Ғалым-ұстаздың мерейтойы

                                       

 

Пазылбек Бисенбаев,

Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы

кафедрасының

 аға оқытушысы    

                                                                                               Ерхан Кәрбозов,

              Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы

кафедрасының     доценті

 

 Ғалым-ұстаздың мерейтойы

 

Филология ғылымдарының  докторы, ҚазҰУ профессоры, Халықаралық Ш.Айтматов атындағы академияның академигі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Атырау облысы Құрманғазы ауданының құрметті азаматы Бисенғали Зинол-Ғабден Қабиұлы 1950  жылы, 21 қаңтарда Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Ботахан аулында дүниеге келген.

1967  жылы әл-Фараби ат. ҚаҰУ-дың филология факультетіне оқуға түсіп, 1972 жылы үздік дипломмен бітіріп шықты. 1972-1978 жылдары Қазақ радиосының балалар мен жастарға арналған хабарларының бас редакциясында редактор болып қызмет істеді.

Осы жылдары Қазақстанның сан түрлі қалалары мен өлкелеріндегі жаңалықтардан: алып құрылыстар мен жастар көтеріп жатқан жаңа бастамалардан, мектептер мен жоғары оқу орындарындағы игі іс шаралардан репортаждар жүргізеді, республиканың қоғамдық өміріндегі басқа да мәнді жаңалықтар туралы эфирден үзбей, жүйелі түрде жариялап отырады. «Өрендер», «Естен кетпес ерлік беттер» атты хабарларда республика өміріндегі ірі уақиғаларға белсене араласып жүрген жастар мен олардың жетекшілері, еңбек және соғыс ардагерлері туралы радиоочерктер мен кездесулер, сұхбаттар жариялайды. Көрнекті қоғам қайраткерлері мен өнер тарландары, жазушылар туралы жазды. Мәселен, С.Бегалин, Ж.Арыстанов, Ә.Нұршайықов, С.Мәуленов, Ә.Сәрсенбаев, Б.Соқпақбаев, О.Бөкей, Н.Ғабдуллин, т.б. КСРО Халық артистері Р.Бағланова, С.Майқанова, Қазақ КСРО Халық артистері Н.Қаражігітов, Қ.Тастанбеков, М.Өтекешова, көрнекті сазгер Ш.Әбілтаев, Совет Одағының Батырлары Қ.Хамзин, Қ.Сұрағанов, А.Суханаев, М.Мәметова, Социалистік Еңбек Ерлері М.Көлжанова, З.Күдербаева, т.б. туралы деректі әңгіме,  очерктер осы кездерде жазылған.

З.Бисенғалидің «Сиқырлы қалам» атты радиопьесасы мен К.Паустовский шығармалары бойынша жасаған «Түнгі керуен» атты радиосценировкасы – жоғары бағаланған, қазақ радиосының алтын қорына алынған туындылар.

1978 жылы З.Бисенғали ҚазҰУ қазақ әдебиеті кафедрасының күндізгі аспирантурасына қабылданады, профессор Б.Кенжебаевтң жетекшілігімен «ХХ ғасыр басындағы қазақ прозасының қалыптасуы» (1917 жылға дейінгі кеең) тақырыбында кандидаттық диссертация жаза бастайды.

1981-1983 жылдары З.Бисенғали ҚазҰУ филология факультетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» кабинетінде қызмет істейді, лекциялар оқып, практикалық сабақтар жүргізеді. Студенттердің оқу-тәжірибелік практикасымен Қызылорда, Шымкент, Жезқазған(бұрынғы) облыстарындағы фольклорлық-диалектологиялық экспедицияларға қатысады.

1983 жылы жарық көретін «ХХ ғасыр басындағы қазақ прозасының қалыптасу жолдары» атты оқу-методикалық құрал осы тақырыптағы зерттеулерге, әдеби-тарихи деректерге, нақты шығармаларды талдаулар нәтижесіне сүйене жазылған еңбек еді. Зерттеу ХХ ғасыр басындағы қазақ прозасы дамуына әсер еткен басты фактор дәстүрлі әдебиетіміз бен халық прозасы деген ұстанымды алға тартты. Бұл сол жылдарда жаңа көзқарасқа негізделген пікір болатын.

