Аты журналистер қауымдастығы ортасында аңызға айналаған деканымыз Т.С. Амандосов ағамыз

 

Кәкен ҚАМЗИН,

филология ғылымдарының докторы, профессор

Аты журналистер қауымдастығы ортасында аңызға айналаған деканымыз Т.С. Амандосов ағамыз

 

Құрметт» зиялы қауым! Ұстаздар бен шәкірттер!

Өткен күндер. Айбыны асқақ Алатау. Әсем Алматы.  Апорты мен раушанының хош иісі бұрқыраған гүл қала. Жастық шақ. Өр көңіл. Кешегіміз сонысымен де қызықты, қимас, қасиетті болып көрінуі мүмкін біздің ұрпаққа.

Мың да тоғыз жүз алпыс сегізінші жыл. Қазақтың С.М. Киров атындағы университетіне, қазақтың маңдайына біткен жалғыз университетінің табалдырығынан аттау бақыты бұйырыпты. Онда да екінің-бірінің қолы жете бермейтін журналистика факультетінің. Иә, 53 жыл бұрын. Аты журналистер қауымдастығы ортасында аңызға айналаған деканымыз Т.С. Амандосов ағамыздың айбарлы да ақжарқын, қатал да қамқор образын сол жылдардан бастап тани бастадық. Ағылшындар айтпақшы, who is who?

Сұрауы көп, жауабы аз заманда, фреймделген қоғамда өмір кештік. Сондықтан сол сұрауларға өзіміз жауап беруге тырыстық. Бірақ леп белгісінен гөрі күн өткен сайын сұрау белгісі көбейіп бара жатқан сияқтанатын. Сол саулдарға классикалық журналистика да, технологиялық мүмкіндікке сүйенген заманалы бұқаралық коммуникация да осы күнге дейін жауап іздеп келеді. Тапты ма, таппады ма, міне, мәселе қайда?

Біз университет аудиториясына айфон ұстап келгеміз жоқ, биологиялық компьютерімізді, яғни басымызды көтеріп кірдік. Оның алдында, мектеп қабырғасында жүргенде, Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешуінен» талай алаш қайраткерлерінің есімдері санамызға сіңді, Нәзір Төреқұловқа жауабынан Ахмет Байтұрсыновтың: «Мен Маркс айтты екен деп тоқтай алмаймын» сөзін көкірегімізге түйдік. Әбділда Тәжібаевтың «Өмір және поэзия» монографиясынынан там-тұмдап Мағжан өлеңдерімен таныстық. «Шоқан Уәлиханов» (1957) фильмінен Нұрмұхан Жантөриннің Абылайлаған ұранын естідік, Садық төренің өршіл образын көрдік. Біз прозашы Ілияс Есенберлин, ақын Мұқағали Мақатаев, журналист Әнуар Әлімжанов дәуірінде өмір сүрдік.

Студенттер мақсаты туралы. Қолдан келсе, оза шабу, жұрттың алды болу. Бірақ… Иә, бірақ. Сол кездегі контрастты қоғамның, макияжы қалың жүйенің, моноидеологиялық қыспақтың сыр-сипатын келе-келе ұға бастадық.

Расында да, дүниенің кеңдігінен не пайда, аяқ киімің тар болса. Сол жылдары «Совет журналистикасының теориясы мен практикасы»  оқу құралында ұстазымыз былай деп жазған екен: «Газеттер Коммунистік партияның саясатын насихаттауда, кемелденген социализм дәуірінің міндеттерін іске асыру жолында зор роль атқарады. Газеттер – жаңа адам тәрбиелеудің айрықша құралдарының бірі» (63 б.). Байқасаңыздар, зерделі зерттеуші заман шындығын, басқарушы тұтқа, қазіргіше айтсақ, басты сервер кімнің қолында екенін айқын аңғартып отыр. Сонымен қатар ол журналистика құбылысы, замансөз объективті сипатынан аулақтап кетпейтінін де ұқтырып өтеді.

«Публицистика – өмірдің сырлы суреті. Публицистика арқауы – шындық» – міне, бұл жалпы журналистиканың табиғатын кестелейтін формула, журналистер корпусының ұстанар басты принципі (126 б.). Осынау талап, міндеттердің, біздіңше, әлі күнге дейін бәсі жоғары.

