ЖЕР САТҚАНДАР ОҢБАЙДЫ

Жеңіс Оспанов

 

ЖЕР САТҚАНДАР ОҢБАЙДЫ
(эссе)
…19 жылы екі кештің арасында ауруханаға бардым. Есімнен танып. Жүрек сырқаты діңкелетіп қойды. Терең тыныс алсам,сол жақ тұсым шым ете қалады.  Сосын дүние меңіреу. Көз алдым қарауытып, естанды күйде қабылдау бөлімінде жатқанымды білемін. Әйтеуір епті қолды,жирен шаш үкі көз медбике келіп, тамырыма укол салғанда есімді жидым. Уһ!..
Бір күн ауырсаң, дүниенің түбі қараң екен. Түкте ойлаған жоқпын. Басымнан өтіп жатқан сан түрлі қиыншылықтың барлығын ұмытып тек бір жұтым өмір ауасын жұтсам деген қиялдың ғана тұтқыны болдым. Мен үшін бір бір жұтым ауаның өзі қазір қымбат. Өйткені жүрегім минутына екі жүз алпыс сегіз  рет соғып тұр.
Терезеден тысқа көз салдым. Табиғат сол қалпы. Шіліңгір шілденің ыстығы. Бөлме салқын. Жап-жарық. Кірпігінен байланған әлемнің ұйып тұрғандығына тамсана қарадым. Көз алдымда өткен шағым, басымнан кешкен қилы тұстарым көлбеңдеп өтіп жатыр. Бәрі трагедиялық кескінде. Терең ойға шым баттым. Тағдыр!-дедім.
Күрк-күрк жөтелді қасымдағы кісі. Жаңа аңғардым. Ұзын бойлы, кең танаулы, бадырақ көз, жалпақ бет, тобылғы реңдес алпыстар шамасындағы сыртқат кісі екен. Күрк-күрк жөтеліп, барып жөткірініп, су ішті. Сәлем бердім.
Жүзінен нұр төгілген, қоңыр үнді, оқығаны көп,  салмақты, сабырлы, пайымды жан екендігі ләмінен көрініп тұр. Күрк-күрк жөтеліп қояды да, жөткірінеді. Өткен жылы,жүректен ота жасапты. Отасы сәтті шыққан. Бірақ сол жақ тұсы шым-шымдап әлі де аурады екен. Ауруға тұтқын болдым. Әбден әлсіретті. Мені ауру қылған туған жердің киесі. Білесіз бе?-деді.
Тынысым тарылды. Темекіқұмармын ғой. Шылым шеккім келді. Таңдайым кеберсіп, тамағым құрғады. Бірақ дәрігер қатаң ескерткен: Сізге темекі шегуге болмайды деп. Демек рұқсат жоқ. Өз-өзімді қатаң бақылауға алып, неғұрлым зиянды әдеттен арылу қажет. Денсаулық керек… Шиенің шырының ішіп, ауылдан келген малтаны малжаңдадым. Темекі қоюдың тәсілі.
Күрк-күрк жөтелді. Күбірлеп сөйледі. Мені туған жерімнің қарғысымен анамның рухы ұрды. Анам  дүниеге әкелді. Өмір сыйлайды. Мына жарық дүниенің нұрлы сәулесін көрдім. Бақты. Өсірді. Оқытты. Бірақ мен астымдағы орынтағым үшін, анамның жатқан зиратын сатып жібердім. Соны киесі,-дейді бейтаныс ағай.
Таңырқап қарадым. О заманда, бұ заман, досың сатты, тіпті Отаның сатты дегенді естігем, тарихта болған оқығанбыз. Өлілердің мекенің сатты дегенді бірінші рет естіп тұрмын. Естімеген елде көп. Ағайдың бетіне бағжия қарадым. Қорым сатқан, қор болып отырған ағай, әлсін-әлсін су ішіп, сол жақ кеуде тұсын ақырын уқалап, күрсінеді. Не болса да, сыры да, мұңы да ішінде.
-Білесің бе, менің қолымда үлкен лауазымды қызмет болды. Бәрі қалды. Өйткені мен жер саттым. Туған жерімнің ең шұрайлы жерін. Анамның. Атамның. Бабамның. Әжемнің жатқан жер бесігін біреуге қырық тоғыз жылға жалға бергіздім. Солай істеуге лажсыз мәжбүр болдым. Бұл ісім адамгершілікке жатпайды ғой. Тіпті айтудың өзі ұят!
