МЕКТЕП

Құдиярбек Ағыбаев

МЕКТЕП

 

Қазақ баласына “Ғалым бол, Молда бол” деп тілек тілеп жатады. Солай деп есімін де қояды. Ал менің досымның тегі – Мектеп.
Аманқос Мектеппен танысқанымда  алғаш оның осы тегіне назар аударғаным бар. Қазақ тегіне қарап та кісіні бағалап жатады ғой.
Аманқос Мектеп – қазақтың көрнекті ғалым-тюркологы, руна жазуын терең зерттеуші, белгілі публицист, шәкірт тәрбиелеп білім-ғылымға жетелеген құрметті ұстаз.
Маған ұсынған “Жеті көсем” деп аталатын қазақ баспасөзінің тарихына терең болжаған келелі еңбегін қолыма алып парақтаған сайын оған деген құрметім арта түсіп, кеудемді досыма деген мақтаныш сезімі кернейді. 500 беттен тұратын бұл ірі еңбекте Әлихан   Бөкейханов бастаған Алаш ардақтыларының өмірі мен еңбектері терең зерттеледі.
Аманқос досым осы кітаптың алғашқы бетіне, ұлыма арнап: “Алмас балама! Алаш қайраткерлерінің рухы сені, әрдайым қорғап-қолдап жүрсін!” деп қолтаңба қалдырыпты. Ұстаз деген осындай болса керек.
Аса құрметті досым, Аманқос!
Адамгершілік пен парасаттылықтың, адалдық пен ізгіліктің, кісілік пен қарапайымдылықтың биік өлшемдерін бойыңа жиған сенің өмір жолың кейінгі толқын жастарға үлгі мен өнеге мектебі бола бермек.
Ақыл мен парасат толысқан 70 деген кемел жасқа келіпсің. Еңбегіңнің жемісін көр. Деніңе саулық, отбасыңа амандық тілеймін. Жетпісің құтты болсын!!!