Ермұрат Табылды
Шыңғысхан қайда жерленген, немесе наймандар жасаған үлкен қателік
4 февраля 2019
Оқылды: 228
Ұлы тұлғалардың өмірі мен өлімі жөнінде қашанда аңыз еріп жүрері белгілі.
Қазақтың білігілі жазушысы марқұм Қалихан Ысқақ «Айқын» (2012 жыл. Желтоқсан) газетіне берген бір сұхбатында: «Шыңғысханның жерленген жері жөнінде сан-саққа жүгіртетін әңгіме көп. Әрине оған нүкте қою мүмкін емес. Өйткені Ұлы Қағанның мүрдесін тауып, «мынау Шыңғысханның моласы» деп ешкім айта алған жоқ. Айта алмайды да. Тек «ана жерде, мына жерде» деген болжам, сәуегейлік көп.
Ал менің топшылауымша, Шыңғысхан Алтайда, бәлкім Қара Ертістің табанында жерленуі мүмкін. Қолымнан келгенше Ұлы қаған өмірін біраз зерттеген адаммын. Алтай иісі түркілердің отаны. Біздің жыл санауымыздың 61 жылы бүкіл түркілер Отыкен өлкесіне жиналған. Яғни, Төр Алтайға. 551 жылға дейін сол жерде жатып, Тұран империясын жариялап барып жылжыған. Атышулы Аттила да содан аттанған. Көтенханның екі баласы Ашбөріхан мен Ботпай да содан аттанған. Шыңғысхан да сол жерден аттанған. Алтай – бүкіл түркілердің атамекені. Мұны әрдайым есте ұстаған жөн. Тарихи құжаттар бойынша, бір кезде бұл жер Отыкен атанған. Шыңғысхан ең алдымен түркі тайпаларының басын біріктірді. Себебі, кешегі құлап қалған Тұран империясын қайтадан қалпына келтіремін деді. Қауіптің бәрі Қытайдан болғандықтан алдымен соны шапты. Хорезмді шабуының себебі ол жақта парсылар кеулеп ішке кіріп келе жатты. Оны тоқтату керек болды. Арабтық шовинизмді тоқтату керек болды. Көрдіңіз бе, күні бұрын ол төрт жерден тосқауыл қойды. Оның арманы екі мұхиттың арасын түркілерге толтырсам деген ой-тұғын. Бірақ ол қолынан келмесе де, ұрпақтары біраз жерге жетті. Өлерде оның айтқаны бар:
«Мен тарихта түк бітірімегенің өзінде, түркілердің қауіпсіздігін үш жүз жылға қамтамасыз етіп кеттім» — дейді.
Әулиелігі сол, тура үш жүз жыл өткенде, Қытай мен Ресейдің қыспағында қалдық. Тұран империясын қайтадан қалпына келтірем деп шыққан Шыңғысхан әуелі ағайыншылық үгітке көнбегеннен кейін, қылыш суырып, біраз ру-тайпалармен қырқысуға барды. Мұндағы мақсат бір шаңырақтың астында болу еді.
Наймандар Шыңғысханды жиырма жыл ұстап қалды
Бұл наймандардың үлкен қателігі. Нағыз от боп жанып тұрған кезінде Шыңғысхан сол империяны тұрғызып үлгерер ме еді…
Егер де Шыңғысхан наймандардың кесірінен жиырма жыл Алтайда бөгеліп қалмағанда, бүгінгі тарих қалай болар еді…
Бәлкім, тарих доңғалағы басқаша дөңгелер ме еді? Жалпы мен Қағанның денесі моңғол жерінде емес, ата-бабасы өсіп-өркендеген Алтайда жатыр деп есептеймін», деген екен үлкен жазушы.
Шыңғыс қағанның моласын таптық деп атой салғандар көп. Бірақ соның бәрі артынан өтірік боп шыққаны белгілі.
Шыңғысханның ұлылылығы һәм құпиялығыда сонда жатқан шығар-ау. Егер де Шыңғысханды наймандар жиырма жыл бөгемегенде, Тынық мұхиттан Дунай өзеніне дейін аралықта түркі жұрты мемлекет құрып, мейманасы тасып жатар ма еді, әттең?
Ермұрат Табылды
365info.kz