Пікір, ұсыныс
Жетпісбай Бекболатұлы,
ҚР Білім беру ісінің үздігі,
Алматы қаласы
Жангелдиннің жұлдызы жоғары
Үстіміздегі жылы қазақтың тұңғыш кинооператоры әрі фотоөнер шебері, жарнама маманы Әліби Тоғжанұлы Жангелдиннің туғанына 140 жыл толады. Осы ретте қазір ежелгі Торғайдың бұрынғы-соңғы ішкі тынысынан, бұл өлкені мекен еткен жұрттың ғасырлар бойы тұтынған, өзіне ғана тән, сыртқа білдіре де, байқата да қоймайтын дәстүрлерінен бейхабар кей ағайындар өткен ғасырдың алғашқы жартысында осы жерде орын алған аласапыран оқиғаларға архив құжаттарының қасаң тұжырымдары тұрғысынан көз тастап келе жатқанын айтқым келеді. Мұндай көзқарастың бір парасы Ахаң (Ахмет Байтұрсынұлы) мен Әлекең (Әліби Жангелдин) және басқа тарихи тұлғалар арасындағы қарым-қатынасты қамтиды, осы орайда олар текетірес тірлік кешкен саяси қарсыластар ретінде қарастырылады. Әрине, ғылыми дәлдік дәйек пен деректен бұлжымауды талап етсе де, ұлт мінезі, соның ішінде Торғай азаматтарының бөлектеу психологиясы (Ілияс Омаров «жеке батырлар» деп атаған) ақ қағаз бен қара сия қамтитын фактілер тасасында қалып келе жатқан сияқты көрінеді.
Өткен жылы «Дарын» баспасынан шыққан «Размышления о польско-казахском братстве» атты кітабыма енген «Байтурсынулы, Джангильдин, Затаевич и etс.» деген мақаламда тарихшы ғалым Бақыт Садықованың «Тürkistan milli birliği» монографиясынан бір жол дәйексөз алдым. Онда былай делінеді: «В июне 1919 года в Мосĸве Ахмет Байтурсынов, а таĸже Ленин, Сталин и Джангильдин подписали соглашение, в соответствии с ĸоторым 10 июля было организовано Киргизсĸое (Казахсĸое) революционное правительство (Кирревĸом)» [«1919 жылы маусымда Мәскеуде Ахмет Байтұрсынов, сондай-ақ Ленин, Сталин және Жангелдин келісімге қол қойып, оған сәйкес 10 шілдеде Қырғыз (Қазақ) революциялық үкіметі (Кирревком) ұйымдастырылды»] (Б.Садыкова. «Тürkistan milli birliği», Алматы-2016, стр. 14). Енді бір сәт назарды келтірілген мағлұматтың мәніне аударайықшы. Сөз Қазақстанда 70 жылдан астам билік құрған өкімет және оны ұйымдастырған адамдар туралы болып отыр. Таразының бір жағында әлем тарихында ойып тұрып орын тепкен Ленин мен Сталин, бір жағында халық саны 50 мыңнан асып көрмеген туырлықтай Торғайдың екі азаматы. Императорлар және олармен иық теңестірген, білім, білік бәсекесіне түскен, әбжыландай арбасқан, бастарын бәйгеге тіккен қазақ баһадүрлері! Осы фактіге тағы да үңіліп, безбенге тартып көрейік, ағайын!
Өз алдына отау тіккен Қазақстанның Егемендік Декларациясын жария етіп, оның саяси-экономикалық стратегиясын жасаған білімді де білікті, ұрлық пен қарлықтың, азғындық пен аярлықтың жолын кес-кестеген, тіпті жанын құрбан еткен қасқыр жүректі Торғай азаматтары болатын. Бұл елемеуге болмайтын тарих сабақтастығы.
Туырлықтай Торғай халқы үшін тарих жылнамаларында есімі қалған ұл-қыздарының қай-қайсысы да қымбат, оларды бөле жармайды. Тұрғын саны 200-500 мың тұрғыны бар, заманға сай дамыған байырғы өлкелермен бәстесе алмаса да, көне өлке өз перзенттерінің елге сіңірген еңбегін жұбаныш тұтады.
