Амир Молдабеков
Айбек Қалиев
Торғай да, Торғай, Торғаймын
Торғай да, Торғай, Торғаймын,
Жүректе тұнған мол қайғым.
Тыңдаушы жұртым кез келсе,
Сөйле деп маған сөз берсе,
Толғау да, толғау толғаймын.
Алаштың асыл нәрі деп,
Сөйлеген сөзі дәрі деп,
Абылай таққа мінгенде,
Батасын берген баһадүр,
Шақшақтың ұлы Жәнібек,
Арыстан туған Торғаймын!
Алты Алашқа күн болған,
Күннен туған нұр болған,
Ахмет пен Міржақып,
Данышпан туған Торғаймын!
Әбдіғар хан бастап,
Амангелді ол қостап,
Ақ патшаның өзінде,
Торықтырған Торғаймын!
Әскерін итше сабылтып,
Қайратынан қағынтып,
Айбатынан арылтып,
Зорықтырған Торғаймын!
Әлихан құрған Алаштың,
Ордасы болған Торғаймын!
Азаттық үшін күресте,
Төлбасы болған Торғаймын!
Қасиет пен киенің
Жолдасы болған Торғаймын!
Одан кейін қызылдың,
Олжасы болған Торғаймын!
Отыз жетіде сүргінде,
Еміргенген елім деп,
Тебіренген жерім деп,
Асыл да берген Торғаймын!
Эрмитажға Кейкінің,
Басында берген Торғаймын!
Сырбай болып, Ғафу боп,
Әдебиеттің күн кеше,
Төрінде ойған Торғаймын!
Орнағанда азат күн,
Теңгесіне қазақтың,
Байназаров Ғалым боп,
Қолын қойған Торғаймын!
Толғау да толғау, толғаймын!
Өз тұсында екі рет,
Өкімет болған Торғаймын!
Облысым жабылып,
Тынысымда тарылып,
Әркімдердің ермегі,
Жетімек болған Торғаймын!
Тарихымыз осылай,
Парақталған Торғаймын!
Қостанай, Ақмолаға,
Екі көзі жәутеңдеп,
Қарап қалған Торғаймын!..
Тасынғандар басынып,
Масыл болған Торғаймын!
Басынғанған ашынып,
Батыл болған Торғаймын!
Ашынғаннан ашылып,
Ақын болған Торғаймын!
Ақиқатын айтайын,
Қорқатұғын нем қалды,
Қорқа-қорқа әркімнен,
Батыр болған Торғаймын!
Құдірет Кәрім бар болса,
Жаратқан ием жар болса,
Жұрт не десе о десін,
Облыс болмай қоймаймын!
с Айбек Қалиев
Для отправки комментария необходимо войти на сайт.