СЕЙФОЛЛА МЕН СӘДУАҚАС НЕМЕСЕ ҚАРЛАГ ҚҰЖАТТАРЫ НЕ ДЕЙДІ?

Бұл мақаланы Қарағанды облысы Шахтинск қаласында жүргенімде он шақты жыл бұрын жаздым. Әріптесім

Жадыра

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Шамұратова алған төмендегі сұхбаттың жалғасы болсын деп жаңғыртып отырмын. Негізі депутат айтып отырған мәселе сол уақытта-ақ көтерілген.

СЕЙФОЛЛА МЕН СӘДУАҚАС НЕМЕСЕ ҚАРЛАГ ҚҰЖАТТАРЫ НЕ ДЕЙДІ?

Долинкадағы Саяси қуғын-сүргін құрбандарын есте сақтау мұражайынан өткен ғасырдың 30-шы жылдардағы ойранда ұсталып атылған мемлекет қайраткерлері Жанайдар Сәдуақасов пен Сәкен Сейфуллиннің әкелеріне қатысты құжат табылып отыр.

Жанайдар мен Сәкен жерлес қана болмай, қызметте де аралас–құралас болды. Және пікірлері де бір арнаға тоғысатын. Мәселен, Жанайдар Халық ағарту саласының қазақ бөлімінде іс жүргізуші қызметінде істеп жүргенінде Сәкеннің Омбы түрмесінен қашып шығуына көмектесті. Қазақ АКСР-і ОАК-нің жауапты хатшысы, ОАК жанындағы іс қағаздарын қазақ тіліне көшіру жөніндегі Орталық комиссияның төрағасы қызметін атқарғанында Сәкенмен пікірлестігі үшін «Сейфуллинщина» желеуімен орнынан алынды. Сондай-ақ, Жанайдар Сәдуақасовтың өмір жолының патша өкіметі құлағаннан кейінгі алғашқы кезеңі С. Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» тарихи романында суреттелген.

Айтпақшы, Сәкеннің сол кезде-ақ қазіргі таңда да өзектілігін жоймаған іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізудің қолдаушысы болғанын, осы жолда біраз айқасқаны белгілі. Жанайдар да осы салада қызмет еткені жоғарыда жазғанымыздан көрініп тұр. Бұл жайт қос қайраткердің тығыз қарым–қатынаста болғандығын тағы дәлелдей түседі.

Жанайдар 1938 жылы ақпанның 28-інде КСРО Жоғарғы Соты Әскери алқасы көшпелі сессиясының үкімімен Алматы түбіндегі Жаңалық ауылының тұсында атылды. Соған қарағанда сүйегі де сол ауылдағы саяси қуғын–сүргін құрбандарына арналған қорымда болуы керек.

Сәкен одан үш күн бұрын оққа байланды. Алайда, жатқан жері әлі белгісіз. Қайсыбір жылы Мудров деген кісі: «Сәкенмен бірге Магадан түрмесінде отырдым», – дегесін арнайы экспедиция ұйымдастырылып, сүйегі сол жақтан ізделген. Бірақ бұл сапар сәтсіз аяқталған. Бұл туралы белгілі ақын Ғалым Жайлыбайдың «Рух» атты өлеңінде:

Ақбоз атты құлатқан жала керме,

Магаданға мола іздеп бара берме.

Сәкен деген халқымның рухы ғой,

Рухтарды көмбейді қара жерге – деген жолдар бар.

Ал әкелері… Әкелері бір күнде ұлдарынан екі айдай бұрын опат болыпты. Мұражайдан табылған құжат осылай дейді. Сол құжатты қазақша сөйлетсек, Жанайдардың әкесі туралы былай жазылған: «Жалмақанов Сәдуақас – Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының №9 ауылында дүниеге келген. Жұмыссыз. НКВД басқармасы үштігінің үкімімен 1937 жылдың 8 желтоқсанында ату жазысына кесілді».

Сәкеннің әкесіне қатысты: «Оспанов Сейфолла 1866 жылы Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында дүниеге келген. Жаңаарқа ауданындағы Киров атындағы колхоздың мүшесі» деген дерек бар. Оның да жазаға тартылған күні 1937 жылдың 8 желтоқсаны көрсетіліп тұр.

Мұражай қызметкері, өлкетанушы Ібіраһім Ісләмұлының айтуынша, үкім шығарылған күні орындалатын. Ерекше бір жағдайлар туындағанда ғана екі–үш күнге шегерілетін. Демек, олардың ғұмырлары бір күнде үзілген және жерленген жерлері де сол Долинкаға жақын маңда болуы керек. Бұл жөнінен сәл кейінірек, қазір ұсталу себептеріне тоқталайық.

