ҚЫПШАҚТАНУШЫ

Жолдасбек МӘМБЕТОВ,
филология ғылымының
кандидаты, доцент

ҚЫПШАҚТАНУШЫ

 

Кеңес дәуірінде мектеп көрген ұрпақ өз халқымыздың өткенін, ұлтымыздың мәдениеті мен әдебиетінің, тілінің тарихын білмей өстік. Бірақ ежелгі Русь пен Рим империясының тарихын төртінші, бесінші сыныптан бастап оқытып, санамызға шегелеп тастаған еді. Есімізді жиып ер жете бастаған кезімізде біздің де өз тарихымызды тануға құштарлығымыз оянды. Бабаларымыздың кім болғанын, немен айналысқанын білуге деген ынтызарлық пайда болды. Басқа халықтардың аталары мықты болғанда неге біздің ата-бабамыз ештеңе бітірмеген деген сауал әрқайсымыздың санамыздың түкпірінде қоздап жататын. Бірақ оған жауап беретін ұстаздар да, оқып қанағаттанатын кітаптар да болған жоқ. Ата-аналарымыз ондай сұрақ қойсақ: «Тұқымыңмен құрып кеткің келмесе, жайыңа жүр» деп жекіп тастайтын. Сонау отыз жетіде талай халықтың асыл азаматтары атылып кеткенін үйдегі сыбыр-күбір әңгімелерден ғана ептеп еститінбіз. Бірақ соған қарамастан өткенімізді білсек, ата-баба тарихын армансыз бір ақтарсақ қой шіркін деген ой біздің көкірегімізде сарытап боп қатып жатар еді. Маң далада үйінді боп жатқан төбелер мен қорғандарға, жартастардағы айқыш-ұйқыш таңбаларға көзімізді сүзіп үміттене қарайтынбыз.

