- EUR8
Күнқожа ҚАЙРУЛЛА,
Құрманғазы атындағы
Қазақ ұлттық консерваториясының
оқытушысы
Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Бесқала қазақтарының күйшілік дәстүрі
Қазақ халқы Бесқала аймағын ертеден қоныс етіп, өзіне тән музыкалық мәдениетін қалыптастырып, ұлттық өнердің жан-жақты кемелденуіне аталған шаһар зор үлес қосты. Өткен ғасырларда Әмудария бойындағы Шымбай, Хожелі, Қоңырат, Шаббаз, Көне Үргеніш қалалары Бесқала деген ортақ атаумен аталып, бүгінгі Қарақалпақстанның ілкідегі бір атауы ретінде тарихта қалды.
Бесқала өңірінде жыраулық, әншілік дәстүрмен бірге, домбырашылық-күйшілік өнер де жақсы дамыды, ол аймақтағы күйшілердің репертуарында бергі заманның күйлерімен қатар, сонау дәуірлерден жеткен «Ақсақ құлан Жошы хан», «Қарт ноғай», «Кәрі науайы», «Ноғайлының қоштасу күйі» сынды көне күйлер де көптеп кездеседі.
Бесқала аймағындағы күйшілік ортаның қалыптасып, дамуына ықпал еткен көптеген тұлғалардың есімдері белгілі. Біз ел ішінен және жазба деректерден ондаған өнер иесіне қатысты мәліметтерді тауып, жүйеледік. Атап айтқанда, ХVІІІ-ХІХ ғасырларда – Тілеуқұл Пендеұлы, шүйт Орынбай, Ақкелтір, Шүңке Құлтабайұлы, Жақсымұрат Торытайұлы, Рах Зұлпықарұлы (1845-1910), Емберген Шақпақұлы (1860-1936), Тұрманқожа, Дүкенбай сынды күйшілердің есімдері аталып, олардың жолын кешегі ХХ ғасырда Жолды Қосайұлы, Бәйімбет Дүйсенбайұлы (1875-1962), Әкімәлі Шүңкеұлы (1883-1958), Жұмалы Ембергенұлы (1891-1975), Дәулеткелді Жармағамбетов (1899-1950), Тоғайбай Бейсенбіұлы (1904-1976), Молдағали Балымбетов (1906-1984), Үсен Сүгірұлы (1905-1983), Ізбан, Әбдіғали Жаңбыршин (1908-1988), Қарға Өтегенұлы (1910-1972), Биман Кенжебайұлы (1916-2003), Бақыт Басығараев (1926-2001), Абылай Шәукеев (1928-1996), Мүсір Жорабайұлы (1931-2010), Қылышбай Айтжанұлы (1932-2000), Көреген Дүйісұлы (1935-1999) сынды т.б. күйші-домбырашылар жалғастырды.
Бесқала өңірінде арнайы музыкалық білім алмаса да құймақұлақтық үрдіспен үйреніп, домбырашылық дәстүрді ұстанып жүрген өнерпаздар әлі де баршылық. Оразғали Әбілханұлы, Ибаш Байділдаұлы, Жарылқасын Оңайбаев, Сапарбай Әкімәліұлы, Қадірбай Алдабергенұлы, Байрам Арзиев, Әбді Досжанов, Жұмабай Жорабаев, Боранбай Медетханов, Жұбатхан Сүндетов, Жолмахан Алпысов, Қожахмет Ниязов, Убайділла Әбдірахманұлы, Жалғас Бекмаханов секілді өнерпаздар соның дәлелі.
Әму және Жайық бойында «Қырымның қырық батыры» эпосын жырлаған ақын-жыраулар халық тарапынан жоғары бағаланған болса, «Алпыс екі Ақжелең» сынды салалы күйлерді тарта білген күйші-домбырашылар да сондай құрметке ие болған. Бесқалалық Орынбай, Емберген, Рах, Бәйімбет, Молдағали тәрізді дәулескер күйшілер де жоғарыда аталған циклді күйлерді түгел орындап, халықтың зор ықыласына бөленген.
