Ағыбаев Қ.,
БІЗДІҢ КУРАТОР
Тіршілік деген әлемнің діттеген межесіне тістей қатып, тағдыр талабымызға біткен жолмен тырмыса жылжып, мақсат-мұратқа ұмтылған сол бір жетпісінші жылдардың басын ойлағанда мың сан жолдардың ішіндегі жол анасы болған – Қазақ Мемлекеттік Университетінің журналистика факультетіне келіп, студент боп қабылданған күндерімізді қашанда қимастықпен еске аламыз. Бұл — балғын, балауса шақтың көкейіндегі жылт еткен күшікей үміті емес, қайта болашақ асқар биік шыңдарды бағындыруға бет алған өршіл жастардың білім нәрімен, ізгілікпен қауышқанкезі еді. Өзге курстардан ерекшелігіміз сайдың тасындай өңшең бір-екі, алды он жыл өндірісте жұмыс істеп, не әскер қатарынан оралған жігіттер едік. Оқуға түскен елу баланың кеудесінде елу түрлі арман алға жетелеп, оларды бір арнаға тоғыстырған.Кешегі абитуриент бір-ақ сәтте студент атанып, университеттің білім аудиториясында ұстаздарымызбен танысу-кездесу өткізгеніміз күні бүгінгідей көз алдымызда. Бір көрген адамға қабағында сұс пен ерекше жылылық қатар жүретін Тауман аға Амандосов — ересектер тобына, ал,қай кезде де шәкіртімен тіл табысып, әзілдесе алатын, бауырына тартып, керек кезінде сеніміне кіруге әзір тұратын Абдулхамит аға Мархабаев – біздің, екінші топтың кураторы болды. Сол күні қырық бір ұл мен тоғыз қыздың назары ұстаздарымызға ауып, профессорлар: Қайыржан Бекхожиннің, Тауман Амандосовтың, аға оқытушы (қазіргі профессор) Әбілфайыз Ыдырысов ағайларымыздың аузынан шыққан әрбір сөзді қалт жіберместен тыңдаған едік.
— Оқу — инемен құдық қазғандай, — деген, Абдулхамит аға біздерді жанарымен барлай қарап. –Сендер, ерте заманда Жүсіп деген пайғамбардың Мысырдың уәзірі болып, атағы дүрілдегенге дейін ауыр еңбек пен құлдықтың қамытынан қабырғасы қайысып, қаншама азап шеккенін білесіңдер ме? Міне, журналист шеберлігі де осындай азапты еңбекпен, талмай ізденіспен, оқумен келетінін естеріңде сақтаңдар!..
Бәріміз демімізді ішімізге тартып, ең үлкеніміз әрі жаңа ғана сайланып үлгерген старостамыз Би-апаның (Бибігүл Мәтенова) аузына қарағанбыз. Жиын соңына таман ұстаздарымыз: «Тағы да кімде сауал бар?» дегенде, кейінгі қатарда отырған, біздің көзімізге елеусіздеу болып көрінген,сол кезде арамыздағы жас жағынан ең кішіміз Ербол Шаймерденов орнынан көтеріліп, сұрақ қойған еді.
— Университетті бітірген соң аспирантураға қалай түсуге болады?- деген оның сауалына әлі оқуға іліккен қуанышымыздың аптығын басып үлгермеген біздер таңырқай қарасақ та, кураторымыз Абдулхамит Мархабаевтың қатты риза болғаны бар. Бұны айтып отырғаным, расында да, қазіргі білім қуған жастарға бұл да өнеге боларлық тәлім еді. Сол Ербол досымыз ұстаз сенімін ақтап,кейін бұқаралық ақпарат саласының қаншама лауазымды қызметтерін атқарды. Елбасымыз Н. Назарбаевтың алғашқы баспасөз хатшысы болды.
Биыл бір кездері қазақтың маңдайына жаратылған жалғыз университетпен тағдырларымыздың байланысқанына қырық жыл толыпты. Өзіміз ұшып шыққан білім ордасында торқалы тойда тағы да бас қостық. Осы арнайы датаға арнап, біздің курс «Өмірдастан» естеліктер жинағын шығарды. Осы кітаптағы өзінің куратор-ұстазынан интервью алған, бүгінде белгілі жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Қуаныш Жиенбаевтың мына сөзі барлық шәкірттерінің де Хамаң ұстазымызға деген жүректен айтылар тілегін, ықыласпен көрсетілер құрметін білдірсе керек. «Хама! Неге екенін кім білсін, сізге әлі күнге дейін еркелегіміз келіп тұрады, әлі күнге дейін сізбен сыр бөліскіміз келіп тұрады. Сіз қат-қабат шаруаны алға тартып, уақытыңыздың тапшылығын талай мәрте еске салсаңыз да, біз бәрібір оны табанда ұмытып кетеміз де, арсалаңдап алдыңызға барғанша асығамыз» — деп, ағынан жарылған ол.