Журналистика жанрларының болмыс-бітіміне, оның үдерістік тұрпатына терең үңілген филология ғылымының докторы, профессор Т.С. Амандосов  төмендегідей ой түйеді: «Публицист өз шығармалары арқылы заманымыздың оқиғалары туралы жалпы бағыт беруді мақсат етеді немесе күрделі фактілері арқылы оқырманға әлеуметтік өмірдің заңдылығы мен тенденциясын түсіндіруді көздейді. Болмаса, оқырманға қазіргі өміріміздің әлеуметтік сипаттары туралы баяндап беру мәселесі қойылады. Публицистің алдына қойған осы мақсаттарына байланысты публицистика хабар, талдамалы және көркем- публицистика болып жүйеленеді де,  олар өзара іштей жанрларға бөлінеді, Әрбір жанрдың  өзіне тән заңдылығы, өз ерекшеліктері, өмір шындығын зерттеуде өз әдістері бар» (151 б.). Басқаша айтсақ, журналистика теоретигі заманды, яғни уақыт пен кеңістік гибридін (хронопты), шығармашылық үдеріспен ажырамас бірлікте қарастырады.

Ал, Т.С. Амандосов сынды ірі құбылыстың, ерекше феноменнің ізашары бар ма еді? Әрине, бар! Ол өткен ғасырдың отызыншы жылдарының ар жақ, бер жағында дүниеге келген Ілияс Жансүгіровтің  кереге газеті туралы төрт бөлімді оқу құралы, Ш.Х. Сарыбаевтың 1934 жылы Ташкентте жарияға шыққан  «Газет ісі» атты оқу құралы. Аталмыш екі еңбек кеңестік кезеңдегі қазақ журналистика теориясының, сөзсіз, төлбасы.

Сабақтастық туралы. Осы ретте керемет бір ішкі байланысқа тоқтала кетейін. Кемеңгер әл Фарабидің еңбектерінде нәрлендіруші әлеует, сезіндіруші әлеует, бейнелеуші әлеует, ұмсынушы әлеует, дене/тән әрекеті сияқты сараптамалық бағыттағы ұғым/терминдер бар. Осы категорияларды ол зият/интеллектпен, оның іс-әрекетімен байланыстырады да, барлығын сана күшіне әкеліп тірейді. Демек, саналы дүниеде үйлесім/гармония  мен жүйелілік басым болады. Профессор Т.С. Амандосовтың ғылыми түйіндерінде сол бес стратегиялық әлеуеттің ықпалы айқын сілемденеді.

Осы арада және бір ғажап сабақтастық туралы сөз қозғай кетейін. Кезінде докторлық диссертация тақырыбыма байланысты әл-Фараби шығармаларын сүзіп шықтым. «Философтар сұрақтарына жауап» трактатына ерекше назар аудардым. Құйылып тұрған сұхбат жанры. Әрине, мұндай форма Платоннан да, Аристотельден де табылады. Дегенмен Фараби өз бабамыз ғой, сондықтан қазақ журналистика жанрларының тарихы, жазба журналистикамыз соноу орта ғасырдан бастау алады деген қорытынды шығардым. Мұндай батылдыққа, мұндай жаңашылдыққа мені үйреткен Т.С. Амандосовтың ізденіске жетелер  дәрістері, Ақжан Машановтың ғылыми еңбектері, Әнуар Әлімжановтың прогессивті, екпінді публицистикасы. Солай. Жақсы ұстаз жаман шәкіртіне жүз жыл азық деген осы да.

     Бәсекелестік туралы. Бәсекелестікті ешқашан бақталастықпен, бақайесеппен шатастыруға болмайды. Әрине, ақпарат алаңы, журналистика дүниесі – жарыс, шабыс кеңістігі. Таукең өз дүниетанымымен, өз жүріс-тұрысымен, өз дәрісімен бізге шығармашылық жарыс ережелерін, жағымды бәскелестік ұйғарымдарын да үйретті. Бәселестік болғанда, тіптен рулық, жүздік, тіпті қазақастандық деңгейді  емес, бүкілодақтық, халықаралық биікке жөн сілтеді. Соның жемісі болар, Таукеңнің талай шәкіртінің еңбегі де, тұлғасы да халықаралық деңгейде жарқырай танылды.

Заман архитектурасы. Бұрынғы Алматы мен қазіргі Алматы. Бір жағынан нақты географиялық нүктеде орналасқан бір шаһар, екінші жағынан жыға танымастай басқа кейіптегі қала. Меніңше, пәлендей парадокс емес, ілгері басудың, ажарланудың, жаңашылдықтың айқын айғағы. Өзгеріс өзгерісті жетелей келді дегеніміз осы шығар. Енді санамызға, коммуникациялық байланыс санатына бағдарланудың/навигацияның жаңа қоғамы, когнитивтік революция, жаңа мультимедиалық галактика, факт эволюциясы, сана абберациясы сияқты ұғымдар мен технологиялық сонылықтар сіңісе бастады. Қазіргі кездегі ақпараттың, мен журналист хабарламасын  айтып отырмын, товарға, бизнеске айналуын шығармашылық сара жолдан ауытқу деп түсінуге де болар. Ойланарлық, ойландырарлық мәселелер. Күмән/күдік тудырар идеялар дәл қазір жетіп артылады. Осы турасында кезінде Т.С. Амандосов былай депті: «Публицистің жаңа идеясы өмір сүріп отырған қоғамның оқиғаларынан, құбылыстарынан туады, яғни ол идея қоғамдық-әлеуметтік өмірдің салдары мен сарыны» (217 б.).

Т.С. Амандосов мектебі, Амандосов мектебінің түлектері туралы.  Кеңес одағы кезіндегі «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас» газеттері, «Жұлдыз» журналы ұлттық тәрбиенің басында, жетекшісі болғаны анық. Тәуелсіздік танымын да қалыптастырған сол кезеңнің журналистері. Тауман Амандосов мектебінің шәкірттері. Биыл қазақ халқы өз тәуелсіздігін қалпына келтіргенінінің 30 жылдығын атап өтпекші. Ал, Кеңестер одағының тарату туралы қаулыға қол қойған кім? Ол Республикалар кеңесінің төрағасы – Әнуар Тұрлыбекұлы Әлімжанов. Амандосов мектебінің түлегі, Таукеңнің дарынды шәкірттерінің бірі. Демек, өзі тәрбиелеген шәкірттері арқылы біздің ардақты мударисіміз  ел тәуелсіздігіне ақ бата берді, азаматтық-рухани  үлесін қосты.

Т.С. Амандосовтың өнерпаздығы туралы. Кітап мәдениетімен таныс, кітап қадірін білетін жұрт Ғабит Мүсреповтің «Қазақ солдаты» романын қайдан ұмытсын. Сол шығармадағы әнші Бораштың прототипі өзіміздің Тауман ағамыз екенін екінің бірі біле бермейді.  Біздің студенттік бас қосуларымызда, тойларымызда шырқалған Таукеңнің «Ақбақайы» әлі есімізде.  Әлі көз алдымызда. Құлағымыздан үні кетпейді. Сегіз қырлы, бір сырлы ұстазымыздың бұл өнегесін ұлы Абайдың бір-ақ ауыз өлеңімен қайыра салайық.

Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар,

Үннің тәтті оралған мәні оятар.
Кейі зауық, кейі мұң, дертін қозғап,
Жас балаша жүректі жақсы уатар.

Қорытынды.   Құрметті зиялы қауым! Айналама, бар дүниеге көз саламын. Уақыт шабысы да сол бұрынғыдай. Кеңістік те сол қалпы. Тек оптика өзгерген. Сондықтан біз фактіні, оқиғаны, құбылысты әрқалай танимыз. Жер бетінде, дәстүрлі мекенімізде   әрқалай өмір кешіп келе жатырмыз. Есіме Олжас Сүлейменов ағамыздың:

Кружись, айналайын, Земля моя!
Как никто,
я сегодня тебя понимаю,
все болезни твои
на себя принимаю,
я кочую, кружусь по дорогам
твоим… – деген өлең жолдары

орала береді. Біз де – журналистер қауымы көшпелі өмір кешеміз, әлем сырқаты  біздің сырқатымыз, ұлтымыздың дерті  біздің дертіміз деуден жалықпаймыз. Кезбе тіршілік кешеміз, елдік қамымен жүріп қара жер құбылысына зер саламыз, бас айналар түнгі аспанға қараймыз. Реалистпіз, лирикпіз, романтикпіз. Әуеден жаратқан иемнің нұры саулап тұрғандай ма, қалай?  Жымың қаққан сол планетаның бірі ұрпақтарына бақ пен бақыт тілеп тұрған Тауман Салықбайұлы Амандосов ағамыздың жұлдызы емес пе екен?

Жарқырай берсін сол жұлдыз.

Көп рахмет.