Бесқала қазақтары арасында кешегі күнге дейін күйші-домбырашылардың сайыстары жиі өтіп тұрған. Күйші, өнер зерттеушісі А.Райымбергенов «Қазанғап Ақжелең» атты еңбегінде ХІХ ғасырдың аяғында Қарақалпақстанның Қоңырат қаласында Әзберген ханның ұйымдастыруымен тоғыз домбырашының арасында өнер сайысы өткенін жазады. Оған Бесқаладан және Батыс Қазақстаннан Орынбай, Дүкенбай, Қаратөс-Аймағамбет, Қаналы төре, Қазанғап сияқты сол кездегі белгілі күй шеберлері қатысқанын айта келіп, «Тартыстың шарты бойынша, әрбір күйші «Ақжелең» деп аталатын топтама күйлердің алпыс екісін түгел орындауға тиіс еді» десе, мұны Қарақалпақ аймағында кемелге келіп, сол өңірдегі Жұмалы, Дәулеткелді, Әбдіғали сынды күйшілерден өнеге көріп, өнер тарихына қатысты тың дүниелерді жадына түйген Б.Басығараевтың «Бесқала, Хиуа жақта Әзберген деген қазақтың ханы болған. Өзінің хан болып тұрған дәуірінде табын Дүкенбай, шүйт Орынбай, Қаратөс-Аймағамбет, Қазанғап, Айша қатын сияқты тоғыз домбырашыны жинапты…» деген деректері де растайды. Бұл ертеректе өткен күй сайыстарынан хабар берсе, «Үшсай ауылында күй тартыстары жиі болып, соның қызығына тояттай алмайтынбыз. Бұл сайысқа Мойнақтан Жұмалы Ембергенов, Құландыдан Тайпан Балмағамбетов келіп, ауыл үсті күй жәрмеңкесіне айналғанын бала болсақ та талай көрдік» деген деректер Кеңес заманы тұсында да Қарақалпақстанда бұл дәстүрдің үзілмегенін көрсетеді. Сонымен қатар, Шүңкенің әлім күйшісімен, Әкімәлінің түрікмен дутаршыларымен күй сайысын және кеше ғана өмірден өткен Молдағали, Тоғайбай, Бимандардың жиын-мерекедегі күй тартыстарын атап өткеніміз жөн.
Бесқалаға экспедициямен барып, онда өркен жайған халықтық өнерді көрген фольклоршы К.Сейдеханов «Қарақалпақ фольклор экспедициясы» мақаласында: «Біз мынаны аңғардық: Қарақалпақстандағы қазақтардың арасында халық мұрасы мол сақталған және ол күнделікті өмірде көпшіліктің рухани қажетін өтейтін өміршең құбылысқа айналған. Импровизациялық өнер дәстүрін жалғастырушы таланттар аз емес» деген болатын.
Бесқала қазақтары күйлерінің жиналу тарихына қатысты айтар болсақ, Қарақалпақстанға 1959 жылы музыкалық мұраларды жинауға фольклорлық экспедиция А.Серікбаеваның жетекшілігімен тұңғыш рет барады. Осы сапарда Кегейліде тұратын Молдағали Балымбетовтен, Нөкіс қаласындағы Биман Кенжебаевтан, қоңыраттық Жақсылық Мамытұлынан т.б. өнер иелерінен көптеген авторлық және халық күйлерін жазып алады. Бұдан кейін де 1962 жылы Т.Бекхожина, 1977 жылы А.Байғаскина мен Б.Аманов, 1982 жылы Б.Қарақұлов пен Е.Сафуанов барып ондаған күйшілерден мол мұра жазып алды. Т.Бекхожина Бесқала аймағынан жинаған мұраларды негізге ала отырып, «Даламның назды саздары-ай» еңбегінің бір тарауын «Қарақалпақстан домбыра күйлері» деп атады.
