Жұмабек Мұқанов,
Қазақстанның Құрметті журналисі,
ҚР Мәдениет Қайраткері. Оңтүстік Қазақстан облысы
Қайран, шіркін, дүние-ай, – десеңізші!…
Заманында аузын айға білеген қарқарадай ханның сүйікті жары болуымен ғана емес, зерек зердесімен,қайраткерлік,мәмілегерлік қадір-қасиеттерімен абырой – беделі Алты Алаштан әрі асып, орыс билеушілерін, патша сарайы қызметкерлерін, ғалымдарын, тіпті, мұхит асып келген саяхатшылардың да айрықша назарын аударған Бопай ханым бейнесі зымыран ғасырлардың аумалы-төкпелі қилы кезеңдерінен кейін ұрпақ санасында көмескіленіп, ұмытыла бастайды деп кім ойлаған….
Рас, Әбілхайыр ханның көзі тірісінде де,1748 жылы бақталастарының қолынан қаза тапқаннан кейін де ұзақ жылдар ел басқару ісіне белсене араласып, Орта Орда мен Кіші Ордадағы рулық бірлестіктердің арасында ынтымақ, бірлік,түсіністік орнауына оң өзгерістер жасауға күш-жігері мен білік-қабілетін аямай жұсаған Бопай ханым сол бір алмағайып, дүрбелең кезеңде ел арасында жарқын тұлғаға айналғандығын бүгінде екінің бірі біле бермейтіндігі анық. Әсіресе, ханымныңхалқымыздың игі жақсыларының, батырлар мен билердің арасында, Қазақ-Ресей қатынастарында орасан зор ықпалы болғандығын айғақтайтын құжаттар көне мұрағаттардан алынып, жарыққа шығып жатыр. Бір сөзбен айтқанда, біз оқыған құжаттар мен зерттеулер Бопай ханымның соңғы үш ғасыр көлеміндегі Қазақстандағы билікке араласқан қайраткер қазақ әйелдерінің арасында көшбастаушы болғандығына көз жеткізеді. Көне тарихтың тасқа түскен жазулары осылай дейді.
Олай болса,бірінші кезекте Бопай ханымның шыққан тегіне назар аударайық. Ә.Атшыбаевтың «Кіші жүз шежіресінде»(Алматы, 1966 жыл) Адай Табынай батырдың қызы делінсе, қайсыбір авторлар Еділ қалмақтарына қарсы жорықтарда қолбасшылығымен танылған Сүйіндік батырдың қызы дейді.
Ол қай Сүйіндік?Адайдың Қосай атасынан тарайтын, лақап аты Жаманадай болған Сүйіндік пе, әлде,Тобыш атадан тарайтын Табынай руының Сүйіндік батырының қызы ма? Халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлы «Елең-алаң» романында Қосай Сүйіндік батырдың қызы деп жазады. Роман көп жауҺарларымыз ашылмай жатқан Кеңес Өкіметі тұсында, алғаш рет 1984 жылы жарық көргенін назарда ұстаған жөн.Тәуелсіздік жылдары тарихи құжаттар мен шежірелер көптеп табылып жатыр. Әбіш ағамыз да апамыз Табынай Сүйіндіктің қызы екендігін айтып жүр. Сонымен қатар,көнекөз қариялардан алынған әңгімелерде Қосай Сүйіндік Бопайдың сіңлісі Қанайға үйленген, Әбілхайырмен бажа болғандығы айтылады. Әбілхайыр мен оның заманын көп зерттеген ғалым С.Өтениязов Бопай – Адай қызы деген тұжырымнан айнымайды. Ал тарихшы ғалым, Әбілхайыр мен қазақ-орыс қатынастарын көп зерттеген Қ.Есламғалиұлы төре тұғымынан деп жазған («Ана тілі»,18.11.2009 жыл). «Батыс Қазақ энциклопедиясына» (Алматы, Арыс, 2010) да осы дерек енгізілген (194-бет).
Ал Сүйіндіктің баласы Мырзатай батырдың есімі Ресей сыртқы саясатының мұрағатында жиі кездеседі және оны Адай батыры деп жазады.1734 жылдың 24 қазанында Орынбор экспедициясының бастығы И.Кириллов пен қазақ қауымына есімі елші ретінде танымал А.Тевкелевтің хабарламасында Уфаға келген Кіші Орда елшілігінің құрамында Әбілхайыр ханның туған балдызы Мырзатай батырдың («родной шурин Мурзатай батыр») болғандығы да жазылған.
