ТАРИХТЫҢ ӨШПЕС БЕТТЕРІ

Материалды әзірлеген

Құдиярбек АҒЫБАЕВ.

31мамыр – саяси репрессия құрбандарын есте сақтау күні                                    

                ТАРИХТЫҢ ӨШПЕС БЕТТЕРІ

Кеңес Одағы кезіндегі саяси репрессиялардың салдарынан Қазақстан халқы, оның ішінде, атап айтқанда, қазақ халқы  аса үлкен шығынға ұшырады. 1920-1950 жылдардағы ұлттық саясат пен саяси-экономикалық және ұлттық-этникалық факторлардың  ушығып кетуі  республикада әлеуметтік шиеленістің туындауына әкеп соққан еді. 1980 жылдардың соңы мен 1990 жылдардың басында КСРО-да, оның ішінде Қазақстанда да демократияландыру процесі дами түсті. Соның нәтижесінде,  күштеп жер аударуға ұшыраған халықтарға қарсы жүргізілген жаппай репрессияларға байланысты құжаттардың құпиялылығы ашыла бастады. 1996 жылдың 30 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен  1997 жыл —  біздің республикамызда, Ұлттық келісім және саяси репрессия құрбандарын еске алу жылы боп жарияланды. Саяси репрессия жылдарында жапа шеккен тұлғалардың есімдерін мәңгі есте  қалдыру  мақсатында 31 мамыр — саяси репрессия құрбандарын есте сақтау күні болып белгіленді.

         Сталинизмді зерттеу – 1920 – 1950 жылдардағы кеңестік   режімнің  репрессиялық саяси жүйесі — бүгінде ғылыми ойдың актуальді проблемасына айналып келеді. Атап айтқанда, Тәуелсіздік жылдарында саяси репрессия құрбандарын реабилитациялау туралы заңдар жазылып, «Саяси репрессия құрбандарын еске алу кітабы» жарық көрді. Қазақстанның барлық облыстарындағы орта және жоғары оқу орындарында бұл жайында оқытылады. Дегенмен, Қазақстандағы жасалған кеңестік режімнің жасаған  қылмыстарының көлемімен салыстырғанда аталған  іс-шаралар кейде түк те емес сияқты боп көрінеді. Назарларыңызға ұсынылып отырған, архив материалдары мен нақты деректер бойынша әзірленген, бұл мақалада 1920 жылдардың алғашқы жартысы мен 1950 жылдардың ортасына дейінгі уақыттарда  Қазақстандағы, оның ішінде қазақ халқына жасалған саяси репрессиялар сөз етіледі.

Қазақстан жеріндегі саяси репрессиялар 1917 жылғы Қазан революциясынан кейін-ақ бірден басталып кетті. 1920 жылдың соңы мен 1930 жылдың басында еліміздегі саяси репрессиялар жедел түрде индустриялизациялау мен ауыл шаруашылығын  коллективтендіруді  күштеп кіргізу секілді бұқаралық сипат алды. Мемлекеттік террор әлеуметтік жұмылдыру үлгісі бойынша негізінен, өз тұрғындарының жекелеген топтарына қарсы үлкен көлемде бағытталынып жасаған мақсатты іс-шараларды жүргізді. Кеңестік мемлекеттің жүргізген саяси репрессияларына талдау жасай келіп, Қазақстандағы репрессияларды мынадай кезеңдерге бөлуге болады:

  1. 1917 жылдың қазан айынан – 1920 жылға дейін.  Қазақ  Интелли-

генциясына қарсы бағытталған репрессиялар. ( «Алаш», «Шура –  Исламия»,

және «Алаш Орда» ұлттық автоноаия үкіметі.»Түркістани Мұхтариат»).

  1. 1920 жылдардың ортасы мен  1930 жылға  дейін.  Репрессия Ф. И. Голошекиннің «Кіші Қазан» саясатына қарсылық білдірген Қазақстанда кеңес үкіметін құрған «қарт большевиктер» саналатын партия-кеңес қызметкерлері мен коммунистердің жаңа ұрпағын қамтыды. (Т. Рысқұлов, С. Садвоқасов, С. Сейфуллин, С. Меңдешов және т.б.)
  1. 1920 жылдардың соңы мен 1930 жылдардың бірінші жартысы.

Күштеп коллективтендіруге қатысты репрессиялар.

  1. 1930 жылдар.  «Саботаж жасау»  және  «Зиянкестік»   бойынша

айыпталынған империялық-техникалық кадрларға қарсы репрессиялар. («Балхаш ісі», «Шахтерлар ісі»).

  1. 1937 – 1938 жылдар. Бұқаралық саяси репрессиялар («Үлкен

террор»). Шын мәнінде тұрғындардың барлық топтарын қамтыған репрессиялар.

  1. 1930 жылдардың  ортасы  мен 1940  жылдардың  соңына  дейін.

Қазақстанға – поляктар, кәрістер, немістер, ұңғыштар, шешендер, қырым татарлары және т.б. халықтарды депортациялауға  байланысты репрессиялар.

  1. 1940 жылдардың ортасы мен 1950 жылдар. Қазақ зиялыларына

(Бекмаханов, Ысмайылов, Әуезов және т.б.), фащизм лагерлерінде тұтқын болған әскери қызметкерлерге қарсы жасалынған репрессиялар.

Біздің ойымызша, репрессия кезеңдеріне атап айтқанда, былайша баға беруге болады:

  1. Саяси шешімдерді шығару мен оларды кеңестік арнайы қызметтің

жүзеге асыруындағы сәйкестілік пен үйлесімділік.

  1. Репрессиялар соттан тыс органдардың қатысуымен жеңілдетілген

түрде жүргізілді.

  1. КСРО –дағы репрессияға жататын тұрғындардың категориялары

анықталды және аймақтардағы олардың санына қарай лимиттер қойылды.

  1. Шұғыл түрде жазалаушы органдардың саны ұлғайтылды.
  2. Еңбекке мәжбүрлейтін жүйелер құрыла бастады. ( еңбекпен түзету

лагерлері, абақтылар, колониялар, арнайы контингенттердің құрылымдары).

  1. «Жаулармен» күрес деп аталатын идеологиялық-насихаттық

науқан жүргізу.

  1. Репрессияны — елдегі элитаны түгелге жуық өзгерту немесе

ауыстыру жағдайында жасау. Репрессиялар негізінен, партия қатарынан шығару, қызметтен босату, жер аудару, айдалу, еркінен айыру және жоғары жазаға тарту түрінде жүзеге асырылды.

Партия ұйымдарында жаппай тазалау жұмыстары басталды. Негізгі айыпталынушыларға сталиндік жүйе бойынша сталиндік репрессияның сүйікті нысанына айналған оңшыл және солшыл уклонистер,  троцкийшілдерге бүйрегі бұратындар мен соған жататындар саналып, ондайлар моральдық және физикалық жоюға дейін жатқызылды. Қазақстанда 1921 жылғы алғашқы тазалау шараларының өзінде-ақ 2 мың адам партиядан шығарылды. 1929 – 1930 жылдарда 5,8 мың, 1935 жылы – 15,4 мың адам, 1937 – 1938 репрессия жылдарында ВКП(б) қатарынан 9 мың 223 коммунист шығарылды.

20-жылдардың екінші жартысында Қазақстандағы қоғамдық-саяси өмір күрт өзгере бастады. 1925 жылдың желтоқсанында өткен Өлкелік партия конференциясының «ауылды кеңестендіру» туралы шешімі тап күресінің шиеленісе түсуіне зор ықпалын тигізді. Осылайша, республикада қазақ  халқының басына адам ойына келмейтін ауыртпалық пен трагедияны алып келген, 1937 – 1938 жылдардағы репрессияға, «Кіші Қазан» саясатын өткізуге идеологиялық база қаланды.

Жиырмасыншы жылдардың соңын ала адамдарға жалпы күмандану мен қысым көрсете бастау қарқын алды. 1928 жылдың соңында «буржуазиялық ұлтшылдардың» қатарындағы 44 адам – бұрынғы «Алаш Орда» қайраткерлері – М. Дулатов, М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов, Х. Ғаббасов, А. Байтұрсынов және басқалар жалған жаламен тұтқындалынып, репрессияланды; 1930 жылдың қыркүйек-қазанында құрамында М. Тынышбаев, Ж. Ақпаев, Х. Досмұхамедов, Ж. Досмұхамедов және тағы басқалар бар ұлттық интеллигенцияның басқа бір тобы тұтқындалды.

