Мөлдір Адамжан
Рухани ашықсаң – Абайды оқы!
Адам баласы үшін ең қиыны өз болмысын қалыптастыру. «Қайтсем адам болам, қайтсем өз жолымды табам» деген сұрақтар барлығымызды мазалайтыны анық. Сондай сәттерде дұрыс бағытты кімнен аламыз? Рухани ашықсаң –Абайды оқы! Абай адам болмысын терең зерттей білген ойшыл. Бір ғасырға жуық уақыт өтседе Абай сынаған қасиеттерден біз әлі де толықтай арыла алмадық…
Абайдың қандай өлеңін білесіз? Сіздің ойыңызға бірден «Ғылым таппай мақтанба», «Әсемпаз болма әрнеге» өлеңдері түсті ғой, солай емес пе? Себебі бұл мектеп кезінен есіңізде сақталып қалған. Демек, сіз бала кезіңізде оқыған осы өлеңдерді ес білген кезде де ұмытпадыңыз. Неге? Өйткені, Абай мұрасы уақытқа тәуелсіз. Күнтүзбедегі айлар мен жылдар ауысқанымен оқырман қауымға берері азаймайды.
Абай шығармалары адам бойындағы асыл қасиеттерді дәріптеуші. Оның шығармалары бізге жол нұсқаушы, пендешіліктен арылып адамгершілік қасиеттерді биік қоюға үйретер жолсерік.
Ғылым таппай мақтанба. Адам бойындағы мақтаншақтық оңайлықпен кетпейтіні анық. Абай бізге бұл тіркес арқылы шала іске мақтанудан аулақ болу керек екендігін айтады. Бастаған ісіңнің соңына жетпей, жан-жақты зерттемей, барлық қыр-сырын білмей жатып жаһанға жар салу –қателік. Алдымен біл, үйрен, нәтиже шығар, сосын ғана көпшілікпен бөліс. Және бұл әрекетің мақтаннан алыс болсын.
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ –
Бес дұшпаның, білсеңіз.
Өмір жолыңда кездесетін бойыңды аулақ ұстау керек бестікті Абай осы өлеңінде анық көрсеткен. Бұл бестік бойыңыздан кетпей жақсылыққа жету оңай емес. Біреуді ғайбаттау, өтірік әңгіме айту, асыра мақтану, ысырапшылдық –бұл Абай заманынан бері келе жатқан кесел.
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым, ойлап қой –
Бес асыл іс, көнсеңіз.
Жақсылыққа апарар бестік алдыңғысына кереғар. Талаптану – кез келген істі бастар алдында дұрыс ниеттену. Әрқашан тынбай еңбектену. Барға қанағат қылу. Рақымды болу. Сонда ғана бастаған ісің табысты болады.
Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң, арқалан.
Сен де — бір кірпіш, дүниеге
Кетігін тап та, бар қалан!
Әр істің басын бір шалып, жүйесіз әркет ету сізге өз жолыңызды табуға үлкен кедергі болады. Абай қазіргі қазақ қоғамының ішкі дертін дөп басып айтқан.
«Сен де – бір кірпіш» деуінің өзі түсінген жанға үлкен мотивация береді. Мәселен «Қазақстан» -үлкен обьект. Ал оның құрылысы үшін қаншама «кірпіш» қажет. Сен еліміз еңселі болуы үшін амалын тауып кірпіш болып қалануың шарт. Егер барлығымыз осы мақсатты ұстанатын болсақ, ел өркендеуіне үлкен үлес қосамыз. Ал «кірпіш» қандай болуы керек? Құрылыс үшін керекті кірпіш сапалы болуы қажет. Ендеше біздер еліміз үшін қандай кірпіш болуымыз қажет?
Біздің сапамыз қай кезде сыналады? Біз сапалы болу үшін қандай қасиеттерімізді дамыту керекпіз?
1.Патриоттық
2.Ұлттық құндылықтарды дәріптеу
3.Тәрбие
4.Білім
«Жасымда ғылым бар деп ескердім» өлеңі білімнің адам өміріне қаншалықты керек екенін анық көрсетеді. Шен алу, билікке бару үшін емес «білу» үшін қажет екенін айтады. Шыныменде, білім адамның көкірек көзін оятады. Тұлғалық болмысын қалыптастырады.
Абайдың кез келген туындысы бізге рухани азық. Және ол жас талғамайды. Абайды оқу арқылы болмысымызды түзеп, анық мақсаттар қоя бастаймыз.
Жастар- ел болашағы. Құрметті жас өрен, Абайды оқы!
Мөлдір Адамжан
12.10.2021.
Для отправки комментария необходимо войти на сайт.