Қазақ елін көп аралаған тілмәш Я.Гуляев Мырзатай батырдың Әбілхайырдың Бопайдан туған үлкен баласы Нұралыға «дядя» болып келетінін айтыпты. Бопайдың Адай руынан екенін тарихшы Витебский «И.Неплюев пен Орынбор губерниясы» атты кітабында ашық жазыпты. Адай шежіресі негізінде дүниеге келген дарынды ақын Светқали Нұржановтың «Хан кегі» атты поэмасында Бопай шыққан әулеттің адамдары түгелдей аттары аталып,түстеліп жазылған. Бұл дастанды оқыған адам Бопайдың Табынай Сүйіндік батырдың қызы болғандығына шек келтірмейді.
Маңғыстаулық жазушы, өлкетанушы Әбілхайыр Спан өзінің жеке мұрағатында Адай ақсақалдарының НКВД-нің қуғынына түскен Құрмаш батырға араша сұрап, Бақытжан Қаратаевқа жолдаған хаты сақтаулы тұрғандығын, хат «Ардақты жиен Бақытжан!» деп басталатынын айтады. Белгілі қоғам қайраткері, заңгер Бақытжан төреге «жиен» деп Бопай әжесін меңзеп отырғандығы түсінікті. Ә.Спан осы хаттың толық мазмұнын «Адай қасіреті» атты кітабына (Алматы, Нұрлы әлем, 2011 жыл) енгізген.
Осы орайда дәлел әрі дәйек ретінде айрықша тоқтала кететін жағдай сол, Әбілхайыр хан қазасынан кейін Бопайдың інісі Мырзатай батыр Барақ пен оның қасындағылардан кек алуға белсене қатысқандығы. Осыншалықты жақын туыс болмаса мұндай оқиғаға қатыспауы да мүмкін емес пе?Адай Мырзатай батыр Әбілхайыр ханның қастандықпен өлтірілгендігі туралы Орынбор әкімшілігіне бірнеше хаттар да жолдаған. Орыс ғалымы И.В.Ерофеевтың мынадай жазбасы көп шындықты айғақтайды: «Информацию Мырзатая об убийстве султаном Ералы батыра Сырымбета, как о заверщающей акциу кровной мести семейства покойного хана, полностью подтвердил и уточнил три года спустя сам Нуралы сообщивший о поступке своего брата в личной письме к А.И.Тевкелеву от 3 января 1753 года». Одан әрі Нұралы: «Султан Ералы совершил ночью с дружиной своих батыров военный набег в ставку фамильного врага, где убил батыра Сырымбета и его жену, а семью Барака и все имение служителей служанок и верблюдов их … в добычу получил.Через одну дочь … всех трех злодеев». (С.Өтениязов, «Әбілхайыр мен Бопай», «Адай Ата», 3 – том, 458 – бет, Алматы, Арыс, 2007)
Немесе Абыл жыраудың Баймағанбет сұлтанға айтқан жолдарды еске түсірейік. «Апамнан (Бопайдан) туған әкең Айшуақ хан,
Табаның таймай тұр-ау мінген тақтан»…
Бұл деректер Бопай апамыздың тегі Маңғыстау жырауларының ақпа-төкпе тілімен айтқанда, «әруағы бұлттай торланған» Адай қызы екенін айна қатесіз айғақтайды.
Ол заманда туыстық арасы өте жақын Пір Бекет Атаның Бопай ханым апасымен аралас-құралас болғандығы туралы деректер ХІХ ғасырдың алғашқы он жылдықтарында Бөкей ордасында болып, өлке тарихын зерттеген неміс саяхатшысы Шульцтың жазбаларында бар екендігін білетіндер бар. Бұл туралы Атырау облысындағы Жылыой ауданының тұрғыны Жолдасқали Сүйесінов «Еділ қалмақтарымен болған соғыста Бекет 20 жастағы жігіт болса керек. Қалмақ әскерлеріне қарсы Бекет жалғыз өзі ту көтеріп шыққанда жау быт-шыт болып, жан-жаққа қашады. Осы жеңісі үшін ханның әйелі Бопай Бекеттің бетінен сүйіпті», – дейді.
