«Егемен Қазақстан», №174, 10 қыркүйек, 2016жыл.
Смағұл Елубаев,жазушы
Мектепте ұлттың аты жазылмауы тиіс
Соңғы кезде қазақ қоғамын толқытып,үлкен әңгімелерге өзек болып отырған жайт – білім мен мектеп, ұрпақ пен оның тəрбиесінің мəселесі. Бұл мəселелерге қоғам неге алаңдайды? Себебі бəріміз де ұрпақ үшін өмір сүріп жатқан ата-аналармыз. Тіпті ең басты құндылығымыз Тəуелсіздігіміз де, мемлекетіміз де алдымен осы ұрпақ үшін керек. Ендеше, ұрпағымыз ұлт мүддесіне лайықты болмаса, онда болашағымыз бұлдыр болуы мүмкін деген күмəн қазір ата-ананың көмекейінде бүлкілдеп тұр. Əсіресе білім саласындағы үштілділік саясат барлық алаң сауалдың бастысы болып отыр.
Негізі ұрпағымыздың көп тіл білгеніне ешкім де қарсы емес. Мен де қарсы емеспін. Өзім де үш тілді меңгерген адаммын. Тіл білгеннің пайдасы болмаса,зиянын көрген емеспін. Бірақ бұл бағдарламаны мектеп есігін енді ашқан,бірінші сыныптың партасына жаңа жайғасқан баланың зерде-зейін,қабілетіне қарай енгізбесе,мұның салдары ауыр болуы əбден мүмкін.
Ал біз 1-сыныптан бастап ағылшын тілі мен орыс тілін енгізіп жібердік. Алдағы нəтижесінің қалай боларын ешкім де болжай алмайды. Əр баланың азамат болып қалыптасу жолындағы алғашқы іргетасы ұлттың өз тілімен байланысты өрілуі керек деп есептеймін. Баланың өз ана тілінде ойлау жүйесі қалыптасып,өз тілін жетік меңгергеннен кейін ғана шет тілін білуді міндеттесек, ертеңгі күні бояуы қанық туған тілінде сөйлеуге зияны тимес еді. Əрине ерте бастан тілдерді араластырып оқытуда ең алдымен зардап шегетін ана тілі болмақ. Оның салдарын күн сайын көзбен көріп жүрміз.
Мысалы, менің өз балаларым қазақ мектебінде оқыды. Орыс тілін көршінің балаларымен ойнап жүріп үйреніп алды. Себебі Алматыда ойын тілі-орыс тілі. Байқаймын, уақыт өткен сайын он жыл туған тілінде ғана сөйлеген балаларымның қазақшасы əлсіреп бара жатыр. Өйткені қатар-құрбыларымен,жұмыс барысындағы əріптестерімен орысша сөйлеседі. Бұл таза қазақ тілі үстемдік құрған, барша ұлттық құндылықтарды басты орынға қойған отбасындағы жағдай.
Үлкен қалаларда қазақ ұрпағының орыстануы əлі тоқтаған жоқ. Осы жайтты бақылай отырып, 《бара-бара тілімізден айырылып қалмаймыз ба?》деген ой үрейді ұшырады. Осыны ойлаған зиялы қауымның жан дауысы шығады.
Əрине үміт жоқ емес. Биылғы жаңа оқу жылында бір немеремді Алматы қаласындағы №90 мектептің 1-сыныбына алып бардым. Бұл мектеп кеңес кезеңінен орыс тілді мектеп болатын. Тəуелсіздіктің алғашқы жылдарында өзге мектептердегідей бұған да бастауыш қазақ сыныптары енгізілді. Бүгінгі нəтижесі де жаман емес – алғашқы қоңырау салтанаты қазақ тілінде басталды, Əнұран қазақша əуелеп тұр, бірақ жиынның соңғы жағы орысшаға ұласты. Бірақ осы жағдайдың өзі менің жүрегіме үміт ұялатты. Неге? Егер орыс мектептерінің басшысы қазақ болатын болса,онда қазақ тілі аяқасты болмайды екен ғой деген ой келді. Сенім пайда болды. Міне, осы жаңалық Қазақстандағы барлық орыс мектептеріне енгізілуі керек, орыс мектебін де, аралас мектептерді де басқарып отырған директорлар екі тілде бірдей сайрап тұруы керек деп ойлаймын. Қазақстанда отырып қазақ тіліне салғырт қарайтын мектептер болса, оларға сөзсіз шара қолданылуы керек.
