Жұмахан АРЫНОВ,
тарих ғылымдарының
кандидаты,
ҚазҰУдың оқытушысы
Отан (концепт) ұғымын қалыптастыру, сипаттау – тек тілдің ғана емес, әлеуметтік, психологиялық, мәдени, ұлттық ұлағат, ұлттық тәрбие, халықтық үлгі-өнеге сүйенетін кешенді мәселе.
Отанды түсіну әр адамда әр түрлі, себебі бұл ұғым жеке көріністерді камтиды. Отанға қызмет етуге, Отан алдындағы борышты өтеуге, Отан үшін күресуге, Отанды тастауға, Отанға барып тұруға, оралуға, Отанды еске алуға, сағынуға, аңсауға болады. Отан тастанды, ұлы, тарихи не екінші, біздің, өзіміздің болуы мүмкін. Сондықтан да Отаншылдық әрқашан өркениет пен мәдениеттің сақталуының басты нәтижелі де тиімді құралы болып табылады.
Отан туралы түсінік берілмейтін тілдерді елестету қиын. Осылайша бірнеше тілдерде осы түсінікті беретін бірнеше лексемалар бар: қазақ тілінде Отан, Атамекен; өзбек тілінде vatan, yurt; түрік тілінде doğum yeri, vatan; орыс тілінде родина, отчизна, отечество; украин тілінде батьківщина, вітчизна, рідний край; беларус тілінде бацькаушчына, айчына, радзіма; литва тілінде tevyne, gimtine; латын тілінде tevija, dzimtene; неміс тілінде Heimat, Heimatland, Vaterland.
Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің тапсырысы бойынша дайындалып басылып шыккан «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігіндегінде» Отан сөзінің бірінші мағынасы – Туған ел, өскен жер, екінші мағынасы – Үй іші, отбасы, жанұя; Отандас – Отаны бір, бір Отанда өмір сүретін және Бірге өмір сүру, отбасын құру; Отансыз – Отаны жоқ, опасыз, сатқын; отаншыл – Өз Отанын сүйген, Отанына шын берілген; отаншылдық – Отанды сүюшілік, отаншыл болушылық . Атамекен – Ата-бабадан ұрпаққа мұра болып қалған ежелгі құтты қоныс, мекен.
Мұстапа Бұралқыұлының «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігіндегі» Отан ұғымын қарастырайық. Отан – туған жер, ел-жұрт; Отан қорғау ісі; Отан соғысы – Отанды қорғау үшін әділетті соғыс; Отандас – Отаны бір кісілер; отаншыл – Отанын сүюші; отаншылдық – отаншыл болу, Отанын сүюшілік. Сөздікте Атамекен ұғымы қарастырылмаған.
Ал қазақ тілінің әдеби сөздігінде Отан – адамның туып-өскен жері, Атамекені, өзі азаматы болып табылатын елі. Отан бірлігі, Отан сүю сезімі, әлеуметшілік міндеті секілді бүтін мемлекетке керек сезімдерді менмендік, бәсекелік, ерегіс секілді аламандықтың жеңгенін ел арасынан жиналған ескі сөздер анықтап көрсетіп жүр (Х.Досмұхамедұлы). Отанымызды сақтауға, Ақиқатты жақтауға, Біз де басты көтерсек, Қала бермей таптауда (С.Торайғыров, Алаш ұраны.). Отаным, сөз бер, тыңнан маған! Алдында тұрған туған балаң. Арым бар таза кір қонбаған, Жаным бар жарқын жырға арнаған (З.Шүкіров, Арал толқын); Үй іші, отбасы, үйелмен. Күнзия бір үйдің кенжесі еді, бір отанның еркесі еді (З.Шүкіров, Ізгілік.). Бұл жолдасы адам болып, бір отанға иелік етіп отыр (О.Сәрсенбаев, Жиде.) – Өстіп жүріп біреудің отанын бұзармын, бармаймын, – деді ол (Ш.Шалқаров, Серіккөл). Атамекен – ежелгі қоныс, байырғы тұрақ, тұрған жер. Адасты ғақылынан қара халық, Білгіштер, өзің хайлә табасың да. Қазағым, жерің қайда Атамекен, Қазақ қазақ болғалы мекен еткен? (М.Дулатов) Осы байлықты қалай сақтап қаламыз, оларды Атамекенге жеткізіп игілігімізге қайтіп жаратамыз? Болашақта Мәдениет министрлігінің қолға алатын ең басты шаруаларының бірі – осы болуға тиіс («Қаз.әдеб.»). ТМД елдерінің әскери қарулы күштерінде қызмет ететін қазақ жігіттері аз емес. Солардың біразы Атамекенге келіп, Қазақстанның Қарулы күштері қатарына өтсек дейді («Қаз.әдеб.»)
