БЕРЛИНДІ АЛҒАН БАТЫР (ұстаз туралы толғау)

 

Құдиярбек АҒЫБАЕВ,
Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері

 

БЕРЛИНДІ АЛҒАН БАТЫР
(ұстаз туралы толғау)

 

Біз соғыстан кейінгі туған ұрпақпыз. 50-60 жылдары біздің Орловка (қазіргі Алмалы ауылы) ауылында да майданнан жараланып, аман-сау оралған аталарымыздың қолынан сәлемін алып, біразының көзін көрдік. Біздің үйіміз ол кезде селоның бас жағындағы Октябрь деп аталатын бөлімшеде, шошақ таулардың етегінде еді. Мектепке дейін күнде төрт-бес шақырым жер жаяу жүріп келеміз. Бір аяғын соғыста беріп, балдақпен жүретін Назарбек деген атамыз бір топ баланы жарты жолдан күтіп алатын. Бәріміздің өсіп кеткен шаштарымызды көрген сайын жанына шақырып, жан қалтасындағы өткір бәкісін шығарып, солдат ременіне ысқылап алып, сыпырып тастайтын.
– Сығанның  қатындарындай,  шаштарың  қобырап өсіп кетіпті,  сірке,
қайызғақ басып кетсе, қайтер едіңдер? Енді, міне, нағыз Котовский секілді, солдат боп шықтыңдар!.. – дейтін, рахаттана күліп.
Қ.И.Сатпаев атындағы орта мектебінде бізге сабақ беретін Лақан Атемов ағайымыз да тап-тақыр басымызды көрген сайын «енді бастарың тазарып, жара шықпайды, шаштарың қалың боп өседі» деп риза боп қалатын. Майдангер аталар мен тылда еңбек еткен апаларымыз ауылдағы балаларды «сенің балаң, менің балам» деп бөле-жармаушы еді-ау! Айран мен құрт-майын аузымызға тосып, «айналайындары» ауызынан түспейтін. Лақан ағай бізге неміс тілі пәнінен сабақ берді. Ол кезде шет тілін білетін, дипломды маман ауыл былай тұрмақ, ауданда жоқтың қасы еді. Лақан ағайымыз Ұлы Отан соғысының басынан аяғына дейін қатысып, бірнеше мәрте жараланып, қайта сапқа тұрып, Берлинге дейін жаяу барған кісі. Біздің бала қиялымызда – біздің Бауыржан атамыз секілді батырымыз еді, ол кісі. Бес жыл етігін шешпестен, оқ пен оттың ішінен аман шығып, екі мәрте танк снарядынан контузия алып, ажал аузынан аман қалған.
Біз де жас болдық. «Соғыс» деген суық сөзді естігеніміз, жаралы жауынгерлерді көргеніміз болмаса, оң-солымызды тани қоймаған кезіміз, балалықпен  көп естеліктерге мән бермедік. Әсіресе, Лақан ағайымыздың  майдандағы өмір жолы, жасаған ерліктері туралы айтылған әңгімелер бізге аңыз-ертегілердей боп естілетін. Бір таңқалатын нәрсе – ол кезде әкелеріміз бен аналарымыздың өздері де соғыс туралы әңгімеден тайсақтап, ол туралы айтпауға тырысатын. Аталардан сұрай қалсаң ойға шомып, «Атың өшкір сұм соғыс, сендердің бастарыңа келмесін! Сендер, бақытты болыңдар!..» дегенді жиі қайталайтын.
Есімізде қалғаны – ауыздан ауызға аңыз секілді боп жеткен әңгімелер ғана. Лақан ағайымыз да басқалар секілді көк жүзін бұлт торлап, күн жауын-шашынды боп, ауа райы бұзыла бастағанда денесі құрысып, басы ауырып төсек тартып жатып қалатын. «Басында неміс танкісі снарядының сынығы қалып қойған» дегенді жиі еститінбіз. Сол қорғасынымен жүріп, соғыстан соң аттай қырық бес жыл ұстаздық еткенін ойласам, «қарағайға қарсы біткен бұтақ», қайран біздің ағалар, деп ойға шомамын.
