БІЗДІҢ МӘКЕҢ Заманбек Абдешев

Skip to content

Posted on Март 26, 2016

Заманбек Абдешев

БІЗДІҢ МӘКЕҢ

 

 

Бес жылдық оқуымыз да аяқталды. Университеттің Киров көшесіндегі бас корпусының ішіндегі бір аудиторияда жас мамандарды жан-жаққа бөлу шарасы жүріп жатты. Бірер бітіруші осы Алматыда қалса, қалғандарын облыстарға, аудандарға бөледі екен. Төрдегі үстел басында деканымыз Темірбек Қожакеев бастаған біраз оқытушылар жайғасқан. Ішінде Марат Барманқұлов та бар. Жұрт тегіс жиналғанмен, жиналыс басталған жоқ. Біреулерді күтіп отырған сыңайылы. Шынында солай болып шықты. Бір кезде есік ашылып, сол кездегі университет ректоры Өмірбек Жолдасбеков кіріп келді. Өмекеңді алғаш оқуға түскен 1970-жылы көріп едім.
Университеттің бас корпусының алдында біреулермен бірге тұрған кісіні білетіндер «университеттің жаңа ректоры осы екен» деп жатты. Осы қызметке сол жылы тағайындалыпты. Үстіне ақшыл костюм киген. Сол кезде жастау болғанына қарамастан, көзімізге өзі тым толық көрінді. Қара шашын артқа қайырған. Бұғағы да тым шығыңқы кісі екен. Кейінірек Өмекең таңертең күн құрғатпай жүгіреді екен дегенді естідік. Шынында, бұдан кейінгі жылдары әлгі семіздігінен арылып, тығыршықтай денесін ұршықтай үйіретін, жүрісі ширақ адамға айналып шыға келген.
Сол Өмекең тез-тез басып, төрдегі үстелге келіп, ортадан орын алды. Университет бітірушілерді тұс-тұсқа бөлу жұмысы басталып кетті. Оқи жүріп, республикалық газет-журнал, радио-телевизияның шығармашылық жұмыстарына белсене қатысып жүргендер сол ұйымдардан шақырту қағаздарын әкеліпті.
— Тоқтаңыздар, — деді ректор, — мына республикалық басылымдарға жібергелі жатқан бітірушілеріңіздің ішінде орташа оқығандар да бар екен. Неге бұлай? Университетті үздік бітіргендер неге бармайды ол жерлерге? Қане, ендеше былай бөлейік.
Билікті өз қолына алған Өмекең оқуды үздік және жақсы бітірген жігіттер мен қыздар республикалық газеттерге, радио-телевизияға жіберілсін деген шешімін айтты.
Ректор солай деген соң, ешкімнің қарсы келер түрі жоқ. Өмекеңнің қасында отырған деканымыз Қожекеев тек басын шұлғи береді. Тізім осылайша жасалып жатыр.
— Өмірбек Арсланұлы, — деді сол кезде Марат Барманқұлов орнынан тұрып, — мұныңыз болмайды. Сіз біздің бітірушілерді де физика-математика факультеттеріндегі секілді бөліп отырсыз. Бірақ бұлай бөлгеніңізбен, газет-журналдағы, баспалардағылар бұларды алмайды.
-Неге?
— Өйткені, шақырту қағазбен келгендер сол басылымдармен қоян-қолтық жұмыс істегендер. Редакциялардың тапсырмасымен мақалалар және басқа да материалдар жазып, әжептәуір көзге түсіп қалғандар. Сондықтан біз мына тізімдегі балаларды сонда жібергенмен, ондағылар дереу кері қайтарып жібереді. Сөйтіп, бәрібір өз таңдағандарын алады.
— Егер олай болса, бұларды бес жыл оқытып, несіне әуреге түсіп жүрміз? Жазуға бейімі барларына бірден диплом беріп, діттеген жерлеріне жібере салмаймыз ба? – деп күлді ректор.
Парасатты да ақылды кісі еді ғой Өмекең. Мәкеңнің айтқан уәжіне тоқтады. «Менің айтқаным айтқан» деп қыңырлық көрсеткен жоқ.

 

 


Қазақ университетінде оқып жүрген кезіміз. Жазғы каникул кездерінде Торғай облысының Жаңадала ауданындағы «Нахимов» кеңшарына ауылшаруашылық жұмыстарына барамыз. ҚазМУ-де сабақтан тыс уақыттарда комбайн жүргізуші мамандығын қоса оқып, куәлік алғанбыз. Енді кеңшар комбайнерлерінің көмекшісіміз. Комбайн жүргізуді әжептәуір меңгеріп, Қазақстан астығын жинауға өз үлесімізді қосып жүрміз. Осылайша жыл сайын дәм тартып, сол «Нахимов» кеңшарына үш-төрт рет бардық.
Алғашқы жылы бізді онда бастап барған журналистика факультетінің доценті Марат Кәрібайұлы Барманқұлов еді. Жақсы кісі еді ғой, жарықтық. Көп оқыған, көп білетін, алды кең адам болатын.
Тілеуқабыл (Мыңжасаров) екеуміз таңсәріден тұрып, Есіл өзеніне дейін жүгіреміз. Сол жерде салқын сумен жуынып, бір рахаттанып қаламыз. Бір күні бізге Марат ағамыз да қосылды. Содан кете-кеткенше бізден қалмай бірге жүгіретін болды. Өзімен бірге шағындау киноаппаратын ала келген екен. Ол кезде, әрине, қазіргідей бейнекамералар жоқ. Мәкең сол аппаратымен ара-тұра өзен бойын, астық алқаптарын суретке түсіріп алатын.
Бір күні таңертең асханаға барсақ, алдымызға келген тамақты татып алу мүмкін емес. Бұзылып кеткен еттен жасалған ба, әйтеуір, ешкім аузына да алмады. Асханада шу шықты. Аспаздар да берісер емес. Әне-міне дегенше кеңшардың директоры да келе қалғаны. Бірақ ол әділдікті жақтаудың орнына аспаздардың сөзін сөйлеп, тіпті бізге дөңайбат көрсете бастады. Анадай жерде Марат Барманқұлов тұр. Ол кісі ештеңе демеді. Біз улап-шулап, тамақтың бір түйірін аузымызға салмастан, орнымыздан тұрып кеттік. Сөйтсек, біз шығып кеткен бойда аппаратын алып келген Мәкең асхана үстеліндегі ешкім мұртын бұзбаған тағам салынған табақтарды оңды-солды түсіреді ғой келіп. Кеңшар директорының қасындағылар істің насырға шабатынын байқап, дереу басқа ет алғызады да, қайта тамақ істетеді. Аспаздарға ұрсып-сөгеді. Әлден уақытта жатақхана бөлмелерінде жатқан біздерді тамақ ішуге шақыртыпты. Сөйтіп, Мәкеңнің тапқырлығының арқасында кеңшар директорын осылай жеңіп едік.

Заманбек Абдешев

 

 

 

 

Электронные адреса для контактов

moldabekov47@mail.ru
agibaev53@mail.ru

 

Сонғы мақалалар