ҚАЗҰУ-ДА АҚЫН ШӨМІШБАЙ САРИЕВКЕ АРНАЛҒАН КІТАПТЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТТІ

 

 

 

 

 

Смагулова А.С.
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің

халықаралық қатынастар факультеті,
дипломатиялық аударма кафедрасының  доценті

 

Жанузакова Г.А.

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің

халықаралық қатынастар факультеті,
дипломатиялық аударма кафедрасының

аға оқытушысы

 

ҚАЗҰУ-ДА АҚЫН ШӨМІШБАЙ САРИЕВКЕ АРНАЛҒАН КІТАПТЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТТІ

 

 

 

         Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, І дәрежелі «Барыс» және «Парасат» ордендерінің иегері, зерттеуші-ғалым, Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегері, ақын Шөмішбай Сариевтің өмірі мен шығармашылығына арналған «Ғибратты ғұмыр» атты сериялық кітабының салтанатты тұсаукесер рәсімі өтті.

Кітапта ақынның ғылыми зерттеулері, халыққа танымал ән мәтіндері, өлеңдері топтастырылған. Сонымен қатар әріптес, қаламдастары мен отбасы мүшелерімен түскен фотосуреттері берілген.

Салтанатты шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері, Шөмішбай Сариевтің жары Жұмагүл Сариева мен ұлы, Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы Бақытжан Шөмішбайұлы, қазақ эстрадасының жұлдыздары, ҚазҰУ-дың оқытушы-профессорлар құрамы қатысты.

 

Жиынды білім ордасының басшысы Жансейіт Түймебаев құттықтау сөзбен ашып, Шөмішбай Нағашыбайұлының өмір жолына тоқталды.

«Қазақ поэзиясында, әдебиеттану ғылымында ерекше қолтаңба қалдырған Шөмішбай Сариев – біздің университетіміздің түлегі. 1966 жылы ҚазМУ-дың журналистика факультетіне оқуға түсіп, 1971 жылы бітірген. «Қазақстан» баспасында редактор, «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер болды. Шөмішбай Сариев ғалым ретінде 50-ші, 60-шы, 70-жылдардағы қазақ ақындарының шығармашылығын талдады. Тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ поэзиясының жаңа буын өкілдері туралы да зерттеулер жүргізді. Шөмішбай Сариевті әдеби орта «қазақтың Пушкині» деп атағанын білеміз. Өлеңдері әнге айналып, тыңдарман қауымның жүрегіне жетті. Көзі тірісінде 300-ден аса әнге мәтін жазып, ұлттық ән өнерін байытты», – деді Жансейіт Түймебаев.

 

Қазақстан жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары, ақын Бауыржан Жақып өз сөзінде: «Шөмішбай Сариев – ХХ-ХХІ ғасырлардағы қазақ поэзиясын жоғары көтерген тұлғалардың бірі. Болмысы бөлек болатын. Ақынның қаламынан туған өлеңдері мен әндері халық жадында мәңгі сақталады. Сондықтан да Шөмішбай Нағашыбайұлының есімі қазақ әдебиетінде алтын әріппен жазылып қалды», – деп, ақын шығармашылығының өміршеңдігіне тоқталды.

 

 

Өз кезегінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ардагер диктор Сауық Жақанова Шөмішбай Сариевтің өлеңдерін мәнерлеп оқып, жиналғандарды бір серпілтіп тастады. Сонымен қатар М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері Гүлжахан Орда, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Естай Әлікеев сөз сөйлеп, естеліктерімен бөлісті.

 

Жиын барысында әнші Медеу Арынбаев Ш.Сариевтің өлеңіне жазылған «Атамекен», «Дәурен-ай» әндерін және жас әнші Ермек Берекет ел арасында танымал болып кеткен «Қарағым-ай» әнін орындады.

Кездесу соңында ақынның жары Жұмагүл Сариева кешті ұйымдастырғаны үшін ҚазҰУ басшылығына ризашылығын білдірді. Өз сөзінде ол бүгінгі «Ғибратты ғұмыр» сериясы арқылы басылып шыққан кітаптың орны бөлек екенін жеткізді.

 

«Шөмішбай Сариевтің 30-дан астам кітабы жарыққа шықты. Бүгін тұсаукесері өткен кітап мен үшін ыстық. Ол осы Қазақ ұлттық университетін бітіріп, мықты оқытушылардан сабақ алды. Өмірінің соңына дейін ҚазҰУ-да өткен студенттік кездерін сағынышпен еске алып, есінен еш уақытта шығарған емес. Шөмішбай бір елі аузынан тастамай айтып отыратын білім ордасы бүгін үлкен кеш өткізіп, ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған кітапты жарыққа шығарып отыр. Игі бастамаға әулетіміздің атынан ризашылығымды білдіремін», – деді Жұмагүл Қаженқызы.

 

Шара аясында Шөмішбай Нағашыбайұлының өмірі мен шығармашылығына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды.