Жолымбет МәкішҚазақтың ТЫҢ тарихы
Подписаться · 22 ноября 2016 г. ·
Қытайлар қолынан қаза тапқан
қазақтың тұңғыш қаржы министрі….
Қытай Халық Республикасының құрамындағы Шынжаң өлкесінде, өткен ғасырда тәуелсіз Шығыс Түркістан Республикасын құру жолында өлімге бас тігіп, отаршыл-әкімшіл күштерге қарсы ұлт-азаттық күресін жүргізген қазақ қаһарманы Осман батырмен тағдырлас тұлға Қажы Жанымқан Тілеубайұлы 1951 жылы, 4 сәуір күні Үрімші қаласында атылды. Ал Оспан батыр болса, 25 күннен кейін 29 сәуір күні атылған еді. Жанымхан Тілеубайұлы 1946 жылы құрылған Шынжан Өлкелік үкіметінде қаржы министрі болып сол үкіметте қызмет атқарған 1946-1949 жылдары арасында көптеген қағаз ақшаға төте әріппен “Жанымхан” деп қолын қойған еді. Бұл қазақ тарихында заманауи ақшада қолы болған тұңғыш қазақ қаржы министрі.
Біз әңгіме еткелі отырған Жанымхан 1888 жылы Алтай аймағының Сәрсүмбе ауданында Тілеубайдың шаңырағында дүние келді. 23 жасына қараған шағында әкесінің қайтыс болуынан соң көпшілік тарапынан Тілеубайдың орнына “Залың” етіліп белгіленген Жанымқан, мейрімділігі, парасаттылығы және кіші пейілділігіне байланысты халықтың құрметіне бөленді. Жанымхан жастайынан рухани құндылықтарды сақтау мен білім алу саласында қызмет көрсетті. Осы орайда ол “Сарғұсын” ауылында шамамен бір мың шарсы метрлік аумағы бір діни комплекс салдырады. Оның құрамында бес уақыт пен жұма намазы оқылатын 500 адамдық мешіт, 100 бала оқитын медресе, жатақхана және имам отыратын үй де бар еді. Оған іргелес те бір зират салынған. Ауыл, Ертіс өзенінің жағасына жақын қалың тоғайы бар бір ауданда болғанымен, мешит, тегістелген бір төбеде салынған. Өйткені, Ертістің азғын-тасқын суы кей кездері жан жақты жайпап кететін. Мешіт су апатынан аман болу үшін солай істелінген. “Жанымхан мешиті” деп аталған бұл мешіт көп жылдар құлшылық ғибадат істеушілерге қызмет атқарып келген.
1937 жылғы қажылық сапар. 2 қатар ортадағы кісі Жанымқан қажы
Бес уақыт намазын қаза жібермей уақтында оқыйтын, күн сайын “Дәлел Хайрат” зікір кітабын оқып тұратын, жылына 3 ай ораза ұстауды әдетке айналдырған Жанымхан 1937-шы жылы, ұлдарынан 15 жасар Дәлелханды ертіп бір топ қазақпен бірге мұсылмандардың қасиетті орны Мекеге ислам дінің бес парызының бірінен саналатын қажылық міндетін орындауға аттанды. Ол кезде қажылыққа Қазақстан, Украина, Түркияны кеме және пойыз арқылы көктей өтіп бір жылға созылатын-ды. Жанымхан қажымен қасындағылар Ыстамбұлда Қаракөй кеме портына жақын маңда бір қонақ үйде жатып сонда фотоға түскен екен. Жанымхан қажының ұлы Дәлелхан Жаналтай 1969 жылы Ыстамбұлға барғанда, сол қонақ үйді тапқан. Сонда қонақ үйдің қожайыны ұлына әлгі фотоны аманаттап кетіпті, олардың ұрпақтары бір күн Ыстамбұлға келеді, сонда фотоны бер деп. Бүгін осы фото үлкен мұра болып отыр.