Ел газетінің мінберінен сөз алған мүмкіндігімді пайдалана отырып, Білім жəне ғылым министріне ұсыныс айтқым келеді. Мектептердің маңдайындағы 《қазақ мектебі》,《орыс мектебі》деген жазуға түбегейлі қарсымын. Мектепте ұлттың аты жазылмауы тиіс. Мемлекеттің қаржысымен жұмыс істеп тұрған Қазақстан мектептері тек қана 《мемлекеттік мектеп》болуы керек. Сол себепті барлық мектептерде мемлекеттік тіл үстемдікпен оқытылуы тиіс деп санаймын. Нəтижесінде, ұлтына қарамастан, мемлекеттік тілде білім алып шыққан барлық бала мектеп бітіргеннен кейінгі өмірде мемлекеттік тілде сөйлеуден қиналмайтын болады.
Сөз жоқ, орыс тілі – біз үшін аса қажет тіл. Əзірге Қазақстандағы тілдік ортаны орыс тілі жасап отыр. Ұзақ жылдарға дейін осылай болатыны анық. Құдай іргеміздегі алып елмен көрші етіп жаратқан соң бұл тіл бізге қажет те. Қай мектепті бітіргеніне қарамастан,азаматтардың барлығы,əсіресе жастар қазақ тілі мен орыс тілінде еркін сөйлей алатындай жағдай қалыптастырылуы керек.
Аяңдап ағылшын тілінің жағдайына келейін. Өз басым тоғыз жыл Прагада жүрген кезімде үздіксіз ағылшын тілін оқыдым. Тоғыз жыл оқысам да ағылшын тілінде сайрай алмай-ақ кеттім. Неге? Қазақстанға келгеннен кейін тілдік орта болмаған соң оқығанымның бəрі зая кетті. Тілдік орта жоқ жерде тіл ешқашан өркендемейді. Он жыл бойы ағылшынша оқыса да ертеңгі күні қажеттілік болмаса, тілдік орта қалыптаспаса, ол бəрібір еркін меңгеріп кете алмайды. Бірақ оқығанның, білгеннің зияны жоқ. Заманның əлпетіне қарай түсінетіндей сауат қалай да керек.
Үштілділік бағдарламасы бойынша бірінші болып оқуды бастаған менің немерем секілді балалар қазақ тілін қойыртпақ етпесе екен деп тілеймін. Үш тілдің арасында шөре-шөре болып жүрсе, онда баланың қор болғаны ғой.
Біздің Білім жəне ғылым министрлігінің бұл бастамасы əзірге тəжірибеге ұқсайды. Егер бұл жүйе нашар нəтиже беретін болса, саналы азаматтар табылып,бұл эксперименттен бас тартар деп сенемін. Үштілділік саясаттың қандай жеміс беретіні үш-төрт жылда белгілі болады. Біз өле-өлгенше қазақ тілі үшін күресеміз. Мəңгілік Ел болудың кепілі ұрпағымыздың ана тілін білуінде жатыр. Ана тілін ұмытқан халықтың мəңгілік болмай-ақ өз-өзінен жер бетінен өшіп,жоғалып жатқанын көз көріп отыр. Бүгінгі ұлттың ұраны- Мəңгілік Ел болу. Ұрпақ мəселесімен осыны ұмытпайтын министрлер айналысуы керек.
Для отправки комментария необходимо войти на сайт.