Режептің ұлы Сандыбай да дәл сол кезеңдегі ұрпақтың бірі ретінде ата-бабаларының ізін жоқтаған ұрпақтың бірі боп өсті. Отбасындағы жеті перзентінің ішіндегі осы кіші ұлға ата-анасының да ықылас-пейілі ерекше ауып тұратын. Ойын мен шаруадан қолы босай қалса кітапқа шұқшиятын ұлының болашағынан, әсіресе анасы Алмаш үлкен үміт күтетін. Оның қазақ тарихына қызығып, ескі әңгімелерді есі кете тыңдайтынын байқап, білімге ұмтылса жаман болмас деп болашағынан үлкен үміт күтетін. «Біз неге өзге халықтың барлығының тарихын оқимыз, ал қазақтың тарихын оқымаймыз? Неге біздің Отанымыздың астанасы Мәскеу болады? Неге орыстар ғана ұлы халық, біз неге ұлы емеспіз?» деген сауалдың астарын түсінсе де, оған дәйекті жауап беретіндей ол кезде шағын ауылда ешкімнің де мүмкіндігі жоқ еді. Аяулы ана соның бәрін зердесімен ұғып, санасымен сезіп, қайтсем де осы баламды оқытармын деп сол уақытта-ақ бір шешімге келген болатын. Жылдар зымырап өтіп жатты. Кешегі бала Сандыбай да мектепті тәп-тәуір бітіріп, үлкен өмірдің табалдырығын аттады. Бір жылдай ата-анасына қолғанат болып жұмыс істеп, келесі жылы әскер қатарына шақырылды. Тағдырдың бұйрығы солай болған шығар, әкесі Режеп бір кездері қанын төккен сонау Батыс Еуропадағы Германияға барып бірақ түсті. Ауылдан көп ұзап шыға қоймаған жігіт үшін ГДР сияқты шет елге бару ол кезде жердің шетіне кеткендей алыс болып елестейтін. Ауылын, туған жерін жиі есіне алатын. Әсіресе анасын, сол кісінің денсаулығын көбірек уайымдайтын. Түнде жатарда іштей «Алла анама ұзақ ғұмыр бере гөр» деп тілейтін. Екі жыл әскери борышын атқарып, сағынған ата-анасы мен бауырларына қайта оралды. Ел де аман, жер де аман, ата-анаң мен бауырларың қасында болғанға не жетсін! Сондықтан енді жата бермей ауылдағы ата-анасына көмектесіп, бір істің құлағын ұстауды жөн көрген. Бұл ойын ата-анасына айтып көріп еді, анасы үндемей біраз отырды да, жатын бөлмесіне кіріп кетіп, қағазға оралған бір буда ақшаны алып шығып ұлының алдына қойды.
– Балам, мынау сен әскерде жүргенде менің екі жыл бойы зейнетақымнан жинағаным. Сенің арманың асқақ еді, ер жігітсің ғой, сол мұратыңа жет, өзіңнен көп үміт күтуші едім, оқы, халқыңа қалаулы азамат бол! – деп алдына ысыра берді.
Бұл бір жағынан анасының өзіне деген мейірім-махаббаты болса, екінші жағынан, өзіне артылған үлкен міндет сияқты елестеп кетті. Сол күннен бастап-ақ Сандыбай өзінің алдына биік мақсат қойды, ол – ата-ана үмітін ақтау, халқына, ұлтына адал қызмет ету. Ана тілегі қабыл болып, келесі жылы сол кездегі қазақтың маңдайалды университеті ҚазМУ-ға оқуға түсті. Бес жыл бойы талай марғасқа ғалымдар мен абыздардан дәріс тыңдады, олардың ұлағатты әңгімелерін естіді, тәрбиесін алды. Студенттік өмірдің қызығына елікті, алғаш рет махаббаттың қызуына елітті. Бірақ әкесі Режеп бойына еккен адалдықтың адал жолынан аттап өтпеді, анасы Алмаш апамыз өсиет еткен азаматтық парызын да есінен шығармады.
Сәкең кейде бір шабыттанған шағында сол күндерін еске алып тебірене әңгімелейтіні бар. Әрине, жастық шақ кімге де болса ыстық қой, бірақ мәселе сол бойда қайрат пен жігер бар кезде не бітірдің, ойыңа не тоқыдың, қандай армандарға құлаш ұрдың? Әрине, Сәкеңе бұл сұрақтың тосқауыл бола алмасы хақ. Өйткені ол жүрген жол анасы нұсқап көрсеткен ата-бабалар жолы. Сондықтан да ол түркітану ғылымына өз қалауымен барды, соның ішінде қазақ топырағында әлі де болса ақсап жатқан қыпшақтану саласын зерттеуге батыл кірісті.
Филология ғылымының докторы, ­профессор С.Боранбаев – ғылымдағы жолын Түркітану ғылымында дара жол салған, түркі тілдерінің білгірі және бірегейі филология ғылымының ­докторы, профессор Әбжан Құрышжанұлының шәкірті болып бастап, күні бүгінге дейін ғылымдағы бағыт-бағдары мен алған асуына, өмірлік ұстанымдары мен адами қағидаттарына сызат түсірмей келеді. Ғалым қаламынан туған қыпшақтану ғылымына қатысты еңбектерінің мәні мен маңызы ­ерекше болғандықтан, зиялы қауым назарына ерте ілікті. Сонау 2000 жылы Сандыбай «Ескі қыпшақ тіліндегі есімдерді салыстырмалы тарихи тұрғыдан ­зерттеу» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғағын болатын. Бұл еңбек арабша-қазақша сөздік бойынша XIV ғасырдағы жәдігерліктер негізінде жазылған еді. Еңбектің құндылығы туралы кезінде белгілі ғалым, профессор Талғат ­Сайранбаев «кейбір ізденушілер мен аспиранттар бір немесе екі сөздің мағынасын ашып кандидаттық қорғаса, мына жітіт мың сөздің мағынасын ашып жұмыс жасапты» деп Сандыбай Режепұлының болашағынан өзінің көп үміт күтетіндігін айтқан болатын. Ғұлама ғалымның көрегендікпен айтқан сөзі расқа шықты.
Сандыбай Режепұлы 2005 жылы шыққан «Түрік және қыпшақ тілінің туыстығы туралы жинақ» жазба ескерткішінің тілі (ХІІІ-ХІV ғғ.), (транскрипциясы: Китабу Булғат әл-муштақ фи-луғати әт-Түрки ва-л-Қифджақи) еңбегінде, ескерткіштер тілінің материалдары негізінде, ХІІІ-ХІV ғғ. ­Мысыр мен Шам өлкелерін мекендеген Мәмлүк-қыпшақтар тілінің фонетикалық, морфологиялық және лексикалық ерекшеліктеріне қазіргі қазақ тілімен қатар, жалпы қыпшақ тілдерінің өзара тарихи байланыстары тұрғысынан талдау жасап, соңында ескерткіштің фотокөшірмесін берген еді, бұл аталған ескерткіштің қазақ тілінде тұңғыш жарияланып, зерттелуі болатын.