Ия, тарихшылар 1771 жылдың басында Еділ жағасынан Жоңғарияға қарай үдере көшкен Убаши бастаған қалмақтар мен қазақтар арасында атышулы айқастар болғандығын растайды. Бұл кезең келешегінде «Пір», «Машайық», әулиеліктің ең биік жетінші сатысы – Гаус дәрежесіне көтерілетін Бекет батырдың 20-21 жасына сәйкес келеді. Сонымен қатар, ханымның үлкен бабасы Табынай Бекет Атамен нағашы жағынан туыстас деген шежіре сүрлеуінің мәні бар. Айта кететін бір жағдай, тарихшылар арасында Әбілхайырдың тарихтағы рөлі сияқты Бопай- Бәтимәның тегі туралы да пікірталастар баршылық.
Әбілхайыр мен Бопайдың алғаш танысқан кездеріндегі шынайы сезімдерін халық аузындағы аңыз желісімен тарихшы С.Өтениязов былайша суреттейді:
« …Кіші жүздегі әйгілі батыр Жәнібек пен Әбілхайыр жол жүріп келе жатып күн батар алдында бір ауылға түседі. Ауыл иесі аса бай,жасы үлкен кісі екен. Оның бой жетіп отырған қызы Бопай сұлуды көрген Әбілхайыр ес-ақылы кетіп ғашық болады. Келесі күні жолға шыққан Әбілхайыр күтпеген жерден сол ауылда қалатынын айтады да, Жәнібек батырға өз жөнімен кетуге тура келеді. «Қайтсем Бопай сұлуды алмай тынбаймын» деп Әбілхайыр қалады. Ол өзінің кім екенін жасырып, Бопайдың әкесінің малын бағуға жалданады. Ұзын бойлы, батыр тұлғалы, жігіттің сұлтаны Әбілхайыр батыр жылқышы болып жүрсе де, аз уақыттың ішінде ауыл адамдарына жақсы қырынан танылып, құрметке ие болады. Әрине, көп ұзамай Бопай сұлуға да ұнап қалады. Сырын ашқан жас батырды Бопай сұлу да жан-тәнімен ұнатып, ғашық болады. Ғашықтар ажырамастай дәрежеге жеткенде Әбілхайыр Бопай сұлудың әкесінің рұқсатын сұрайды. Әкесі сұлтан деген аты болғанымен, жалғыз атты кедей жігітке қызын бергісі келмей,түрлі айла-шарғы ойлап табады. Соның бірі ретінде «қалыңмалға ала аяқты 90 күрең және 60 ақсұр ат әкелесің, әйтпесе, қызымды бермеймін» деп шарт қояды. Осындай ауыр шартқа амалсыз келіскен жас батыр «бір айдың ішінде айтқан қалың малыңызды әкелемін» деп аттанып кетеді.Бопай сұлудың әкесі «кедей жігіт бұл шартымды орындай алмас»деп үміттенген еді. Әбілхайыр әлгі айтқан жылқыны таныс-тамыры, ағайын-туысы, бәрінен сұрағанымен, ешқандай нәтиже шықпайды. Шарқ ұрған жас батырдың аянышты күйін естіген Жәнібек батыр Әбілхайырға керекті 150 айғырды өз жылқысынан шығарып береді. Оған қоса,ол өзі барып, Бопай сұлудың әкесіне барып, қазақтың әдет-ғұрпы бойынша құда түседі». (С.Өтенияз, Ш.Өтенияз. «Әбілхайыр хан, «Арыс», 2010жыл)
Әрине, Әбілхайыр мен Бопайдың алғашқы кездесулері туралы басқаша мазмұндағы әпсаналар да жеткілікті. Бір әңгімеде жас кезінен әруақ қонып, адам емдейтін қасиет дарыған Сүйіндік байдың қызы ағасы Мырзатай ауыл шетінде жараланып, ес-түссіз жатқан аңшы жігітті алып келіп, қарындасына емдетеді. Сырқатынан айығып, аяғынан тік тұрып кеткен батыр бірнеше жылдан кейін арнайы келіп, өзін ажалдан аман қалған қасиетті қызға құда түстіріп, үйленеді дейді.
