ҚР Ақпарат және ҚоғамдықДаму МинистріАида Балаева ханымға.

 

ҚР Ақпарат және Қоғамдық
Даму Министрі
Аида Балаева ханымға.

Два величайших изобретаний в историй:
Книгопечатание усадившее нас за книгу и
Телевидение оторвавшее нас от них…
Жорж Элгози французский афорист

Абайға емес, Аидаға хат жаздым

немесе Телевиденияның Қазақ руханиятындағы орны

       Құрметті Аида Ғалымқызы!
Біріншіден сіздің Министрлік қызметке келіп жатқаныңызға құтты болсын айтамын! Еңбегіңіз жемісті болсын!  Өкінішке орай,  Сізге гүл шоғын апарып,  кабинетіңізге барудан гөрі бүгінгі қордаланып қалған, көптен шешуін таба алмай жүрген,  қиын да күрделі мәселе туралы айтқым келіп тұр.

Ол бүгінгі Қазақ руханиятындағы,  Қазақ мәдениетіндегі телевидениенің орны.  Телевидение -өткен ғасырдың 50-ші жылдарының соңынан бастау алған, 60 жылдық тарихы бар,  біздің өміріміздің ажырамас бір бөлігі.  60 жылдан астам уақыттың ішінде, қаншама өскелең ұрпақ,  осы көгілдір экран арқылы өсті, ер жетті, қаншама жаңалықтың куәсі болды. Еліміздегі экономикалық,  саяси,  мәдени,  тарихи тағы басқа салаларда да телевидение біздің хабаршымыз болды.  Қазақ телевидениясы 1991 жылға дейін Орталық телевиденияға, Мәскеуге тәуелді болып,  солардың хабарларын таратумен айналысса,  Егемендік алғалы бері “Қазақ телевидениясы”   өз бағыт-бағдарын анықтаған сала.  Одан басқа жекеменшік көптеген телеарналар ашылды.  Олар

«КТК»,

«31»

«НТК»

,«СТВ»,

«Той думан»,

«Гәкку»,

«Астана»,

«Тұран» т.б.