Енді тілге тиек етіліп отырған Әліби Жангелдиннің өмір жолынан қысқаша мәлімет бере кетейік. Өз қолымен толтырған деректерге және 2009 жылы «Ана тілі» баспасынан жарық көрген «Алиби Жангелдин. Документы и материалы» атты кітаптағы мәліметтерге сәйкес Әліби Тоғжанұлы 1884 жылы Торғай даласының Қайдауыл ауылындағы кедей шаруа отбасында дүниеге келген. Отбасында үш ұл және бес қыз бала болған. Ерте жасынан Әліби оқуға ынта танытады, бірақ жақын арада мектептің жоқтығы бұған кедергі келтіреді. Бір күні Қайдауылға Торғай қаласынан Ахмет Балғымбаев деген мұғалім келеді. Мұғалім оның есте сақтау және тез үйрену қабілетін байқап, мектепке шақырады. Әлібидің әкесіне бұл ұнай қоймаса да, көп ұзамай жас бала үйінен қашып, керуенге ілесіп Торғайға жетеді. Торғайдағы мектепте оқушылармен, мұғалімдермен танысып, достасады. Көп ұзамай әкесі оны іздеп тауып, ауылға қайтарады.
Бірақ, білімге ұмтылған жас үйінен екінші рет қашып, Қостанайға барады. Сол жерде өзінің Торғайда алған білімінің арқасында орыс-қазақ мектебіне түседі. Бұл кезде ол 12 жаста-тын. Алайда, бұл жерде де әкесі тауып алып, елге қайтарайын дегенде мектеп директорының сұрауы бойынша оқу орнында қалдыруға келіседі. Ол бір жыл ішінде бүкіл материалды меңгеріп, барлық емтихандарды үздік тапсырып, оқуды бітіреді. Одан кейін мектептің бағытымен Орынбордағы рухани консисторияға түседі. Бұл жерде де емтихандарда бағдарламадан әлдеқайда ертерек тапсырып, Қазан қаласындағы мұғалімдер семинариясына кетеді. Кейін Мәскеудегі діни академияның тарих факультетіне ауысады, бірақ 1905 жылы революцияға қатысқаны үшін екінші курста оқудан қуылады.
Дәл осы кезеңде білмекке құмар жастың бойында әлем елдерін, басқа халықтардын тұрмысын тануға деген құштарлық пайда болады. Сөйтіп 1910- 1912 жылдары ол «Николай Степнов» деген атпен Еуропа, Таяу Шығыс, Африка, Азия елдеріне жаяу саяхат жасайды. Ол өз естелігінде «Жер жүзін айналып өту саяхаты төрт жылдан артық уақытқа созылды. Мен теңіз және темір жолдармен жүргенді есептемегенде, фотоаппаратымды арқалап, жаяу он екі мың шақырым жүріп өттім. Күндіз жүріп өткен жерлерімді суретке түсіріп, түнде оларды химикаттармен айқындап, шығарып отырдым. Дәрістер оқып, баяндамалар жасап, суреттер сатып, тамағымды асырадым. Польшаны, Австро-Венгрияны, Сербияны, Болгарияны, Түркияны, Сирияны, Палестинаны, Африканы, Египетті, Абиссинияны жаяу басып өттім. Кері оралған жолымда айналып отырып, Араб түбегі, Мессопатамия, Персия, Үндістан, Цейлон аралы, Малай архипелагы, Үндіқытай түбегі, Сиам корольдігі, Аннам, Қытайдың оңтүстік бөлігі, Формоза аралы арқылы жүріп өттім. 1912 жылы Жапонияға жеттім» деп жазады. 1911 жылы Женевада ол Владимир Ильич Ленинмен кездеседі.
«Академиядан шығып қалған соң, маған жұмыс іздеуге тура келді»-деп жазады Жангелдин. «Мен Плевако дейтін адвокатты қазақтардың мақтауынан білуші едім, оны біздерге көмектеседі дейтін. Сол Плеваконың ұлы Мәскеуде тұратын, «Ресей таңы» газетінің бас редакторы екенін білетінмін. Бұл газетті миллионер Рябушинский шығаратын. Ол кездерде Мәскеуде екі көрнекті газет болды: «Орыс сөзі» мен «Ресей таңы». «Орыс сөзін» Суворин шығарды.
Мен Плеваконың қабылдауына қол жеткіздім. Оның қабылдауында болғанымда, ол маған газет үшін хабарламалар жинаумен айналысуды ұсынды». Осы ретте атақты адвокат Федор Никифорович Плеваконың қазақтың жиені екендігін атап өтуіміз керек. Бұл жөнінде С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры Марат Мағзұмов «Егемен Қазақстан» газетінде 2010 жылғы 24 ақпанда шыққан «Жиен» деген мақаласында жақсы жазған. Қостанайлық журналист Қабылахат Сейдахмет болса «Ресей мұрағатында адвокат Плеваконың қызы Варвараның естелігі сақталыпты. Осы Варвараның жазуынша Федор Плеваконың анасын орыстар Троицкінің маңындағы даладан тауып алған… Плеваконың Тобыл-Торғай өлкесінен шыққан талай танымал жандарды қорғап, жазықсыз қуғыннан құтқарғандығы жайлы да деректер көп» деп атап өтеді.
