А.Т.Бақытов,
филология ғылымдарының кандидаты
дипломатиялық аударма кафедра
меңгерушісінің ғылыми- инновациялық
технологиялар және халықаралық ынтымақтастық
жөніндегі орынбасары
Г.О. Мұхаметқалиева,
филология ғылымдарының кандидаты, доцент
БІЛІМДІ ҰРПАҚ – ЕЛ БОЛАШАҒЫ
«Білімді ұрпақ – жарқын болашақ кепілі» екендігі баршаға мәлім. Осы бағытта Қазақстан Республикасы білім саласында Тәуелсіздік алғаннан бері көптеген іс-шаралар жүзеге асып жатқандығы анық. Жүзеге асырылып жатқан шаралардың бірі – ұстаздарды моральдық және материалдық тұрғыдан ынталандыру. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мырза үстіміздегі жылдың 1 қыркүйегіндегі Жолдауында атап көрсеткендей, «Биылғы қаңтар айынан бастап педагогика саласы қызметкерлерінің жалақысы 25 пайызға көбейді.Алдағы үш жылда осы мақсатқа тағы 1,2 триллион теңге жұмсаймыз. Қабылданған шаралар жемісін беріп жатыр. Педагогикалық мамандықты қалап, оқуға түскендердің орташа балы күрт өсті. Біз ұстаздарды қолдау саясатын жалғастыра береміз…»[1]
Сонымен қатар, білім беру жүйесінде қызмет атқаратын мамандардың біліктіліктерін арттыру да қолға алынған. Сөзіміз дәлелді болу үшін Президент Жолдауынан үзінді келтіргенді жөн көрдік: «Білім беру жүйесіне жігерлі әрі білікті мамандар қажет. Мұғалімдерді қазіргідей 5 жылда емес, 3 жылда бір рет қайта даярлықтан өткізуіміз керек деп санаймын. Өйткені олар шәкіртінің бойына жаңа білім сіңіре алатындай нағыз ағартушы болуға тиіс»[2]
Қазіргі заман талабына сай, бәсекеге қабілетті білікті маман даярлау, сапалы білім беру – әр оқу ордасының, әр ұстаздың міндеті. Қазақ халқының 20 ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, мемлекет қайраткері, ағартушы Ахмет Байтұрсынов атап көрсеткеніндей: «Әуелі біз елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастауымыз керек». Әр елдің болашағы, елдің көркейіп, дамуы келешекте елдің тізгінін ұстар ұрпақтың қолында.
Келешек ұрпаққа заман талабына сай сапалы білім беру мақсатында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Халықаралық қатынастар факультеті дипломатиялық аударма кафедрасында да біршама іс-шаралар жүзеге асырылуда. Атап айтар болса, біріншіден, шетел тілдерін оқыту барысында тілді меңгерудің халықаралық стандартына, әлемдік білім кеңістігінде орныққан, Еуропада қабылданған «Шет тілін білудің жалпыеуропалық құзыреттері: оқып-үйрену, оқыту, бағалау» сәйкес тілдерді деңгейлеп оқытуға негізделіп әзірленген шетелдік және отандық оқулықтар қолданылады. Сонымен қатар, Халықаралық қатынастар факультетінде жаңа технология құралдарымен жабдықталып, ұстаздардың білім берудің жаңа әдіс-тәсілдері қолдануға мүмкіндік беретін оқу залы бар. Бұл оқу залында оқытушы сабақ барысында цифрлы құралдарды, электронды оқу құралдарын қолдануға мүмкіндік бар (1-сурет және 2-сурет)
1-сурет: Студенттер «Parcours digital. Objectif Diplomatie» электронды платформасымен жұмыс істеуде.
2-сурет: Интерактивті тақтада студенттер өздері әзірлеген электронды материалды көрсетіп, баяндама жасауда.
Сонымен қатар, заманауи білім беру талаптарына және Еуропада қабылданған «Шет тілін білудің жалпыеуропалық құзыреттері: оқып-үйрену, оқыту, бағалау» стандартына сай, шәкірттерді өз бетінше білім алуға, тапсырманы тікелеу оқытушыдан күтпеуге баулау қажет. Клэр Дел Олмо Claire Del Olmo) «Француз тілі оқытушысы болу үшін тілді меңгеру стратегияларын түсіну» атты ғылыми мақаласында атап көрсеткендей: «Шетел тілдерін меңгеру сапасы оқытушы ретінде біз қолданатын стратегияларға ғана байланысты емес екенін түсінеміз. Тілді жақсы меңгеруде көп жағдайда тіл үйренуші шәкірттердің қолданатын стратегиясына да тығыз байланысты. Шетел тілін меңгеруші шәкірт әрқашан белсенді болуы қажет… (Ауд.: авторлар)».
Шәкірттерді өз бетінше де білім алуға баулу мақсатында дипломатиялық аударма кафедрасында дидактикалық мақсатқа жету тәсілдерінің бірі – жоба әдісі шетел тілін оқытуда қолданылып келеді. Мәселен, үстіміздегі оқу жылының 23 қыркүйегінде «Халықаралық қатынастар», «Халықаралық құқық» және «Аймақтану» мамандықтары бойынша оқитын 3 курс пен 4 курс студенттері француз тілін оқыту барысында жүзеге асырылып жатқан «Шәкіртақы ұтып алуыңызбен құттықтаймын» атты жоба шеңберінде және 26 қыркүйекте аталып өтетін Еуропа тілдері күні қарсаңында француз тілінде «Шетелде оқуға мүмкіндік беретін шәкіртақы бағдарламалары» атты вебинар ұйымдастырды. Вебинарға Халықаралық қатынастар факультетінде француз тілін меңгеріп жатқан студенттер мен оқытушылар шақырылды.
Бұл вебинарды әзірлеу барысында студенттер үш топқа бөлініп, алға қойған мақсатқа жету үшін атқарылатын, атап айтқанда шетелге оқуға берілетін шәкіртақылар, қажетті құжаттар, түйіндеме мен мотивациялық хат жазу тәсілдері туралы ақпараттарды өз беттерінше жинақтаған. Аталмыш іс-шара барысында студенттер өз беттерінше жинақтаған ақпарат негізінде әзірлеген презентацияларын баяндап, шәкірақы алу үшін қажетті маңызды құжаттардың бірі болып саналатын түйіндеме мен мотивациялық хат жазу техникасын нақты мысалдармен түсіндірді. Сонымен қатар, Kahoot, https://learningapps.org/ секілді цифрлы құралдардың көмегімен әзірлеген тапсырмаларды қатысушыларға орындатты.
Бұндай жобалар студенттерді француз тілін оқу барысында өз беттерінше жоспарлауға, ізденуге баулумен қатар, белгілі бір мақсатқа жету үшін топпен жұмыс істеуді де үйретеді және француз тілінде сөйлеу біліктіліктерін арттырады.
А.Т.Бақытов, филология ғылымдарының кандидаты дипломатиялық аударма кафедра меңгерушісінің ғылыми- инновациялық технологиялар және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі орынбасары
Г.О. Мұхаметқалиева,
филология ғылымдарының кандидаты, доцент
[1] https://www.akorda.kz/kz/memleket-basshysy-kasym-zhomart-tokaevtynkazakstan-halkyna-zholdauy-183555
[2] https://www.akorda.kz/kz/memleket-basshysy-kasym-zhomart-tokaevtynkazakstan-halkyna-zholdauy-183555
Для отправки комментария необходимо войти на сайт.