары біздің кітаптардан қалыңдап кеткен жоқ. Керісінше, тіл әлеуетін көтереміз деп жоғарыдағы әріптерден бір әрпін ықшамдаса, сол әріппен бірге бүкіл ағылшын тілі ықшамдалып кетер еді. Бұл жағдай қазақ тіліне де қатысты. Қазақ сөзінің үндесім әуезін, морфем құрамын, буын тұрқын, тасымал жігін, сөйлеу ырғағын сақтайтын дыбыс тіркестерін жазуда ықшамдаймыз деп, болашақта тіліміздің өзі «ықшамдалып» кетпесін. Айта кету керек, мұндай ықшамдау ескі қыпшақ тілінде де, қазіргі түркі тілдерінде де кездеспейді. Мысалы СИЫР сөзін ескі қыпшақ тілінде сыйыр, қарақалпақ тілінде sıyır, қырым татарлары sıyır, sığır  құмық, ноғай тілдерінде сыйыр, башқұрт тілінде һыйыр, түрік тілінде sığır, inek, өзбек тілінде sigir, түркімен тілінде sygyr, ұрым тілінде сыгыр деп жазады. Ал СУ сөзі ескі қыпшақ тілінде сұу, башқұрт тілінде һыу, қырғыз, қарашай-балқар тілдерінде суу, қарайым, қырым татар, құмық, ноғай тілдерінде сув, өзбек тілінде suv, түркімен тілінде suw, қарақалпақ тілінде суў, тофа, шор, хакас тілдерінде суғ, шуваш, якут тілдерінде уу (ұу) деп, ИНЕ сөзі ескі қыпшақ тілінде ігне, қырғыз, ноғай, қарашай-балқар тілдерінде ийне, қарақалпақ, қырым-татар тілінде iyne, әзірбайжан тілінде iynə, өзбек тілінде igna, түрік тілінде iğne, түркімен тілінде iňňe, ұйғыр тілінде يىڭنە [йигне], шор тілінде инге, ИТ сөзі ескі қыпшақ тілінде ійт, қарақалпақ тілінде iyt, ноғай тілінде ийт, ұйғыр тілінде ئىت [ійт], ұрым тілінде йит, тофа тілінде ыът деп жазылады. Байқап отырғанымыздай қазақ тіліндегі сиыр, су, ине, ит сөздеріндегі ый, ұу, ій дыбыс тіркестерінің баламалары өзге түркі тілдерінің ешқайсысында ықшамдалмай тарқатылып жазылады. Бізге дәл қазір ықшамдау қатты қажет болса, алдымен әліпби құрамындағы /sh/, /ch/ диграфтары ықшамдалсын. Бір-екі әріпке көз алартқанша, алтын уақытымызды бекерге алып жатқан үштілділік, яғни ғылыми жобаларды, құжаттарды, есептерді, т.б. үш тілде талап ету ықшамдалсын.

 

«Сөздердің тасымалдануы» атты ІХ тараудың 99-параграфында «Сөз буын жігіне сəйкес тасымалданады: oqý-shylar, oqýshy-lar; bel-sendi, belsen-di; beıbitshilik, beıbit-shilik, beıbitshi-lik», ал 100-параграфында «Буын й мен у дауыссыздарынан басталғанда da-ýys (daý-ys емес), sa-ýat (saý-at емес), da-ıyndyq (daı-yndyq емес), qu-ıyn (quı-yn емес) түрінде тасымалданады» делінген. Алайда шешімін таппай келе жатқан қиын, жиын, суыр, сиыр, қиыр, суы, туы т.б. сөздердің қалай буынға бөлінетіні, қалай тасымалданатыны туралы емле ережелерінің еш жерінде айтылмайды, яғни емлешілер ықшамдаймыз деп кирилдегі ең басты тілбұзар емле ережені сол қалпында қалдырған (и мен у әріптерін, олардың араб графикалы ескі қыпшақ тілінде, қадим, жәдид, төте жазуларында, 1929-40 жылдар аралығында қолданыста болған латын графикасында және қазіргі латын графикалы түркі тілдеріндегі жазылу үлгілерін келесі мақаламызда қарастыратын боламыз).

Қазақ жазуын латын графикасына көшірудегі негізгі мақсаттардың бірі орыс тілінен күштеп енгізілген басы артық әріптер мен тілбұзар емле ережелерден құтылу болатын. «Шеттілдік сөздердің емлесі» атты тарау орыс орфографиясымен жазылып келген сөздердегі ё, ц, щ, э, ю, я, ь, ъ әріптерін жаңа әліпбиде қалай жазу керектігін көрсетуге арналған. Бұл әріптер жаңа әліпбиге енбей қалғандықтан ғана қарастырылған. Осы әріптерге жаңа әліпбиден балама табу арқылы шеттілдік (орыс) сөздерді тілімізге бейімдедік деп жүрміз, нәтижелі тұстары да жетерлік. Ал әліпбиден түсірілмеген в, ч әріптерінің дыбысын тілімізге қалай бейімдеу туралы емле ережелерінде ештеме айтылмайды. Сонымен қатар мысалдардан байқағанымыздай о әрпін [а] деп оқытатын орыс тіліне тән ереже жаңа емледе көп жағдайда өзгеріссіз қалған. Тілімізде орыс сөздеріндегі о-ның орнына ы айтылатын тұстар да ескерусіз қалған. Баламасы бар бөтен сөздер де жөнсіз енгізіле берген. Сондықтан «Шеттілдік сөздердің емлесі» атты тарауды қайта қарастыру керек. Тілімізге аударылмайтын шеттілдік сөздер мен терминдерді осы кезден бастап игермесек, баламасы бар сөздердің баламасын бермесек кейін кеш болмақ және уақыт өте келе, көз үйреніп кеткен соң оқылуы тілімізге томпақ келетін сөздердің орфографиясын қайта ауыстыру қиынға соқпақ.

Қалдыбай Арыстанбекұлы, PhD доктор,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультеті

Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының доценті м.а.

«Қамшы» сілтейді