Өздеріңізге мәлім “Хабар”  мен “Қазақстаннан”   басқасының барлығы жеке меншік арналардан,  жеке  құрылтайшылардан құрылған каналдар. Алайда, бүгінгі күнде саны бар, сапасы жоқ телеарналар қаптап кетті.  Осы мына карантин басталғалы қарап отырсам, қойылған киноларымыз бар,  музыкалық бағдарламалар,  әзіл-сықақтардың барлығын қарап отырып менің көзім жеткені,  “Қазақ телевидениесі”  ең алдымен музыкалық жеңіл-желпіге құрылған арна болса, одан кейінгі “әзіл-сықақ”  программаларға құрылған дүние екен.  Өкінішке орай осы 2 айдың ішінде мен бірде-бір каналдан терең,  тарихи мағлұмат алатын,  адамның санасынада,  жүрегіне де тиетін ғылыми болмаса бала-шағаңмен ұялмай еркін көретін бірде-бір арна таппадым.  Және жаңалықтар “24kz” хабарынан басқа каналдардың барлығының тауықтың жұмыртқасы секілді,  біріне-бірі ұқсас каналдар екендігі. «Қарыныңның ашқанына емес, қадіріңнің қашқанына жылаймын» демекші, ол Ұлттық арнамыздың сапасының төмендеп кетуі.  Қатты айтсам айып етпеңіз.  Өкінішке орай Шерхан Мұртазадан кейін “Қазақ телевидениесы”  бір басшыға жарымай-ақ қойды. Және бір қызығы бүгінде «Қазақстан», «Хабар» сынды каналдардың басшыларына кіру, министрлерге кіруден де қиын.  Қаптаған полицейлер,  жоғарғы жаққа өтетін арнайы пропускылар,  арнайы кілттер,  төрағаға  кіру үшін арып-ашып, «Темір таяғым тебендей, темір етігім теңгедей» демекші аса зор қиындықпен ғана кіре аласың.  Осындайда қалаған кезде барып, «Шераға қалыңыз қалай?» дегенде  «Келе ғой, айналайын!» – дейтін Шерағаңды іздейді екенсің! Қадіріңді де, өзіңді де сағынады екенсің, қайран көке! Кезінде осы Қазақстан каналының басшысы Ерлан Карин мырзаға бір айтқан сөзім бар еді.  «Осы «Қазақстанда»,  «Хабарда»  көркемдік кеңес болса, ақылдасып,  яғни стратегиялық бағдаршамды белгілейтін болса» деп айтып едім.  Өкінішке орай ол ұсыныс аяқсыз қалды.  Шамасы Ерлан Карин мырза кеңесшісіз-ақ қызмет етем деген болар.  Онысы  дұрыс та шығар.  Бірақ дей тұрғанмен де,  анда-санда көркемдік кеңеске құлақ асса,  одан ешкім де ұтылмас еді.  Ең алдымен сіздердің мерейлеріңіз үстем болары хақ.
Және бір айта кететін мәселе осы телеарнадағы мамандар мәселесін қарасаңыздар екен.  Өйткені ондағы операторлардың көпшілігі өздері үйде үйренгендер «самапал» операторлар,  режиссерлардың да жетісіп тұрғаны шамалы.  Ішінде кәсіби режиссер,оператор,гример, стилисттер мамандығын бітіргендер  телевидениеде жоқтың қасы деуге болады. Біз бүгін толық қанды хабар алу үшін,  ең алдымен мамандар тәрбилеуіміз керек,  яғни оқытуымыз керек.  Бұл дегеніміз біздің Мемлекетте болашақта сол мамандарды дайындау керек деген сөз.
Осыдан біраз жылдар бұрын мен Токиодаға кинофестивальге барып едім,  сонда менен «NHK» каналы интервью алды.  Мен сол журналисттің соншама білімділігіне, зеректігіне,  кино тарихын соның ішіндегі Совет киноларын,  әсіресе Ресей, одан соң Қырғыз,  Қазақ, Өзбек, Түркімен киноларының тарихын жетік білетініне жағамды ұстадым.  Сонда мен одан  «Қай университетті бітіріп едіңіз?» дегенімде,  «Токиодағы телевидение режиссурасын бітіргенмін» деді.  Міне бұл  журналистің білімділігін көрсетіп тұр.  Мүмкін сондықтан да болар «NHK» каналы әлемдегі  ең мықты каналдардың бірі боп саналады.
Бүгінгі телевидениеның басты проблемасы ол -“рейтингі” мәселесі. Бұл рейтинг кімге керек мен түсінбедім. Түсінетінім бұл халыққа керек емес.  “Рейтингі”дегеніңіз жарнама беретін,  жеке меншік компаниялар мен телеарналардың басшыларына ғана қажет. Сол рейтинг бойынша осыдан бірнеше жыл бұрынғы зерттеулергеге қарасақ , аудиториясы ауқымды, хабарлары сұранысқа ие арналардың көшін  «1-канал Еуразия», «НТК»,«КТК» арналары бастап тұр. «НТК»-дағы «Ревюдің» бір күндік көрсетілім үлесінің өзі – 10,7%,

«КТК»-дағы «Давай поженимся» – 18,7%.

Ал «Қазақстандағы» «Сыр сұхбат» бір күнде әрең дегенде – 5,1%,

«Ел арнадағы» «Жарайсың» – 0,2% көрерменді зорға жинаған.

Қазақша бағдарламалардың рейтингіне қарап отырып қарның ашады. Хабарлардың айлық, апталық емес, бір күндік көрсетілім үлесін салыстырып-ақ біраз жайтты бағамдауға болады.

Мәселен, «Gallup Media»-ның бір күнгі эфирге жасаған зерттеуінде «Қазақстан» Ұлттық арнасы кешкі жаңалықтарының рейтингі – 3,1% екен.

«КТК» жаңалықтары – 10,0%.

«31»-арнадағы «Информбюроның» қазақша жаңалықтары  – 7,8%.

Ал «1-канал Еуразияның» «Время» жаңалықтары – 23,7%-бен ең көп көрермен жиған.

Бұған қарап «қазақтардың бәрі «Времяны» көреді екен ғой»  деген ойға келесіз еріксіз.

Таңертеңгілік «Таңшолпанның» рейтингі  – 2,9%.

Ал  «1-канал Еуразиядағы» «Доброе утро» 22,3 %-ды «ұрып» тұр. Қазақ көрерменінің барлығы «Доброе утроны» қарайды дегенге иланып-ақ қаласыз.

