Жиһангер Свен Хиден туралы осыған дейін де бір-екі бейнежазба

Eldes Orda

18 апреля в 08:14    

Жиһангер Свен Хиден туралы осыған дейін де бір-екі бейнежазба

 

 

Еуропадан Қашқария арқылы Тәңіртау шыңдарын кесіп өтіп қазақ даласына келген xристиян миссионерлері аз болмаған. Олардың қазаққа қатысты фото-сурет жинақтары мен бейнежазба топтамасы бүгінгі күні еуропа жұртында сақтаулы тұр. Жиһангер Свен Хиден туралы осыған дейін де бір-екі бейнежазбалы пост жазғамын. Бұл бейнежазбада Свен Хиден бастатқан біртоп жиһангер миссионерлер Қашқариядағы сапарын сәтті аяқтап болған соң Қарашәрі торғауыттарын ендей өтіп Тәңіртауды басып Іле өзенінің жоғары ағары арқылы соңында Құлжаға барып тоқтайды.

Тәңіртауда Қашқарияның торғауыттарына кез болады. Одан асқар тауды асқан соң Іле аңғарындағы қазақтарға кез болады. Соңында Құлжа қаласына ат басын тіреп Құлжаның мидай қайнаған базарын жазбаға түсіреді. 1928-1931 жылдар арасында түсірілген бейнежазбада Құлжа базарын аралап жүрген тараншы, қазақ (ақ қалпақты албан, қызай), татар-ноғай, дұңған мен қытай және ақ орыстарды анық көресіз. Сонымен қатар қаладағы мектеп (Мәріллмұғалім), әкімшілік әскери қамалдар мен xристиян мүриттер үшін салынған шіркеуді де көре аласыз.

1944- жылғы Шыңжаң өлкелік үкіметі ішкі істер министрлігінің санақ нәтижесі бойынша жалпы Іле уалаятында қазақтардың саны 210 мың 672, ұйғырлардың саны 76 мың 229, қытайлардың саны 27 мың 661, орыстардың ұзын саны 18 мың 522 адам болған екен. Және Іле уалаяты ішкі істеріне 40-тан астам жойттар (еврейлер) мен 100-ден астам түрік (османлы) тіркелген екен. 1916-жылғы ұлт-азаттық бұлқыныста Іле өңіріне 300 мыңнан астам адам ауып келіпті. Жетісу қазақтарының елден ауу мәселесі бойынша Алаш Ордалықтар қытай жұртымен 1918-1919-1922 жылдары дипломатиялық екіжақты келсімдер жасап Ілеге ауған қазақтарды қайтару мәселесімен айналысады. Сонымен 1918-1922-1924-1928 жылдары аууып кеткен қазақтардың негізгі бөлігі Алматы мен Жетісу өңіріне қайтып кетеді. 1931-1933 жылдары алапат ашаршылықта қазақтар Іле уалаятына ғана емес Шыңжаң өлкесіндегі барлық қазақ аймақтарын паналап жан сақтап қалды. Бірақ, аууып келген қазақтар совет гражданы есебінде саналды да Шыңжаң өлкелік үкіметтің ішкі істері мен оның санақ графикасына қармалмады. Сол себептен де сол қазақтар 1955-1962 жылдары Қазақ СССР-ға қайтадан қоныс аударып кетті.

Християн миссионерлері Қазақ даласына 1928-жылдан бастап келді десек те болады. Сол жылы өлкелік үкіметте әскери төңкеріс болып билік басына Жин Шурін деген келді. Осы өлара босаң тұста Қашқарияда медецсиналық аурыуxана мен шіркеу салып едәуір тамыр жайып үлгерген миссионерлер Тәңіртауын асып қазақ даласына да өркен жая бастаған еді. Осы тұсқа қатысты жүздеген тариxи суреттер бүгінгі күні еуропа арxивінде шаң басып жатыр. 1933-жылы өлкелік үкіметте өте үлкен өзгерістер болды. Саяси билік жүйесі ауысып билікке Мәскеушіл топтар шықты. 1933-1934 жылдан бастап өлкелік үкіметтің төрағасы Шың Шысай дәстүрлі емес кірме діни сенімдерге (ислам, лама, бұддадан тыс) жалпы беттік тиым салады. Сөйтіп Қашқариядағы шіркеулерді жауып, қызыл кресіт қоғамының жұмысына заңмен түбірінен тоқтау қойды. Бұл тұста Қашқарияда xристиян діні өте белең алып кетіп, шіркеуде діни мұрасым өткізетін xалықтар да мыңдап көбейген еді. Ираннан Ауғаныстан арқылы Яркенд өңіріне шиттер де келіп медресе ашатын. 1934-жылы Шың Шысай жаңа діни наным-сенім туралы заң қабылдамағанда Қашқария өңірі сүниттер-шиттер және xристмян мүриттері болып жік жікке айрылып қырқысуы мүмкін еді. Християн миссионерлері Шағатайша жазылған пайғамбарлар қиссасы мен діни жоралғы кітапшаларды мыңдап басып шығаратын. Қашқарияда ауыз су тапшы болғандықтан xалықтың таза су ішу мүмкіндігі де кемшін еді. Бұның соңы түрлі тыныс жолы аурыулары мен тамақ (көмекей), өңеш аурыуларын пайда қылатын. Дәстүрлі медецсинаның кейде көмегі сеп болса кейде сеп болмайтын. Миссионерлер батыс медецсинасын алып келгендіктен науқастар үшін соңғы медецсиналық теxнологияны қолданатын әрі өнімі де айтақалсын жақсы болатын. Бұл жетім-жесір балалар мен әлеуметтік xалы мүшкіл отбасыларға мол мүмкіндік берді, олардың руxани бағытта таңдау жасауы да содан болса керек. Қашқарияның xристиян мүриттері сол жылдары еуропа шіркеуін аралап та қайтты. Ол туралы сирек суреттер мен деректер Швецияның шіркеу музейінде сақтаулы. Шың Шысай үкіметінің тиым салуымен миссионерлердің Қашқария мен қазақ даласын шоқындыру, кен байлығын тексеру, этникалық зерттеу жүргізу және карта бедерін анықтау сияқты мақсат жұмыстары орта жолдан үзіліп қалды. 1934-1935 жылдары миссионерлер Ауған, Кашмир еліне келіп Шыңжаң үкіметінің құлауын күтті. Бірақ, өлкелік үкімет 1944-жылы отставкаға кетсе де орнына көп өтпей коммунистік үкімет орнады. Миссионерлердің Шыңжаң туралы ұзақ проектілері мүлде іске аспай қалды. Араға қырық жылдан соң 1983’ден бастап қайта жандана бастады. 2000-жылға дейін қысқа уақыт ішінде Шыңжаң өлкесінен миллионға жуық мүрит тауып алды.

Жалпы еуропа жұртының Қашқария, Алтышаһар мен қазақ даласы туралы таспаға түскен бейнежазбасы осымен ғана шектелмейді. Жүздеген фото-сурет және деректі бейнежазбалар әлі де сақтаулы. Оларды уақты келгенде жариялайтын боламыз.