Сәкең өзінің еңбекқорлығы мен ізденім­паздығының арқасында университетте сабақ бере жүріп, әрі кафедра басқарып, 2008 жылы Қырғызстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы Тіл білімі институтында «Ескі қыпшақ тілі мен қазіргі қазақ тілінін сабақтастығы» ­деген тақырыпта докторлық диссертациясын сәтті қорғады. Ғалым еңбегінің нәтижесі бүгінде үш ғылыми монография, жүз елуден аса ғылыми мақалалардың жарық көруінен де айқын аңғарылып отыр. Ғалымның 2005 жылы «Түркі және кыпшақ тілінің туыстығы туралы жинақ» деген тақырыпта жазылған ғылыми еңбегінде орта ғасырларда Мысыр, Шам елдеріне тағдырдың тауқыметімен барған Мәмлүк қыпшақтарының тіліндегі фоне­тикалық, морфологиялық, лексикологиялық ерекшеліктер қазіргі қазақ және жалпы қыпшақ тілдеріндегі өзара тарихи байланыстар тұрғысынан қарастырылған. Бұл еңбек тек қазақ үшін емес, бүкіл түркі жұрты үшін маңызды. Содан да болар Сандыбайдың ғалым ретіндегі есімін, ғылыми мәні жоғары еңбектерін отандық ғалымдар ғана емес, Қырғыз, Қарақалпақстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Түркия, Қытай мемлекеттеріндегі ғалымдар ерекше бағалайды. Сандыбай Режепұлының еңбегінің құндылығы көне жәдігерімізге өз атауын қайтаруымен ерекшеленеді. Біз осы күнге дейін өзімізді отарлаушы елдердің тарихымыз бен көне жәдігерліктерімізді өз тілдеріне бейімдеп қойған атауларын сол күйінде пайдаланып келдік. Ал Сәкең «Арабша-кыпшақша сөздік», «Түрік пен кыпшақ тілдерінің сөздігі» деген атаулармен аталған жәдігерімізге бұрынғы материалдарын оның факсимилиесімен салыстыра қарап, қолжазбаның қазақша атын «Түрік және кыпшақ тілінің туыстығы туралы жинақ» деп атаған. Түркологияға осындай термин енгізіп, оның сөздік құрамын зерттеп, талдап, ғылыми айналымға түсірген. 2007 жылы «Ескі қыпшақ сөздерінің қазақ тіліне тарихи қатыстылығы туралы» монографиясы жарық көрді.
Ғалым монографиясында қыпшақ тілі мен қазіргі түркі тілдеріндегі фонологиялық өзгерістер туралы мынадай қорытынды жасайды: «Түркі тілде­рінің ортағасырлық кезеңінен хабардар ететін материалдардың бір тобы – Алтын Орда дәуірінде пайда болған ескерткіштер лексикасын қазақ тілі лексикасымен фонетикалық, лексика-семан­тикалық, лексика-фразеологиялық, фоно-мор­фологиялық салыстырулар жасап зерттеу, төмен­дегідей тұжырымдар жасауға мүмкіндік береді:
«Тіл ғылымындағы қандай да бір фонетикалық ықпалсыз дыбыстардың өзгеріске түсу себебінің бұрыннан белгілі факторларынан бөтен «сына» дыбыстар бар екендігі, ескі қыпшақ пен оғыз және ұйғыр тілдерінде, сондай-ақ осы тілдердің қазіргі мұрагерлері болып табылатын әзербайжан, гагауыз, түркімен, өзбек, ұйғыр тілдерінде қ–к, ғ–г эпентезаларының ортағасырларда болғаны белгілі. Осының негізінде ортатүркі лексикасындағы сөздер құрамындағы ғ дыбысы, қазақ тілінде үнемдеу құбылысына байланысты емес, ана тілімізде ғ эпентезасының жоқ болуы себепті түсіп қалатындығы анықталды;
– ортағасырлық жазба ескерткіштерде қолда­нылған дәстүрлі орфографиядан, яғни й тілді ескі қыпшақ тілінің грамматикасынан ауытқып жазуда қыпшақтардың ж тілінің фонемаларын қолдану, ортағасыр қыпшақтарының екі тілде сөйлегендігін дәлелдейтін лингвистикалық факті. Осының негізінде ортағасыр қыпшақтары қимақ, яғни қыпшақ тілдерінде сөйлеген дейтін қорытынды жасай аламыз» дейді.
Ескі қыпшақ тілі қазақ тілін қалыптастырушы негізгі архетип тіл болып табылатынын нақты мысалдар мен деректі материалдар арқылы дә­лелдеп берді. Сондықтан да монография – тәуел­сіздігіміздің тұсында түркология ғылымына қо­сылған қомақты еңбектердің бірі деп түсінуіміз керек.
Сандыбай тек қыпшақ тілін зерттеумен, тіл білімі ғылымымен ғана шектелмей, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін дамытуда да қайраткерлік көрсетіп жүрген азамат. Мұнда да ол сөзбен шектелмей, іспен көрінуде. Атап айтсақ, «Мемлекеттік тілде іс-қағаздарын жүргізу үлгілері» және «Іс-қағаздар жүргізуде жиі қолданылатын сөз тіркестері» атты әдістемелік құралдар жазып шығарды. Ғалым-ұстаз өз шәкірттерін ғылымға баулып 3 ғылым кандидатын, 27 ғылым магистрін қорғатып, 1 PhD докторының ғылыми жұмысына жетекшілік жасады. Еңбегі ескеріліп 2012, 2018 жылдары Түркияның Мұғла, Бодрум, Ескішаhар қалаларында өткен Бүкіләлемдік түркологиялық симпозиумның делегаты болды. Білім мен ғылым жолындағы табыстары үшін ҚР БжҒ министірінің, бірнеше рет оқу орны басшылары мен басқа да мекемелердің Алғыс хаттарымен марапатталған. «Ы.Алтынсарин», «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерінің иегері.
Сәкең Ғалия жеңгемізбен екі қыз, екі ұл тарбиелеп отырған үлгілі отбасы. Ғалымға «Жазар көбейсін» деген тілек айтылса керек-ті. Біз де Сәкеңе ұлттың рухын көтеретін, тіл білімінің терең тамырларынан сыр шертетін еңбектерің мол болсын демекпіз!

Жолдасбек МӘМБЕТОВ,

филология ғылымыны

кандидаты, доцентң