Шын есімі Бәтима болған апамызды орыс жазбаларында неліктен Попай, (кейбір жазбаларда Пупай) деп аталғандығы туралы әзірше қолымызда нақтылы деректер жоқ. Халқымыздың ұл-қыздарына сәби кезінен еркелетіп жанама есім беретін үрдістері күні бүгінге дейін сақталып отыр.Тарихшылар зерттеулерінде анық дәлелденгені – Әбілхайырдың Бопайдан өрбіген ұл перзенттері бесеу – Нұралы (1710/11-1790), Ералы, Айшуақ, Қожахмет, Әділ. Әбілхайыр хан дүниеден өткеннен кейін Елизавета патшайымның жарлығымен Нұралы Кіші орданың хан тағына отырады. Оның хандық дәуірі 1748 – 1786 жылдар аралығы. Ералы – (1720 – 1794) 1791 – 1794 жылдары, Айшуақ – (1723 – 1810)1797 – 1805 жылдары Кіші жүз хандары болған. Құпия кеңесші дәрежесі бар және Орынбор губернаторы И.И.Неплюев 1748 жылғы хабарламаларының бірінде «Кіші ордада Әбілхайыр ханның 5 ұлы бар, ал, Орта Ордада Барақ, Абылай туысыбар» деп көрсеткен. Назар аударарлық жағдай сол, Әбілхайырдың, қалмақ, башқұрт әйелдерінің есімдері аталмайды. Демек, Хан шаңырағындағы бәйбіше Бопайдың абырой-беделі де, ықпалы да, танымалдылығы да басқа әйелдерден жоғары болды деген сөз. Бопайдан туған Ералының ұлы Қасымхан қызының атын жақсы ырыммен Бопай (Кенесарының апасы) қойғандығын да еске ала кетейік.
Бір жағдайға ерекше мән беру керек. Нұралы хан тағына тағайындалар кезеңде Бопай ханымның сұңғыла саясаткерлігі, қайраткерлігі, дипломатиялық өнері айрықша көзге түседі. Себебі, Әбілхайырдың түпкілікті мақсаты – Жайық казактарының, башқұрттар мен Еділ қалмақтарының қазақ жеріне ентелей енуіне жол бермей, жоңғарларды түпкілікті талқандап,ел тыныштығын орнату екендігін терең сезінген ханым Ресей империясының құрамына енбей, мұндай аса күрделі проблемаларды шешу мүмкін еместігін жақсы білетіндігі оның орыс патшайымы Анна Ивановнаға (22.11.1731ж), Елизавета Петровнаға (05.10.1748 ж) жолдаған хаттарында анық байқалады.
Ресей билеушісі Елизавета ханшайымның алдында зор сый-құрметке ие болғандығына куә ретінде мына бір хатқа назар аударғымыз келеді. «Аса құрметті бәйбіше Пупай ханшаға, Сіздің күйеу балаңыз Жәнібек сұлтан арқылы ұлы мәртебелі тақсыр императордың атына жіберген хабарламаңызды алдық. Сіздің хатыңыздың мағынасын императордың ұлылығына жеткіздім. Сіздің күйеу балаңыз Жәнібек сұлтан старшынымен ұлы императорға кіргізілді. Император сіздің тілегіңізді қабылдады. Сізге, сұлтандарға, билерге, старшындарға, күллі қырғыз-қайсақтарға өтініштеріңіздің қабылданғаны туралы жарлық қабылданып жіберілді. Сіздердің алдағы жылдарда бізге адалдықтарыңызға сенім білдіреміз, сізге жалақы ретінде императордың атынан зерлі жібек беріледі.
Императордың ұлылығы атынан канцлер, толық құпия кеңесші, сенатор және кавалеръ. Түп нұсқасына қол қойған:
Графъ Алексей Бестюжев Рюмин. Мәскеуден 1749жыл 2 мамыр».
( Б.Нәсеновтың аудармасы. «Әбілхайыр хан», 1-тарау, Новосибирск, 2011жыл)
Бопай ханым жиі-жиі Орынбор губерниясының басшыларымен хат-хабар алмасып отырған.Үлкен ұлы Нұралы жазған хаттарда да Бопай ханымның мөрі қатар басылған деректер кездеседі. Ханымның өзінің жеке вензелі (мөрі) болғандығы орыс жазбаларында нақтылы көрсетілген. Мәселен, орыс ғалымы А.Левшин (1879-1979) Бопай ханымның көрнекті тұлға екендігін айрықша атап көрсетіп, оның жеке мөрі болғандығын жазады.
