Елдік мүдде. Әбілқайыр хан және дала элитасы

 

 

Бейбіт Қойшыбаев

Елдік мүдде. Әбілқайыр хан және дала элитасы

 

          Біріккен қазақ әскерінің бас қолбасшысы Әбілқайыр хан 1730 жылғы сәуірдің соңында жоңғар қонтайшысы Галдан Церенмен бейбіт келісімшарт жасады. Сол актімен «Ақтабан шұбырынды» қасіретінен бері өрши үскен қантөгісті азаттық күресінің шырқау шыңына айналған Аңырақай шайқасын қорытындылап, 1723–1730 жылдарғы Отан соғысына жеңісті нүкте қойды.  Бұл жеңіс қазақ халқының жауынгерлік рухын нығайтты, халықтың этностық бірлігін, тұтастық сезімін және өз еліне деген сүйіспеншілігін, жүздер, ру-тайпалар арасындағы ауызбіршіліктің маңызын  арттырды.

Көшпенді хандықтар ішіндегі аса қуатты жоңғар әміршісі Галдан Церенді жеңген атағы Әбілқайыр баһадүрді саяси тұрғыда қазақтың аға ханы мәртебесінде таныта түсті. Қадірлі батыр-ханының есімін жеңісті шайқастар жүргізген тау, өзен, аңғарға берген (Арқада «Қалмаққырылған» деген жерде «Әбілқайыр өзені», Шу мен Талас өзендерінің арасында «Әбілқайыр даласы» бар. Сонда «Қалмақ қырылған» деген екі жер атауы сақталған. Қаратау қойнауында «Әбілқайыр бұлағы» бар. «Үлкен Орда қонған», «Кіші Орда қонған» деген жер атаулары – азаттық соғысын басқарған аға хан, кіші хан ставкаларының тұрған орнын көрсетеді. Ал Балқаштың оңтүстігіндегі әйгілі Аңырақай шайқасы өткен өңірде, Ілеге тақауырақта  – Хантау, одан Шуға қарай созылып жатқан «Әбілқайыр жалы» деген тау атауы сақталған. Бүгін біздің  көңіліміз қаншама тарылып, қазақтың 1723–1730 жылдардағы Отан соғысының бас қаһарманының еңбегін мойындағымыз келмесе де, географиялық жер атауларының өзі-ақ оның да, біздің де кім екенімізді көзге шұқып айтып тұрған жоқ па?) өз жұртында ғана емес, көрші елдерде де ол үлкен құрметке бөленді. Орта Азия хандықтарының билеушілері онымен туыстық қарым-қатынасқа жетуге ұмтылды. Қолбасшы, әмірші, саясаткер Әбілқайыр хан Аңырақай шайқасынан кейінгі жағдайды көрегендікпен саралай білгендіктен, жоңғар қонтайшысымен бітімге келді…

Алайда бұл тұжырымның тарихшылар арасында: «Аңырақай шайқасынан кейін қазақ билеушілердің арасында жік туды» деген мағынада көптен қалыптасқан, тіпті ресми «Қазақстан тарихының» үшінші томы таңбалап қойған элита ішінде «жоғарғы билік үшін күрес»   жүргені жайындағы пікірге қайшы екені түсінікті. Ресми тарих: «Тәукенің ұлы, қайтыс болған аға хан Болаттың орнына Орта жүзден – Сәмеке, Кіші жүзден Әбілқайыр үміттенді. Көпшіліктің таңдауы Әбілмәмбетке түсті. Сәмеке мен Әбілқайыр өздерін елеусіз қалдырды деп тауып, шайқас алаңынан кетіп қалды, сол арқылы қазақ жерлерін жоңғар басқыншыларынан азат етудің ортақ ісіне оңдырмай соққы берді», – деп хабарлайды. Еліміздің ең басты тарих кітабының күні кеше – 2010 жылы жарық көрген академиялық басылымының тап осындай ескірген мағлұматты шегелеп  таратуы өкінішті-ақ. Өйткені содан бір мүшел ілгеріде, өткен ғасырдың соңғы жылдарында,  жекелеген тарихшылар (айталық, И. Ерофеева) сенімді дереккөздерді айналымға тарту арқылы ондай байламның қате екенін дәлелдеген болатын. Болат ханның «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» қасіретінің бастапқы жылдарының бірінде дүниеден өткенін, оның ешқашан аға хан болмағанын, аға хан мәртебесі 1715 жылы Қайыпқа, 1719 жылы Әбілқайырға тигенін, Аңырақай шайқасынан кейін ешқандай да аға хан (ұлы хан) сайлауы өткізілмегенін дәлелдеген зерттеулерін жария еткен еді. «Сәмеке мен Әбілқайыр өздерін елеусіз қалдырғандықтан» емес, күн тәртібіндегі жағдайға байланысты, соғыс аяқталып,  тиісті бітім жасалғаннан соң, өздеріне қарасты ру-тайпалар мекендейтін аумақтарға күн тәртібіне шыққан мәселелерді реттеу үшін кеткен болатын. Демек, «шайқас алаңынан» кетіп қалды деу де, «сол арқылы қазақ жерлерін жоңғар басқыншыларынан азат етудің ортақ ісіне оңдырмай соққы берді» деп тұжырымдау да нақты тарихи шындыққа сәйкес келмейді.

