ҰЛЫ ДАЛА ПЕРЗЕНТІ
Марқұм Марат Кәрібайұлы Барманқұлов рухына!
Ұлы дала ұлылардан кенде емес,
Ұлы рухтар көкте ұшып жүр, жерде емес.
Ұлы дала төсінде жүр ойқастап,
Бұлың-бұлың сияқтанып кейде елес…
Ыстық еді, туған жердің әр қыры,
Ыстық еді, бораны мен жаңбыры.
Өз тұсында ауыр еді, жұрт білер
Профессор Марат аға тағдыры.
Бір кездері, күн де туған оңынан,
Бір кездері, ай да туған солынан.
Халық Танкин – оның текті әкесі
Жер жастанған қызылдардың қолынан.
Ол ержетті сүйіп ұлты қазағын,
Ұлт тегіне аударғанды назарын.
Осылайша тумай жатып жас Марат
Бұл тағдырдың тартқан талай азабын.
Басып өтті ол небір ауыр жолдарды,
Мазалаған қалың ойлар орманды.
Халық әкесі – «халық жауы» болған соң
Біздің Мәкең – Барманқұлов болғанды.
Осылайша бұл азамат тағдырлы
Ұстаз болды, ғалым болды сан қырлы
Ойға батып тұрушы еді ОЛ оңаша
Кештерінде Алматының жаңбырлы…
Ғылым шыңы – соған талмай өрлеген,
Осы жолда шаршап талып терлеген.
Журналистік мамандығымен қоса
Тарихқа да талай қалам тербеген.
Ол белгісіз, ғалым жолы болды ма,
Ол белгісіз, асып, тасып толды ма?..
Профессор – Марат Кәрібайұлы
Қалдырған-ды ұрпағына мол мұра.
Бұл да арман ғой, туар ма екен ондай күн?
Бұл тағдырдан өтер дейсің тоңбай кім?..
Білген қазақ ұлт перзенті Мәкеңді
Ешқашан да ұмытпас деп ойлаймын…
Жұмаш КЕНЕБАЙ,
ақын
23 10 2012 жыл
Для отправки комментария необходимо войти на сайт.