Ханымның сұңғыла саясаткерлігі мен адам жанын баурап алатын нәзік сезімді қайраткерлігі елші Құтылымұхаммед Тевкелев мырзаға жолдаған хатындағы мынадай сөздерден айқын көрінеді: «Будешь хорошим другом хану. А хороший друг как известно дороже брата»
(22.11.1731ж). Мұның алдында Уфадағы әскери басшы Батурлинге (26.08.1731жыл) Кіші орданы Ресейге қосу туралы келіссөздерді бастайтын уақыт жеткендігі туралы ұсыныс хат жолдаған.
Бұдан үш ғасырға жуық бұрын , яғни, ол замандағы қазақ билеушілерінің үрдісінде кездесе бермейтін таңқаларлық бір зиялылықты Әбілхайыр ханның ресми қабылдауларға Бопай ханыммен бірге баратындығынан байқауға болады. Орыстың зерттеуші ғалымы И.Ерофеев «счастливый союз Бопай и Абилхаира был весьма гармоничный» деп баға берген.
Әбілхайыр ханның саясаткерлігі мен қайраткерлігі туралы зерттеуші тарихшылардың, саясатшылардың, мемлекет, қоғам қайраткерлерінің кейбір мәселелер бойынша көзқарастары мен тұжырымдары келіспейтін тұстары баршылық болғанымен, Бопай ханым туралы жаман пікірлер айтылмайтындығын айрықша айтып өткіміз келеді. Қазақ елінің Кіші Орда тарихындағы 1731-1758 жылдарды Бопай ханымның Қазақ-Ресей саясатына, ел билігі мен бірлігіне өте белсенді араласқан қайраткерлік, саясаткерлік, дипломатиялық қабілетін айрықша көрсете білген кезең болды деп айтуымызға толық негіздер бар.
Енді бірер сөз Бопай ханым жерленген аймақ туралы. Бұл тақырыпта ең соңғы жазылған құнды дерек ретінде «Актюбинский вестник» газетінің 4 желтоқсан 2008 жылғы нөмірінде жарияланған Зада Мұқашеваның «Правительница степи Бопай» атты мақала мен «Жас Алаш газетіндегі (15.05.2009 жыл) Баян Сәрсенбинаның «Бопай Ханым» атты З.Мұқашевамен болған сұхбатын атап көрсетеміз. Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің бұрынғы қор жетекшісі Зада Мұқашева «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Орынбор облысына жасаған экспедицияның іссапарынан жинақталған дерек көздерін баяндайды. Ресейде қазір өмір сүріп жатқан қандастарымыз – Жұмағали Баянасов,Ұлықпан Есжанов ханымның жерленген жерін анық білетін көрінеді. Ақтөбе мен Батыс Қазақстан облыстарымен шектесетін Орынбор облысының Елек ауданындағы Димитров селосы маңындағы бұрын Мешіт аталатын төбе кем дегенде 90 жыл жасаған апамыздың мәңгілік дамылдаған бақилық қонысы деседі. Кезінде мұнда төбесінде айшығы бар кесене болған.Орыстар бұл жерді «Мечетка» деп атайды екен. Орыс жазбаларында Бопай 1780 жылы 31 мамырда дүниеден өткені жазылыпты.
Тарихшы К.Есмағамбетұлы Бопай 1689 -90 жылдары дүниеге келген болуы мүмкін деп топшылайды. Ал, Әбілхайыр кейбір тарихшылардың деректерінде көрсетілгендей 1693 жылы емес, 1684 – 85 жылдарда туған сияқты дейді. Себебі, үлкен ұлы Нұралы 1711 жылы туған және Абылайханмен құрдас және бір – бірімен дос – жаранды болған.
Өкінішке қарай, атақты Әбілхайыр ханның жұбайының басында бүгінгі таңда ешқандай белгі жоқ. Бауырынан өрбіген үш перзенті – Нұралы, Ералы, Айшуақ сияқты есімдері өшпестей болып тарихымызда таңбаланып қалған хандар Анасының басына кесене салынбауы, әрине, мүмкін емес.1929 жылы мұнда Ресейдің әскери полигоны орналасқан, сол себепті бұл қорымға өлген кісіні жерлеуге тыйым салынған. Оны айтасыз, Мешіт аталған жерден 35 шақырымдық радиуста адамдар қоныстануға да рұқсат болмаған екен.
