Кенесары туралы тарихи-фольклорлық үлгілер

      Пазылбек Бисенбаев,

                Қазақ әдебиеті және әдебиет

теориясы кафедрасының

                                                                                                аға оқытушысы;                

                                                                                             Советхан Тілеубаев,

              Қазақ әдебиеті және әдебиет

теориясы кафедрасының     доценті

Кенесары туралы тарихи-фольклорлық үлгілер

 

 

Әл- Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде басылып шыққан оқу құралында Кенесары мен Наурызбайдың өмір белестері, атағы шартарапқа жайылған шағы, ханның үзеңгілес серіктері, төңірегіндегі ақын-жыраулары, жауларымен қарым-қатынасы,  Кенесары мен Наурызбайдың жеке қасиеттері мен уақыт шындығы, түрлі тартыстар молынан қамтылады.

Кенесары туралы жыр-өлеңдерде қазақтың соңғы ханының бастан кешкен оқиғалары ғана баяндалмайды. Көп шығармаларда Кенесары маңындағы батырлардың ерлігі жырланады. Солардың бәрі қазақтың қайсарлығын, мәрттігін тануға қызмет етеді, тарихи жырлар шоғырын құрайды. Ағыбай, Бұқарбай, Иман батырлар туралы тарихи-фольклорлық үлгілер терең де бай мазмұнымен ғана емес, жалпы қиын-қыстау заманда Кенесары төңірегінен табыла білген тарихи тұлғаларды сипаттай алғанымен қызықты. Оларға шыққан тегіне қарамастан қызмет көрсетілуі Кене мен Наурызбай бейнесін барынша асқақтата түседі.

Кенесары және оның маңындағы батырлар мен ақын-жыраулар жайындағы өлең-жыр, аңыз-әңгімелердің бір парасы әдебиетші-ғалым Есмағамбет Ысмайылов құрастырған қолжазба кітап арқылы жеткен. Бұл шығармалар Кенесары-Наурызбайдың халық санасында қаншалықты орын алғанын көрсетеді. Әр түрлі аймақтардан жиналған әдеби мұралар қазақтың соңғы ханы жөніндегі эпикалық туындылардың ең мәнді, маңызды беттерін құрайды. Аталмыш фольклорлық туындылар әділ де батыл билеуші қандай болуға тиіс деген сауалға негізінен толық жауап береді.

Тарихи деректер Кенесары қозғалысының түп-тамырын қазып, таратып айтпағаны белгілі. Күні бүгінге дейін зерттеу еңбектерінде орыс офицерлерінің жазбалары мен рапорттарына сүйеніп келдік. Есепке алынбай, қағыс қалып келген қазақтың ауызша тараған тарихи-фольклорлық үлгілері мен шежіре кітаптары қаншама. Көтерілістің кейбір тұстарына қатысты мәселелерді анықтай түсуге ауызша тараған мәдени мұраның септесе алатыны дау туғызбайды.  Кенесары мен қырғыз манаптарының арасындағы қарым-қатынастар жайы әлі де тереңірек қарастыруды керек етеді. Көп зерттеушілер қазақ ханы қырғыз жеріне басып кірді деген уәж айтады. Кенесары Тоқмақ, Меркі, Аспара, Иткешу сияқты Қоқан бекіністеріне соққы беріп, Қоқан иелігіндегі қазақ жерлерін кері қайыруды көздеген болатын. Тарихи жырлар мен тарихи-ғұрыптық  өлеңдер қазақ тәуелсіздігін сақтау жолындағы Кенесарының зор үлесін үлгі етумен бірге қоғамның ішкі қайшылықтарын да назардан тыс қалдырмайды.

Содан кейін ел ішіне бірнеше нұсқамен тараған әйгілі «Жасауыл қырғыны»   оқиғасы да тарихшылар назарына ілікпей келеді. Көшпенді жұрттың әр тарапқа тәуелді болып қалуы, биліктің ру-тайпа басшылығының қолына толықтай көшуі хан Кененің көп ісіне сызат түсіріп отырған. Ру басшылары патша әкімшілігі мен қазақ хандарына арқа сүйеп, хан бұйрығына бойсына       бермеген. Тарихи-фольклорлық үлгілерде орысқа қарап қалған билердің Кенесарыға анық қарсы шыққаны сөз болады. Қыпшақ Балқожа бидің Кенесарыға жазған хаты соның бір мысалы болмақ.

Кенесары бастаған ұлт-азаттық қозғалысы туралы тарихи-фольклорлық үлгілер- бұрын көп зерттелмеген, оқу құралы ретінде студент қауымға танылмаған ұлтымыздың поэзиялық құнды мұрасы. Одан қазақ халқының басынан өткен тарихи тағдырын көруге әбден болады.

 

                                                                                           Пазылбек Бисенбаев,

                Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының

                                                                                                аға оқытушысы;                

Советхан Тілеубаев,

              Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының     доценті