ҚОҢЫР ДАУЫСТЫ АҚЫН

            Құдиярбек АҒЫБАЕВ,

          Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері.

ҚОҢЫР ДАУЫСТЫ АҚЫН

 ( Ақын Дүйсенбек Қанатбаев туралы толғау)

 

Күз айы болатын. Жексенбі күні бір топ ағаларымды үйге дәмге шақырдым. Биыл тұңғышымыз жоғары оқу орнына түсіп, соның қуанышына деп аздап дастархан жайып қойғанбыз. Бір жағынан, осыдан бір апта бұрын ғана жаңа астана – Ақмола қаласында Қазақ радиосының ұйымдастыруымен алғаш рет «Қазақстаным – қарашаңырағым!» атты радио жыр мүшайрасы өтіп, жүзге жуық ақынның арасынан Алматыға олжалы оралғанбыз. Олай дейтінім, бас жүлдені радиожурналист, ақын Дүйсенбек Қанатбаев ағам жеңіп алған еді. Қонақтар жайлы отырып, көңілді тарқасты. Дүйсенбек ағам «Қазақфильмде» тұрады екен, машинаны жөнелтіп қойған соң үйге жата кетуін өтініп едім, балаша қуанып, келісе кетті. Ертеңгісін жұмысқа бару керек, ертерек тұрсам, залда түннен қалған оны-мұныны жаратып, Дүйсенбек ағам түркіменше әндетіп отыр екен.

«Таулар баши қалың тұман, ел қонады, Бибижан,

Сені ойласам екі көзге жас толады, Бибижан!..»

Ағамның әніне елтіп-ақ қалдым. Бірақ, жұмысы құрғыр бар емес пе. Сол ойға түскенде, ыршып түстім:

  • Ойбай, Дүйсаға, мынауыңыз, заңға томпақ болды-ау. Жұмысы құрғырды не істейміз?..- дедім.

  • Айналып кетейін, сен жұмысыңнан қалма… Маған рұқсат етсең, бүгінше інімнің үйінде бір аунап-қунап дем алайын, – деп қиыла өтінгені бар емес пе.

Күні бойы жұмыста тықыршып отыра алмай, кешкі бесінде үйге келдім. Дүйсенбек ағам келінінің түннен қалған тураған етіне тыңқиып тойып ап, залда тойған қозыдай  томпиып ұйықтап жатыр. Құдды бір әжесінің арқасында аузының сілекейі ағып, алаңсыз ұйықтап жатқан ерке немересі сияқты. Ақын жанының нәзік те, сезімтал, болмашы нәрседен жүрегі жараланып қалатынын білемін. Ұйқысын бұзуға дәтім бармады. «Жүріп-тұрғаны білінбейтін, ешкімнің мазасын алмайтын адам екен. Залдан шыққан жоқ» деп қояды әйелім таңырқағанын жасыра алмай.

Содан не керек, Дүйсенбек ағамның «демалысы»  сәрсенбінің сәтіне дейін созылды ғой. Күнде жұмыстан кешке келсем, жалғыз өзі залдағы диванда аузы ашылып, жас балаша ұйқыны соғып жатады. Әйелім Разия да екі күн жұмыс істеп, бір күн дем алады. Ағамның демалысы, тынысы жаман емес сияқты.

Бейсенбі күні музыка редакциясының Бас редакторы Серғазы Тұрсынбаевты шақырып алдым.

  • Дүйсекеңді жұмысқа қалай шығарамыз? – деді, ол кабинетке кірген бойда әңгімені өзі бастап. Жауап қайтара алмай тұрғанымды көріп, жаны ашып кетті білем:

  • Дүйсекең періште болып дүниеге келген, сол қалпында қартаятын шығар, – деді ойға кетіп.

