«АЙНАЛАЙЫН, ҚҰЛЫНШАҒЫМ!»

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАНДАР!

      Сөздің асыл сарасын арнап, көздің ақ пен қарасына теңеген, баласын «Айналайын, құлыншағым!» деп еркелететін, қазақ – шындығында да, дана халық. Өкінішке орай, бүгіндері арамызда сол бүлдіршіндерге арнап ертегілер айтатын әжелер мен аналар да азайып кетті. Әңгіме- өлеңдер жазатын, поэзия әлеміне жетелеп қалам тербеп жүрген ақын-жазушыларымыз да қазір, арамызда көп емес. Тіпті, оларды халық арасында саусақпен санарлықтай десе де болғандай.

      Біздің санамызды нарық биледі: ақша, мүлік, күнде той-домалақ, дүниеден басқаны ойламайтын халге жеттік. Балаларымыздың қарыны тоқ, көйлегі көк болса, не ішем, не жеймін демесе болғаны. Олардың рухани әлемі күннен күнге жұтаң тартып, өз тілінен, дәстүрінен, халқының тарихынан алыстап бара жатқанын көрсек те селт етпейтін жағдайға жеттік. Кешегі Қадыр, Тұманбай, Мұқағали, Мұзаппар секілді алыптарымыздың балаларға арнап жазған дүниелерін қазір қазақтың үйіндегі кітап сөрелерінен көрмейсіз. Сондықтан да, біздің «Дешті қыпшақ» сайты осы бір олқылыққа қарлығаштың қанатымен су сепкендей, тамшыдай да болса үлес қосу мақсатымен «АЙНАЛАЙЫН, ҚҰЛЫНШАҒЫМ!» деген айдар ашып отырмыз. Алдағы уақытта шама-шарқымыз жеткенше балаларға арнап жазған ақын-жазушыларымыздың шығармаларын жариялап тұруды жөн көрдік. Ат салысыңыздар, құрметті оқырмандар.

     Бүгін сіздердің назарларыңызға жазушы Құдиярбек Ағыбаевтың «Ұстаз бен шәкірт» деп аталатын дастан-хикаясын ұсынып, айдарымыздың алғашқы бетін ашып отырмыз. Қабыл алыңыздар!