Лақан ағайымыз неміс тіліне жүйрік еді. Кейде, өз-өзімен немісшелеп кеткенде біз кинодағы совет барлаушыларын көргендей болатынбыз. Бір жолы жеңіс мейрамында мектепке костюмінің омырауын тұтастай жапқан орден-медельдарын тағып келгенін көргенде, оқушылар қатты таңырқастық. Нағыз батырдың арамызда жүргенін көріп, ағайымызды ерекше мақтан тұттық.
Лақан ағайымыз өте қарапайым, балаларды жақсы көрді. Әкеміздей жақын тұтқанымыз сонша, қыздарымыз еркелеп, ер балалар үйірсектеп, жанынан шықпайтын. Сондай бауыр басқандығымыздың әсері болса керек, бірде класымызда қызық оқиға болды. Лақан ағайымыз орындығынан тұрып, тақтаға немісше сөздерді жаза бастады. Сегізінші класта, әлі балалығымыз арылмаған кезіміз ғой. Арамыздағы еркелеу бір қыз Лақан ағайымыздың орындығын  басқа жерге жылжытып қойғанын байқадық. Майдангер ағамыз орнына отырмақ болғанда шалқалап құлап түсті. Басын дуалға соғып, есінен танып қалды. Қырғын соғыста екі мәрте контузия алып, елге аман келген ағайымызбен ойнаймыз деп, от басып алғанымызды кеш түсіндік. Лақан ағай есін жиып, басын біраз ұстап отырды. Мұны істеген қыздар екенін естігенде:
– Әй-әй, қу қыздар-ай, жезделеріңді  өлтіріп ала жаздадыңдар  ғой?..
Әпкелерің жесір қалса, қайтер едіңдер?.. – деп, жәй ғана жымиып күлгенде, бүкіл оқушылар болып, орнымыздан тұрып, басымызды иіп, кешірім сұрадық. Мектеп директоры, жаңа келген жас, Молдабаев Ақжолбек деген менің ағам еді. Осы оқиғадан соң бәрімізді жинап алып, қатаң ескерту жасады.
– Ұлы Отан соғысында неміс-фашистерімен Отан үшін, сендердің
болашақтарың үшін жан аямай қан төгіп соғысқан, жараланып, аман-сау елге келген аталарыңмен осылай, ойнауға бола ма екен!..
Кластағы жиырма төрт бала сол күннен бастап Лақан Атемов ағайымыздың жолын кесіп өтпейтін болдық. Қателігімізді мойындап, қатты өкіндік. Лақан ағайымыз мектеп директорының алдында бізді қорғап қалды.
– Балдыздарым,  жезделерімен  әзілдегісі  келген ғой.  Балалық  жасап
қойған екен. Енді қайталамайды!..-деп, біздің қыздарды қорғаштап жүр.
Қайран, балалық-ай десеңші! Майданның алғы шебінде жүргенде дәл жанына түсіп жарылған бомбадан контузия алған, басындағы осколкамен талай жыл ұстаздық еткен біздің Лақан ағайымыздың кең иықты, бойшаң келген бейнесі, мейірімге толы жайдары жүзі,  біздердің, шәкірттерінің көз алдында мәңгі ұмытылмастай боп қалды. Біз бітіріп кеткесін де ол кісі ұзақ жыл ұстаздығын жалғастырды. Туған ауылынан Берлинге дейін жүріп өткен аяулы ағайымыз туралы ауылдастары «неміс тілін қан майданда, фашистермен соғысып жүріп үйреніпті» дейтін. Бұл сөздің рас-өтірігін кім білсін. Білетініміз – Лақан ағайымыз Отанын кеудесімен қорғаған хас батыр ғана емес, шәкірттерінің жүрегіне жол тапқан ғажайып мұғалім де еді. Балалықпен қандай тентектік жасасақ та басымыздан сипап, арқамыздан қағып, жан-жағына мейірім шуағын төгіп жүруші еді.
Біз Лақан Атемов ағайымызды Берлинді алған батыр деп мақтан ететінбіз. Пейіште нұрыңыз шалқып, жатқан жеріңіз жәннаттың төрі болсын, ардақты ұстаз!..

 

Құдиярбек АҒЫБАЕВ,

Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері

Отправлено