Әңгімелескен:
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»
Ұшқыштар әулеті
Моңғол елінде әуе кемесін тізгіндеуге құштар қазақ әулеті бар. Бұл әулеттің әуелгі ұшқышы – шетел қазақтарынан шыққан алғашқы генерал (1944 ж), Моңғолия әуе күштерінің бас қолбасшысы (1939-1950) Жайсанып Райысханұлы Мүдәріс болса, екіншісі – оның інісі отставкадағы полковник Таштуан Төтейұлы. Тәкең 1936 жылы Бай-Өлке аймағында дүниеге келген. Ресей Федерациясы Рязань облысы Сасово қаласындағы авиация училищесін және Мәскеу түбіндегі Гагарин академиясын бітірген. Моңғолияға еңбек сіңірген ұшқыш (2000 ж).
Суретте: генерал Жайсанып пен інісі Таштуан. 1962 ж. Бай-Өлке.
Үшіншісі – Таштуан ағамыздың үлкен ұлы Әуез. Ол – 1963 жылы Бай-Өлке аймағында туған. Қазір MIAT Mongolian Airlines компаниясының белді ұшқышы, Boeing 767-300 ұшағының экипаж командирі. Омбы азаматтық авиациялық ұшу-техникалық колледжін, кейін Кировоград жоғары ұшу академиясын тәмамдаған. Төртіншісі – Таштуан қарияның інісі Болтайдың баласы Әсет. Бұл азамат қазір «Эйрбас» ұшағын тізгіндеп жүр. Бесіншісі – Тәкеңнің кенже ұлы Есболат. Бұл бала әкесінің жолын қуып, Сасово авиация училищесін бітірген. Ұлыбритания-Жапония бірлескен «Изнесс» фирмасында Boeing 737-800NG ұшағының экипаж командирі. Бұл даңғыл әлі де жалғасатан түрі бар. Тәкеңнің туған інісі Тәбілтай қарияның бір немересі Заманбек жуықта Мажарстан еліндегі азаматтық авиация оқуына аттаныпты. Бұйырса, бір әулеттен алтыншы ұшқыш шығады.
Осы орайда, жасы сексеннің бесіне аяқ басып отырған, ұшқыштар династиясының көзі тірі көшбасшысы Таштуан ағамызға хабарласып, онлайн сұхбаттастық.
– Таштуан аға, сіздің ұшқыш болуыңызға Жайсанып ағаңыздың көмегі тиген дейді жұрт. Рас па?
– Рас. Мен орта мектепті Ұлан-батыр қаласында бітірдім. Үздік оқыған бірнеше оқушыны Кеңес еліне оқуға жіберетін болды. Ішінде мен бармын. Маған үш жоғары оқу орнын көлденең тартты. Біріншісі, Ленинград қаласындағы Спорт институты. Екіншісі – Халықаралық шет тілдер институты. Үшіншісі – Иркутск қаласындағы Құрылыс инженері институты.
Үш күн мұрсат берді. Осы үшеуінің бірін таңдауым керек. «Жарайды» дедім. Содан аяңдап Жайсанып ағама келдім. Ол кезде көкемнің беделі сұмдық. Моңғолдар тірі тәңір тұтады. Барып жөнімді айттым. Осылай да осылай. Жәкең мені тыңдап аз-маз отырды. «Бұл болмайды», деді: «Мен саған қазір хат жазып берем. Осы қағазды алып Әуе қатынастары комитетіне бар. Полковник Церендоржға тіке кір!». Көкемнің бұйрығы қатты. Бұлтару жоқ бізде. Содан комитетке барып, бастығына кіріп, қолымдағы хатты бердім.
– Хатта не жазылыпты?
– Оны өзім де білмеймін. Сөйтіп тұрғанда тағы біреулер келіп, әлгілер өзара әңгімелесіп кетті. Полковник айтып жатыр: «Мына бала генерал Жайсаныптың бауыры екен. Ағасының жолын қуып, ұшқыш болғысы келеді». Сонда білдім. Жәкең мені Кеңес Одағына ұшқыштар даярлайтын оқуға жіберіңдер деп хат жазыпты емес пе.
Қолма-қол Кеңес еліне ұшқыштың оқуына баратындардың тізіміне қосты да жіберді. Қолыма екі парақ қағаз ұстатты да: «Дереу әуежайға тарт. Бай-Өлкеге аттанатын ұшаққа отыр. Мына екі билет барып-қайтатын жол шығының. Жолың болсын! Үш аптадан кейін оқуға аттанасың, кешігіп қалма», деп шығарып салды.