Иығымды қиқаң еткізіп, білмеймін деуден артыққа бармадым. Қазір ақша үшін не сатылмай жатыр? Тән де, рухта, тіпті Отан да сатылып кетіп жатыр. Оны біз білмейміз, біз осылай  өркениетке қол жеткіземіз деген саяси салмағы аз ұранның жетегінде отырмыз. Жер сату, әрине ақылға сыймайтын қарекет деп ойладым. Сол жақ кеуде тұсым шым ете қалды. Күнәһарлық әрине дінін сатқанда емес, тілін сатқанда емес. Тұтас Отаның сату! Отан ол жер. Жер халықтың байлығы. Өлсең де сол жерге барасың. Тіршілігінде сол жерден өнім аласың. Бірақ жер сатуға арланбаймыз. Өйткені санамызда жатып қалған марғаулық пен мешелдік бар. Одан арылу енді оңайға түспес.
Күрк-күрк жөтелді де, дәрі ішті. Өңі қуарып отыр. Күбірлеп сөйледі. Дауысы қоңыр. Бірақ аянышты: Маған жоғарыдан жарлық келді. Келген жоқ, ана осы аймақтағы алпауыт фирманың ашынасы һәм менің ауылымның қызы кабинетке рұқсат сұрамай кірді. Әбілет басқырдың нақ өзі еді. Білесің бе, бұрын мектепте үздік оқыған. Үз-дік. Бірақ, үздіктігі шамалы болатын. Әке беделі оны көтерген. Таза қазақ ауылы жағымпаз, жәдігөй ғой. Мұғалімдер кілең семіз бестік қоятын. Білімі көрініп тұрса да. Өйткенің оның әкесі,совхоз директоры ғой.
Кірді кабинетке. Жуан бөксесін сылқ еткізіп орындыққа отырды. Жасында әдемі, бойшаң, өңді қыз болатын. Енді толықсыпты. Қасынан әтір иісі аңқып тұр. Еріні қып-қызыл. Жезөкшеге тән құбылмалы мінезі басым. Одырайып қарап жайғасты. Мені, өзінен екі жас үлкен деген жоқ. Қолында бір бума қағаз. Сылқ еткізіп алдыма тастады. Талдысайдың етегінен қырық тоғыз жылға жер алдым. Құс өсіремін. Шошқа өсіремін. Құстың еті өтімді. Шошқа өнімді дейді. Шалқамнан түсе жаздадым. Ақылынан алжасқан ба, мынау деймін. Жоқ, ақылы орныңда. Бірақ ақымақтың тірлігін жасап отыр, туған жеріне тауық пен шошқа апармақшы. Тауығы жарайды. Тұмсықты. Ал талпақ танау ше?
Арсыз ғой. Несібесін арамнан тапқан. Бетіне бадырайып қарап мырс етті. Ойымды оқып отыр. Біліп отыр. Мен мұндай қадамға бармайтынымды. Бірақ, оның сөзін құдай сөйлемесе де, жағымпаз, алды-артына есеп бермейтін тоғышарлар сөйлейді. Кенет қызмет телефоным безілдеді. Алдым. Ар жағынан бұйрық берілді, қабағы қатқыл басшыдан. Басшы болғанда аспанның бер жағында, жер үстінде билік құрғыштардың тарапынан. Қысқа ғана: -Қол қойып беріңіз!-деп тұтқаны тастай салды. Кімге екені белгілі.
Сең соққан балықтай сеңделдім. Менің алдымда адам емес. Екі аяқты арсыз, имансыз, отаның сатқан, сата алатын, тіпті ар жағын ойлау мүмкін емес еді. Жиіркеніп кеттім. Айбақтап ызалана отырып қол қойып бердім. Мырс етіп күлді. Қош айтыспастан шыға жөнелді. Онымен сөйлесуге тұрарлықта адам емес. Азғын-ол! Тәнің басқа ұлтқа сатып жүрген. Абройдан-жұрдай. Санда бар, санатта жоқ. Шіріген жұмыртқа!
Бір аптадан соң, ауылдан құрдасым қоңырау шалды. Тексізсің!-деді. Тіл қатпадым. Ағам хабарласты. Бейшарасың!-деді. Әкем  келді. Түс әлетінде. Қасында ауылдас екі қария бар. Сұлуға, қазан көтер дедім. Әкем қолын көтеріп, жоқ ет жеп, омыртқа мүжитіндей жағдайда емеспін. Келген шаруам қысқа. Талдысайды сен саттың ба, бадырайған қолын тұр деді. Үндемей төмен қарадым. Сен анаңды саттың, атаңды, әжеңді саттың. Тірідей мені саттың. Сенде рух жоқ. Азамат емессің. Азаматқа тән қасиеттен жұрдайсың, ертең мен өлсем талпақ танаудың тезегіне қалай жатамын, соны ойладың ба, жоқ, оны ойлайтындай сенде мүмкіндік жоқ. Өйткені саған ар емес, тақ қымбат, саған намыс емес, жалған дүниенің арзан атағы қымбат. Сен сатқынсың!-деп жерге шырт түкірді. Шапаны шұбатылып гөй-гөйлеп ашуланып кетті. Үндемедім. Өйткені бір ауыз сөз айтуға дәрменсіз едім.
