РИКО СНЕЛЛЕР: ҰЛЫ АБАЙДЫ ЖАН-ЖАҚТЫ ЗЕРДЕЛЕГІМ КЕЛЕДІ

 

 

 

 

Смагулова А.С.
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің

халықаралық қатынастар факультеті,
дипломатиялық аударма кафедрасының  доценті

 

Жанузакова Г.А.

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің

халықаралық қатынастар факультеті,
дипломатиялық аударма кафедрасының

аға оқытушысы

 

 

РИКО СНЕЛЛЕР: ҰЛЫ АБАЙДЫ ЖАН-ЖАҚТЫ ЗЕРДЕЛЕГІМ КЕЛЕДІ

 

 

 

Рико Снеллер – Alternative Perspectives and Global Concerns орталығының вицепрезиденті. ӘлФараби атындағы ҚазҰУдың Дінтану және мәдениеттану кафедрасына шақырылған профессор.

– 2021 жылдың желтоқсан айында Алматыдағы ҚазҰУ-дың Дінтану және мәдениеттану кафедрасында бір ай дәріс оқыдым. Мені білім ордасына әріптесім, Дінтану және мәдениеттану кафедрасының аға оқытушысы Нұрлыхан Әлжанова шақырды. Ол бір есте қаларлық, керемет кезең болды. Студенттерге негізгі үш тақырыпшадан тұратын бірқатар курс ұйымдастырдым. Олар: Антропология, дін және философия; Зорлық-зомбылық және қазіргі заман; Жан, синхрондылық және руханият. Алғашқы екі тақырыпшаны Лейден (Нидерланды) университетінде оқыған дәрістеріме сүйене отырып тарқаттым. Аталмыш оқу орнында 18 жыл бойы этика мен философиядан сабақ бердім. Үшінші тақырыпша үшін жақында жарық көрген «Синхронизм, шабыт және жанның перспективалары (Cambridge Scholars, 2021)» атты кітабымдағы тақырыптарды ұсындым, – деді профессор.

Ғалым Этика қоғамы (Societas Ethica), Nederlandse Vereniging voor Analytische Psychologie және Filosofie Oost West ұйымдарында басқарма мүшесі. Лейден университетінде «Метафизика: dōgen антологиясын Делездің «Көшпенділер» алаңы арқылы қайта оқу» тақырыбында докторлық дәрежесін алған. Профессор Снеллер ғылымда жаһандық этика, жаһандық даму, философия тарихы, адам құқықтары, руханият т.б. салалардағы 200-ден астам ғылыми еңбектің авторы. 

– Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да сабақ беру мен үшін үлкен тәжірибе әрі сынақ болды. Бірақ сынақ болды дегенде, аудармашыға мұқтаж болғанымды меңзеп тұрғаным жоқ. Студенттердің дені ағылшын тіліне жетік. Мәселе сонда – шығу тегі әр алуан студенттер (азиялықтар, мұсылмандар, тәңіршілдер т.б.) өзімнің шығу тегімді (еуропалық, христиан еврей) түсінуіме ықпал етті. Дегенмен Азия мен Еуропа қарқынды өзгеріс үдерісінде, яғни ортақ мүдде бағытын табу үстінде. Мен бұл жерде руханиятқа, мистицизмге және шаманизмге жаһандық қызығушылықтың оянғанын айтып отырмын. Сонымен қатар әр континентте климаттың өзгеруі, кең етек алған капитализм, зорлық-зомбылық қаупі т.б. ортақ мәселелер бар. ҚазҰУ студенттеріне бірі білсе, бірі біле бермейтін Фуко, Деррида, Фрейд, Шопенгауэр, Бубер және Джунг сияқты еуропалық ойшылдардың шығармашылығын жете таныстырғаныма қуанамын.