20 жылдардың соңы мен 30 жылдардың басында КСРО дағы әлеуметтік-экономикалық жағдайдың дағдарысқа ұшырай бастауына байланысты астыртын ұйымдар мен антикеңестік зиянкестік элементтерді іздестіру шаралары кең көлемде жүргізіле бастады. Қазақстан тарихындағы ең қайғылы беттердің бірі – саяси репрессияның бұхаралық сипат алуы еді. Орталық Қазақстанның территориясында әлемдегі ең үлкен ГУЛАГ – Қарағанды (Кар ЛАГ)  лагерь құрылымдары (Мемлекеттік лагерьлер басқармасы) құрылды. Республика, шын мәнінде, бір үлкен түрмеге айналды.

1928 – 1934 жылдардағы заң шығаруларда бұхаралық терррордың репрессиялық механизмі жасалынды. Жазалаушы органдар жүйесі, «Саботаж», «бүлікшіл» секілді түсініктерге  құрылған жазалаушы заңдар дүниеге келді. Репрессиялар тектен-тек пайда болған жоқ, алдын ала жасалынған «теориялық жағынан негізделген» шаралармен мұқият дайындалды. 1929 – 1933 жылдар кезеңіндегі 5 жыл ішінде ОПТУ-дың бақылауымен Қазақстанда 9085 іс қаралып, 22 мың 933 тұлғаға қатысты шешім шығарылса, олардың 3 мың 386-сына ең жоғары жаза – ату жазасы беріліп, 16 мың 151 адам концлагерге тұтқындалды. Репрессиялық машинаның күшіне енуі тоталитарлық биліктің үстемдік құруының тікелей нәтижесіне айналды. Орталық саясатына қарсы деп  танылған Алаш партиясының мүшелеріне саяси қудалаудың күшейе түсуі осының айқын көрсеткіші еді. Бұдан соң республика мен оның адамдарының құқығын бұзу  жалғасты. Большевиктердің белсенді саяси қарсыластары ғана емес, сондай-ақ, олардың саясатымен жай ғана келіспейтіндер де репрессия құрбандарына айналды.

Репрессия әлеуметтік белгілер бойынша жүргізілді: бұрынғы полицейлер, патша үкіметінің шенеуініктері, священниктер, кәсіпкерлер. 1937 – 38 жылдардағы репрессиялық заң шығару «халық жауын» іздеп табуда қысым көрсетумен ерекшеленді.  1933 жылдың 1 қаңтарында  өткен  ВКП(б) Орталық Комитетінің біріккен  пленумында Сталин «Халық жауы» деген терминді енгізіп берді.

СССР Ішкі Істер Министрлігі №1 арнайы бөлімінің бастығы Павловтың 1953 жылдың 11 қарашасында орталыққа берген анықтамасына сүйенер болсақ, Кеңестер Одағы бойынша 1937-38 жылдары 1 миллион 344 829 адам тұтқындалған екен. Ал 1921 жылдан 1938 жылға дейін жалпы алғанда, 2 миллион 944 мың 829 адам репрессия құрбанына айналған.

 

 

 

Атылғандардың шамамен алғанда, үштен бір бөлігі жұмысшылар, бестен бірі – шаруалар, тоғыз пайызы – арнайы қоныс  аударылғандар, жартысы – интеллигенция өкілдері болды. Жазалаушы органдардың лексиконында бұл кездері – «окраски» (баяулар) деген арнайы термин де пайда болды. Бұндай термин негізінен, топтық, контрреволюциялық қылмысты классификациялағанда:  ұлтшылдық, диверсиялық-бүлікшілік, фащистік-шпиондық, кулактық-көтерілісшлерге, кулақтық-бүлікшілерге, казак-ақгвардияшыларына, шпиондық, террористік, панисламдық, шіркеулік-сектанттық,  оңшыл тройцкийшілдік, бандиттікке және басқа антикеңестік топ жүйелеріне қарсы қолданылды. Бұлардың қатарында кеңеске қарсы саяси партиялар ретінде алашордалықтар, эсерлер, меньшевиктер, сионистер, оңшылдар және т. б. тұтқындалынып, сотталғандар қатарына жатқызылды.