Шын мәнінде солай ма, бірақ?!  «31»-арнадағы «Қазақша концерттің» көрермені – 8,9% болса,

дәл сол уақыттағы «НТК»-дағы «Том и Джерри» мультсериалын қарайтындардың үлесі – 26,3% екен.

Бұл көрсеткішке күлеміз бе, жылаймыз ба? Тізе берсек мұндай сорақылық жетіп артылады. Сіз бен біз күнделікті тамашалап жүрген әрбір бағдарламаның қанша көрермені бар екенін, әр бағдарламаның рейтингісін 1997 жылдан бері «TNS Gallup Media Asia» атты компания анықтап келеді. «TNS Gallup» ұйымы жыл сайын 100000-нан астам тұрғыны бар ірі қалаларда 700 отбасына пиплметр атты арнайы құрылғы таратады.  Сөйтіп телеметр орнатылған үйдің отбасы мүшелері телерейтингті зерттеуге қатысатын респондент атанады. Теледидарға жалғанған пиплметр күнделікті неше респонденттің қай  телеарнаны қанша уақыт көргенін есепке алады. Телеөнім белгілі деңгейде рейтингке ие болып, арнаға пайда әкелуі тиіс. Әрбір рейтингтің артында қыруар қаржы тұр. Олай деуімізге себеп, жарнама берушілер жоғары рейтингке ие болған арналарға ғана рекламасын ұсынады. Осыдан-ақ рейтингтің нендей құдірет екенін бағамдай беріңіз. Және ең сорақысы сол жарнама, рекламалардан түскен қаржының кімнің қалтасына баратыны белгісіз. Міне рейтингінің бізге беретін анализі осындай. Қарап отырсаңыз осылардың барлығы ұрпаққа деген,  өскелең жастарымызға дейтін қамқорлықтың жоқтығы.