Аталмыш туындылар пәлсапаны терең түсінуге мүмкіндік береді. Дәрісімде білім алушыларға көпшілікке беймәлім ойшылдарды таныстырдым. Мәселен, неміс ойшылы Карл дю Прель (1833-1899) адамның бейсаналығына және оның жасырын мүмкіндіктеріне (телепатия, анықтық) енуге тырысса, тағы бір неміс философы Людвиг Клагес (1872-1956) рационалдық ойдан бұрын болатын сананың нәзік формаларын зерттеген. Бұлар мотивтік тұрғыдан студенттер зерттеуіне септігін тигізуде деп есептеймін, – деді ұстаз.

Рико Снеллер 1998 жылы еврей, француз философы Жак Дерриданың теріс теология мен мистицизмге қатынасы туралы докторлық диссертациясын қорғаған. Оның айтуынша, ізденіс барысында еврей философиясына қатты қызығушылық танытуы ғалымның академиялық этиканы індете зерттеуіне түрткі болған. Өйткені еврей философтары этикалық сананың маңызына нақты тоқталып өткен.

– Еврей мистицизмін (kabbalah) және оның батыс философиясына әсерін зерттедім. Бірте-бірте интеллектуалдық көкжиегім азиялық философия, руханият, өмір философиясы, ерекше тәжірибелер, патология, психоанализбен т.б. толыса түсті. Пәлсапаның кемел деңгейі ретінде сананың терең құпиясын басшылыққа алдым. Менің ойымша, сана тақырыбы – шығыс пен батысты біріктіретін ортақ тақырып. Дәрістерімде талқыланған курс материалдарын және түйсігімде пайда болған соны идеяларды «Синхрондылықтың, шабыттың және жанның перспективалары» атты кітабымда жоғары деңгейде жеткізуге тырыстым. Аталмыш еңбегімде сан алуан ой қамтылған. Айталық, кітапқа шабыт, экстаз, сексуалдылық, азап және өлімнен бастап, басқа да түрлі тақырып арқау болды. Менің гипотезаларымның бірінде өлімге «түпсана күші» деген анықтама беріледі, яғни өлімді бейсаналық тұжырымның жоғарылауы ретінде қарастыруға болады. Жақында «Еуразиялық дінтану» журналына шаманизм мен метафизика туралы мақала ұсындым. Осы орайда, студенттерге Людвиг Клагестің шамандық философиясын таныстыруға мүдделімін, – деді профессор.

Ғалым бүгінде Нидерландыдағы дарынды студенттерге арналған Мандевиль академиясында, Фри академиясында және Юнгия институтында дәріс береді. Сонымен қатар теологтер үшін философия тарихы курсынан Людвиг Клагес, Герман Фридман, Ханс Дриш, Отто Ранктың зерттеулеріне жеке-жеке тоқталып, онлайн сабақтар да өткізеді.

– Мен халықаралық ғылым саласында көп жыл бойы «Балама перспективалар және жаһандық мәселелер» атты ғаламдық аналитикалық орталықта түбі ирандық, қазір канадалық әріптесім Махмуд Масаэлимен бірге қызмет еттім. Біз әлем бойынша көптеген конференция ұйымдастырып, бірқатар зерттеу кітабын дайындадық. Ливандық әдебиеттанушы Наталья Абдель Фаттах пен голландиялық музыкатанушы Майкл Миннемамен бірге Outre-lignes деп аталатын өнер және психофилософия жобасын бастадық. Тағы бір халықаралық жоба: «Идеялар туралы ғылым». Аталмыш жобада әлеуметтік, ғылыми т.б. тәжірибедегі идеялардың пайда болуы мен қалыптасуы кең ауқымда қамтылған. Менің арманым – қазақстандық зияткер, зиялы аудиторияны шетелдік ынтымақтастық орталықтарымен байланыстыру. Жақында қазақтың ұлы ойшылы, ақын Абай Құнанбайұлының шығармашылығымен таныстым. Алдағы мақсатымның бірі – данышпан Абайды шетелдік оқырман аудиториясына ұсына отырып, пәлсапалық тұрғыдан жан-жақты зерттеп-зерделеу. Меніңше, әр ел өзіне тән мәдениет пен құндылықтан бас тартпай, өзара түрлі жоба мен зерттеу жүргізуі қажет. Тек осылай ғана біздің әлем өркендей алады, – деп сөзін қорытындылады профессор.