Сыматай

Serik Abikenuly

8 апреля в 20:59 ·

Сыматай

1932 жылдың 28-наурызында атты

Сыматай

– Қош, Сыматай
– Қош болыңыз, ақсақал.
Бір-біріне қарсы отырған екеудің жастауы денесін ауырсына орнынан көтеріліп, кішкентай, торлы терезеден сыртқа қарады. Қар жауып тұр екен. Жапалақтап, жерге баяу түсіп жатыр.
– Қош болыңыз, аға, – деді ол тағы сол теріс қараған күйі. – Қартайғанда
мына азапты көрдіңіз ғой…
– Расымды айтсам сол азаптан құтылатыныма қуанып тұрмын, Сыматай,
– сақалына қан ұйысқан қарттың даусында не үрей, не өкініш жоқ. – Ел іргесін бүтіндемекке екі мүшелдей аттан түспеппін. Ақыры не болды? Сол ел «банды» деп бетіме түкіріп жатқан жоқ па…
– Қойыңыз, Шәке, бар қазақ табалай қоймас. Ал, табалағандары –
адасқандары, ақымақтар.
– Адасқандар… – қарт қабырғаға басын сүйеп, көзін жұмды. – Адасу
үшін ақыл келте болуы керек, біз сондай ма едік? Е, айтқаннан не қайыр, морт кетірді ғой. Беломыртқаны үзіп жіберді мыналар.
Сыматай қартты бір шолып шықты. Абақтыдағы төрт айда еті ағып, көзі шүңірейіп, екі ұрты суалап, бұрынғы бітімнен жұрдай бопты Шәкең. Ұйпа-тұйпа сақал мен үрпиген шаш мүлдем үрейлі етіп тұр. Тірі әруақ. «Мен қандай болдым екен?» – деп ойлады. Қандала талап қызылқотыр еткен екеуді осы күйі далаға шығарып жіберсе мына маңның көп қазағы тани қоймас. Ол бәлекеттерді басында сығып тастаушы еді қазір үйреніп кетті. Қасып қойып жата береді. Кейде тіпті қасығанға да әл жетпейді. Шәкеңнің екі күннен беріде бас көтергені осы. Күзетшілер соңғы тергеуден сүйреп әкеліп, босағаға тастай салып еді. Қызыл-ала қан қарияны Сыматай орнына әзер жеткізген. Сол жақ шықшытының күп болып кеткенін көріп, сүйегі сынды ма деп еді, аман екен, бүгін тілге келгенде түсінді.
– Менің татарым түгесілді, Сыматай, – деді қария. – Доңызбайдың бетіне
түкіріп жібердім.
Сыматайдың бойы мұздап сала берді, милиция бастығы орынбасары Андрей Свинаренконы бұлар осылай атаушы еді. Ол іштей сүйінді. Өйтпесең Шалтабай болармысың.
Шалтабай қарияны Сыматай бала кезінен біледі. Тік иықты, ортадан жоғары бойы бар, көзі өткір Шалтабай ақ патшаға қарсы қол жиғанда осы өңір түгел сүйінген. Ел ағасына ілесіп, Әли батырдың тобына қосылған көп қазақтың ішінде осы Сыматай да бар еді. Сол аласапыраннан аман қалған қазаққа қызылдан да қайыр болмады. Ел басына тағы бір нәубет төнгенде бұл қарияға өзі барған болатын. Қарулы әскерге қарсы ұрыс тәсілдерін, жер ыңғайын Шәкеңдей білер адам аз. Осындай дана қарттардың арқасында төрт ай төтеп берді. Ақтерек шатқалында Арсеньевтің әскеріне бес сағат төтеп бергенде сарбаздарды рухтандырған осы Шәкең еді. Төменнен атылған пулемет, бесатардың оғына ұзақ шыдаған Сыматайлар қараңғы түсе шегініп кетпек болғанда қасына Шәкең келіп еді.
– Қазір шегініп кеткенге қолайлы. Солай етпекпісің? – деп сұрады.
– Иә, сөйтпесек болмайды…
– Ана, Әрсени де солай ойлайды, – деген Шалтабай қарт бұған сынай
қарап.
– Не істе дейсіз?
– Жиырма-отыз мерген жігітті аттандыр, айналып жаудың қапталынан
шықсын. Әрсениің үкі емес шығар.
Сыматай осы кезде ғана қарттың ойын ұғып, айтқанын істеді. Сол шайқаста Арсеньевтің отряды тас-талқан болып жеңіліп, қызыл командир өліктер мен жаралыларды тастай шегінуге мәжбүр болып еді. Бұл жеңіс жігіттерді қайраттандырған болатын…
– Негізі шалды алған Құдайға өкпелеуге болмайды, ал жастың ғұмырын
ұзартуды жалынып сұрауымыз керек, – деді Шалтабай қария. Сыматай осы кезде ғана байқады, қарт көзінің қиығымен ғана бұған қарап отыр екен. Күрсінді.
– Е, ақсақал, мыналар «Құдай жоқ» дейді ғой, өткенде көзіңіз жетті емес пе?
Абақтыдағылардың арасында құдайдан безгені сирек кездеседі, көбі Жаратушыдан көрер жарық сұрап, қайта-қайта дұға етумен болады. Осыдан бір ай бұрын татар жігітті әкеліп еді. Аса діндар екен, зуылдатып намаз оқи береді.
– Ол естиді мені, естуі керек. Менің еш жазығым жоқ. Ал жазықсызды
Құдай жазалаттырмайды, – дейтін көкті нұсқап. Аты Кәміл болатын. Түрме күзетшілері сұңқылдап Құран оқыған Кәмілді бірнеше мәрте сілейте сабады. Есін жиған сайын Шәкең «Мен ұқсап іштен оқысаңшы, Алла айғайламасаң да естиді ғой» деп ескертеді. Болмады. Ақыры күзетшілердің таяғынан көз жұмды. Мылтық дүмі қата тиіп, мойын омыртқасын үзіп жіберді. Күзетшілер кеткен соң жанына барғанда еріндері дірілдеп бірдеңе айтқысы келді. Құлағын тосқан
– Ол естуі керек еді…
Кәмілдің көкшіл көзі төбеге қараған күйі шыныланды. Сол көздердің
кірпігін уқалап жауып жатып Шәкең:
– Е, Ол бізді естімегелі қай заман, біздің барымызды ұмытып та кетті-ау,
– деген болатын. Екеуі дұға етіп, жаназасын шығарып қойған Кәмілдің сүйегін күзетшілер тек үш күннен кейін алып кетті. Содан беріде қарауылдар тіпті құтырып алған, намаз оқып отырғаныңның үстінен түссе оңдырмайды.
– Құдайдан безген түбінде өзі құдай болғысы келеді, – деді Шалтабай
қария. – Елеме, көктегі Құдай – мәңгілік, жердегісі – күнәһар. Оданда мені әкеткеннен кейін «Құлқуалланы» үш қайыр жарай ма?
Сыматай отырып жатып басын изеді. Үйренген, соңғы уақытта жиі оқылған «Құлқуалла» ғой. Самсы, Ақтерек, Суыққойын, Сулықойын, Отар… Қай жерге атының тұяғы тиді, сол жерде осы аятты оқыды. Оған осы Шәкең куә. Қай жерден қанша қазақ өлгенін санамалап, тәптіштеп айтудан шаршамайтын. Бірде ат басын бұрғанға аса ыңғай танытпап еді:
– Әй, жігіттер, небары он жыл бұрын мына Самсыда ботпай мен
жаныстың сүйегі тау болып үйіліп жатқан. Атаңа нәлет казактар құрым киіз тастап өртеп кеткен болатын. Соларды бертінде әзер көмдік қой. Енді солардың шыбын жаны шырқыраған жерге бұрылып, құран оқығанға ауырлап тұрмысыңдар, дәметеді ғой?! – деп ренжіген болатын. Хорунжий Александров дегеннің үш жүз қазақты қорлап өлтіріп, киіз үйлермен бастырып, өртеп кеткені жігіттердің бәрі білетін оқиға. Тек сол жерге барып, құран оқығанға әркімнің жүрегі даулай бермейді, бірде баланың бас сүйегі ұшырасып, жас сарбаздар шошынып еді. Бас-аяғы бес-он жылдың ішінде бар қазақ даласы Самсыға айналарын ол кезде ешкім білмеген. Қазір қай тұсқа отыра қалып құран оқысаң да бес-алты әруақты разы еттім деп ойла. Аштан бұралған байғұс қазақтың өлексесі шашылып жатыр…
– Оқимын ғой, Шәке. Тек кім бірінші кетері бір Аллаға аян. Екі күннен
бері тыпыр етпегеніне қарағанда Доңызбай ұмытып кеткен шығар…– деді Сыматай өз сөзіне өзі сенбей.
– Е, ол иттер ұмытпайды, Сыматай. Түбі жарымағаннан төре болғандар
кекшіл келеді. Және олардан опа күтпе, өзің асыраған Дәуірбек саған не істеді? Ұмытпа!
Ыңырана сөйлеген Шалтабайдың әр сөзіне ұйып отырған Сыматайдың жүрек тұсы шым ете қалды.


