Ғабиден Жакей
Амир Молдабеков
11 апреля, 1:08
Кенесары ханға тағзым.
Мұхтар Мағауин. 13-ші том.
Жүз елу жыл! Биыл Кенесары ханның шәйіт болғанына бір жүз елу жыл толды.
Кенесары хан ғана емес. Наурызбай бахадүр сұлтан, Ержан сұлтан, Құдайменде сұлтан. Қыпшақ Иман батыр, Тама Құрман батыр, Дулат Бұғыбай батыр, Дулат Жауғаш батыр, Дулат Медеу би, қылыштың жүзі, найзаның сүңгісі болған тағы қаншама азамат. Қазақ Ордасының ең соңғы жарақты жасағында қалған үш мыңнан астам аламан. Бәрі де шәйіт болды.
Кенесары ханның, оның ең соңғы жауынгер серіктерінің қасиетті қаны шашылған ақырғы сағатта төрт ғасыр бойы төре таңбалы қызыл туы желбіреген ұлы мемлекет Қазақ Ордасы шайқалып барып құлады.
Алаш баласы сонау Үйсін, Ғұн, Түрік заманынан тартылған, Алтын Ордаға жалғасқан, Қазақ Ордасына ұласқан, Орталық Азия төсінде жиырма ғасырдан астам ғаламат ұзақ бойы салтанат құрған мемлекеттігінен айрылды, мәңгілік тәуелсіздік туралы ұлы арман жер жастанды, Орыс отаршылдығының тура бір жарым ғасырлық түнегі басталды…
Бұдан жүз жетпіс бес жыл бұрын…
,,Төңірегім толған жау,, – деп еді азаттық жыршыларының бірі Досқожа ақын. Әлемдік жыртқыш империя – жалғыз Ресейдің өзі жететін еді. Оған Қоқан мен Қырғыз қосылды. Қазақ ел қылған қырғыз, қиын заманда, бір жақтан Моғолстан, бір жақтан Бұқар хандығы қысқан, түгелімен қырылып кетер дүлей заманда қазақ сақтап қалған, қазақтың арқасында өмірін ұзартып, ұрпағын ұластырған, екі ғасырдан астам ұзақ дүрбелең дәуірде қазақтың қанатының астында болған қырғыз…Қазақ Ордасының ең соңғы кезеңінде төңірек түгел жау екен. Обыр Ресей елдігінен айыра бастаған, ауыр салмақ түсіріп, жерін қанға бояп жатқан, арпалыса алысқан қайран Қазақ….Қоқан мен Қырғыз бүлінген елден бүлдірге емес, бітеу енші алып қалғысы келді, ерінің еңсесін басып, жерін талапайға түсірмек болды. Кенесары ханның Қоқанмен соғысы, Қырғызға қарсы жорығы ұлттық мүдде ежелгі Қазақ Ордасының тым құрыса бір пұшпағын бүтіндеп кетейін деген жүйелі геосаясат көрінісі болатын. Бұл мұрат түгелденбесе де, біршама жүзеге асты. Кенесары ханның әуелгі жеңісті жорығы болмаса, қазір Түркістан мен Таразда өзбек, Қордай мен Меркіде қырғыз отыратын еді.
Қазақтың ең соңғы ұлы ханы! Сайыпқыран Кенесары! Төңірегі толған жау. Тас қабырға, темір қапас. Шығар жол жоқ. Ақыры шәйіт болатын еді. Бірақ…дәл бұлай емес!…
Кенесарының қасиетті қаны, Кенесарының соңына ерген , тәуелсіз Орданың ең соңғы туын ұстаған мыңдаған Шәйіттің қаны ең алдымен – іштен шыққан Сатқынның мойнында! Осының алдында ғана бір жағы Қоқанның айтағы, бір жағы Ресейдің нұсқауымен көршілес қазақ ауылдарын шапқан, одан соңғы бітімді бұзған, ешбір мәмлеге көнбеген қырғызды қирата ығыстырып, жат жерге бойлай енген шақта, дұшпанмен жең ұшынан жалғасқан Сыпатай би мен Рүстем төре он екі мың әскерді бір ақ түнде майдан шебінен алып кетті. Кенесары үш ақ мың әскерімен өздерінен жиырма отыз есе көп, қалың жаудың ортасында, берік қоршауда қалды. Сайыпқыранның түбіне Сатқын жетті. Жай ғана Сатқын емес, бір жағы Орыс, бір жағы Қоқан, бір жағы Қырғызбен ауыз жаласқан Ібіліс.