– Енді не істеу керек?–деген сұраққа Орынбор ғылыми-мұрағаттық комиссиясының еңбектеріндегі жазбалар жауап беретіндігін көңілге медет қылуға болатын сияқты. Осы комиссияның «ХҮІІ шығарылым» атты жинағы 1906-1907 жылдары Ресей императорының геологиялық комитетінің мүшесі Д.Н.Соколовтың редакциясымен жарыққа шығыпты. Ол өзінің «Кузнецк тауындағы Красногор қамалындағы қазбалар» атты мақаласында «Елек пен Урал өзендерінің (Жайық өзені) бір қапталындағы Қара өзеннің бойындағы аршылған жерден темір заттар мен жібек киімдер табылды» деп жазыпты. Әрмен қарай Соколов Орынбор топографиялық картасында осы өзеннің сол жағалауындағы биік төбеде «Попай ханымның қабірі» деп жазылған белгі бар екендігін жазады. «Орынбор тарихы» атты кітапта «Бұл ханша дегеніміз – орыс бодандығын алған Әбілхайыр ханның әйелі Попай» деп көрсетілген екен.
Сонымен апамыздың жатқан жері белгілі болды. Халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлы 1995 жылы сол кездегі Батыс Қазақстан облысының әкімі, қазіргі Парламент Мәжілісінің вице-спикері Қабиболла Жақыповпен бірге қабір басына барғанын айтады.
Әбіш Кекілбайұлы Бопай ханымның ел билігіне араласқан,Әбілхайыр Ханмен бірге мәслихат-жиын қызған бір сәттегі сұлу да көркем бейнесін былай бейнелейді: «Бопай да ақ- қарасы аймаласа жайнаған әдемі көзін ибамен жүгіртіп, алаулап қан тебінген жұмыр мойнымен кербездене қиғаш бұрып: «Айыздары қыза түссін.Тыңдап алайық, ханием», – деп емеурін танытады.
Хан: «Жә, оған бола қысылма! Үндегелі отырған өзім де жоқ», – дегендей кеу-кеуіне құлықтана құлақ тосып, бүлк-бүлк күліп қояды. («Үркер»,112-бет,Алматы, «Жазушы» баспасы,1984 жыл)
Әбілхайыр хан өмір сүрген он сегізінші ғасырдың алғашқы жартысында қазақ-орыс қатынастары туралы қазақ әдебиетінің алтын қорына енетін өшпес мұралар қалдырған халық жазушысының тарихи тақырыпқа арналған шығармаларында Бопай Ханымның ел билігі ісінде Әбілхайыр ханға ақылшы, кеңесші болған бейнесін айнақатесіз айшықтап көркем бейнелеген тұстары көптеп кездеседі.
Ханымның көз тартар көркі 1736 жылы Хан Ордасында болып қайтқан ағылшын суретшісі Джон Кэстльдің де ерекше назарын аударған.Қазір біздің қолымызда «Тұманды Альбион» елі суретшісінің Бопай ханымды ұлы Әділмен бейнелеген нұсқасы ғана бар.
Қазір зейнет демалысындағы, ұзақ жылдар Бопай ханым туралы деректер мен жәдігерлер жинаған ақтөбелік Зада Мұқашева апаймен осы наурыз айында екі рет хабарластық. Зада апай:
– Бір таныс кісінің үйінде Сүйіндік батырдың белдігі сақтаулы тұр. Әбілхайыр ханның тікелей ұрпағы Нұралы ханның немересі болып келетін әйгілі заңгер, Мемлекеттік думаның депутаты болған Бақытжан Қаратаевтың ұрпағы – София апаймен көзі тірісінде кездесіп тұрдық. Апайдың немере келіні Бибажардан «Бопай әжемнің жүзігі» еді деп көрсеткен баға жеткісіз бұйымды облыстық өлкетану музейіне өз қолыммен тапсырған едім. Бопай ханымның терезесіне ұстаған пердесі де осы мұрағат қорында, – деп біз күтпеген жаңалықтармен қуантып тастады.