1937-1938 жылдардағы саяси  белгілері, әлеуметтік статусы мен  ұлты бойынша әртүрлі  топтар мен адамдарға үлкен жазалау операцияларын  жүргізудің мөлшері мен уақытын белгілеу туралы НКВ-дының құпия нұсқаулары мен жарлықтары «үлкен террорды» қамтамасыз етуде  айтарлықтай роль атқарды. Солардың ең қаталы ретінде 1937 жылдың 30 шілдесіндегі №00447  және 1937 жылдың 15 тамызындағы №00486  шұғыл түрде шығарған  бұйрықтарын айрықша бөліп қарауға болады.

Кеңестер Одағы Ішкі істер халық комиссары Ежовтың   бұл атақты №00447 бұйрығында 1937 жылдың 5 тамызынан бастап барлық республикаларда, өлкелерде және облыстарда бұрынғы кулактарды, белсенді антикеңестік элементтерді және қылмыскерлерді репрессиялау жөнінде: «Өзбек, Түркімен, Тәжік және Қырғыз ССР-інде 10 тамыздан, ал Шығыс-Сібір облысы мен Краснояр, Қиыршығыс өлкелерінде 15 тамыздан бастап жазалау операциялары басталып, 4 ай мерзім ішінде аяқталынсын » деп атап көрсетіліпті. Оның біріншісі ОПТУ-НКВД-нің «қара тізіміне» қай кезде болмасын, әйтеуір,  ілінген,  репрессияға  ұшырағандардың түгелдей  барлығымен кең көлемдегі жазалау шараларын өткізу туралы егжей-тегжейлі нұсқаулардан тұрды, онда репрессияланған контингентті түрлі топтарға  бөліп, олар ерекше белгілері бойынша айқындалды. Осылайша, бірінші категорияға «ең жау саналатын» элементтер  кірді. Олар «тез арада тұтқындалынып және олардың ісі үштіктің қарауымен – ату жазасына» кесілді. Екіншісіне, қалған белсенділігі төмен саналатын, бірақ, «бәрібір жау элементтер» жатқызылды. Ондайлар 8-ден  10 жылға дейінгі мерзімге тұтқындалынып және қамауға алынды, ең зиянды және әлеуметтік қауіпті дегендер де үштіктің шешімімен осындай мерзімге түрмеге қамалды. Тергеу жұмыстарын барынша тездетіп және оңайлатылған түрде  жүргізуге, ал бірінші категориядағыларға үкімді  орындарда – уақыты   мен үкімді орындайтын жерді құпия ұстауға   ерекше көңіл  бөлінді.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің архивінен алынған, мына бір құжат та  көп деректерден мағлұмат бергендей. 1936 жылдың 1 қаңтарынан 1938 жылдың 1 шілдесіне дейін ұлттық құрамына қарай сотталғандардың тізіміне көз жүгіртіп көрейік:

 

Қазақтың науқаншыл халық екенін де несін жасырамыз. 37 жылдары өзге ұлттардан жеті адам ұсталса, бізден 700 адамды азаматтарымыз өз жолдастары мен таныстарының жаласымен ұстап беріп, ату жазасына кесіліп отырған ғой. Мәселен, мұнда көріп тұрғанымыздай, 1940 жылы 5 миллионға жуық халқы бар өзбектерден 21880 адам тұтқындалып, 14388 адам ату жазасына бұйырылған. Сондай-ақ, 3,5 миллионға жуық халқы бар грузиндерден 16488 адам тұтқындалынып, 2545 адам ату жазасына кесіліпті. Ал соғыстың алдында бар-жоғы саны екі жарым миллионнан сәл ғана асатын  қазақтан 17496 адам тұтқындалынып, оның 11956-сы  №00447 –бұйрықпен 1937 жылдың өзінде-ақ ату жазасына кесіліп кеткен екен.