Қазақ Ордасының ең соңғы жасағы – жаннан безген , ат төбеліндей аз ғана әскер қоршауды бұзып өте алмады, үштің екісі топалаң ұрыста қаза тапты, шөлден тарыққан, қансыраған бір мыңы тектес, діндес ағайын жұрт еді ғой деп, ежелгі соғыстар жоралғысымен жансауға тұтқынға түсті. Бірақ артындағы елі өлімге тастаған Ерлерге ешқандай аяушылық болған жоқ.
Әуелгі азап Кенесары ханның еншісіне тиіпті. Етінен ет кесті, адам айтқысыз қинауға салды. Қарнын жарып, шегін шұбатып, бірнеше найзамен қатарынан іліп, көкке көтергенде: ,,Сендерден әлі найза бойы жоғары тұрмын!”- депті. Қалған сұлтандар мен батырлар да азапты өлімге ұшырады. Құлағын, мұрнын кесті, көзін ағызды, қандауырмен піспектеп , қанжармен шабақтады, ең соңында тірідей тай қазанға салып, қайнатып өлтірді. Қатардағы аламандар да түгелімен жан қиналған қазаға кесілді. Қалмақпен соғыс кезінде де адам естімеген ғаламат жауыздық болды. Мұнымен де біткен жоқ. Ұрыста өлгені бар, азапта өлгені бар, шәйіт болғаны бар үш мың қазақтың бәрінің басы алынып, Орта Азияның Ташкент, Қоқан қатарлы барлық қалаларында сырыққа шаншылып, жәбір, мазаққа қойылды.
Ал Кенесарының басы…Қазақ Ордасының ақырғы ханының басын Қазақ тарихындағы алпауыт сатқын Сыпатай бидің кеңесімен қырғыздар Ресей өкіметіне табыс етеді. Өз қолдарымен емес, осы Сыпатай мен Рүстем арқылы. Есеп дұрысқа шығыпты. Қырғыз манаптары Ресейден шен -шекпен алады, ханын сатқан, халқын сатқан Сыпатай мен Рүстем қаншама марапат көреді, лауазым , мәртебе, байлық , атақ -абырой бәріне жетеді. Сол сияпаты бүгінгі күнге көшіпті…
Ал туған жұртының болашағы үшін арпалысқа түскен, халықтың рухын, аруақтың аманатын арқалаған Керей хан мен әз Жәнібек хан көтерген туды биік ұстаған, Бұрындық хан мен Қасым Хан, Хақназар хан мен Тәуекел хан, Еңсегей бойлы Ер Есім хан, Әз Тәуке хан мен Абылай хан өткерген жорық жолдарын одан әрі жалғастырған, жаннан кешкен, азапқа батқан қайран Кенесары ханды жоқтаушы бар ма?
Алланың есебі анық, тағдырдың сызығы түзу. Кісі қолынан салынған күмбездің шектеулі күні бар, уақыты жеткенде омырылып ортасына түседі. Тәңірі таңдаған Көсемнің өлшеусіз ғұмыры бар, уақыты жеткенде аспанмен астасады.
Міне, Кенесары ханды, Наурызбай сұлтанды, олардың соңынан кеткен үш мың Шәйітті еске алған екі ауыз сөз- жоқтау емес, Ұран деп біліңіз! Жоқтау – өткен іс. Әйтсе де, ұжмақтың төріне аттанған Шәйіттердің қазасына бір жарым ғасыр толған атаулы жылда Нысанбай жыраудың Кенесары Наурызбайды жоқтау жырын бір қайталап өтпей болмас.
Ханынан айырылған, хандығынан айрылған Ұлы Дала жетім Ел былайша күңіреніпті:
Отправлено из Mail.ru для Android
Ответить
Переслать
Предложить звонок
Для отправки комментария необходимо войти на сайт.