Көріп отырғандарыңыздағыдай жоғарыдағы сөздіктегі анықтамалар әр алуан болғанымен мағыналары ұқсас болып шықты. Негізгі ортақ мағына Отан – адамның туған жері, өскен жері, елі, ал Атамекен – ата-бабадан ұрпаққа мұра болып қалған ежелгі құтты қоныс, мекен.
Қазақ ұлттық энциклопедиясында Отан – адамның туып-өскен жері, ата мекені, ел-жұрты. Сондай-ақ байлықтары, қоғамдық және мемлекеттік құрылысы, тіл, мәдениет, тұрмыс-салт және әдет-ғұрып ерекшеліктері бар белгілі бір халықтың тарихи тұрағына айналған аумақ. Атамекен – ұрпақтан ұрпаққа қалып отырған «кір жуып, кіндік кескен» аймақ, өңір, өлке. Түркі қауымына ортақ «ата» сөзімен қосылып, әуелде «атақоныс» ұғымында қолданылған. Кейін келе мәні кеңейіп, «ата-бабалар ғұмыр кешкен, олардың өз ұрпақтарына мәңгілікке қалдырған иелігі, ең қымбат мұрасы» деген ұғымды білдіретін термин ретінде орныққан.
«Ата» – көне түркі дәуірлерінде әрі қолбасы, әрі елбасы болған кісілер есіміне жанама қосылатын атау. «Ата» сөзі тіркескен қасиетті орындардың бәрі де сондай адамдардың аттарымен байланысты болып келеді. Атамекен осындай жерді, мекенді киелі рухқа теңеуден шыққан. Демек ол – ұран тектес сөз. Бұл, әсіресе, ежелден аталар рухына – аруаққа сыйынған түркі қауымдарына тән нәрсе. Атамекен көне заманда ру, тайпа иелігіндегі белгілі-бір аймақ, өңір болса, бертін келе туған жер, Отан ұғымдарының баламасына айналған. Ол еліміздің, мемелекетіміздің негізі. Аумалы-төкпелі заманда империялық отаршыл және кеңестік қызыл саясат салдарынан шетке ауып кеткен қандас бауырлар Қазақстанның егемендік алуына орай өз Атамекеніне қайтып оралуда.
Қазақ тілінің аймақтық сөздігінде Отан «үй, адам» мағынасында берліген. «Отан – үй. Осында келіп отан салып алдым», «Отаныменен түп-түгел, бірі қалмастан. Отанға баратын жігіттер осы үйге қонып, мана азанда отаныменен көтеріліп кетті».
Осылайша, Отан сөзі қазақ тілінің сөздік құрамында кең мағынаға ие.
Жаһандану барысында жұтылып кетпеу үшін бұрынғыдай білектің күші, найзаның ұшы керек емес, ұлттық сана, ұлттық тәрбие, ұлттық тіл, ақыл-парасат, намыс, Отанға деген сүйіспеншілік, құрмет сияқты ұлттық құндылықтарды сақтап, дамыту керек екендігі анық айқындалды. Отанға деген махаббат, Отан алдындағы әр азаматтың борышы мен қызметі т.б. патриоттық мұрат пен бағалылық нәтижесінде жаңа мәдени модель – Отан концепті (ұғымы) қалыптасады.
Сонымен Отан (концепт) ұғымын қалыптастыру, сипаттау – тек тілдің ғана емес, әлеуметтік, психологиялық, мәдени, ұлттық ұлағат, ұлттық тәрбие, халықтық үлгі-өнеге сүйенетін кешенді мәселе.
Жұмахан АРЫНОВ,
тарих ғылымдарының
кандидаты,
ӘлФараби атындағы
ҚазҰУдың оқытушысы
Для отправки комментария необходимо войти на сайт.