Сгруппируйте письма себе в отдельную папку, чтобы они всегда были под рукой!
Жақсылық Сәбитовтың
«Қазақ жүздері және Алтын Орданың қолдық жүйесі»
мақаласынан ықшамдалып алынды.
Мақала «Мәдени мұра» жорналында
(№5 (56) Қыркүйек – қазан / 2014) басылды.
Дайындаған Р. Нүркен.
“Алаш мыңы” сөз тіркесі неден шыққан
1627 жылы Есім ханның Тұрсынды өлтірген, тарихқа «қатаған қырғыны» деген атпен енген оқиғадан кейін, олардың (қатағандардың) аман қалғандары босқындық хал кешті, біраз бөлігі басқа халықтарға сіңіп кетті. Қазіргі шанышқылы руы сол кездердегі қалың қатағанның бір сынығы ретінде саналады.
Сыңайы, сол кезден бастап қолдардың бөлінісі де өзгерген. Егер бұрындары қатағандардың өзі Қазақ ұлысының бір қолы (оң қол) боп есептелсе, «қатаған қырғынынан» кейін олар көп ойсырап қалғандықтан, сол қол – Алаш мыңы қазақтардың жалғыз бірлестігі ретінде дара қалады. Ал «Алаш мыңы» сөз тіркесінің этимологиясын қарастырсақ, оның мынадай үш нұсқасын назарға ұсынуға болады:
а. Алаш мыңы (мыңбасының есімі – Алаш). Бұл Алаш деген адамның Керей мен Жәнібек ханның бала кездерінде өмір сүруі және Барақ пен Болат өлтірілгеннен кейін (Жәнібек пен Керейдің әкелері) Орұс ханның әулетіне адалдығымен танылған қолбасшылардың бірі болуы ықтимал. Ол бір жағынан, Дешті қыпшақ ханы Әбілхайыр 1429 жылдың қысын, «үлкен аймақтың көшбасшысы (калантары)» Алаштың мейманы ретінде өткізген еді, деген дерекпен де жанама түрде расталады. Келесі бір нұсқада Алаш есімі Едіге тұқымдары арасынан 1489-1535 жылдарда билік құрған Жамғұршыұлы Алашпен сәйкестендіріледі. 1522 жылғы хатында Қырым ханы қазақ кінәзі Алашты және оның бауыры Ағыштың есімдерін атайды. Бұл ретте оларды 1522 жылға дейін қазақ хандарына бағынған Жамғұршының ұлдары деп есептеген В.В. Трепавловпен келісуге болады. Шамасы, олар 1510 жылдардан бастап қазақ ханы Қасымға қызмет еткен сыңайлы. Яғни, Алаш сол Қасым ханның беклербегі болуы және ол басқарған қол қазақ әскерінің бір қосыны ретінде саналғандықтан, өз қолбасшысы Алаш есімімен аталуы әбден ықтимал. Осы жайт, бір жағынан, қазақ пен ноғайдың ортақ ұраны Алаш болғаны туралы дәйекпен де үйлеседі
ә. «Қанішерлер» мыңы (моңғол тілінде «алаш» сөзі өлтіру, қанішер деген мағынаны береді)
б. Ала мың, сол мыңның (қолдың) ала, яки түрлі ру адамдарынан құралғандығын білдіреді.
Бұл атау, әуелде, жасақ құрамы шамамен бір мыңға тең болған кезде берілсе керек: Тәуекелдің тұсында оның саны 30 мыңға (3 сан) жетті. Осы «ала мың» Жәнібек пен Керей тұстарында, әкелері Барақ пен Болат көз жұмғаннан кейінгі Моғолстанға ығысқан кезде пайда болуы да мүмкін.
«Алты алаш» атауының қайдан шыққаны туралы болжамдар да әлі нақты түйінделе қойған жоқ. М. Тынышбаев бұрынғы деректерден осы сөздердің түсінігі кездеспейтінін айтып, Алты алаш – Тәуке хан тұсындағы алты ел бірлестігі одағын (қазақтың үш жүзі, қырғыз, қарақалпақ және құраманы) білдіретіндігі туралы нұсқаны ұсынды. Біздің ойымызша, «алты алаш» сөз тіркесі «барша қазақ» мағынасындағы «Алты сан алаш» (яғни 60 мың алаш) тіркесінің қысқарған түрі секілді көрінеді.
Жақсылық Сәбитовтың «Қазақ жүздері және Алтын Орданың қолдық жүйесі»
мақаласынан ықшамдалып алынды.
Мақала «Мәдени мұра» жорналында (№5 (56)
Қыркүйек – қазан / 2014) басылды.
Дайындаған Р. Нүркен.
Қазақ тарихы.