Біз де 2013, 2015 жылдары Қарақалпақстанға арнайы барып, жоғарыда аталған белгілі күйшілердің ұрпақтарымен, сондай-ақ елімізге оралған ағайындармен кездесіп, көптеген күй саңлақтарының өмір және өнер жолдарына қатысты мәліметтер жинадық. Ел ішінен іздестіре жүріп, жеке архивтерде жатқан дыбыс таспалары мен ертедегі ескі күйлерді білетін өнерпаздардың баршылық екеніне куә болдық. Өзіміз тауып жазып алған қазыналардың арасында тың материалдар жеткілікті. Сонымен қатар Сәрсенбай Қадірұлынан «Бес қыздың жүрісі», Оралбек Сәдуұлынан «Арқабайдың күйі», Жалғас Жанашбайұлынан «Көй-көй», Жарылқасын Оңайбаевтан «Тоғайбайдың күй басы», Байрам Әлиевтен «Қарғаның күйі», «Ысмаханның күйі», Мырзабай Қылышбайұлынан «Сақау қыздың күйі», «Қара атты мен торы атты», «Досының күйі», Қарасай Әбдімұратұлының авторлық күйі «Адасқан сұңқар» т.б. күйлерді жазып алдық. Осындай жеке ізденістер нәтижесінде жиналған материалдарымыздың бір бөлігін күйші, өнер зерттеушісі М.Әбуғазы «Қазақтың домбыра өнері» атты еңбегіне «Бесқала күйшілік дәстүрі» деген атаумен енгізді.
Бесқала қазақтарының күйлері – А.Есенұлы мен Г.Елеусізқызының «Күй – қастерлі әуез» атты еңбегінде, «Ақтөбе өңірінің музыкалық мұрасы» атты аудио жинағында, сонымен қатар «Қазақтың 1000 күйі» антологиясында, А.Тоқтағанның «Атыраудың 62 Ақжелеңі» еңбектерінде көптеп жарияланды. Осылайша, Бесқала күйлері біршама жинақтарда ноталық және үнтаспа үлгісінде жарияланып жүрсе де, қай аймаққа тән екені және орындаушылар жөнінде мәліметтер жарияланған емес.
Бесқала қазақтарының күйлері жұртшылық бас қосқан жиындарда ғана емес, қазақ және қарақалпақ радиоларында, Ташкент телеарнасындағы қазақтілді «Замандас» бағдарламаларында дәріптелді. Әдебиетші-ғалым Қ.Жұмажанов «Қарақалпақ аймағындағы қазақ әдебиеті» атты монографиясында бірлі-жарым күй саңлақтарын сөз еткенмен, аталған өңірдегі күйшілер туралы бұрын-соңды тиянақты зерттеу жұмыстары болмады. Соның себебінен кейбір еңбектерде жаңсақтыққа жол беріліп, біршама қате тұжырымдар жасалды. Мұның бәрі Бесқала күйшілік өнері туралы мәліметтердің бұған дейін жеткілікті дәрежеде зерттеліп, зерделенбегенінен деп ойлаймыз.
Өзбекстан, Қарақалпақстан қазақтарының халық ауыз әдебиеті нұсқаларын жинаған әдебиетші-ғалым Қ.Саттаров «Фольклор экспедициясының жемісі» атты мақаласында: «Әмудария құйылысындағы алтын қазына, асыл мұраның бір саласы – қазақ күйлері зерттеушілердің қаламына ілікпей келе жатқандығы қынжылтады» деген еді.
Ел арасынан материалдар жинастыру нәтижесінде бесқалалық күйші-домбырашылардың өнер тарихын жүйелеп, ұстаз-шәкірт жалғастығының үзілмегені анықталып отыр. Бұл орайда, ХVІІІ ғасырда өмір сүрген Тілеуқұл Пендеұлының күйшілік өнерін Жақсымұрат Торытайұлы мен Емберген Шақпақұлы жалғастырса, олардың жолын Жұмалы Ембергенұлы, Үсен Сүгірұлы, Әбдіғали Жаңбыршин, Айтөре Үсенұлы, Дәулеткелді Жармағамбетовтер ұстанғанын айтуға болады. Аталған өнер иелеріне Бақыт Басықараев, Дүйсенбай сынды т.б. күйшілер шәкірт болып, үлкен өнер иесі болып қалыптасты.
Бесқала күйшілік өнерін дамытушылардың алдыңғы легінде шүйт Орынбай мен Тұрманқожаның аты аталса, Орынбайдан Қазанғап өнеге алған. Сол дәуірде Бесқалада Шүңке Құлтабайұлы сынды дәулескер күйші өмір сүріп, Шүңкеге Әкімәлі Шүңкеұлы, Әкімәліге Оразғали Әбілханұлы мен Мүсір Жорабайұлы шәкірт болды. Оразғалидан Әскербай Нұрқожаев, ал Жұмалы мен Әскербайдан Қожахмет Ниязов күй үйренген.
