Ақылдылар тереңге жасырынып,
Ақымақтар шыққандай су бетіне.
Адамдардың қарамай келбетіне,
Қарайтындар көбейді суретіне.
Ақылдылар тереңге жасырынып,
Ақымақтар шыққандай су бетіне.
Ақ қандай, біздің елде, қара қандай,
Ақымақ кім, ақылды, дана қандай?
Айыра алмай қалатын күнге жеттік,
Санаңды ұры ит келіп жалағандай.
Мазағы ма, бұл әлде, азабы ма,
Іліндік пе, құдайдың, назарына,
Жетімі мен жесірін жылатпаған,
Қайдан келді, жауыздық, қазағыма.
Түйесін түгіменен жалмаған ел,
Сөз тыңдайтын адамы қалмаған ел.
Өз тілінде келмейтін сөйлегісі,
Бұл қандай, өзін-өзі, алдаған ел?
Өмір,саған, өлердей ғашық едім,
Елім азат болды-ау деп тасып едім,
Басыңнан өткен талай азапты күн,
Аз болды ма, қайғы мен қасыретің?
Бұл өзі, қызық дүние, дегенмен де,
Басқа түссе қызығын көрер пенде.
Адамдары кеткендей күрт өзгеріп,
Айналып, ойыншы мен көрерменге.
Қаратаудың басынан көш келеді,
Қайда кеткен, бұл елдің, өскелеңі.
Бірін-бірі түтіп жеп қоятындай,
Байлық пенен дүние көксегені!..