Иә, Совет үкіметінің алдында еш жазығы жоқ қариялардың не кінәсі бар еді? «abai.kz» акпараттық порталында Сәкеннің інісі Мәжиттің қызы Рымжанның естелігіне жолықтық. Онда былай делінген: «Сәкенді алып кеткен күні кешкісін өрістен қайтқан малын қарсы алып жатқан жерінен әкесіне бейтаныс біреулер жақындап келіп: «Сейфолла Оспанов деген сіз бе?» дейді. Не болғанынан әлі бейхабар ақсақал «Иә, мен» деп жауап береді. «Онда сіздің ұлыңыз халық жауы болып тұтқындалды, сіз де халық жауысыз» деп сол тұрған жерінен ұстап әкетеді. Жанында тұрған ауыл ақсақалы аң-таң қалып, «ойбай-ау, қарияның не жазығы бар?» дегені үшін оны да алып кетеді». Жалмақанов Сәдуақастың да тұтқындалу себебі тек оның Жанайдардың әкесі болғаны ғана болуы керек.

Жалпы мұражайда ату жазасына кесілген 3026 адамның тізімі бар. Олардың мыңға жуығы ғана Долинка маңында жерленген деп болжанады. Оның себебі: «мемлекет ішіндегі – мемлекет» болып саналған КарЛаг-тың аумағы өте үлкен, Франция елінің аумағындай болатын. Атылған екі мыңнан аса адамның сүйегі, міне, сол лагерь бөлімшелері орналасқан жерлерде жатқан болуы керек.

КарЛаг орталығы болған Долинкаға келсек, осы кенттен 2,5 – 3 шақырым қашықтықта иен дала бар көрінеді. «Атылған адамдарды сол жерге апарып жерлеген», – дейді Ібіраһым Ісләмұлы. «Сейфолла Оспанов пен Жалмақанов Сәдуақас екеуінің сүйектері де сонда жатуы әбден мүмкін», – дейді сөзін әрі қарай жалғастырып. «Тек бұлар ғана емес, ату жазасына кесілген Жаңаарқа ауданының 47 азаматын таптым. Олардан басқа Қарқаралы, Қу, өзге де Қарағанды облысына қарасты аудандарының тумалары жүр тізімде. Өкінішке қарай, осы азаматтар жерленді деген жерде еш белгі жоқ, ол жер кімнің иелігінде екенін де білмейміз. Бұл орайда Долинка кенті, Шахтинск қаласының әкімдігіне сол жерге қоршау орнатылса деген ұсыныспен шықпақпыз. Қарағанды облысының аудандарының да әкімдеріне хат жіберу жоспарымызда бар. Ол хатта сол ауданның ату жазасына кесілген адамдарының тізімін көрсетпекпіз. Ойымыз, сол аудандардың билігі жазықсыз оққа байланған азаматтарын ескеріп, ескерткіш орнатса. Ескерткішке атылғандардың есімдерін қашап жазса – нұр үстіне нұр болар еді. Содан саяси қуғын–сүргін құрбандарын еске алу күні сол жерге ұрпақтары келіп, аруақтардың рухтарына Құран бағыштаса. Мұсылманшылық, қазақшылық тұрғыдан алғанда, осылай істеген дұрыс меніңше. Атасы туралы дерек табылғандығын Сәкеннің інісі Мәжиттің қызы Рымжанға хабарлағанбыз. «Өшкені жанып, өлгені тірілгендей» ол кісі қатты қуанды. Мұражайдың ашылуына да келіп кеткен болатын», – деп аяқтады сөзін өлкетанушы ағамыз.

Жиырма жылдан аса жұмыс істеген ҚарЛаг қаншама адамды азапқа салып, өмірін жалмады. Жазықсыздан жазықсыз, тіпті, бір ауыз өлең шығарғаны үшін ғұмырымен қоштасқандар да болды. Мәселен, Жаңаарқа ауданының азаматы, Сейфолла Оспанов пен Жалмақанов Сәдуақаспен бір күні атылған Өксікбай ақын:

Бастығы НКВД Тоңдығұлов,

Өртіңді сөндірдік қой оңды қылып.

Бір қора ел адамын машинамен

Далада тастап кеттің сорлы қылып – дегені үшін ұсталды. Мұны да Ібіраһым Ісләмұлынан естідік. Оқиға былай болған: Жаңаарқа жерінде өрт болып, оны сөндіруге ел адамдары апарылған. Өртті өшіргесін олар далада қалып, ауылдарына жаяу–жалпылап қайтқан. Содан туған өлең екен.

Иә, мұражайда әлі де талай ашылмаған сырлар жасырулы. Сәкен мен Жанайдардың әкелеріне қатысты дерек «алғашқы қарлығаштардың» бірі ғана. Ең бастысы, мұражайда ғылыми жұмыстар жүргізілуде. Ол жұмыстар тарих үшін, ұрпақтар үшін құнды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