Профессор Марат Барманқұлв – Қазақ тележурналистикасының атасы

 

Әмір МОЛДАБЕК,

Филология ғылымдарының кандидаты,

Халықаралық ЮНЕСКО

сыйлығының лауреаты,

Халықаралық бизнес университеті

Профессор Марат Барманқұлв – Қазақ тележурналистикасының атасы

 

Филология ғылымдарының докторы, профессор, қазақ тележурналистикасының негізін қалаушылардың бірі және бірегейі, ең бастысы өз ұлтын жанындай сүйген марқұм Марат Кәрібайұлы Барманқұловтың бұл дүниеден озғанына да арада біраз жыл болыпты. Зымырап өтіп бара жатқан уақыт-ай десеңші!..

Кеше ғана осы Мәкеңмен тізе қоса жұмыс істеп жүрген қызығы мен қиындығы мол қимас сәттерім бүгінгідей көз алдымда. Қазақ тележурналистикасының қалыптасып, аяғынан қаз тұрып кетуіне өлшеусіз үлес қосқан Марат Кәрібайұлының сол бір өлшеусіз ұшан-теңіз еңбектері дер кезінде лайықты бағасын алмағаны бүгінге дейін жанымды аяздай қариды. Бір кездегі өзі тәрбиелеп қатарға қосқан кейбір шәкірттері аяғынан тұрып алған соң Мәкеңдей қадірлі ұстаздарының сол бір жақсылықтарын әп-сәтте естерінен шығарып, оның аяғынан шалып, небір адам ойына келмейтін жамандықтар жасағанының да куәсі болғанымды несіне жасырайын. Бұл пендеде іштарлық пен «пендешілік» деген қалмайды екен ғой. Ондай пасық жандардың аттарын атағым да келмейді…

Марат Кәрібайұлы өзі журналист бола тұрып, тарих ғылымымен  жан-тәнімен араласқанын көпшілік жақсы біледі. Өзін дүниеге әкелген қазақ халқының өткен тарихы жайлы кәсіби тарихшылардың өзі мойындағандай кесек дүниелер жазды. Бұл салада Мәкең тындырған еңбектерді бұл шағын мақалада айтып тауысу мүмкін емес. Сондықтан да оның осы саладағы бір ғана еңбегіне тоқталғанды жөн көрдік.

Белгілі тележурналист, ақын Жұмаш Кенебай және осы жолдардың авторы бірлесіп, қазақ телевизиясының тарихында тұңғыш рет барша түрік халықтарынан шыққан ұлы тұлғалар жөнінде «Түрік даналары» атты тізбекті авторлық телебағдарламаны  сонау 90-шы жылдардың ортасында дүниеге әкелгені бүгіндері  аңыз сияқты.

Томирис, Ишпақай, Зарина, Атилла, Мөде қаған, Естемй қаған, Бумын қаған, Күлтегін, Білге қағаннан Мұстафа Шоқайға дейінгі аралақты қамтитын 40-қа жуық, әр қайсысы 30 минуттан тұратын бұл телебағдарламалардың дүниеге келуіне телебағдарламаның ғылыми жетекшісі ретінде марқұм профессор Марат Барманқұловтың қосқан үлесін ештеңемен де өлшеуге келмейді. Бір өкініштісі, бір кезде қалың көрерменнің ыстық ықыласына бөленген бұл телебағдарламалардың Қазақ теледидарының эфирінен алынып тасталғанына да 20 жылдай уақыт болыпты. Барша түрік халқының өткен тарихын, олардан шыққан ұлы тұлғалар жайлы тың мағлұматтар берген, басқасын айтпағанда, бүгінгі өскелең жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беруге өлшеусіз ұлес қосқан бұл телебағдарламалардың жоғары жақта отырғандарға ұнамағаны, оның «халықтар достығына сына түсіретіні» сол жылдары авторға да, осы телебағдарламаларды әзірлеуші біздерге де ауыр соққы болғанын қалай ғана ұмытайын. Бұл – өз алдына бөлек әңгіме.

