дипломатиялық
аударма кафедрасының
оқытушылары,
ф.ғ.к.А.Смағұлова,
ф.ғ.к. Г.О Мұхаметқалиева
Наурыз мерекесі
ал-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық
Университетінде
Наурыз- жыл бастау мейрамы. Осы орайда әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде сәуір айының 13 жұлдызында университет көлемінде наурыз мейрамы тойланды. Мейрам күні студенттер өзінің білімділігімен қатар талантты, өнерлі студенттер екенін дәлелдеді. Студенттер ұлттық билерді нақышына келтіре отырып билеп, музыкалық аспаптармен қазақтың әндерін шырқады. Ұлыстың ұлы күніне байланысты көріністер қойылып, наурыз мейрамы жоғары деңгейде аталынып өтті.
Парсы тілінде “нау” – “жаңа”, “руз” – “күн” деген ұғымдарды білдіреді. Наурыз — шығыс елдерінің бүкілхалықтық мейрамы, Ұлыстың ұлы күні. Наурыз шығыс халықтарында жыл басы мерекесі ретінде тойланып, ерекше күн ретінде аталып өтіледі. Қазақ халқы да Наурыз мерекесін айрықша бағалап, оны жыл сайын тойлап отыруды салт-дәстүрге айландырған. Наурыз шығыс елдері үшін бірліктің, татулықтың, еңбектің, ізгіліктің бақыттың мерекесі ретінде тойланған. Сондықтан да бұлар бұл күні шаттанбайтын, қуанбайтын, мейірленбейтін адам болмаған.Бұл күні жақсы тілек тілеу, құттықтау, кешірім жасау, табысу сияқты адамгершілік қасиеттер көрініс тауып, кейінгі ұрпақтар сондай жақсы өнегеден үлгі алған. Оның барлығы әр адамды жоғары саналылыққа, әдептілікке, өнегелікке, бауырмалдыққа, көргенділікке, ізгілік пен білімділікке баурайды.
Наурыз мерекесін асыға күтетініміз, ерекше даярланатынымыз содан болса керек.Наурыз мерекесіне тән — көпшілікке наурыз көже даярланады, ол тағам жеті түрлі дәмнен даярлануы шарт. Халықта наурыз көжені тойып ішкен адам келесі жылға дейін ішім-жемнен тарлық көрмейді деген ұғым бар. Қазақ халқы Наурыз күнін «Ақ түйе қарыны жарылған күн» деп ерекше қастерлейді. Осы күні ел ішіндегі дуалы ауызды батагөй, әулие ақсақалдарды арнайы дәмге шақырады. Не арнайы іздеп барып ақ батасын алады. Ол қарияларға шапан-шақтық жейде не тақия сыйға тартады. Қазақтың «Баталы ұл арымас, батасыз құл жарымас» деген мақалы осы шындықты растайды. Өйткені қазақта наурыз күнгі тілек қабыл болады деген наным бар. Жақсы адамнан бата алсаң, жолың жақсылыққа оңғарылады деп ырым етеді. Сүйтіп, жақсы сөздің уыз батаның, ақ тілектің күшіне көміл сенеді. Бата алған жастардың жүрегі қуанып, жылдар бойы көңілді жүреді.
Ынтымағы жарасқан еліміздің қуанышы молынан болғай. Көк аспанда көк байрағымыз желбірей берсін. Әрбір шаңыраққа қыдыр дарып бақ әкелсін. Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!
Для отправки комментария необходимо войти на сайт.