Қолымызға түскен, маңдайшасына «Строго секретно» ( подлежить возврату в 48 час.) деп  көрсетілген,  Қазақстан  Компартиясы Орталық Комитетінің  хатшысы  Мирзоянның Сталинге 1937 жылдың 15-ші қарашасында жөнелткен мына  Шифровкасы да бұған айқын дәлел бола алады. Онда былай делінген:

«Мәскеу, ЦК ВКП(б), Сталин жолдасқа.

Антикеңестік элементтер бойынша бізге, бірінші категория бойынша – 6000 адам, екінші категория бойынша – 5000 адамға лимит бөлінген  болатын. Біздің облыстарда бұл лимиттер  түгелдей пайдаланылды. Дегенмен, НКВД органдарының күшімен антикеңестік элементтер  бұдан да көп тұтқындалынды. Бұл контрреволюциялық ұйымдардың  ашылынып, оның жаңа қатысушыларының анықталынуымен түсіндірілінеді. Арнайы қоныс аударылғандар мен жер аударылғандардың арасында антикеңестік элементтердің өте көп болуынан  және, сайып келгенде,  шекаралық аймақтарды көтерілісші және белсенді антикеңестік элементтерден түбегейлі тазалау  қажеттілігінен туындап отыр.

Осындай жағдайларға байланысты ЦК ВКП(б) Қазақстанға антикеңестік элементтер бойынша  5000 мың адам мөлшерінде, оның ішінде бірінші категория бойынша – 2000 адамға, екінші категория бойынша – 3000 адамға лимит беруіңізді сұраймыз. Бұл қосымша лимиттермен біз республиканы көтерілісшілер мен белсенді жау элементтерден түбегейлі тазалаймыз.

Қазақстан ОК хатшысы    Мирзоян».

Бұл шифрока бірден Молотов пен Ежовтың қолына тиісімен көп кешіктірілместен Сталинге жеткізілген. Сталин оған өз қолымен ойланбастан «Қарсы емеспін» деп қол қойған.

 

 

Белгілі қоғам қайраткері, Қазақстан Парламенті Сенатының экс-депутаты Бексұлтан Тұтқышев 2016 жылдың 19 қыркүйегінде ТМД мемлекеттері атынан демократиялық дамудың  мониторингін, парламентаризм және азаматтардың сайлау құқығын қадағалайтын Халықарлық институтының сарапшысы ретінде Ресейдің Магадан облысында өткен Ресей парламенті депутаттарының сайлау барысына бақылаушы боп барып қайтқан еді.

  • Сталиндік қуғын-сүргінге  ұшырап,  «халық жауы»  ретінде   жер

аударылып, туған жеріне жете алмай сүйектері сонда шашылып  қалған ата-бабаларымыздың мәңгілік жатқан мекені – Магадан жеріне барып, өз көзімізбен көріп  қайту көптен көңілімде жүрген арман еді, — дейді экс-сенатор Бексұлтан Тұтқышев.

  • 1920 жылдардың соңы  мен  1930  жылдардың  бірінші  жартысында

республикада күштеп   коллективтендіруге қатысты репрессиялар қарқын алды. Жұбайымның арғы атасы Молдахмет деген кісі революцияға дейін Тройцкіде, Новосібірде білім алған, арабша, орысшаға жетік Қостанай өңіріндегі білімді төрт кісінің бірі болса керек. Қазан революциясынан соң Науырзым ауданының өзі туып өскен Дәмді ауылында Молдахмет мектебін ашады. Сонда өзі сабақ береді.

1928 жылы атамызды 79 жастан асқан шағында «жапонияның шпионы» деген айып тағып, он жылға Магадан жеріне айдайды. Қарт адамның денсаулығы шыдасын ба, ақырында  екінші баласы Мұқан оны Хабаровскідегі аурухананың бірінен іздеп тауып, хал үстіндегі ауру   әкесін туған ауылына алып келеді. Молдахмет атамыз сол келгеннен 40 күннен соң көз жұмады. Арада он жыл өтер-өтпестен 1938 жылы оның ұлы Қасым да Аманкелді ауданында аудандық қаржы бөлімінің бастығы боп қызмет істеп жүрген жерінен «халық жауы» деп жазықсыз айыпталынып,  10 жылға сотталып, Магаданға айдалған болатын. Сол кеткеннен оралмады. Әрине, зираттың дәл орнын табу мүмкін емес екен. Десек те, облыс әкімшілігінің жігіттеріне деген алғысым шексіз, көмектесіп, әкеміздің жатқан жерін тізімдегілердің жерленген уақыттары бойынша шамамен ғана анықтап, үш күннің ішінде суретін салдыртып, ескерткіш-құлыптас орнатып қайттым. Туған жері Қостанайдың бір уыс топыраған зиратына салып жатқанымда Магадан облысы әкімшілігіндегі жігіттер өздерінің Қазақстанға, әсіресе, қазақтарға деген сүйіспеншіліктерін, ризашылықтарын  білдірмей тұра алмады. «Осында, бір жыл бұрын,  Кавказдан бір мұсылман азаматы әкесін іздеп келіп, әкелерінің басына ескерткіш тақта орнатып, туған жерінің топырағын салған еді. Сіз, екінші боп келіп тұрсыз. Сіздердің, мұсылмандардың ата-баба рухын қастерлей білетіндіктеріңізге, арада қаншама жылдар өтсе де рухтарын ұмытпай,  әруақтардың орнын іздеп тауып, құран оқытқандарыңызды көріп, біздер, тебіреніп тұрмыз. Бұл ескерткіштің өзі біздің магадандық жас ұрпақтар үшін үлкен тәрбие аларлық өнеге» деді, облыс әкімшілігінен келген өкіл. 

Бүгіндері, ескі Магадан зиратының қалдығы деп айтсақ та болар, қаланың қақ ортасында қалыпты. Қала Ноғаево, Марчекан, Мағадан деп аталатын үш поселканың орнына салынған екен. Алғашқы зираттар мұнда 30-жылдандан бастап-ақ түсе бастапты. А. Бирюков дегеннің «Свобода в широких пределах или современная амазонка» деп аталатын кітабында 1942 жылдың 2 қантарынан 1990 жылдың шілдесіне дейін мұнда ресми тіркелген 9416  адам жерленген екен. 1974-75 жылдары қаланың орталығынан кесіп өткен үлкен трассаның құрылысы басталғанда көптеген зираттың орындары жойылып кетіпті.  90 жылдардың басында жапондар осында арнайы келіп, соғыстан кейін тұтқынға түсіп, жұмыс істеген, қайтыс болған жерлестерінің біршамасының табылған сүйектерін қазып алып, өз отандарына апарып жерлеген екен. «Біздер, магадандықтар, ата-бабаларымыздың Қазақстаннан, Украинадан, Кавказдан, Беларуссиядан келгенін, осында сүйектері қалып, мәңгілік орын тепкенін жақсы білеміз. Біріміздің әкеміз – қазақ, шешеміз украин қызы болса, екіншіміздің әкесі — беларус, шешесі – кавказдық боп келеді. Бірақ, аты-жөндеріміз орысша жазылып кеткен соң ресейлік боп кеттік» деген сөзді мұндағы әрбір екінші азаматтың аузынан естідім.

 

 

  • Магадан қаласының іргесінде орналасқан «Солнечный» поселкесін

күні бүгінге дейін мұндағылар бұрынғы атауымен «Инвалидный»(ауызекі тілде – Инвалидка) деп атайды екен. Бұлай аталуының себебі – соғысқа дейін мұнда негізінен, тұтқындар  лагерінен шығарылып тасталынған, мүгедектер мен жарымжан адамдар өмір кешкен. «Балық аулау жұмысына мұндай кәсіппен өмірінде айналысып көрмеген, әбден денсаулығы сыр беріп, жарымжан, ауру, өлімші халге жетіп, лагерден шығарылып тасталған «А» және «Б» категориясындағы тұтқындар  жұмысқа жегілді. Осы мүгедектер қалашығында 4950 адам ауыр еңбекті бастан өткеріп, ақырғы күндерін өткізіп, туған жерлеріне жете алмастан арманда көз жұмды. Мұнда осы күнге дейін Базовая, Арманская, Брусничная деген көше атаулары сол бір қаралы күндерден хабар беріп тұрғандай, ел жадында сақталған» деп жазады магадандық тарихшы Игорь Бацаев.