Бұлар ұзақ алысты. Жайлаудан бір, қыстаудан екі айырылған елдің ашу-ызасы мал тәркілеу, салық жинау басталғанда бұрқ ете түсіп еді. Өмірбек бай жігіттерін бастап шығыпты, – дегенді ести сала Сыматай да атқа қонған болатын. Жақын ауылдардың жүз қаралы жігіті соңына ілесті. Қолдарынан келгені Отар, Қордайдағы қоймаларды тонап, астықты елге таратып берді. Осыдан кейін-ақ қызыл әскер соңдарынан қалмаған. Доланқарадағы шайқаста оққа ұшқан он бес сарбазын Қоңыртөбеге жеткізіп, бір қыраттың басына жерледі. Одан кейін жаумен екі тараптан айқаспақ болып қақ жарылған. Өзі Ақтерекке орнықты, сол жердегі үңгір панасы болды. Жолдасбай бастаған жігіттер Моншалы маңына бекінді. Қызыл әскерлер бірнеше мәрте шабуылдағанда шегіне жүріп ұрыс салып, талай жер қаптырды. Көп сарбазынынан айырылды. Солардың бәрінің обалы Арсеньевке дейтін, енді екі ойлы…
Қой жылының күзі ерекше суық болды. Тоқым төсеніп, ер жастанып жүрген сарбаздарды қара суық қалтыратып, шыдатпай бара жатқаннан кейін туысы Дәуірбекке киім-кешек сұратып, хабаршы жіберген еді. Шабарман тез оралды. Дәуірбек «Үш күннен соң ескі қыстаққа келсін, киім мен біраз азық жеткіземін» деп сәлем айтыпты. Еш қауіп ойламаған Сыматайлар уағдаласқан күні Қоңыртөбенің бауырымен жүріп отырып, қыстаққа жеткен. Әуелі алыстан барлады, арба мен салынған шөпті күтірлетіп тұрған кәрі аттан өзге күдікті нәрсе көрінбеді. Қыстақтың мұржасынан түтін шығып жатыр. Сонда да аңдып басып жақындаған еді, сыртқа Дәуірбек шыға келді.
– Ал келдіңдер ме? – деді Дәуірбек құшағын аша бұған қарай жүріп.
Біраздан бері көрмеген ағайынға бұл да жылы шырай танытып, аттан түсіп, екеуі құшақтасып амандасты. Дәуірбек Шалтабай қарияны аттан демеп түсіріп:
– Тамға кіріңіздер. Аздаған сүр бар еді соны асып жатырмын. Мен
ертерек келіп, іш пысқан соң айналаның қарын күреп дегендей… – деп зуылдады. Расымен есік алдын күреп, әр жерге қар үйіп қойыпты.
– Биыл осында келем ғой деп отын да әзірлеп едім, қайдан, ескі жұрттан
көшер түріміз жоқ. Мал дейтін мал да қалмады, – деді Дәуірбек ішке өткізіп жатып. Отыны ауыз үйде қаланған күйі тұр екен. Түпкіүйдің есігін ашқанда сүр еттің исі мұрындарын қытықтап, жігіттер жайнаңдап сала берген. Сыматай Шалтабай қартты төрге оздырып, оң тізесін ала отырды. Қазандағы етті тегенеге түсірген Дәуірбек сол қалпы ортаға қойды да
– Алыңыздар, мен сорпа құйғанға шөміш әкелейін, – деп ауызүйге
шығып кетті. Осы кезде үйілген отын құлағандай күтірлеген дауыс шықты да Сыматай жігіттердің біріне:
– Қарашы, – деген.
Сарбаз барып итеріп еді, есік мызғымады, сыртынан бастырылған болып шықты.
– Қап, ит-ай, – дескен сарбаздар апыл-ғұпыл терезеге ұмтылысып еді,
шаңқ еткен мылтық даусы шығып, әйнек сынды. Бұлар соқпа там қабырғаларын паналап отыра кетіскен.
– Арсеков, сдавайся!!!
– Доңызбай ғой!
Дауысты таныған жігіттердің бірі бесатарын оңтайлап, терезеден атпақ еді маңдайдан тиген оқтан шалқалай құлады. Қызылдар жақсы орнығып алыпты. Осы кезде қолпулеметтан кезек атылған оқ, тамның қамыс төселіп, топырақпен бастырылған төбесін жұлым-жұлым етіп өте шықты.
– Жігіттер, бастарыңды шығармай, есік-терезеге қарата ата беріңдер! –
деп айқайлаған Сыматайдың өзі қол пулеметтің алғашқы оғы тескен тұсты көздеп гүрс еткізіп еді, өкірген дауыс шығып, үй сыртына біреудің құлағаны естілді. Сарбаздар тарсылдатып атып жатыр. Бір мезетте терезеден үй ішіне бір домалақ зат түскен. Бұл гүрсілдектің жарықшағы көп екенін бұрынғы ұрыстарда байқаған Сыматай:
– Жатыңдар! – деп айғайлап қана үлгерді. Қатты жарылыстан естен танып қалыпты, есін жиғанда қол-аяғы байлаулы екенін сезді. Жаралы сарбаздар ыңыранады.
Бұларды арбаға тиеп, қозғалғалы тұрғанда Сыматай Дәуірбекті байқап қалды. Бұларға әлде аяныш, әлде үреймен қарап тұр екен. Басын көтеріп, есік алдына тастай салынған екі сарбаздың өлігін иегімен нұсқады.
– Әй, Дәуірбек, мыналардың обалы саған, балаларының көз жасы
өмірбақи төбеңнен тамып тұрсын! – деді.
Бұларды абақтыға қамағаннан кейін ОГПУ бастығы Лебедев бір
ойынды бастап еді. Әуелі мұны алдырып:
– Өзге сарбаздарың берілсе, кешіреміз, көндір, – деді. Сыматай безеріп
отырып алған. Бұдан көмек жоғын түсінгеннен кейін бөлек, бөлек қамап, өзгелерді айналдырды. Ақыры Қаныбек шыдамапты. Жігіттердің қайда жасырынғанын білетінін, барып тілдесуге дайын екенін айтып, Лебедевтен жансауға сұрапты. Лебедев келіседі.
Бес күннен соң сұмдық хабар жетті. «Милиция бастығы «берілсеңдер, кешірем», – деді. Ешкімді соттамайды, жазаламайды. Сыматайды кешірді» – деген Қаныбектің сөзіне иланып, таудан түсіп, қаруын тастаған тоқсан сарбазды Доңызбай пулеметпен қарсы алып, бірін қалдырмай қырыпты. Қаныбек те қаза тапқан. Бұны күзетшілердің бірінен естіген Сыматай өкіріп жылап еді.


