Әмір МОЛДАБЕКОВ,
филология ғылымдарының кандидаты.
Жазушы-публицист Құдиярбек Ағыбаев – 73 жасқа толып отыр.
ҚАЗАҚТЫҢ МҰҢЫН АЙТҚАН ҚАЛАМГЕР
Қазақтың мұңын айтып, жоғын жоқтайтын, елі үшін еміреніп, өзіндегі барды өскелең ұрпаққа дарытуды ойлайтын, жалынды жастарына ақыл қосып, тек соларды қолдайтын алаштың нар тұлғалы азаматтары жоқ емес. Солардың бірі және бірегейі – «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты республикалық ән байқауларының жүлдегері, сазгер Құдиярбек Ағыбаевпен арамыздағы осындай достықтың жалғасын тапқанына талай жылдардың жүзі болды. Т. Жүргенов атындағы Ұлттық Өнер Академиясында доцент, кафедра меңгерушісі, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің журналистика факультетінде аға оқытушы боп істеген онымен, бізді өмір бірнеше мәрте тоғыстырды.
Тегі түрік Анахарсис бабамыздан қалған мына бір тәмсіл бар ғой. Оның анасы грек қызы болған. Сондықтан, грек тілін өз тіліндей меңгерген ол Грекияның Солон деген философына іздеп барып, «саған дос болайын деп келдім» дейді. Солон оның өтінішін бірден қабылдамастан: «досты өз елінен іздеген дұрыс болар» депті. Сонда Анахарсис бабамыз сөзден тосылмастан: «Сен өзіңнің еліңде тұрған жоқсың ба, және өз сөзіңе жауап бердің. Бұл ендеше, менімен достасқың келгені болар» депті. Мына адамның тегін емесін білген Солон оны бірден жылы қабылдап, соңы өмір бойғы достыққа ұласыпты. Міне, сол сияқты, Құдиярбекпен достығымыз да дәлірек айтсақ, өткен ғасырдың сексенінші жылдарында Қостанай облысының астықты өңірінде басталған еді. Екеуміз әр күнді бірге атырып, тыным таппастан, астықты алқаптан телерадио эфиріне егінді алқаптан арнайы репортаждар жүргізген едік. Бұдан соң да Құдекең он жылдан астам тәуелсіз Қазақстан Республикасының Парламентінде арнайы тілші болып қызмет атқарды. Оның осынау еңбегі ескеріліп, «Қазақстан Конституциясына – 20 жыл» мерекелік медалімен наградталды.
Өмірдін сан алуан соқпақтарынан өткен Құдиярбек Молдабайұлы, 1952 жылы Түркістан облысы Бәйдібек ауданының Алмалы деген шағын ауылында туып, Қ. Сатпаев атындағы орта мектепті үздік аяқтап, одан соң Әл-Фараби атындағы Қазақтың Ұлттық Университетінің журналистика факультетін бітірді. 1987-2000 жылдары ұзақ уақыт үлкен шаңырақ Қазақ радиосында кіші тілшіден бастап, бас директордың міндетін атқарғанға дейін қызмет етті. Республикадағы тұңғыш электронды БАҚ-ң бірі ретінде Қазақ радиосында «Тәулік тынысы – Панорама дня» секілді ақпараттық-сазды бағдарламалардың санды аппаратурадан алғашқы боп хабар таратуына атсалысты. Он үш жылдай республикалық «Халық кеңесі» газеті мен «Еңбек таңы» журналында еңбек етті. Құдекең жастайынан эссе, өлең, әңгіме, мақала жазып, Шерхан Мұртаза, Мұқағали Мақатаев, Шәмші Қалдаяқов, Бекен Жамақаев сынды тұлғаларды өзіне мектеп тұтты.
1980 жылы көрнекті ақын М. Әлімбаевтың тұсаукесерімен балаларға арналған бір топ өлеңі «Балдырған» журналында жарияланып, оқырман жылы қабылдаған еді. Содан бері оның әңгімелері, өлең балладалары, очерктері республикалық басылымдарда жиі көрініп, оннан астам жинақтарға енді. «Қарлығаштар» – тұңғыш өлеңдер жинағы, «Үзілмеген үміт», «Парасат дәптері» деп аталатын повесі, «Айналайын», «Құлыншағым», «Сәлем – сөздің анасы» – балаларға арналған өлеңдері мен ертегі кітаптары, «Тау баласы» повьесі мен «Өмір-керуен» өлең кітабы, «Жақсының аты өлмейді» эсселер жинағы, «Телередакторлық шеберлік, әдеби қолжазбаны редакциялау», «Дешті Қыпшақ» – біздің сайт» (екі кітап) деп аталатын зерттеу кітаптары жарық көрді. Оның жазған «Аймен жарысқан пошташы Жаманқұл», «Тазша бала», «Ала мысық», «Түйе қалай жыл басынан құр қалды?» деп аталатын сценарийлері бойынша «Қазақфильм» киностудиясында анимациялық фильмдер түсірілді.
-Көңілі, дархан Еділ, жаны – Жайық,
Қасымның өлеңіне әні лайық.