Бұл қараңғылықты қойсаңшы. Жатақханаға келсем, бірге оқитын бай-өлкелік алты бала машинаға отырып, жазғы демалысқа үйлеріне жүргелі жатыр екен. Содан қызығып кетіп, кузовтың бір шетіне қыстырылып мен де отырып алдым. Ұшақтың екі билеті қалтада шаң-шаң болып жүк көлігінің үстінде кетіп барам. Күн ыстық, машинаның суы қайнап жүрмейді. Қоңыр шишанның (машинаның) ығында көлеңкелеп жатып, аспанда ұшып бара жатқан аппақ шағаладай ұшақтарға қараймын. Бес сағат ұшып үйге жетіп баратын адаммын ғой. Енді келіп қызыл құмда кесірткемен бірге тыпырлап жатысым мынау.
– Сонымен арып-аршып Бай-Өлкеге жеттіңіздер…
– Зорға дегенде жеттік. Қайтарда жолдың азабынан аузым қүйіп қалған, әрі қалтамда билетім бар болғандықтан Ұланбатырға жүретін ұшаққа келіп шұбар қағазымды көрсеттім. Экипаж бастығы көріп: «Мынаны қараңдар, Бай-Өлкеден тағы бір Жайсанып шығатын болды», деп күлді. Кешікпей Ресейдің жасыл орманын бетке алып тартып отырдым.
– Сөйтіп, Ресейге ұшқыштың оқуына келдіңіз?
– Рязань облысына қарасты Сасово деген шағын қала бар. Осындағы азаматтық авиация училищесіне 10 бала оқуға келдік. Мен ғана қазақ, қалғандары моңғол. Жергілікті халық моңғол дейтін елдің барын да білмейді екен. Бізді «қытайлықтар» деп қабылады. Үш жыл оқыдық.
Жазда теория, қыста ұшып-қону тәжірибесін жасаймыз. Қараша айында 10 күнге демалыс береді. Оның 3-4 күні пойызда кетеді. Бай-Өлкедегі үйіме келіп, екі-ақ күн қонып қайта жолға шығамын. Шешем жарықтық Жайсаныпты жазғырады: «Өзі қаңғырғанымен қоймай, баламды да қаңғыртып орыстың ұшқыш оқуына жіберді, бұл да орыстан қатын әкеле ме кім білсін…», деп еңірейді.
– Ресейден азаматтық авиацияның оқуын бітіріп келген соң алғаш ұшаққа отырып, аспанға көтерілгеніңіз есіңізде ме?
– Оқуды 1960 жылы бітіріп Ұланбатырға келдік. Бізге дереу әскери шен берді. Дәл осы жылы Бай-Өлке аймағының орнағанына 20 жыл толып, үлкен той болғалы жатыр екен. Тойға Орталық партия комитетінен адамдар барып сый-сыяпат жасайды деп «Ил-14» маркалы люкс ұшағын дайындап қойыпты. Бастықтар әлгі ұшақтың тізгініне мені отырғызып, Бай-Өлкеге қарай самғатып қоя берді. Осылай ұшқыш болып шыға келдім.
– Ал енді ұшқыш болғаннан кейінгі хикаяларыңызды айта отырыңыз?
– Ол заманда батыс үш аймақ – Қобда, Убсы, Бай-Өлкенің ортасына арнайы бір үлкен ұшақ қатынайды. Ол Қобдаға түседі. Ұланбатырдан Қобдаға келген жолаушыларды Бай-Өлкеге таситын шағын, 14 кісілік «АН-2» ұшағым бар. Күнде таңертең тепеңдеп Қобдаға барамын. Жолаушылардың қоржын-қоспағы мен поштамды салып алып, тырылдатып жан-жаққа шабамын. Осылай 9 жыл жұмыс істедім. Бай-Өлкенің жықпыл-жықпыл шың-құздарын жатқа білемін. Сай-сайды қуалап тартып отырам. Біздің елдің тауларынан бұлттың өзі аса алмайды. Шуда сияқты басына байланып тұрады. Мен болсам, қақ жарып тарта берем. Басқа басқа, жайлауда отырған өз ауылым үстіне келіп, киіз үйдің мұржаларын жанай ұшам. Желідегі құлындар үркіп, желі-бау үзіліп қырғын болып қалады.
– Сіз сияқты тәжірибелі ұшқышты орталыққа шақырған жоқ па?