Парасатты Жанымхан қажы тек дін жолында ғана емес, сол қатарда заманаға сай саяси істерге, әсіресе оқу-ағарту істеріне де ерекше көніл бөлген. Осыған байланысты қыстауға жақын жерде ұл және қыздарға арнап екі бастауыш мектебі салдырған. Қыздар мектебі “Жаңа Гүл”, ұлдар мектебі де “Жаңа Күш” деп аталған. Аралары жақын болған мектептердің іргесінде бір театр залы және мұғалімдер жатаққанасы болған. Жоспарлы түрде салынғандықтан мектептер әлі күнге дейін қзмет етуде көрінеді.
1911-шы жылғы төңкерістің нәтижесінде Қытайда патшалық жүйе құлап республикалық жүйе орнаса да, бірақ Шыңжандағы Манчу хандығының заң-жүйесі біршама уақытқа дейін сақталды. Соған сай Алтай аймағында “Залың”, “Үкірдай” және “Тәйжілік” мәртебеге дейін көтерілген Жанымқан Тілеубайұлы кейін ұлттық көтерілістер нәтижесінде құрылған қазақ, ұйғұр және қытай аралас үкіметте қаржы министрі қызметін де атқарды.
Шынжаңды тұншықтырып қанды қолмен басқарған Шың Шы Сай тұсындағы әділетсіз, зорлық-зомбылық саясат-шаралары жергілікті қалықтардың ашу-ызалары мен наразылықтарын тудырумен бірге көтерілістік әрекеттердің пайда болуына себеп болды. Мұндай аласапырандық, тұрақсыз жағдайларды бейбіт жолдарымен шешу жөніндегі іс-әрекеттерге, келіссөздерге ат салысқан Жанымхан қажы алдымен 1940-шы Алтай губернаторы, кейін 1946-жылы Үрімшіде құрылған “Шынжаң Аралас Өлкелік Үкіметте” қаржы министрі етіліп тағайындалды. 1946-49 жылдары шыққан өлкелік қағаз ақшаларда қаржы министрі ретінде қол таңбасы орын алды.
Қажылық сапар кезінен. Артта тұрған баласы Дәлелқан
Өлкедегі шиеленістіктерді бәсеңдетіп саяси, шаруашылық және әлеуметтік жағдайларды дұрыстау барысында шаралар жасалып жатқанымен, бірақ ішкі Қытайдағы тұрақсыздық әсіресе, 1949 жылғы Мао Цзе Дун басшылығындағы коммунистік төңкерістік әрекет ұлғайып Шынжаңға едәуір қауіп-қатер төндіре бастады. Мұның алдын алу үшін Үрімшіде “Коммунизим және коммунисттерге қарсы қоғам” құрылды. Оның құрамында Алтай губернаторы Оспан батыр мен қаржы министрі Жанымхан қажы да болды. Қызыл армия Үрімшіге басып кіріп Бұрхан Шахиді үкіметін өзіне бағындырмас алдын бұл қозғалыс Баркөл жаққа ойысты.
Бірақ өкінішке орай Оспан батыр жетекшілігіндегі анти-коммунистік қозғалыстың әскери күш-қуатының аздығы, дұшпан қуатының басымдылығы салдарынан Оспан батырдың сыртындағы басшылар “Азат Дүниеге” көшуге бел байлады. Көш жолында 1950 жылы 1 шілде күні Бисан тауының Дарақты деген ауданында Жанымхан Тілеубайұлы қызыл әскерлер жағынан қолға түсіріледі. Біршама уақыттан кейін Оспан батыр да қолға түседі. Үрімшіге апарылып тергеліп сотталған Жанымхан Тілеубайұлы мен Оспан батыр 1951 жылдың сәуір айында атылады. Ақпарат бойынша, Жанымқан қажы 1951 жылдың сәуір айының төртінші күні, ал Оспан батыр болса сәуір айының 29-і күні атылып шәйіт болды. Отаны үшін қыршын еткен есіл ерлердің жатқан жері торқа, барған жері ұжмақ болғай!
Жанымхан қажының Өнерхан, Сетерхан, Хамит, Дәлелхан, Мәжит және Шапағат атты алты ұлдарынан тараған ұрпақтары қазіргі таңда Шығыс Түркістан, Қазақстан, Түркия және Еуропа елдерінде өмір сүруде.
Для отправки комментария необходимо войти на сайт.