Бойыңда бар өнерді шығар жайып,
Қазақтың бір таланты – Ағыбаев, – деп қазаққа белгілі ақын Сәрсенбек Бекмұратұлы жырға қосқандай, «жігітке – жеті өнер де аз» демекші, Қ. Ағыбаев бүгіндері телерадио эфирінен, ютуб арналарынан жиі орындалып жүрген елуден астам әндердің де авторы. 2001 жылы Оңтүстік Кореяның «LG» компаниясы шығарған «Караоке» ән дискісіне 20 әні енген. Оңаша отырып, ән жазғанда рухани күш алып, ұлттық мұра құндылықтарымызды, салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды насихаттап, оның бүгіні мен ертеңін ойлайды. «Эстрада – заманның талабы. Алайда, әнге деген көзқарас өзгеріп, дәстүрлі әнімізді ұмытпасақ, оның түп негізін ұлттық әуендерімізден іздесек екен», – деген оның тілегі бар.
Ән демекші, Құдиярбек досымыздың бойындағы сан қырлы таланты жайында онымен студенттік жылдарды бірге өткерген курстасы, бүгіндері қазақтың белгілі жазушысы Темірхан Момбекұлы-Түркістани былайша тебірене еске алады:
«Біздің курстан ән шығаратын төрт жігітті білемін. Марат Нұрқалиев, Байбота Серікбайұлы Қошым-Ноғай, Жолдасхан Құрамысов, Құдиярбек Ағыбаев. Құдиярдың «Әнім болып қала тұры» – өзі дүниеден озған соң да айтылатын ән екен. Шіркін-ай, тағы бірер иірім қосар ма еді».
Прозашы, ақын, журналист-эссеист, композитор, ұстаз… «Өнерпаз болсаң – әрқалан» деп ұлы Абай айтқандай, оның бойында туа бітті құдай берген сан қилы таланттың қыры бар. Бірақ, ол – қарапайым. Музыка аспаптарының барлық түрінде дерлік ойнап, әндерді өзі орындайды. Қолы қалт еткенде, бағбандықпен айналысып, жеміс ағаштарын өсіреді. Оның Астанадағы он соттық бақшасында алма, шие, шырғанақ, жүзім, қарақат, крыжовник секілді жемістермен бірге қарағай-шыршалар жайқалып өсіп тұр. «Өнерді – өмірім» деп білетін замандасымыздың қаламсаптың нешеме түрі мен ескі тиын монеталарын(нумизмат) жинаумен шұғылданатын хоббиі де барын білгенде таңырқағанымыз бар.
Оның өлеңдерінде басқа ақындардың көп батылы бара бермейтін бүгінгі қоғамның тыныс тіршілігі, халықтың әлеуметтік жағдайы, бір сөзбен айтқанда, саяси поэзия жанры көрініс табады. Ол туралы айтқан қаламгерлердің сөздерінен бірер ғана мысал келтіре кетейік:
Марат Байділдаұлы(Тоқашбаев), публицист-жазушы: «Бұл қандай қоғам?» деген оның өлеңі ақиқатты көрсеткен сұмдық өлең! Құдиярбекті жеті қат көктің үстіне көтерген ғажап шығарма! Бұл режим туғызған бейшара қоғамның анатомиясы.»
Талғат Айтбайұлы, жазушы: «Қазір классик ақындар көп. Олардың өзі – бірінен бірі өткен. Бәрі кеуделі. Бірақ солардың бірі мынадай «Үкімет» деген өлеңді жаза алмайды. Оларда жүрек жоқ. Жүрегі жоқ – классик бола ала ма!
Мен үшін де, ел үшін де нағыз классик, Сізсіз!»
«Құдиярбек сонау студенттік күндерінен-ақ Радио жұмысына білек сыбанып араласты ғой. Журналистикадағы талай ұстаздың тәрбиесі мен жанашырлығын көрді. Өзі де өмір ағынына орай әріптестерімен қанаттаса жүріп, журналистикадағы ұстаз дәрежесіне көтерілді. Әлеуметпен тонның ішкі бауындай араласудың да жөн-жобасын жақсы игерді дегендей. Жұмысын болса да дөңгелетіп әкетті. Әдетте журналистика әлемінде шығармашылық адамдары жүреді. Ал шығармашылық адамының әрқайсысы өзінше бір әлем. Әсіресе бір-біріне ұқсай бермейтін қырлары көп болады. Тіл табысып, діліңмен түсінісіп жұмыс істеу – анау айтқандай оңай шаруа емес. Ал енді өтпелі кезеңде, түсініктер алмасқан, материалдық та, рухани тұрғыдан да ағарту-идеялогиялық, ақпараттық орындардың тәлтіректеп тұрған алмағайыпты тұсында ұжымның ыстығына күйіп, суығына тоңу – кім-кімнен де көп тер төгуді талап етеді. Әсіресе жұмысқа қыры жоқ, көпшілікпен тіл табысудың орнына, өзін қарамағындағылардан мүмкіндігінше бөлек ұстауға тырысатын (Ешкімді кіргізбеу үшін кейде кабинетінің аузына қарауыл қойғаны да бар) икемсіз басшы мен үлкен ұжымның арасына дәнекер болып, көп тірліктің тігісін жатқызып жіберу үшін қандай дипломатия керегін шамалай беріңіз. Дәнекерліктің мұндай ауыр сынақтарынан да Құдиярбек сүрінбей өтті. Мамандығына да, ортасына да адал болды. Қазақ мұндай кісілікке «майлық-сулығы бірдей» деп сүйінеді. Ұзақ жылғы еңбек жолында радиожурналистикада өз қолтаңбасын қалдыра алған бір замандасымыз – осы Құдиярбек Ағыбаев», деп замандасы туралы жазушы Темірхан Момбекұлы тебірене қалам тербейді.