Білесіз бе, бұл дүниеде ең ауыр қарғыс туған жердің қарғысы екен. Әбілет басқыр, бетбақ Талдысайдың етегінен талпақ танауға арнап үлкен қоражай салған. Іргесінде дəл қасында қорым бар.Жел күншығыстан соққанда, ауылды  сасық иіс алып кететін көрінеді. Биелер құлын тастапты. Ел-жұрт,сол сасық иістен қашып көшіп жатыр. Тіпті мені көшеде көрсе жас-кәрісі айналып өтеді. Қазір Костя деген мұжық иелік етіп шошқа өсіріп жатқан көрінеді. Талпақ танаудың аяғы тиген соң ба, қысы-жазы сылдыр қағып ағып жататын Қарабұлақтың көзі де бітеліпті. Әкем де, бауырларымда , құрдастарымда хабарласпайды. Мен шиден тысқары, шіріген жұмыртқаға айналдым. Бір күндік қызмет үшін!
Өткенде анам кірді түсіме. Қабағы қатулы. Өңі сынық. Таяғын алып мені қуды. Безектеп қаштым. Анық естідім: Мына күлімсі сасық иістен тұншығып жатырмын дейді. Аруағы ғой.  Құтқар мынадан!- деп сол құлағымнан айқайлап кетті. Қазір…
Жүректен аурумын. Ота жасаттым. Қызметтен кеттім. Ақыры осындай мүшкіл жағдайда отырмын. Күрк-күрк жөтелді. Көзінің алды көгіс тартыпты. Кезінде рухты азамат болған білем. Бірақ рухы сынған. Күбжіктеп қалған. Расында да, бір күндік қызмет үшін адам баласы бәріне көз жұма қарайды. Байлық. Мансап уақытша бір мезеттік алдамшы.
Түннің бір уағында алып кетті. Ауырлап қалыпты. Ертеңіне  естідім. Жансақтау бөліміне түсіпті. Жағдайы ауыр. Адам болуы екіталай дейді. Кезінде үлкен қызметте істеген. Темекіге тәбетім тартты. Көз алдым бұлдырлаған соң, ақырын тысқа шықтым. Ұзын бойлы, көзілдірікті кардиолог дәрігер: Сіз Сұлу жеңгей боласыз ба?-дегенді құлағым шалды. Қысқа шашты, қарақаткөзді елулер шамасындағы әйел адамға.
-Иә,-деді көзілдірікті келіншек.
-Жағдайы ауыр еді, түні бойы қолдан келген амалды жасап көрдік. Бірақ, таң алдында…иә, таң алдында терең тыныс алып бар айтқаны «Жерді аяулау керек, жер сатқандар оңбайды!» -деп үзіліп кетті. Түсінбедік,-дейді дәрігер алақаның жайып.
Тысқа шықсам аздап қоңыр салқын екен. Тығылып тұрып, көзден тасалау жерге барып темекі шектім. Тұқылын лақтырайын деп әдетіме салып, жерге тастадым да, қайтадан еңкейдім. Жер ана. Жерді аялау керек. Ауырды да, жеңілді де көтеретін қасиеті де, құдыретті  жер. Оны сатуға да, біреуге сыйға беруге де болмайды. А, айтпақшы ем-дом алып бірге дәмдес болған ағайдың есімін сұраппын. Қайда жерлейді екен, Талдысайдың қорымына ма?Ол жағы, мен үшін беймәлім.
Көрген көрінісімнің ұзын-ырғағы осы. Сол жақ тұсым тағы шым ете түсіп сыздады. Медбике келіп білегіме ине сұқты. Көз алдымда жүректен ауырып күрк-күрк жөтелген ағайдың бет-бейнесімен  бір ғана ауыз сөзі «Жер Сатқандар Оңбайды!» -дегені әлі күнге көлбеңдейді.
Иә. Жер сатқандар оңбайды!..
Жеңіс Оспанов

 

 

Отправлено со смартфона Samsung Galaxy.

M