Рейтинг қуамыз деп,  ақша табамыз деп біз ұлттық тәрбиеден,  ұлттық кодтан айрылып бара жатырмыз.  Біз ұлттық кодтан айрылған күні Қазақ халқы жер бетінен жоғала ма деп қорқам…  Мен телевидениенің басындағы басшылар контент жинаймыз деп,  абырой жинаймыз деп қазақ халқын бірте-бірте мәңгүрт қыла ма деп осыған қиналам.  Бұл ұлтқа дейтін не жауапсыздық… Не білместік…  Артық айтсам кешіріңіздер…  Өйткені жер бетінде  Қазақ халқынан басқа менің ұлтым жоқ.  Менің Қазақ халқынан басқа байлығым жоқ.  Мен осы  Қазақ халқы үшін,  оның менталитеті,  ар-ұяты үшін,  оның мәдениеті үшін,  оның тарихы үшін,  оның болмысы үшін болашақ ұрпақтың – ананың сүтінен басқа рухани ұлттық қормен қоректенгенін  тілейтін қазақтың қара баласымын.  Міне бүгінгі жағдай осы.  Біз теледидар не берсе соны «жейміз».  Олар жоғарыдан не жіберсе біз соны көреміз.  Яғни біздің өз ақшамызға өзіміз қарайтын дүние көре алмаймыз.  Бұл тек қана басшылардың ой өрісіне оның интеллектісіне оның эрудициясына,  оның болмысына,  оның ұлтқа дейтін жанашырлығына келіп тіреледі.  Иә,  Халықтың руханияты-мәдениеті  ол – сіздің жеке басыңыз,  сіздің менталитетіңізге тікелей байланысты екенін естен шығармаса екен Телевидениенің Басшылары.  Халықтың Руханияты ол ортақ қазына.  Ол ортақ қазынаны халықтың өзіне қайтару керек.  Телевидениенің ролі Мұқағали айтпақшы  “Күпі киген қазақтың қара өлеңін,  шекпен жауып өзіне қайтарамын» дегендей,  Қазақтың руханиятын, әдебиетін, мәдениетін, тарихын, тілін, дінін, ұлттық тәрбиесі мен құндылықтарын телевидениедағы көркем тілмен қазақтың жанына,  жүрегіне,  қайта жолдауы керек.  Сіздер сол үшін жалақы алып отырсыздар. Сіздерге рейтинг жинау үшін ақша төйлемейді. Сіздер Ұлтқа қызмет етсін деп ақша төйлейді.  Ұлтқа қызмет ету бір басқа,   рейтинг жинау бір басқа.  Міне солай қадірлі ағайын.  Міне солай қадірлі Телевидение басшылары.  Ұлттың ертеңгі Ұлт болары,  не болмасы сіздердің қолдарыңызда екенін енді ұққан боларсыздар.  Иә, біз көп нәрседен кешіктік, көп нәрседен айырылып қалдық, мынау біздің соңғы аялдамамыз.  Мынау біздің соңғы бекетіміз.  Бұл Руханияттың біздің менталитетіміздің  біздің байлығымыздың соңғы аялдамасы деп түсініңіздер…
Көзді ғана емес, көңілді де үркітіп біткен бүгінгі жаһандану заманында басты тәрбие құралы не? Әрине – телеарна. Қолымызда бар бүкіл тәрбие құралдарының тетігі оң бағытқа қызмет етпесе, ұтыларымыз хақ. Ұлт ұрпағының тәрбиесіне тікелей ықпал ететін телеарналардың Ұлттық тәрбиеге кері әсерін тигізуі де көңілімізге селкеу түсіріп келеді. Кейде арналарымыз Ұлттық құндылықтарымызды емес, өзге елдің мүддесін қозғап жүргендей әсер қалдырады. Демек сериалдағы ұрыс-керіс, жанжал, ата-ананың балалармен қарым-қатынасы, ене мен келіннің арасындағы шиеленіс, ағайындылардың бір-бірімен алакөзденуі, әпкенің сіңлінің отбасына ортақтасуы (керісінше де болуы ғажап емес), күйеу бала мен балдыздың арасындағы махаббат хикаялары және тағы басқа сериалдардағы түрлі «ғажайыптардың» адам психологиясына әсері болмауы мүмкін емес.
Осы сериалдағы қандай факторлар адамдарға қаншалықты әсер етеді деген сауалға жауап іздегендер мынадай қорытынды шығарыпты: 21% адамдар қастандық жасауды үйренсе, 14%  меланхолияға шалдығады. Сериалдың музыкасының адамдарға әсер етуі – 26 % болса, сценарийдің әсер етуі – 6% ғана екен.