Қ. Ағыбаев Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ң журналистика факультетінде ұстаз, көпке үлгі, үш бірдей құлынының әкесі, жеті немеренің атасы. Ұлы – Ағыбаев Алмас – Халықаралық «Болашақ» бағдарламасымен АҚШ-тың Вашингтон қаласындағы Американ университетін (2001ж) халықаралық экономика мамандығынан және Англияның Уорвик университетінің магистратурасын (MBI) бизнес саласы бойынша бітірген (2013ж). Қазір Қазақстандағы ірі қаржы орталығының бірінде қызмет етеді. Қыздары да әке жолын қуып, медиа саласында еңбек етуде. Ұл мен қыз өсіп, ер жетіп, елің үшін аянбай тер төксе, ата мен анаға одан асқан бақыт бар ма, сірә?! Құдекең бары да, нары да болған немерелердің атасы дедік, бәрі де оқу озаттары, оларды мақтан тұтады. Ең үлкен немересі Назарбаев университетінде оқыса, енді бір немересі, Әнуары, математикадан халықаралық, дүниежүзілік көптеген олимпиадалардың жеңімпазы.
Ол, соғыстан кейінгі 50-ші жылдардың ұрпағы, бір кісідей қиындықты көріп өскенін жасырмайды.
- Үш абысын – үш ананың мейірімі мен махаббатын бойыма сіңіріп өстім, – деп еске алады ол жастық шағын. – Абысындар апалы-сіңлідей тату болды, бір-бірінің балаларын бөлектемей, өз баласындай өбектеп өсірді. Қазақ содан да, «мың өліп, мың тірілсе де» жойылып кетпеді. Анам екі жарым айлығымда қайтыс болды. Рухы пейіштің төрінде шалқысын, жатқан зираты былай тұрсын, менде, суреті де жоқ. Ағам сегіз жаста еді. Анамның абысыны Қалыш апам, екеумізді етегіне орап алды. Жолдасы соғыстан ауыр жараланып келісімен көз жұмған соң, Қалыш апам өзінің екі қызы Перизат пен Ұлбала әпкелерімді бізге салмақ түсірмесін деп, он бес-он алды жастарында күйеуге беріп жіберді. Әулеттің оты сөнбесін деп, жалғыз өзі орыстың қойын бағып, қауын-қарбызын егіп, бар өмірін ағам екеумізді аман сақтап қалуға арнады. Қалыш апам қартайып көз жұмғанда, мені өзінің абысыны Науат анама табыстады. Ол да, бауырына басып, қамқорлық көрсетті. Күздің ызғарлы суық желі анамнан екі жарым айлығымда жетім қалған менің денемді самал боп аймалап сүйді, қыстың бет қаритын аязы жұдырықтай жүрегімнен тараған қан тамырларыма айрықша жылу құйды, шілденің құс қанатын күйдіретін аптап ыстығы жаныма жай таптырар салқын леп боп есті, көгілдір көктемнің жаймашуақ күні бұғанамды бекітіп, сүйектерімді қатайтып, аяғымнан қаз тұрғызды, – дейді ол.
«…Өмір, солай, өтіп жатыр жайменен.
Қобыланды жырындай боп, сайменен,
Ғашықпын, мен, бәрібір, сол өмірге,
Бас тартпаймын, өмір деген, бәйгеден.
Анам, сенен, басталады өлеңім,
Әкем, сенен, басталады тереңім.
Әруағына басымды иіп, әрдайым,
Ата-бабам жүрген жолмен келемін!»-деп Құдиярбектің өзі жырында тілге тиек еткендей, оның өмірі де, өлеңі де, шығармашылық тереңі де халқымен біте қайнасып келеді..
«Тым болмаса бір досы жоқ адам өмір сүрмей-ақ қойса болады» деген екен атақты Демокрит. Ол заманда да, мінсіз дос табу дәл бүгінгі күндегідей қиын болса керек. Сол айтқандай, жан-жағына жүрек жылуын тарата жүретін, өз кәсібінен берекет тауып, кішіге – аға, үлкенге – іні бола білген Құдиярбек Молдабайұлы Ағыбаев – бүгіндері жетпістің үшіне келіп отыр. Әйткенмен де, ол шығармашылық тұғырынан түскен жоқ. Абзал азаматтың арамызда жүргенін әріптестері, біздер, мақтан етеміз.
Әмір МОЛДАБЕКОВ,
филология ғылымдарының кандидаты.


Для отправки комментария необходимо войти на сайт.