Көрнекті ақын Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ ағамыз Арысқа жыр арнапты. Оқыңыздар, ағайын!
ҚАЙРАН АРЫС…
Құдайсыз қару алса қуды ата ма,
Қуды атып дүниені шулата ма?
Аңқыған алқап еді қауын исі –
Ауылыңда не боп жатыр, Дулат аға!
Дүние-ай,
Арыс қайда,
Арыс қайда,
Баянсыз бақыт бізден алыстай ма.
Тасыған көңіліме су сепкендей –
Басынан байтақ елдің бақ ұшпай ма?..
Жанымның жылғаларын жайлады ағыс,
Ақ құсым алқабымды аймалап ұш!
Қамшының сабы еді ғой қара орман жұрт –
Шәмшінің әні еді ғой, қайран Арыс!
Естілсе ер бабамның сазы алыстан
Басынан ел емес ек базары ұшқан…
…Шерімді өлең саған тарқатайын –
Беліңді бекем буын, Қазақстан!
Білетін нар қадірін,
бар қадірін,
Арысым, айналайын, арналы ұғым,
… Төзімнің төңкерілген қазаны едік –
Көзіңнің жасын сүртсін арда жырым.
Беу, Арыс,
Тілеуіңде бәрі сенің,
Шеменге айналмасын тағы шерім…
…Заман бол,
бозторғайым – ұя салар –
Аман бол, Арыстағы арыс елім!
Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ
Для отправки комментария необходимо войти на сайт.