Кілт сылдырлап, біреу құлыпты бұрай бастады. Шалтабай қария бұған қарап жымиды.
– Қош, Сыматай. Тірі қалсаң бүгінгі күнді ұмытпа, тірі қалмасаң о
дүниеде кездесерміз.
Есік шалқасынан ашылып, табалдырықта Свинарекно көрінді. Жанында екі қызметкері бар. Ол алшаң басып Шалтабайдың жанына барып, сақалынан ұстап, жүзіне үңілді.
– Ну, Кудайбергенов, плевун, айда кеттік!
Екі милиция қолтығынан демеп тұрғызған қария есікке жете бере бұған бұрылған.
– Қош, Сыматай, күйінбе. Мына азаптан, тозақтан құтылдым мен. Қош…
Доңызбай қарттың сөзін аяқтатпай арқасынан итеріп жіберді. Олар шығып, есікті кілттегеннен кейін Сыматай терезеден құйылған әлсіз жарыққа қарап, тізерлеп отыра кеткен. Ерні күбірлейді.
– Бисмил-лә рахмани-р-рахим, әл-хәмдү лил-лә һи раббил-аләмин.
Әр-рахмәни-р-рахим, мәлики йәүмид-дин…


Ашаршылық жылдары Кеңес үкіметіне қарсы көтеріліп, ең ірі жасақ құрған күрескерлердің бірі Сыматай Әрсековті Шалтабай қариядан тура бір айдан кейін, 1932 жылдың 28-наурызында атты.

 

Начало формы

2323

Комментарии: 2Поделились: 3

НравитсяЕщё реакции

КомментироватьПоделиться

Комментарии

Shah Nazar атаңа нәлеттер-ай..

Скрыть комментарий или пожаловаться на него

Marat Baidildauly Тың тақырып – тамсандырған талант!