ҚАННЫҢ ҚҰДІРЕТІ

Сейіт Кенжеахметұлы.

ҚАННЫҢ ҚҰДІРЕТІ

Бала кезімізде “қаны бір ғой» , «қаны тартып тұр ғой» деген сөзді жиі естіп өстік. «Қанына тартпағанның қары сынсын», тағы басқа «қан» деген қасиетті ұғымдардың астарында туыстық жақындықтың нышаны жататынын аңғаратын едік. Бірақ қазақ неге осы сөзге тоқтаған? Мұның ғажап құпиясы мен терең мәнін қарапайым ғана қазақ шалы дәлелдегенде халықтың даналық көрегендігі мен өмірдің адам біле бермейтін, кез келген ғұламалардың өзі шеше алмайтын сансыз сырларына көз жеткіздік.
Сонымен қан … .
1895 жылы әйгілі Бұқара медресесін бітіріп дәмолла атағын алған Кәтен 1899 жылы Мекке мен Мәдинаға барып қажы атанды. Туған жеріне келіп медресе ашты. Әкесі де, өзі де дәулетті өмір сүрді.
1917 жылы Алаш орда өкіметіне ер-тұрманымен жүз жорға ат берді. Байлығымен де, мырзалығымен де, молдалық, көріпкелдік қасиеттерімен де аты көпке жайылды.
1928 жылы бүкіл мал-мүлкі кәмпеске ұшырап, талауға түсті. Өзі жатарда бар, таңертең жоқ боп шықты. Сол кеткеннен мол кетті.
Артында қалған әйелі мен балалары 1932 жылы аштан қырылды. Інілері 1932 жылы «халық жауы» болып ұсталып, атылды. Сөйтіп қара суы қатық болып ұйыған, жақсы істерімен елді аузына қаратқан бүкіл бір әулеттің оты сөніп, аты өшті.
Арада 28 жыл өтті. 1956 жылдың жазы.
Ұйқыдан оянған ауыл адамдары қыр басында жалғыз тұрған ақ киімді, ақ сәлделі, ақ таяқты, ақ сақалды адамды көрді. Жанында ақбоз ат қаңтарулы тұр. Осы бір тосын көрініске ел таңырқап, әрі абыржып, әрі сескеніп қалды. Ауыл ақсақалы Таласбай молда қатты толқып «е, құдыреті күшті құдайым, жақсылық болғай, жақсылыққа бастай көр» деп таяғын қолына алып шапанын жамылып қыр үстіндегі адамға асығыс адымдады. Оған үш-төрт адам ерді.
Молда жақындай бере « Алла,Алла!» «Көргенімді рас қыла көр! » деп оқыс дауыстап қалды да :
– Кәтекем! Асыл туған Кәтекем! Арысым! Ағаекем! – деп таяғын тастай жүгіріп, кең құшағын жая, қатты үн шығара өкіре ұмтылды.
– Уа, Таласбаймысың, Таласбай жанымбысың?! деуден әрі сөзге келе алмай қалған қария Таласбайдың құшағына құлай берді.
Сөйтіп, бір түнде ғайып болған Кәтен бір таңда тағы да пайда болды.
«Кәтен келді» деген қуанышты хабар елден-елге, ауылдан қалаға қанат біткендей ұшып бара жатты. Бұған біреулер сенді, біреулер сенбеді, біреулер жағасын ұстады.
Кәтекең Таласбайдың кең үйінде отыр. Арманды сөздер, жүрек жарғандай қуаныштар, сағынышты өксу, көл болған көз жастары таусылар емес. Есік ашылып ішке кірген әр адамға Кәтен үмітпен қарайды. Біреулерді күтіп отырғандай, қатты алаңдаған жайы бар. Оны аңғарған сезімтал үй иесі сөз бастады.
-Кәтеке, елге аман оралуыңызға жалғыз туысқандар емес, бүкіл арғын, қыпшақ қуанып отыр. Қуаныштың екі түрі бар. Бірі – күткен қуаныш. Екіншісі – күтпеген қуаныш. Біз сол күтпеген қуаныш үстінде отырмыз. Сіз кеткелі талай жыл өтті. Талай су ақты. Талай жақсы өмірден өтті. Ат ауыздығымен су ішкен, ер етігімен су кешкен заман болды. Соны тағдыр бізге бастан өткізіп, көзбен көруге жазған екен. Сіз алаңдап күтіп отырсыз-ау… Екі ұл, екі қыз, үш ініңізді күтіп отырсыз-ау…- деді де қарт еңкілдеп жылап жіберді. Көзін орамалымен сүртіп, отырып қарт Кәтен ұстазына көңіл айтып, қайғылы хабарды жеткізді.
Кәтен қарт бүгіліп қалды. Көзіне жас та келмеді. Үнсіз. Таласбай шошынды. Сосын:
– Асыл аға! Көпті көрдіңіз ғой. Жақсы кездерді де жаман күндерді де бастан өткіздіңіз ғой, берік болыңыз. Мына ағайындарыңыз қорқып отыр. Бір ауыз сөз айтыңызшы.
– Иә, алла … – деді дәмолла. Күбірлеп, бет қайырды. Жұрт аяғы сиреген соң екі молда бірнеше күн бойы оңаша сөйлесті.