Аталған аймақта күй өнерін жыршы-жыраулар да кеңінен насихаттады. Бұлардың қатарында – Қарасай Қалиұлы (1848-1926), Амантұрлы (1872-1938), Жақсылық Мамытұлы (1899-1961), Теңізбай Есенбайұлы (1905-1968), Сарыбай Жәдігерұлы, Ұзақ Мыңбаев, Әскербай Нұрқожаев сынды әнші, жыршылар болса, Қарасай Әбдімұратұлы, Тұрлан Бейсенбаев, Сәрсенбай Рахманбердиев сияқты бүгінгі жыршылар да шебер домбырашылар.
Мұндағы күйші-домбырашылар Бесқала күйлерімен шектеліп қалмай, Үсен, Қаналы, Шәкім төрелердің, Қазанғап, Айша қатынның, Баймағамбеттің, Махамбет, Құрманғазы, Дәулеткерей күйлерін де репертуарына қосып, ел ішіне насихаттады.
Күйімен халық жүрегінен орын алған өнерпаздарды жұртшылық жадынан шығармай аңыз-әңгіме етіп кейінгілерге айтып отырса, ақындар мен жыраулар олардың есімдерін өз шығармаларына қосып дәріптеді. Мысалы, «Қарақалпақстанның халық жырауы» Алдаберген Тасқынбайұлы (1926-2007):
Тұрманқожа кісі екен,
Домбыра, күйдің иесі.
Ерте бір заман уағында.
Домбыраға дыбыс қостырып,
Келтіруші ағымға.
Күй жүйесі қосылып,
Өзіне әбден ұнамай,
Шаппаған су деп сағымға, –
десе, ақын Жүндібай Көптілеуұлы «Бұл елден кімдер шықпаған» толғауында:
Қарақалпақ елінде,
Күйшілер өткен белгілі…
…Тоғайбай деген кісіні,
Көп мақтайды асыра.
…Молдағали, Биманды,
Кім білмейд дейсің бұл елде.
Ақ домбыра қолға алып,
Ұшар құстай қомданып,
Тартқанда күйді толғанып,
Күш қосқан айбат, жігерге.
Жүзден артық күй тартып,
Тыңдаған халқы құмартып,
Естіген адам кетпеген,
Алғандай затын жоғалтып.
Кешке күйді шерткенде,
Кетіп жүрді таң атып…»,
– деп Тоғайбай, Молдағали, Биман күйшілердің атын жырға қосады. Деректерге сүйенсек, Бесқала күйшілерінің Маңғыстау, Ақтөбе, Орынбор, Мұнанай, Хиуа, Түрікмен аймақтарын аралап, өнер көрсеткені байқалады.
Күйшілік өнері басымырақ дамыған кейбір аймақтардың жыршылық пен әншілік дәстүрінде күйдің әсері көбірек байқалса, Бесқала қазақтары арасында жыршылық өнердің кемелденіп, өркендеуіне байланысты бұл аймаққа тән күйлерде жыр саздарының ықпалы сезіледі, философиялық сарын басым. Шал Мырза мен Қазанғап күйлерінде де осы ерекшеліктің болуын Бесқала аймағында өмір сүріп және аталған өлкенің күйшілік дәстүрінен нәр алғанымен байланыстыра аламыз.
Сөз қорытындылай келе, алдағы күндерде Бесқала қазақтарының күйшілік дәстүрі жеке өнер мектебі ретінде танылып зерттеледі деп сенеміз.
Күнқожа ҚАЙРУЛЛА,
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының оқытушысы
Күннің маңызды және өзекті жаңалықтарын «Егемен Қазақстан» телеграм каналынан оқыңыз
Қолданылған материалдарға міндетті түрде www.egemen.kz сайтына гиперсілтеме берілуі тиіс / Любое использование материалов допускается только при наличии гиперссылки на egemen.kz: https://egemen.kz/article/255227-besqala-qazaqtarynynh-kuyshilik-dasturi?fbclid=IwAR28NmKCr7ZcZUCIS3jHZsGskTl4Rr56_Cvq2a-8r4QgiVtj31-bnUE4x08
© egemen.kz
Для отправки комментария необходимо войти на сайт.