З.Бисенғали осы зерттеулердің нәтижелері негізінде 1984 жылы кандидаттық диссертация қорғайды. «ХХ ғасыр басындағы қазақ прозасы» аталған монография осы кандидаттық жұмыс қорытындысы болып табылады. Зерттеу әдебиеттану ғылымы мен тарихы үшін аса маңызды тақырыптардың бірі – қазақ прозасының жанр ретінде даму жолдарының бастауларына арналған. Диссертация жазылған жылдарда қазақ прозасы «Ұлы Октябрь» революциясынан кейін, тікелей орыс әдебиеті ықпалымен пайда болды деген қатпа пікір әбден қалыптасқан болатын.

Мұндай жағдайда, «… эпостан эпопеяға» алып адым жасаған қазақ прозасының ірі табыстарға жетуіне негіз болған жағдай мен себеп, сол кездегі әдебиетіміздің ішкі даму тенденциялары назардан тыс қалатын. Оны жан-жақты зерттемейінше қазақ прозасының алып адымын, жедел дамуын түсіндіруудің қиындығын айта келе, алуан түрлі әдеби, тарихи деректерді, архив материалдарын пайаланып З.Бисенғали қазақ прозасы Октябрьге дейін көркем жанр түрінде қалыптасты деген қорытындыға келеді.

Зерттеуші қазақ прозасы қалыптасуына ықпал еткен ХХ ғасыр басындағы мерзімді баспасөз бетіндегі прозалық шығармалар мен көркем аудармаларды, әдеби-сынды жан-жақты зерттеу барысында «Айқап»  журналының әдеби қызметіне арнайы тоқталады. Жарияланған прозалық шығармаларды жүйелей талдайды, көркем проза тілінің қалыптасуындағы бұл шығармалардың рөлін көрсетеді. әдеби айналымға жаңа шығармалар енгізеді.

Проза жанрының күрделі түрлерінің даму жолдары мен оған әсер еткен объективті, субъективті жағдайлар да осы еңбекте нақты әдеби-тарихи деректерге сай көрсетіледі. Б.Ержановтың «Оқуға махаббат», А.Жандыбаевтың «Жас ғұмырым яки жастықта ғафлат», Т.Жомартбаевтың «Қыз көрелік», Б.Майлиннің «Шұғаның белгісі», С.Торайғыровтың «Қамар сұлу», С.Көбеевтің «Қалың мал» т.б. роман, повестері жанр заңдылықтары мен қазақ қоғамдық санасы дамуының нәтижесі ретінде дәлелденеді. Сондай-ақ, қазақ прозасы дамуындағы көрші елдер әдебиеті мен әлемдік әдебиет ықпалы да аталады. Осы шығармалардың қайсысында да профессионалдық қазақ прозасының Октябрьден кейінгі алып адымдарына негіз болған тәжірибе мен көркем проза тәсілдері жинақталды. Оның қажетті компоненттері, тілі қалыптасты, құрылысы әдеміленіп, жүйеге түсіп көз тарта бастады. Сөйтіп, жазушылардың жаңа жанрды игеру жолындағы іденістері мен табыстары және көрші елдер әдебиетінің ықпалы бірлесе келе қазақ прозасын профессионалдық жаңа, күрделі, көркем прозаға алып келді»,- деген қорытынды жасайды. З.Бисенғали 1997 жылы «ХХ ғасыр басындағы қазақ романы» тақырыбында докторлық диссертация қорғайды. Қазақ романының даму жолдарына арналған «ХХ ғасыр басындағы қазақ романы» аталатын зерттеу З.Бисенғалидің осы еңбегінің нәтижелеріне негізделеді.

Зинол-Ғабден Бисенғали  жетпістің биігіне үлкен жетістіктермен  жетіп отыр. Мерейтой орайында ғалымға зор денсаулық, шығармашылық табыстар тілейміз.

Пазылбек Бисенбаев,

Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының

                                                     аға оқытушысы                  

Ерхан Кәрбозов,

              Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының     доценті