Алғаш рет Кәтеннен тәлім алып, кейін Уфа медресесін бітірген Таласбай молда да «халық жауы» ретінде 1937 жылы Сібір асып, осыдан үш жыл ғана бұрын оралған еді.
2-3 күн ішінде ақсақалдар мен көзкөргендер келіп сәлемдесті.
1928 жылы бай ретінде кәмпескеленген, 1937 жылы «халық жауы» болып сотталған, 1943 жылы «штрафбатальонында» соғысқа қатысып немістердің қолына тұтқынға түсіп, 1946 жылы қайтадан Сібірге жер аударылып, жақында ғана оралған Қапыш молда жылай келіп сәлемдесті.
Кеңес түрмесінде 10 жыл отырған Арыстанбек келіп сәлемдесті.
Батыр, әулие Шеген ұрпақтары келіп, қонаққа шақырды.
Алыс, жақыннан келіп сәлемдеспеген жан қалмаған шығар. Сағынғандардың бір көзінен қуаныштың жасы ақса, екінші көзінен қапа мен өкініштің жасы ағып еді.
Келгеніне ай өтіп, ел аралап, жақын ағайындарымен, сиреп қалған өз қатарларымен жүздесіп көңілін басқан соң Кәтекең Таласбайды және үш – төрт жігіттерді ертіп өз қолымен жерлеген ата-анасының басына үшінші рет келіп дұға оқыды. Сосын бұрын өздері өсіп-өнген, өскен ата мекеніне келіп аттан түсті. Бұрынғы өткендерге тағы да дұға оқыды.
Жігіттерді бастап келіп қазір төмпешік болып қалған үйінің батыс жақ бұрышының сыртынан қаздыра бастады. Кісінің кіндігінен аса бере күрек жүзі қатты затқа тиді. Әрі қарай кеңірек алып, абайлап қазылды. Көп ұзамай-ақ төңкерілген қазан көрінді. Қазан толық аршылған соң қарт оны топырақ түсірмей тік көтеріп алғызған сәтте… адамдар күтпеген көрініске тап болды. Қазан астынан саз балшыққа түскен адамның алақаны мен табанының ізі анық көрініп жатты. Оның жанында әбден шіріп үгіліп кеткен ақ мата және бір көн дорба көрінді. Дұға оқылды. Кәтен өксіді. Күбірлеп әлденендей сөздерді қайталады. Сосын даусы дірілдеп, оқиғаны әрең жеткізді.
Қазан 1928 жылы жасырылған екен. Екі бөлек саз балшықтағы әкесі мен анасының алақаны мен табанының әдейі бастырылған ізі екен. Кәтен екі таңбаны алып кезек-кезек сүйді. Көзіне жас келді. Ақ мата әжесінің жаулығы болып шықты. Оны орамалына түйіп алды. Көн дорба ішінен алтын теңгелер мен қымбат күміс бұйымдар алынды. Оны жанындағыларға бөліп берді.
Екі-үш күн өткеннен кейін қасына кетпен, күрегі бар үш-төрт жігітті ертіп екі молда тағы да атқа қонды. Көп ұзамай-ақ бір дөңнің басындағы әрең көрінетін көп қабірдің жанына тоқтап, Таласбай құран оқыды.
– Кәтеке,- деді Таласбай, – 1931 жылы алапат аштық болды. Адам қынадай қырылды. Көпшілігінің бетін де жасыра алмай қалдық. Мына жерде жеті адам бірге жатыр. Екеуі сіздің екі ұлыңыз. Өз қолыммен қатарлап қойдым. Бірақ қай қатарда жатқанын айта алмаймын. Ұмыттым.
Екі қарттың айтуы бойынша жас жігіттер қабірдің бас жағын ала қаза бастады. Тізеден аса бір бас сүйек шықты. Топырағы тазартылған сары тап болған сүйекті алдына қойып, Кәтекең қалтасынан бәкісін алды да, өз сұқ саусағының басын тіліп жіберді. Тамшылап аққан қанды бас сүйекке тамызды. Қан сүйекке тамшы болып тұрып қалды.
– Бұл менің ұлым емес, – деді қарт.
Екінші бас сүйек қазылып алынды. Қарт өз қанының бір тамшысын тамызған сәтте қан бас сүйекке құмға құйған судай сіңіп кетті. Сол сәтте Кәтекең :
– Ботам, жаным! Мен әкеңмін! Әкең келді басыңа! Құдайдың бұл кездестіргеніне шүкір! – деп бас сүйекті кеудесіне қысып алып домалантып сүйе бастады да, бүгіле берді, бүгіле берді.
– Кәтеке, Кәтеке ! – деді Таласбай.
Кәтекең үзіліп кеткен екен… 28 жыл бойғы құпиясын дана қарт өзімен бірге ала кетті…
Бірақ ол «қан» деген сөздің құпиясы мен құдіретін ашып кетті.

Сейіт Кенжеахметұлы.