Екеуміз оңаша отырып, жоспар құрдық. Жұмыстың соңын ала екі машинамен үш жігіт үйге келсек, Дүйсекең баяғы қалпы, түркіменше әлде бір  мақамды әуендетіп отыр екен. Бізді көріп, туған нағашысы келгендей, жүрегі жарыла қуанды. Өзгенің емес, өзінің үйінде отырған секілді. Қонағын күні бойы күткен қожайындай балконға шығып, аузы ашылмаған бір  шөлмекті әкеліп, ортаға қойды. Үшеуміз де үнсіз қалдық. Жүзіміздегі салқындықты сезді білем, мұңайып қалды.

  • Айналайындар, не болды?.. Жұмыстағы жігіттер аман ба? Неге үндемейсіңдер?

Қасымыздағы  – Ақтөбеден іссапармен келген,  журналист жолдас жігіт еді. Бұрын сырын білмеген Дүйсекең ағасының мына аңғалдығына таң-тамаша болды.

  • Дүйсаға, мен Ақтөбеде облыстық газетте істеймін, – деді ол ақынды сөзге тартып. – Өлеңдеріңізді біздің газетке  берсеңіз осы жолы ала кетейін.

Дүйсенбек ағам оны құшақтап, айналып-толғансын кеп:

  • Інім, маған ренжи көрме! Мен халықтың ақыны боп жүрген адаммын ғой, аймақтық баспасөзде шаң бермей-ақ қояйын. Тек, мені дұрыс түсінші…

Алдын-ала келісім бойынша ендігі сөзді Серғазы бастады:

  • Дүйсенбек аға, мына ініңіз Құдиярбек қызметін ауыстырып жатыр. Қазақ радиосынан кетіп, бүгін Балхашта жаңадан ашылған заповедникке директор болып тағайындалды. Бұйрығын алып келіп отыр. Аудан басшылары сонда бізді күтіп отыр. Қазір жолға шығамыз, – деді, түйеден түскендей етіп.

Мұндай тосын қызық болады деп шындығында күтпеген екенбіз. Бұл жаңалық  Дүйсекеңе қатты әсер етті білем, тіпті, бір сәтке сауығып кетті. Түсі құбылып, көзілдірігінің астындағы сығырайған көздері жасаурап тұр.

  • Ойпырмай… Құдияржан-ау, бұның қалай?.. Балалық жасапсың ғой. Сонда бәлен жыл істеген радиоңды, мына біздерді… ағаларыңды тастап, ит арқасы қиянға кете бермексің бе?! Енді, біз қайттік?.. Онсыз да, ескі көздерден қатарымыз сиреп қалып еді. Атыңды, не затыңды білмейтін жас толқын келеді. Күніміз не болады? – деп, Дүйсенбек ағам қатты күйзелді.  Серғазы да тыныш отырмай, отқа май құя түсті.

  • Ал енді, жол болса алыс. Бақанасқа дейін үш жүздей шақырым. Жолға дайындалу да керек қой, – деп қояды.

Дүйсекең жанымыздағы бейтаныс жігітке жақтырмай қарады. Дәп бір менің кетіп бара жатқаныма сол жігіт кінәлі сияқты.

  • Дүйсеке, – дедім, даусымды қатайта түсіп. – Қазақ радиосынан кетіп бара жатқаныма өзім де қынжылып отырмын. Бірақ, «есің барда, еліңді тап» демейтін бе еді. Бүгін болмаса, ертең бұл жерден біраз адамдардың кететінін жүрегім сезеді. Біздің не бар екеніміз, не жоқ екеніміз жоғарыдағыларды алаңдатып жатқан жоқ қой. Сондықтан, осындай шешімге келдім, – дедім. Мына сөзім  сенімді шыққандай болды. Дүйсекең қабағы түйіліп, үнсіз қалды.

  • Ештеңе етпес. Сағынсаңыз ініңізді Балхашқа іздеп  барып, аң атып, балықтың сорпасын ішіп қайтасыз, – деп Серғазы басу айтты.