– Орталық мені арқамнан қағып жатып кеп мақтайды. Себебі таулы өлкеде ұшатын тәжірибелі ұшқыш аз. Олар: «Тәке, сіз болмасаңыз қырылып қаламыз», дейді. «Түбі қайырлы болсын» деп жүре бердім.
– Біз бала кезімізде: «Таштуан самолетін Мөңку-қайырхан шыңының ұшар басына қондырыпты» деген аңыз естуші едік, шындығында сондай бірдеңе болып па еді?
– Е..е, бұл 1967 жылдың ең соңғы күні болған оқиға. Ел жаңа жылға дайындалып жатқан. Аймақ орталығынан алыс, Бұлғын сұмынына таңертең бір барып келдім. Түстен кейін қайта ұштым. Қайтарда күн кешкіріп, мен жеткенше қараңғы түсетін түрі бар. Жарықта әуежайға жете алатын емеспін. Үкімет бекітіп берген арнайы жолмен ғана ұшуға тиіспіз. Қысқасы, бекіткен жолды тастадым да төтелеп тарттым. Теңіз деңгейінен 4300 метр биік Мөңку-қайырхан дейтін шың бар еді, әлгіні бөктерлеп тартып келем. Салонда жалғыз жолаушым бар. Үйде отын жоқ. Бұлғыннан төрт қап сексеуіл тиеп алғам. Бір заманда бықсыған түтін иісі шықты. Кабинаны ыстық жалын кеулеп кетті. Алдыңғы терезеден түк көрінбейді. Енді не істеу керек?
Бұрын ары-бері өткенде байқап жүремін, ылдилап түсетін шағын жазық тепсең бар еді, соны мөлшерлеп ұшақты төмен қарай сырғыттым. Бір заманда дөңгелегі жерге тиді-ау, тоқтай алмай зырлап келем… тұяғы үлкен тасқа тіреліп, ұшағым тоқтап қалды. Түсіп қарасам, ұшақтың сырты май шашырап сатпақтанып қалған. Салонға кірсем, әлгі жалғыз жолаушым естен танып, құлап қалыпты. «Әй, өлген жоқсың, тірісің!», деп оны тұрғызып алдым. Иен дала, құз таудың бөктерінде екі қазақ пен бір ұшақ қар жастанып, мұз төсеніп тұрдық та қалдық.
– Содан…
– Содан әрекетке көштік. Мен кабинаға отырып алып, ұшақты төмен сырғыттым. Қасымдағы жолаушы ұшақтың алдына түсіп алып жаяу жүгіріп отырды. Орма құз, терең жыра кезіксе ескертеді. Сөйтіп, жорғалап отырып өлдім-талдым дегенде етекке түстік.
– Ұшаққа не болыпты?
– Моторға май айдайтын шлангі жарылып кетіпті. Етекке түскен соң рация арқылы орталыққа хабар бердім. Таң атқанша айналаның тасын теріп «аэродром» жасап шықтық. Ертеңінде, қажетті бөлшек-сайманды алып екінші ұшақ келді. Ұшқыш қона алмай, әбден ит әуресі шықты. Рация арқылы әйт-бүйт деп жүріп зорға қондырдық.
– Қайта ұшқанда қиындық болмады ма?
– Әкелген сайманды салдым да, ұшақты гүр еткізіп от алдырып, сайды қуалай жүгіріп көтеріліп кеттім. Екінші ұшақтың ұшқышы ұша алмай тұрып қалды. Рациямен байланысқа шығып, жол көрсетіп те қайран болмады. Содан өз ұшағымды жазыққа қондырып, қой қайырып жүрген шопан баланың атын сұрап алып, шауып отырып келіп, екінші ұшақты алып шықтым.
Осы оқиғадан кейін мені орталықққа шақырды. Ұланбатырға барған соң «АН-24» ұшағына отырғызды. Бұл – 1968 жыл. Бір жылдан кейін Орталық Партия комитеті Гагарин атындағы әскери ұшқыштар академиясына жіберді. Оқуға 3 адам бардық. Бізді истребитель ұшқышы етіп даярлап шығарды.
– Бірақ сіз оқу бітірген соң әскери ұтқыр ұшақтың тізгінін ұстаған жоқсыз. Оған не себеп?
– Оқу бітіріп келген соң, денсаулығыма байланысты ұтқыр ұшаққа отырудан бас тартуыма тура келді. Сол себепті, Азаматтық авиациядағы қызметімді жалғастырдым.