…Сөйтіп, Әліби газет шығару ісіне бет бұрады, қазіргі бұқаралық ақпарат құралдары маркетингінің бір саласы — жарнаманы жолға қояды. «Екі айдай мен осы іспен айналыстым, содан соң маған хабарландырулар жинаудан түскен қаржыға кино үшін тегін либретто беруді ұйымдастыру туралы ой келді. Осы оймен мен «Континенталь» кинотеатрына, оның иесі Егоров дейтін саудагерге бардым… Егоров көмегімен мен бөлмені жалға беру, үйлерде берілетін тамақ туралы, үй сату туралы т.б. хабарландырулар жинауға кірістім, тағы да екі кинотеатрмен мәмілелестім, Діни академияның өзім сияқты іссіз қалған екі студентін тарттым. Бұл жұмыс бізге едәуір күнкөріс берді. Біз бөлме жалдап, онда кеңсе сияқты бірдеңе құрдық». Көріп отырғанымыздай, Жангелдин Мәскеуде газет маркетингімен тікелей шұғылданған тұңғыш қазақ болып табылады. Полиция қысымына ұшыраған ол «жер жүзін аралап шығу үшін саяхатқа жаяу шығатыным және өзіме серік болуға адам шақыратыным туралы газетке хабарландыру жарияладым» деп жазады. Құжаттардағы мәліметтер бойынша, Ә. Жангелдин Мәскеуден 1910 жылы 9 шілдеде аттанады. «Қалтамда – жиырма бес сом және фотография аппараты – жол жабдығым болды» деп атап өтеді. Еуропа қалаларында Жангелдин журналист ретінде газет редакцияларымен байланыс орнатып, түсірген фотоларын ұсынады, оларды көшеде сатып, пайда табады. Кинокамерамен фильм түсіріп, кейін оны Торғайда көрсетеді.
Әліби Жангелдин Еуропа тілдерін білгенін және сол кезде бүкіл араб шығысына билігі жүрген түрік тілінде сөйлегенін жазады. Сөйтіп, ол өз заманының озық ойлы, еуропалықтармен иық теңестірген адамы, полиглот болған. Оны мына төмендегі Әлекең жазбаларынан көре аламыз.
«…Тамаққа қаражат табу үшін саяхатшылар дәстүріндегідей көпшілікке дәрістер оқыдық, қайырымды адамдардың қолынан қор жинадық. Бізді халық барлық жерде жақсы, жылы шыраймен қарсы алды. Соңыра, шетелге ілінгенімізде, мені өзімнің фотоаппаратым асырады. Біз менің суретім салынған мың открытка дайындатып алдық. Бұл открыткаларды жолай сатып жүрдік. Жердүниені айналып шығу саяхатшысының кітапшасында Н. Степнов атына берілген деп жазылды… Кітапшада былай деп көрсетілді: «Н. Степанов, ол әрі Али-Бей Джангелдин». Бұл кітапша астаналарда және ірі қалаларда тіркеліп отыруымызға мүмкіндік берді. Мысалы, оған Варшавада 1910 жылы 18 тамызда Польшадан аттанарда, мынадай жазу жазылды: «Ешқандай қаражатсыз ғылыми білім жинау мақсатында жердүниені жаяу аралаушы, саяхатшы – Никалай Степнов (Али-Бей Джангелдин) Варшавадан 1910 жылы 18 тамызда шықты». Генерал-губернатор кеңсесінің бастығының орынбасарының қолы қойылған.
Вильнода ұзағырақ аялдадық. Мұнда біздермен жазушылардың, әртістердің кездесуі ұйымдастырылды. Калинин деген помещик біздерге қатты қызығушылық танытты. Оның мекенінде ұзақ тұрып қалдық. Ол жерден Варшаваға аттандық. Варшавада едәуір уақыт тұрдық. Открыткалар сатып күн көрдік. Жарты тиыннан саттық, ал ол біздің қолымызға ширек тиынға түсетін. Жұртшылық қайырымдылық шаралары мен кештер ұйымдастырып отырды.
Бізбен кездескен жұрт жердүниені айналып шығу саяхатына артта қалған деп саналатын халықтардың бірі қазақ халқының бір ұлының тәуекел еткеніне таңданып, айрықша қызығушылық танытатын. Варшавадан кейін біз Краковте болдық. Краковтан тұз өнеркәсібімен белгілі болған Величкоға, одан 1910 жылы 3 қыркүйекте Закопань деген жерге келдік. Закопань мекенінде бір айдай тұрдық, айнала төңірекке экскурсиялар жасадық, Польша студенттерімен таныстық.