Халқымыздың ауыз әдебиетінде де, жазу, сызу өнері пайда болған кездерден күні бүгінге дейін де қазақ әйелдері қапияда жол тапқан, қысылғанда ой шолған, ақылына көркі сай, ер жүрек, батыр бейнелерінде халық санасында ғасырлар бойы сомдалып келе жатқандығы бәрімізге белгілі. Тұмар ханым, Құртқа, Қарашаш, Гүлбаршын, Жібек, Баян сұлу, Ұлы Абайдың әжесі Зере мен анасы Ұлжан, ҒабитМүсірепов бейнелеген Ұлпан, кешегі Ұлы Отан соғысында ғажайып ерлік үлгілерін көрсеткен Әлия, Мәншүк, Хиуаздарға дейін,басқа да көптеген аналардың, әйел-қыздарымыздың есімдері тарихымызда өшпейтін болып жазылып қалған. Маңғыстауда, Оңды ауылына кіре берістегі күре жолдың бойында біртуар дарын, мемлекет, қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевты дүниеге әкелген, ғасыр жасаған аяулы Айсәуле ананың көзі тірісіндегідей сабырлы мейіріммен бауырына тартып тұратын зәулім ескерткіші тұр. Тәуелсіз қазақ елінде уақыт алға жылжыған сайын әйел – аналарға деген шексіз құрмет жалғаса беретіндігі сөзсіз.Олардың бірі әрі бірегейі, сөз жоқ, Бопай Ханым!
Шын мәніндегі халық жанашыры болған, ел, жер тұтастығы үшін күреске бүкіл саналы ғұмырын арнаған, қайраткерлік, саясаткерлік, дипломатиялық қадір-қасиеттері арада екі жарым ғасыр өтсе де, әлі күнге толық зерттеліп, зерделене қоймаған Бопай Ханым жоғарыда аталған тарихи тұлғалардың арасынан ойып тұрып орын алуға әбден лайықты. Әзірге Жаңа Өзен-Түрікменстан темір жолының бір бекетін «Бопай» деп атаған, Бейнеу ауданының орталығындағы бір көшеге есімін берген маңғыстаулық ағайынның риясыз ықыласына риза боламыз. Бұлар, Бопай ханымды мәңгілік есте қалдыру, ұлықтау жұмыстарының бастауы болар деп білеміз.
Дегенмен, қынжыларлығы сол, қазақ қауымы үшін бетбұрысты, дүбірлі кезеңдегі елтұтқасына айналған тұлғаның бейнесі көркем әдебиетімізде де, кино өнерінде де бар айшығымен кемел сомдала қойған жоқ.Тарихшы зерттеушілеріміздің жазбалары да некен саяқ. Ол заманнан қалған аңыз-әпсаналар да естір құлақ,ұғынар зерде азайған бүгінгі күні көп айтылмайды. Жауһар тарих көздері көмескі тартып,аршылмай жатыр. Бопай ханымның өмірдеректері мен қайраткерлік, саясаткерлік ғұмырнамасын түбегейлі, түбірлі зерттеу жұмыстары Кеңес Одағы кезінде түрен тимеген түрінде қалса,Тәуелсіздік жылдары да шүкіршілік жасап,тәу етерлік шаруалар жасалмағанына тірі куәгерміз. Бәлкім, үлгере алмай жатқан шығармыз. Ел азаматтары бұл олқылықтың орнын толтыруға қамданар,қалыс қалмас,ең болмағанда кесенесін тұрғызып, ұрпақ парызын жоғары парасат-пайыммен орындап шығуға жұмылар деген үміттеміз. Бір сөзбен айтқанда, Бопай апамыздың әруағы бауырларының қамқорлығына зәру болып жатқандығы талас тудырмайды.
Бопай әруағы бауырларының қамқорлығына зәру болып жатқандығын сезінген ішкі түйсігіміз мазалай береді. Апамыз Орынбор әкімшілігіне жазған бір хатында Әбілхайыр ханның басына күмбезді кесене орнатылмаса күйеуімнің сүйегін Түркістанға алып кетемін деп қыр көрсетіп, қорқытқан екен. Бұл, сірә, Әбілхайырдың Түркістанда туғанын меңзеген саясаткерлік амалы болса керек. Біз де қасиетті Әзірет Сұлтан жатқан жерден бір айналып өтіп,іштей тілек тілеп, Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне тәу етіп, құран бағыштап, жүзімізді құбылаға қарай ізгі мақсатпен із кесуді мақсат тұтып барамыз.
Жұмабек Мұқанов,
Қазақстанның Құрметті журналисі,
ҚР Мәдениет Қайраткері. Оңтүстік Қазақстан облысы
Для отправки комментария необходимо войти на сайт.