Қырдағы
мұсылмандық және сөзсаптау…
Бейнеулік Айтқұл Ұзақбай шалдан қалған бір әңгіме.
3.Адайдың он биі бастаған керуен Хиуадан жүз түйемен жүгері алуға барады.
Өзбектің біреуі айтады: -Осы Орта Азия елінің барлығы мақұлдағанды «Аууа» деп сөйлейді, мына қырдағы азғантай қазақ «Ия» деп, босаңсиды. Мұсылман ел болатын болса, ол неге сүйтеді. Осыны айтып, қазақтың жүз түйесімен екі жүз қап жүгерісін неге алып қалмаймыз?- дейді.
Билерге келіп, –Осылай да осылай…
Бәстесейік, сөз мәнісін дәлелдемесеңдер, жүз түйе мен жүгері біздікі -дейді.
Он би ештеңе айта алмайды. Батаниязға келеді. Батанияз – Қараш қалада зағарасы мен шәй ішіп отырған кішкентай ғана шал.
–Уа, сендер білмеген сөзді мен қайдан табамын –дейді. Дегенмен, өзбектермен кездесуге келіседі. Өзбектің билері кіріп келгенде, қазақтың он биі түнде қырау түскен егін секілді, бастарын төмен салып отырады. Батанияз оларға қарап,- Уа, мына өзбектен не ұрлап едіңдер?- деп ақырады.
Оны менсінбеген өзбектер- Эй, сен қазақ, түйеңді бағып жүре бер. Біздің сұраққа жауап таба алмасаң, жүз түйе, екі жүз қап жүгері біздікі!-дейді.
Батанияз:- Әй, өзбектер! Сендер осы мұсылманмын деп келіп отырсыңдар ғой?- депті.
«Аууа» -десе, -Көктен түскен үш кітапты білесіңдер ғой?- депті – Біреуі- Інжіл- кәпірге, екіншісі- Мұқараб- дуаманға, үшіншісі- Құран –мұсылманға?- «Аууа, Аууа» деп бас шұлғыған өзбектерге,- Сендер маған тілхат берің! Сайтанды да алдаған өзбек едің… Жауап табылса- екі жүз қап жүгері -бұлсыз!- деген.
–Он би , сендер де тілхат берің, жауап табылмаса, жүз түйе –бұлардікі!- деген. Тілхаттар жазылып болғасын,- Құранды әкеліңдер! –депті. –Құрандағы жиырма тоғыз әріптің соңы «Ләм әліп Ия» еді!
Біздің сөз Құранда емес пе еді, сендердің « Аууаң» осының ішінде бар ма, тапшы?- депті. Өзбектер жеңіліп, қазаққа екі жүз қап жүгері бұлсыз келген.