Закопань ол кезде адамдар әртүрлі елдерден келетін курорт еді. Қалада еркіндік сезілетін. Онда үкіметті сынаған пікірлер ашық айтылатын, сейілдер ұйымдастырылып, сол кездерде шешендер сөйлейтін. Ал Варшаваның өзінде революциялық әрекеттер қудаланатын. Карпатта біз Теңіз көлінде болып, одан Карпат асулары арқылы Австрияға астық. Асуда тұман, жаңбыр болып қиналдық. Австро-Венгрияда достарымнан бөліндім: мен Шығысқа кеттім, ал олар Европаға аттанды…
Әлекең Венгрияда мадиярлар мен қыпшақтар мекен ететінін және олардың Торғаймен тарихи байланысы барын жақсы білген сияқты. Жазбаға үңілейік: «…Будапеште мен үшін жұртшылық қабылдауы ұйымдастырылды. Венгрия интеллигенциясы арасында қазақ даласында саяхатта болып, қазақтардың өмірі
мен тұрмыс-салтын зерттеген ғалымдар, профессорлар кездесті. Тіпті ол жерде бір ауданда өз қандас туыстарымды таптым. Маған сол жерде қалуға ұсыныс жасады. Олар менің фотосуретімді үлкейтіп алып, портреттерімді Ұлттық мұражайға орналастырып, оның астына «осындай да осындай саяхатшы 1909 жылы 30 қыркүйекте біздің қалада болып кетті» деген мазмұнда жазып қойды.
…Будапештен Белградқа келдім, ол туралы менің кітапшамда Сербиядағы орыс миссиясының хатшысы Муравьевтің белгісі бар. 26 қазанда Нишеде болдым. 28 қазанда «Күнделікті хабаршы» – «Тәуелсіз күнделік», «София күнделік-хабаршысы» редакторы қабылдады. Сол күні «Балқан мінбесі» газеті редакциясында да болдым. https://abai.kz/post/13143.
Шенген визасының арқасында мен Еуропада Жангелдин жаяу жүріп өткен өңірлерде болдым, біраз дерек жинадым. Мәселен, Польшада халықаралық журналист ретінде Варшава мұрағаттарына бардым, Әлекең айтқан Краков, Величко және Закопаньда жүргізушімен және көмекшімен бірге қызметтік іссапарда болдым. Қалған өңірлерді турист ретінде араладым. Кейін көрген-білгендерімді қағазға түсіріп, жоғарыда айтқандай, кітап шығардым. Ал, бүгінде мүдделі азаматтар арнайы кинотүсіру тобын жасақтап, Әлекеңнің бүкіл жер жүзіндегі, атап айтқанда қақтығыстарға толы Таяу Шығыстағы болмаса да, Еуропадағы маршрутын қайталай отырып, көпшілікке арналған танымдық фильм шығаруға мұрындық болып жатса, нұр үстіне нұр болар еді.
Тұңғыш жаһангер журналист мұраларын іздестіру, жариялау, тарихи-теориялық тұрғыдан негіздеу керек, ол – болашақтың ісі. Аталған Еуропа елдеріндегі, әсіресе Венгриядағы мұрағаттарға, редакцияларға барып, Әлекеңе қатысты деректерді іздеп табу Торғайдың болашақ тарихшыларының міндеті әрі парызы деп білемін. Дәуір ағысынан қалмай, өз халқын шет жұртқа танытуға ұмтылған, сол заманның озық техникасын игеріп, қазақ даласында тұңғыш кино қойған тұғырлы тұлғаның есімі ұмытылмауы, қайта ұлықталуы керек.
Қазір «Торғайдың тұңғыш ұшқышы, тракторшысы, автомобилисі» деп жатамыз. Ал, Әлекең Торғайдың ғана емес, бүкіл қазақтың тұңғыш кәсіби кино- және фото шебері болып табылады. Бұл жөнінде мен 2021 жылы «Қазақстан Дәуірі» газетінде жарық көрген «Жангелдин – тұңғыш жаһангер журналист» атты мақаламда жазған болатынмын.
Әліби Жангелдин атындағы ауданның тумасы және атамыздың есімі берілген мектептің түлегі ретінде тұғырлы тұлғаның биылғы мерейтойын атап өту жөнінде ұсыныс жасай келе, өз қатарластарымды, әсіресе Жангелдин мектебінің түлектерін үн қосуға, қал қадерінше атсалысуға шақырамын.
Жетпісбай Бекболатұлы,
ҚР Білім беру ісінің үздігі,
Алматы қаласы
Для отправки комментария необходимо войти на сайт.