Әдетте, кино дегеніміз – идеология деп жатамыз. Сол киноларды күнделікті көрсететін – телеарналар. Қазақстан телеарналары тәуелсіз еліміздің идеологиясына қызмет етуге тиісті емес пе? Еліміздің жастарына патриоттық тәрбие беру, ұлттық салт-дәстүрлерді сақтау, қазақтық қалпымыздың құндылықтарын кеңінен насихаттау, елдік және мемлекеттік рухты өрлету секілді маңызды мәселелер сол рейтингтердің тасасында қалып қойды
Телеарна басшылары Еуропа мен Американың ең озық фильмдерін сатып алып көрсетуге келгенде қаржы аяйды, өйткені түріктің, кәрістің, үндістің арзан киноларын прокаттау әлдеқайда оңай әрі жеңіл. Енді мұның артында қандай «батпан құйрықтың» жатқанын бағамдап көрейік. Үнді фильмдеріне біздің жастарымыз тез ұйиды. Тез еліктейді. Қазіргі таңда кришнаизмге кіріп кеткен жастар аз емес. Үнді сериалдарын ұдайы көру адамның, әсіресе он екіде буыны бекімеген, бұғанасы қатпаған жас ұрпақтың санасын жаулап алатыны белгілі. Осыны ойлаған телеарна басшылары бар ма екен??
Осы карантин кезінде мен тікелей эфирде онлайн сұхбат бердім.  Сондағы маған көпшіліктің сұрақтарының ішіндегі бірнеше қайтара қойғаны Қазақстан телеарнасындағы  мен түсірген “Судағы із” сериалын неге көрсетпеді деді. Мен осы мәселе бойынша «Қазақстан» арнасының басшыларына звандап едім олар «”Судағы ізді” ноябрь  айында көрсеттік,  екіншіден сол киноны көрсеткенде біздің рейтинг түсіп кетті» деді.  Мен сол түрік киносынан көрі –  өзіміздің ұлтымызға тән, өзіміздің мәдениетіміздің бір бөлшегі өзіміздің сериал оның  үстіне мендей кәсіби маманның киносын көрсетуге болмайды екен… Яғни,  Қазақ киносынан гөрі түрік киносы  жоғары бағаланады екен. Былтыр жазда мен «Евразия» кинофестивальінде қазылар алқасының мүшесі болдым. Сол кезде Бурак Озчивит дейтін түріктің актері келді. Мен ондай актер барын бұрын білмеген екем.Сол сәттегі біздің көрермендердің, әсіресе жасөспірім жастардың, қыз-келіншектердің түрік актерін көре сала есінен танып құлауы, бір-бірін таптап өтіп, селфи жасауға  ұмтылуы мені таң қалдырды.. Соңғы жылдарда экранымызды жаулаған сериалдарды мысалға келтірейін. «Сүлеймен сұлтан»(2011), «Ертұғырыл» «Сыла. Тағдыр талқысы»(2006), «Әуе. Жер. Ғашық»(2010), «Аси» (2007), «Иффет»» (2011), «Махаббат пен жаза»(2010), «Үзілген әуен» (2010), «Қайран заман» (2010), «Кек»(2013), «Мың бір түн»(2006) т.б.  Бүгін ғана теледидарды қосып қалсам әр арнада толған сериал. Осындайда, «түрік болғым келеді, түрік болғым» деп айқай салғым келеді….Бұл ауру Қазақстанда да, Хабарда да, басқа арналарда да жетіп артылады.
Көретініміз “Түрік киносы” , “Үнді киносы”,  “Кәріс киносы”,”Орыс киносы”,  ” Малайзия киносы” «Филиппин киносы».  Сонда “Қазақ кинолары” қайда?  Бұл жерден туындайтын нәрсе телевидение тек уақытты өткізетін,  күлдіретін канал емес, Көгілдір экран – ең алдымен идеологияның орны.  Өкінішке орай осы Егемендік алғалы бері,   ең алдымен экономика,  сосын саясат деп жүріп  біз идеологиядан айрылып қалдық.  Идеология- Мемлекеттің үлкен бір басты құралы.  Идеология дегеннен шығады.  Кешегі фашисттік Германиядағы бүткіл нацистік Германияның идеологиясы,  коммунистік державаға қарсы шықты. Яғни қазақтың сөзі бар ” Тоқпағы мықты болса, киіз қазық жерге кіреді ” деп.  Идеологияның мықтылығының арқасында екі үлкен держава,  екі үлкен система, екі үлкен империя бір-бірімен соғысты. Ал соғыс кезіндегі политругтар бұлар да идеологтар.  Мен кешегі Кеңес кезеңін аңсайтын адам емеспін. Құдай оның бетін ары қылсын. Алайда ол Коммунистік идеология  XX-шы ғасырдағы мықты идеологияның бірі болатын. Сондықтан коммунистік империя 70 жыл бойы тұрды. Ал бүгінде бізде идеология бар ма? Тәуелсіз Қазақстанды жырлаған қай идеологты білеміз? Бүгінде Тәуелсіздікті паш ететін, халықтың ойын алға сүйрейтін, Егемендікті дәріптейтін ұлттық идеологияны алға сүйрейтін бірде-бір телеарна да, оның басшысы да жоқ.