– 80-жылдардың басында арнайы тапсырмамен Ауғанстанға жиі ұшып барып тұрдыңыз…
– Ауғанстанға жүк тасыдық. Көбі – азық-түлік, киім-кешек. Ұланбатырдан ұшып Иркутск, Новосібірді басып өтіп, Алматыға түсеміз. Одан Ташкентке барамыз. Онда Мәскеуде арнайы даярлықтан өткен адамдар күтіп отырады. Соларды кабинаға салып аламыз. Олар жол-жөнекей ауған және ағылшын тілінде сөйлеп, бізді Кабулмен байланыстырады.
Кабулға түсу қиын. Қаланың қақ төбесіне дейін 3,6 мың метр биіктікті ұстап ұшамыз. Одан төмендесең, тауға бекінген жау ракетасы қағып түсіреді. Сол себепті, тура қаланың төбесіне келіп алып, 3,6 мың метр биіктен шыр айналып, шеңбер жасап құлдилап түсеміз. Қайта ұшқанда да солай, Кабулды үш айналып ұшақты ышқындырып тартып отырам…
– Айтпақшы, сонау бір жылдары Мұсахан Қаматжанұлы дейтін қайраткер қазақты қатты науқас үстінде Ұланбатырдан алып ұшып, елге аман жеткізгеніңіз жайлы аға буын ақсақалдар аңыз қылып айтып отырушы еді…
– Мұсахан марқұм – көп жыл Бай-Өлке аймағын басқарған адам. Осы кісі қатты сырқаттанып, Ұланбатырға емделуге кепті. Содан денсаулығы нашарлап, әне-міне жүріп кетуге шақ тұрады. Ел басқарған саламатты тұлға қалың моңғолдың ішінде жан тапсырса, сүйекке таңба. Қаладағы оқыған қазақтар осылай деген соң, анау-мынау жоқ, хал үстінде жатқан Мұсахан ағаны салып алып Бай-Өлкеге тартып отырдым. Ұшағым жақсы, жаңа еді. 50 кісілік «АН-26» болатын. Жолай Бай-Өлкедегі әуежай кезекшісіне хабарлассам айтады: «Ешқандай ұшақты қабылдауға мүмкіндік жоқ, ауа райы жаман. Жаңа ғана бір үйір сиырға жай түсіп қырылып қалды. Келуші болма!».
Оны елеп жатқан мен жоқ, Бай-Өлкені бетке алып, тартып келем. Таяп келіп тағы хабарлассам, кезекші бет қаратпайды. Содан қазақшалап: «Әй, Аманбай, салонда Мұсахан аға келе жатыр. Ауыр науқас өліп кетуі де мүмкін, түсуім керек», дедім. Аманбай жауап беруге дәті жетпей, байланысты үзіп жіберді. Маған түсуге рұқсат берсе, басы кетеді.
Өлгей қаласының үстіне таяп келсем, шынында қонуға мүмкіндік жоқ екен. «Шыңды бел» дейтін биік асуға келіп, ұшағымды еңкейтіп қарасам, әудем жерде Өлгейім жымыңдап тұр. Әуежайдың батыс жағынан келдім де, топ етіп қона қалдым. Ұшақ жерге қонған соң, кірпігі қыбырлап жатқан Мұсекең көзін ашты. Сыртқа шығып, қара топырағын жата қалып иіскеді. Көп кешікпей дұғасын айтып бақилық әлемге аттанып кете берді.
– Сонау бір жылдары Бай-Өлкеге қонаққа келген жазушы Сәбит Мұқановты ұшаққа отырғызып алып, Ноғонұр деген ауылға тойға барған екенсіз…
– Иә, бұл сол «АН-2» ұшағын басқарып жүрген кезім ғой. 1967 жылы атақты жазушы Сәбит Мұқанов Баян-Өлкеге келді. Аймақ басшылары тарапынан: «Сәбеңді Ноғонұр ауылына ұшақпен жеткізесің!» деген тапсырма түсті. «Тәуекел!» деп, Сәбеңді салып алып тартып кеттім. Ауылдың бас жағын ала, кең жазықты қолайлап алдым да, ұшақты жайлап қондырдым. Шапқылап жетіп, қаумалап алған елдің таңданысында шек жоқ. Бұл – Ноғонұрға түскен алғашқы ұшақ еді. Қазақтың ұлы жазушысы Сәбеңе қызмет көрсеткен тарихым осы.
Әңгімелескен:
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»
Для отправки комментария необходимо войти на сайт.