  • Ал, жігіттер, мен онда жолға жиналайын. Айтқандай, Серғазы, анау машинаның ішіндегі екі винтовканы артқы багажға тығып таста. Жолда милициялар көрсе тиісіп жүрер, – деп, сөз арасында ептеп өтіріктің басын қылтитып қойдым. Дүйсекең ыршып түсті.

  • Ойбай, мылтықтарың да бар ма?! – деді  көзін алайтып.

  • Аға, қару сататын дүкеннен аң атуға арналған екі мылтық сатып алдық. Арнайы рұқсат қағазымыз да бар, – деп, жанымыздағы жолдас жігітіміз әңгімені қоюлата түсті.

Дүйсенбек аға шындап сасайын деді. Даусы дірілдеп, бізді қимай көзі жасаурап тұр. Тура бір туған інілерін шетелге немесе алыс жолға аттандырып, жапанда жалғыз өзі қалып бара жатқандай.

  • Айналайын-ай, сенің сөзің де орынды шығар. Онда сенен кейін біз де кетерміз радиодан. Мына Серғазы екеумізге сол Балхаштағы қорығыңнан жұмыс қарастыра бер. Болмаса,қарауылың болуға жарайтын шығармыз. Тек, енді бізді ұмытып кетпегін, – деп, орамалымен көзілдірігін шешіп, қабағының  астын сүрте берді.

  • Сырттағы шопыр жігіт жаурап қалды-ау, мен барып машинаны қыздыра берейін, – деп Серғазы сыртқа беттеді.

Жолдас жігіт екеуміз Дүйсенбек ағаны зорлағандай ғып киіндіріп, аулаға шықтық. Екі машинаның біріне ағамызды отырғыздық.

  • Дүйсенбек ағаны үйіне жеткізіп салған соң, «Саяхат» автобекетінде жолығармыз, – деп, ағамызбен қимай «қоштастық».

Дүйсенбі. Жұмысқа ертерек келдім. Сағат тоғыздан өтер-өтпес жартылай ашық тұрған есіктен, хатшы қыз отырған ауызғы бөлмеден Дүйсекеңнің таныс та, қоңыр даусы естілді.

  • Данияр бар ма? – деді ол естілер-естіртпес үнмен тіл қатып. Бас директорымыз Төреханды сұрап тұрғанын сезе қойдым.

  • Ол кісі әзірге келе қойған жоқ, – деді хатшы қыз.

  • Мұнда кім бар?.. – деген сөзін кенет, телефон қоңырауы бөлді де, хатшы қыз өзімен-өзі болып кетті.

Байқаймын,Дүйсенбек ағам аяғының ұшымен басып, менің кабинатіме кіріп келеді. Дереу үстел тартпасында жатқан қара көзілдірігімді көзіме іле сап, алдымдағы жатқан газетті жазып жіберіп, жүзімді көлегейлей қойдым. Дүйсекең жасырынбақ ойнағандай сәл-пәл бөгеліп, газеттің үстінен маған ұрлана  қарап қояды. Жүзіне қарасам жас балаша мәз, ойында титтей де реніш жоқ, беймарал жымиыс.

  • Қайтып оралдың ба?.. – деп тұр. Қапелімде аузыма сөз де түспей, сасқалақтап қалдым.

  • Ия, Алматыны, Қазақ радиосын, әсіресе, мына сіздерді қия алмайды екенсің. Сосын…  қайтып келдім, – дедім.

  • Айналайын-ай, қандай дұрыс жасағансың. Әй, жүрегім сезіп-ақ еді, – деп, балаша шаттанып, мені құшақтай берді.

Інілерін іші-бауыры езіле жақсы көретін, бір бойында толған талант, әпенде ақын ағам Дүйсенбек Қанатбаев осындай жан еді ғой. Сенің кіршіксіз жүрегіңді, алғаусыз көңіліңді, асқар таудай болмысыңды, кішіпейіл мінезіңді, әуе толқынына сөзбен өрнек салған қоңыр даусыңды – бәрін-бәрін сағынамыз әлі!

Құдиярбек АҒЫБАЕВ,

          Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері.