МЕН КІММІН?

 

«Қалқан» газеті мен «Бүркіт» журналының 2004-2013 жылдар аралығында бас редактор қызметінде болған запастағы полковник, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Сәдуақас Нұрышұлы Жұбатов сәуірдің 9-ында жарық дүниемен қош айтысты. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» демекші, Садуақас Нұрышұлының жаны ақындыққа құмар кісі еді. Көзі тірісінде жазған өлең жыр-шумақтарын назарларыңызға ұсынамыз!

 

МЕН КІММІН?

 

Мен кіммін,

Қыбырлаған жандардың бірімін мен,

Айта алмаймын дөкеймін, ірімін деп.

Қарапайым қазақ көп, мен сияқты,

Жүріп жатқан қоңырқай тірлігімен.

 

Мен кіммін,

Шенеунік те емеспін, шекпен құмар,

Әкімқағар емеспін өктемі бар.

Мен пендемін, күндегі тірлігіне,

Жетпегені, шүкір Алла, жеткені бар.

 

Мен кіммін,

Шет елде валютам жоқ, туысым да,

Дәнеңем жоқ, дүниенің қуысында.

Қайда жүрсің, не істейсің, сұрамаймын,

Шаруам жоқ, қызметің, жұмысың да.

 

Мен кіммін,

Бармын ба осы, тірімін бе,

Ел-жұрттың шыға алдым ба, сенімінен?

Ер жасына жетіппін, айта алам ба?!

кішіге – аға, үлкенге – інімін деп.

 

Мен кіммін,

Кедеймін бе, жарлымын ба,

Бөліп берер ештеңем жоқ, барлығыңа.

Өлең оқып берейін, ұнап жатса,

Шығарып жүрегімнің сандығынан.

 

Мен кіммін,

Айтайын, жасырмайын,

Бақытым –жан-жұбайым, асыл жарым,

Байлығым – балаларым қасымдағы,

Қызығым – немерелер, құда-жекжат,

Қуанышым – достарым осындағы.

Жүректен шыққан сөздің жалғаны жоқ,

Мен әлі бергенім жоқ, алғаным жоқ.

Келе жатқан жолаушы боп жол үстінде,

Алланың бір құлымын,

арманы көп!

Тәңір бізді жаратқан,

Жаратқанға сыйындық.

Көк тәңірде көк аспан,

Нұр шуақ боп төгілдік.

Көк Бөріден күш алдық,

Көк байрақты ту алдық.

Алаш болып құралдық,

Қазақ болып жаралдық.

Алтай менен Алатау,

Еділ менен Жайықты,

Ұлытау мен Сарыарқа,

Маңғыстау мен Атырау,

Сыр бойы мен Қаратау.

Құтқа толы етегі,

Атажұрттың мекені.

Ел шетіне жау тисе,

Алдаспанды биледік,

Ер-тоқымды төсеніп,

Ен далада түнедік.

Құла түзде түстеніп,

Ат үстінен түспедік.

Ақ найза боп қадалдық,

Қылыш болып қиылдық,

Құрыш болып құйылдық.

Жұдырық боп жұмылдық,

Еңкейгенге еңкейдік,

Шалқайғанға шалқайдық.

Туып-өскен жер үшін,

«Қазақ» деген ел үшін,

Ақсарыбас шалдырдық,

Қазанатты талдырдық,

Қағанатты қалдырдық.

Сарайшықты салдырдық,

Ұлы Тұран даласын,

Ұрпағымызға қалдырдық.

Көрсек те талай азапты,

Аңсадық алдан азаттық.

Рухы мәңгі өлмейтін,

Қайтпайтын қайсар қазақпын!