«Жазған кітабының тиражынан шәкірттерінің саны көп (қаламдас досының сөзінен)»Хамаң аға Мархабаев туралы оның бір әріптесі: «Каз ГУ – оның Құраны» деп 24
мерейтойлық мақаласына тақырып та қойыпты. Сырт көзге тым айғайлап тұрғандай көрінетін осы тақырып ұстазымыздың өмірлік ұстанымы мен еңбек жолына сай дәл тауып қойылғандай. Расында да, өзінің саналы өмірінде университетті бітірген бойда-ақ еліміздегі жалғыз республикалық ғылыми-көпшілік журналда бөлім меңгерушісі, кейін ҚазМУ-ге оқытушы болып қайта оралып, фантастика жанрынан кандидаттық диссертация қорғап, доцент атағын алғасын, әлгі журналға Бас редакторға тағайындалған біршама жылдары болмаса, Хамаң қалғанын аталмыш шаңырақ астында өткізіп келеді екен. Ең бастысы – өз қолынан өрбіген «ұл-қыздары» — шәкірт қаламгерлерінің қолы жеткен кез-келген табысына қуана білді. Ф. Ницшенің: «Өмір бойы шәкірт болып қалу – ұстазға тартқан сый емес» деген даналық сөзі бар ғой. Сол айтқандай, Хамаң ағайымыз да біздің әрқайсымыздың қоғамда өз орнымыздың болғанын, жеке тұлға болып қалыптасқанымызды қалады.«Шындап келгенде, творчествода «шәкірт» ұғымы болмауы керек, шығармашы адам қашанда – өзіне-өзі ұстаз» деп үйретті.
«Өлгеннің артынан өлмек жоқ». Қазақтың әлімсақтан келе жатқан бұл сөзінің астарында біз біле бермейтін қандай құпия бар. Сірә, өлімге бетпе-бет шығып текетірескен, өзінің оптимистік көзғарасымен тағдырға қарсы қасқайып тұра білген,азат ойлы, көшпенді еркін өмір сүргената-бабаларымыздың аузынан ғана айтылған сөз ғой бұл. Өзінің ең сүйікті шәкірттерінің бірі Ербол Шаймерденов қаза болған кезде А. Мархабаев ағамыз қатты қайғырды, содан осы мақалға «өлімді мұқалтудың бірден-бір жолы…» деп анықтама беріпті. Сөйтеді де,өзі айтқандай, «бұ жалғанда құр босқа өмір сүрмеген» ұстазжүрегі марқұм болып кеткен шәкірт рухымен тілдеседі.Оңаша сәтте өзінің ағалық-ұстаздық ойын бөлісіп, оған жан сырын шертеді.«Әлгі, айтпаса да, сені мен мен үшін, жалпы «қырық жылдықтардың» бәрі үшін де «тарихи бас қосу» саналуы тиіс датаға туралап шығарған «Өмірдастан», — деп жазады ол. — Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде 1971-1976 жылдары оқыған курс түлектерінің өмір жолдары хақында өздері шерткен жүрекжарды сырлары классикалық естеліктерін қайта қайыра түгелдей оқып шыққанда көзім жеткен ақиқатым: барлығың да талай, таландарыңа сай тағдырларыңды таба біліпсіңдер! Оған менің де, мысқалдай болғанмен, әсерім тигені бар секілді. Демек, куратор Мархабаев та бұ жалғанда құр босқа өмір сүрмеген-ау!..Менің педагог ретінде түйіндеуім: өз қолынан өрген шәкіртінің кейінгі тағдыры да (әсіресе творчестволық тағдыры) белгілі дәрежеде ұстазының мойнында болуы керек. Ол міндеттен мен бас тартпаймын».
Белгілі публицист-журналист Нұртөре Жүсіп те 1971-1976 жылдары КазМУ-дің журналистика факультетін бітірген ағалары туралы бір мақаласында «шетінен «сен тұр мен атайын» дейтін мықтылар еді» деп лебіз білдіріпті. Ержұман Сымайыл, Серік Байхонов, Мағауия Сембай, Қуаныш Жиенбай, Ербол Шаймерденов, Маңдайлы Қосымбаева, Сүлеймен Мәмет, Сағидолла Көшімбаев… Қарап отырсақ, елу қыз бен жігіттің барлығы да өздерінің саналы өмірін сүйіп қалаған мамандықтарымен байланыстырып, қазақ журналистикасына бір кісідей лайықты еңбек сіңірді. Ал олардың ең алдымен, адам деген ардақты атты биік ұстауында ардақты ұстаз, ұлағатты ғалым, қарымды қаламгер Абдулхамит аға Мархабаевтың – біздің кураторымыздың қосқан еңбегі зор екенін айқайлап айтқымыз келеді.
Для отправки комментария необходимо войти на сайт.