1998 жылы  сол кездегі Түркияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі, түрікшіл азамат Құртұлыш Тәшкент пен оның мәдениет жөніндегі орынбасары Аладдин Қорқмаз осы «Түрік даналары» телебағдарламасының авторы әрі жүргізушісі Жұмаш Кенебайды Түұркияға арнайы шақырып, Осман империясының 700 жылдығына байланысты телебағдарламалар жасауға мүмкіндік тудырады. Сол жолы Жұмаш Кенебай осы жолдардың авторы маған бірге баруға  ұсыныс жасаған еді.  Мен профессор әрі ьелеғдарламаның жетекшісі Марат Кәрібайұлымен ақылдасайын дедім. Ол жаққа баруға тек қана операторға ғана орын бар болатын. Белгілі профессор еш намыстанбастан қатардағы оператор болуға қуана келісімін бергені бүгінгідей көз алдымда.

Ойлап қараңызшы, республикаға, шетелге танымал үлкен ғалымның қатардағы оператор болуға келісім беруін не деп бағалауға болады?. Бұл – ең алдымен профессор Марат 0Барманқұловтың өз ұлты үшін қандай тәуекелге әзір екенін көрсетсе керек. Ия, марқұм Марат Барманқұлов өте қарапайым азамат еді ғой.

Сол жолы тележурналист, ақын Жұмаш Кенебай және оның көмекшісі әрі қызы Арайлым Жұмашқызы, аудармашы Гүлшат есімді қызбен бір айға жуық бауырлас Түркияны емін-еркін аралап, көптеген хабарлар түсіріп келіп, қазақ телекөрермендерін тың дүниемен қарық қылғаны бүгінгідей көз алдымда. Сол сапарда Марат Кәрібайұлымен бірге болған тележурналист Жұмаш Кенебайдың  мына бір естелігі назар аударарлық:

«Мен Марат Барманқұловтың еңбекқорлығына, ізденімпаздығына осы сапарда қатты қайран қалдым. Қай қалаға барсақ та, ұзақ жолдан шаршап келгенімізге қарамастан Мәкең таң бозынан ерте тұрып алып, қолына камерасын ұстап шапқылап жүретін. Үнемі қызық сюжеттер тауып, түсіріп жататын. Дем алу дегенді білмейтін. Түркияның батыстағы Едірне қаласынан Оңтүстіктегі Кония қаласына дейінгі аралықты машинамен аралап, ара қона жүріп, сол жолы мол материял жинадық. Сондағы оператор ретіндегі профессор Марат Барманқұлов сіңірген еңбекті ештеңемен өлшеуге болмас еді. Мұндай еңбекқор, мұндай білімді, мұндай қарапайым адамды мен өмірімде кездестірмеген едім. Кейін Түркиядан келген соң профессор Марат Барманқұлов сол сапар жайлы, түрік халықтарының ортақ тарихы турасында «Хрустальные мечты тюрков» деген көлемді кітап жазды...» дейді.

Айтпақшы, марқұм профессор Марат Барманқұловтың мұрындық болуымен «Абай тойынан кейінгі ойлар» атты тізбекті үш хабарымызды ЮНЕСКО жоғары бағалап, телеғдарламаның авторы әрі жүргізушісі Жұмаш Кенебай мен  хабардың редакторы маған «Халықаралық ЮНЕСКО сыйлығының лауреаты» атағы 1995 жылы берілген болатын. Бұл да- өз алдына бөлек әңгіме…

Міне, шағын-шағын оқиғалардан, мәлімет-деректерден  марқұм профессор Марат Кәрібайұлы Барманқұловтың қандай азамат болғанын түсіну қиын емес сияқты.Бір өкініштісі, бергенінен әлі де берері көп Марат Барманқұловтың арамыздан ерте кеткені. Қазақта мұндай сан қырлы, білімді де білікті ғалымдардың саусақпен санарлықтай екенін қалай жасарарсың. Қайтейік, қайран Мәкең, профессор Марат Барманқұлов ұлтымыздың  маңдайына сыймай кеткен асыл азаматымыз еді ғой..

Тоқсан ауз сөздің тобықтай түйіні, Қазақ тележурналистикасының атасы – профессор Марат Барманқұлов екенін көпшілік болып мойындайтын уақыт әлдеқашан жеткен сияқты!.

 

Әмір МОЛДАБЕК,

Филология ғылымдарының кандидаты, Халықаралық ЮНЕСКО

сыйлығының лауреаты,

Халықаралық бизнес университеті телестудиясының директоры.