КСРО Одағы НКВД ұйымының 1937 жылдың 15 тамызындағы « Әскери Коллегия мен Әскери үштіктің шешімімен 1 және 11 категориядағы сотталған Отанын сатқан опасыздардың әйелдеріне, оңшыл тройцкиишілдер мен диверсиялық ұйымдарға қатысты репрессияны бастау туралы»  №00486 шұғыл түрдегі бұйрығы репрессияланған тұлғалардың қатарын айтарлықтай ұлғайтты.

1937 жылы мұндай кең көлемдегі акциялар КСРО-ның саяси эмигрант-азаматтарына, шпион деп танылғандарға, диверсанттар мен террористерге қарсы жүргізілді. 1937 жылдың 20 тамызында поляктарға қарсы бағытталған шараларды жүргізу бойынша Шұғыл түрдегі бұйрық қабылданды. 1934 жылдың 21 тамызында СНК КСРО мен ЦК ВКП(б)–нің Қиыршығыс өлкесінің шекаралық аудандарындағы  кәрістерді түгелдей депортациялау туралы қаулысы жарыққа шықты. ХХ ғасырдың 40-шы жылдарындағы саяси репрессиялар Кеңес мемлекетінің тарихына қайғылы беттер ретінде  жазылды. Мұндай жағдайдың туындауының обьективті және субьективті себептері болды. Обьективті себептердің қатарынан мына төмендегілерді атап өтуге болады:  революция үшін қажет боп саналған жекеменшікті қайта бөлу мен тартып алу процесі жиырма жылға созылып, әлеуметтік күштердің қарсылығын тудырды.

Саяси репрессиялардың күшейіп, елдегі жағдайға барынша әсер етуіне,  атап айтқанда, жаңа қоғамды құрудың жолдары мен методтарын   және партия мен мемлекеттегі жетекші позицияны таңдаудағы компартия басшылығы мен оның өз ішіндегі өткір саяси күресі секілді субьективті себептер де әсер етті.

ХХ ғасырдың 40 – 50 жылдарындағы Қазақстандағы репрессиялар идеологиялық фронттағы тартыстармен тығыз байланысты болды. Ол ғылым, әдебиет пен өнер саласын қамтыды. Ұлттық интеллигенцияның арасында «буржуазиялық ұлтшылдық» деп аталатын тезис пайда болды. Бұл уақытта саяси репрессиялар «Бекмахановтың ісі» бойынша күшейе түскен еді. Сондай-ақ, республикадағы көрнекті ғалым-қоғамтанушылар А. Жұбанов, Б. Сүлейменов, Қ. Аманжолов және басқаларға, Қазақ ССР Ғылым Академиясының президенті Қ. Сатпаев, М. Әуезов, Т.Тәжібаев секілді көрнекті ғалымдар мен жазушыларға әділетсіз саяси айыптаулар тағылды.

Қазақстанда НКВД қызметі 183 ұйымды «әшкереледі», оларда жалпы саны  3720 адамнан тұратын «агенттер»  бар еді. 1920 жылдан 1953 жылға дейінгі 33 жылдың ішінде 110 мыңға жуық адам саяси репрессиялардың қатарына жатқызылды, қазақстан партия ұйымдарының 18 пайызына жуығы халық жаулары деп жарияланды. Барша халықтың, мемлекеттің өмірінде мәңгі  ұмытылмастай, өшпейтін оқиғалар орын алды. Бұл оқиғаларға, оның тарихына ықыласпен қарауымыз  —  біздер үшін, бүгінгі немесе ертеңгі күндерімізде  жаңа қайғылы қателіктерді болдырмауымыздың айқын кепілі болмақ.  Демек,   ХХ ғасырдың 20 – 50 жылдарындағы саяси репрессиялар кезеңі, тоталитарлық жүйенің  салдары — Кеңес халқының, оның  ішінде Қазақстанның өткен саяси өмірі мен тарихындағы өшпестей орын алған ақтаңдақ беттері ретінде есте қалды.

 

                                                          Материалды әзірлеген Құдиярбек АҒЫБАЕВ.