Кеше ғана дүрілдеп өткен Жеңіс туралы ойлансаңыз,  Совет  халқы қиындыққа қарамастан жауды қалай жеңді десеңіз, ол ең алдымен Батырлық пен Идеологияның бірінші қатарда тұрғанында. “Бәріде жеңіс үшін,  бәрі де майдан үшін”  деген бұл- идеология. ” Родина мать зовет” деген бұл да идеология.  Ал осы идеология бізде неге жоқ?  Өкінішке орай ” Нұр- Отан партиясының идеологиямен айналысып,  халықпен бірге қоянқолтықтасып жатқанын мен өз басым көрмедім.Оны халық көрмейді.  одан басқа қаншама партиялар бар.  Қай партияның қандай лозунгпен жүргенін, қандай мақсатпен жүргенін халық та мен де білмейді екем.  Яғни бұл идеология жоқ деген сөз. Ал Телевидение идеологияның мінбері.   Яғни Патриотизмді, біздің тарихымызды,  мәдениетімізді, шежіремізді, ауыз әдебиетімізді,  музыкамызды,  біздің білімімізді,  біздің ғылымымызды,  біздің спортымызды,  біздің саясаткерлерімізді, біздің дарынды саясатта да,  экономикада да,  ауыл шаруашылығында да,  медицинадағы,  мұғалімдерді де дәріптейтін осы идеология екінші планға кеткен секілді. Өкінішке орай  кезіндегі ашылып “Жарқ ете қалған найзағай”  деп әнде айтылмақшы,  кешегі «Мәдениет пен Білім» каналы жабылып қалды. «Домбыра» каналының әрине жеке меншік канал болуы мүмкін,  оның да,  соңғы сын-сағаттары таяп қалған секілді,  ақшалары бітіп, ылғи “SOS” деген жазу шығады.
Бізде «Балапан» каналы бар.  Бірақ ол көбінде көшірме хабарлар,  қызықты арна емес.  Неге ютубта балаларға арналған әртүрлі контенттер бар. Өйткені ол қызық. Бізге қазір «Балапан» каналын күшейту керек. Екіншіден біздің жасөспірімдерге арналған каналымыз жоқ. Яғни бізде «Балапаннан» кейінгі көретін тек Ұлттық канал. Яғни осы ортадағы жастар мен жасөспірімдерге арналған бірде-бір каналдар,хабарлар жоқ деуге болады. Ағартушылық бағыттағы, ғылыммен білімді насихаттайтын 24 Док,CCTV-9, Russia Today Documentary, Russian Travel Guide, BBC Four, DR K, France 5, HRT 3, Rai 5, Rai Scuola, Rai Storia, TVP Historia, TVP Kultura, UA:Культура, Yle Teema6 National geographic wild сынды әлемнің озық телеарналарына қарап, «біз неге үнсізбіз»деп бетімді басам…
Бүгінде Қазақстан суицидтан әсіресе жасөспірімдер арасында әлемде алдыңғы қатардағы орынға шығатын болса, біз жастарға көңіл аудармауымыздың белгісі  деп есептеуге болады.
Бұл да идеология.  Осы туралы неге біздің басшылар ойланбайды? Неге телевизияның басында отырған басшылар осыны білмейді? Идеология дегеннің өзі бір әлем. Ол вакумдықты қажет етпейтін дүние.  Егер соның орнына төл шығармаларымыз,  өзіміздің төл дүниелеріміз, төл тарихымыз,  мәдениетіміз,  әдебиетіміз,  ғылымымыз,  біліміміз болмаса оны басқа елдің ғылымы, басқа елдің білімі, басқа елдің тарихы жаулап алады.  Соның дәлелі жоғарыда айтылған  сериалдар. Біз ертеңгі ұрпаққа өзіміздің інжу-маржан әдебиетімізді бермесек,өзіміздің тарихымызды, мәдениетімізді дәріптемесек онда біз қалай 30 дамыған мемлекеттер қатарына кіреміз?  Мына қазіргі заманда,  кешегі карантинның кезінде біз, ғылымыздың жоқтығы, біздің медицинамыздың жолға қойылмағандығын көрсетіп берді. Ал біздің ғылымымыз қайда?  Біздің ғылыми Академия  жабылғанмен,  ғалымдарымыз бар емес пе?  Олардың ісін кім дәріптейді?  Телевидение дәріптемесе кім көрсетеді?  Соңғы кезде ел ішінде «Еларна» жабылады деген сыбыс хабар келіп жетті,   «Еларна» – осы қазақ киносын дәріптейтін, театр спектакльдерін көрсететін бірден-бір ұлттық канал емес пе?!  «Ел болам десең экраныңды түзе» деп кезінде айтқан едім. Ол осы телевидениеге байланысты.  Сосын ” Жаман үйдің қонағы билейді” деп әрбір жеке каналдар,  өз ойына келгенін көрсете бермеуі керек.  «Қалаулым» қасіретке, «Әйел бақыты» әйел азабына айналып, «Астарлы ақиқаттың» ақиқаты аласарып, ол аздай «Тамаша тв» сынды «ыржақай» арна пайда болды. Тұрсынбек Қабатов бастаған әзілсымақтарға халықтың қамынан көрі, қалтасының мәні маңыздырақ боп тұр. Бұл ұрпақты улаудың бірден-бір жолы.  Иә, иә, өйткені біздің бәріміздің алдымызда тұрған бір-ақ қана міндет,  бір-ақ қана мақсат  бар,  ол Біздің Ұрпақтың қамы. Ертеңгі күнге қандай ұрпақ тәрбиелейміз?  Қандай патриот жастар өседі?  Қазақтың тілін,  жерін,  дінін сақтайтын қандай ұрпақ дайындауымыз керек? Біз ұлт ретінде жоғалып қалудан аз ақ тұрмыз.  Сондықтан мен болашақ Ұрпағымның,  Қазақ халқының болашақ патриоттарының,  басқа елдің киносын көріп,  басқа елдің жоғын жоқтағанша,  ең алдымен Өз Еліңнің шығармаларын,  өз төл туындаларымызды көретін Патриот Ұрпақ болуы тиіс деген ниетпен осы хатты өзіңізге арнадым.
Осы жеңістің 75,жылдығының мерекесіне орай көптеген киноларды көрсетпедік.  Өкінішке орай мысалы Совет Одағының батыры,  Халық Қаһарманы деуге болады Біздің маңдаймызға біткен Қасым Қайсенов туралы Ресей Украинаның Белоруссиямен қосылған «Қасым» киносын неге көрсетпеді?  Қасымдай батырды біз  қазір осындай мереке кезінде көрсетпесек қашан көрсетеміз?  Енді осы «Қазақстан» мен «Хабардағы» түсірілетін кинолардың бюджеті туралы.  Мысалы Ресейдегі кез-келген каналдағы түсіріліп жатқан сериалдардың бюджеті – жазылған сценарий бойынша қаржыландырылады. Тарихи немесе замануи деп бөлініп,  ақша соған қарай бөлінеді.  Бізде бәріне бірдей қаржы бөлінеді. Тіпті күлкі келетін дүние.  Бұл дегеніңіз өз балаңнан,  өз ұрпағыңнан Мәдениетті аяу деген сөз. Бұл күн тәртібінде тұрған үлкен мәселе.  Аида Ғалымқызы бұл сіздің министр ретіндегі міндетіңіз осы телевидениеге бөлінетін,  телесериалдарға бөлетін қаржыны парламентте жаныңыз ашып, соны дәлелдесеңіз нұр үстіне нұр болар еді.  Яғни ертеңгі  көрерменнің сізге арнаған қошеметі алда деп білсеңіз болар еді.
Және – Телевидение бұл Ұлттық Қорғаныстың бір түрі деуге болады.  Мемлекеттік қорғаныстың бір түрі.  Бүгінгі күнде әлемде соғыстар бар. Ол Сириядағы соғыс,  кешегі Ливандағы соғыс,  т.т соғыс. Бұдан басқа көзге көрінбейтін соғыс Информациялық соғыс.  Соғыстың ең алапаты осы – соғыс.  Және бұл информациялық соғыс – ешқашан бітпейтін шайқас. Бүгінгі күні біздің мемлекетіміздің кешегі Мақтаралдағы аққан судай,  біз біресе экономикада,  біресе саясатта, медицинада,  білімде,  ғылымда,  космоста әр жерден бір-бір ақау шығып жатса, оның себебі  сол кездегі біздің телевидениедағы информациялық жеңілісіміздің жемісі.  Міне мәселе қайда?!
Әрине Жорж Элгозиді қазақша тәржімелеуге де болар еді,  бірақ орыс тіліне аударылған екен,  сол басында  телевидение туралы орыс тілінде жазып едім,  сонымен бітірейін.  Өйткені бүгінгі заманда бізде бюрократтар көп .  Ол туралы Жорж Элгози:

Бюрократ- это человек наделенный даром непонимания ..деген екен.  

Казир бізде қауіпті екі вирус бар..
Ол коронавирус пен Телевирус…
Екіншісі аса қателі індет пе деймін….
Артық айтсам айып етпеңіз! «Дос жылатып айтады» деген сөз бар.
Құрметпен Талғат Теменов

P.S.  «Судың да сұрауы бар» демекші 2019 жылда «Хабар» мен «Қазақстанға» Мемлекеттік бюджеттен 36 млрд теңге бөлініпті.


Отправлено из Mail.ru для Android