Бас қолбасшы Әбілқайыр хан оңтүстікте белгілі бір мақсатта, белгілі бір мөлшерде әскери күш қалдырды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары «Цин ұлы династиясының хроникасы» деген атпен жарияланған қытай құжаттары жинағында қазақ ханы Әбілқайыр (Абуэрхайли) қазақ жігіттерінің 70 мыңдық әскерін өз бұйрығымен інісі Бұлқайырға (Буэрхайли) басқартып, жоңғарларға қарсы жорыққа шықты делінетін ақпарат келтірілген.  Сондай-ақ олардың Шу-Талас жерінде тұратын ойраттардың мың шаңырағын түгел басып алғаны және Жоңғарияның өзге көші-қондарынан 2–3 мың ат айдап әкеткені айтылған. Бұл оқиға император Юнчжен басқарған мерзімнің 9-шы жылындағы 2-ші айда орын алды деп көрсетілген. Оны біздің тарихшылар 1731 жылғы наурыз бен сәуір айларының бастапқы күндеріне сәйкеседі деп белгілеп жүр. Император Канси 1722 жылы қайтыс болды, артынша таққа Юнчжен отырды. Демек, император Юнчженнің билікті қолға алған уақыты 1722 жыл, ал оның империяны басқарған мерзімінің тоғызыншы (тоғыз емес!) жылы 1730 жылға, яғни жоңғарларға қарсы Отан соғысын тамамдаған Аңырақай  шайқасы болған жылға тура келеді. Демек Юнчжен жылнамасының 9-шы жылындағы 2-ші айда, яғни 1730 жылғы 8 наурыз бен 6 сәуірдің арасында бас қолбасшы Әбілқайыр хан, алдыңғы тарауда айтқанымыздай, әскерін Шу-Талас аймағынан Аңырақай өңіріне ауыстырып, жоңғар күштерімен шешуші шайқасқа шығуға әзірленді және оны сәтті жүргізіп, сол сәуірдің соңына қарай Галдан Цереннің күйеубаласы, тәжірибелі әскербасы   Лацзан Церен басқарған жоңғар жасақтарын біржола жеңді де,   мамыр айында қонташының өзімен келіссөз жүргізіп, бітімге келген.  Содан соң ойраттардың ықтимал шабуылдарына тойтарыс беру үшін Бұлқайыр сұлтан қолбасшылық жасайтын әскерді өңірде қалдырып, өзі батыс шекараға аттанды.

Жоғарыда аталған Цин боғдыханы Юнчженнің жылнамасында «Галдан Цереннің інісі Лобуцзян-Шуну (Лаузан Шоно) қазақ ханы Әбілқайырдың қызын әйелдікке алды, қазір, ыңғайы, қазақ жерінде тұрады» деген мәлімет бар. Біз мұның ақиқаты қандай екенін айта алмаймыз, дегенмен, Әбілқайыр ханның бәйбішесі қызымен Түркістандағы ордасынан 1723 жылы тұтқындалып Жоңғарияға әкетілгенін еске алсақ, Лаузан Шоно хан қызын алуы ықтимал деп пайымдаймыз. Аталмыш қытай дереккөзінде одан әрі: «Лаузан Шоно мұрагер ретінде әкесінің тағына отыру мәселесін шешу үшін 1-ші айда өз жаушыларын  Галдан Церенге жіберді» деген хабар айтылады. Бұл оқиға, шамасы, Цеван Рабдан дүниеден көшкен 1727 жылды меңзесе керек. Алдыңғы тарауда айтқанымыздай, Галдан Церен әкесі Цеван Рабданның кенеттен болған өлімін өзінің өгей шешесі,  Лаузан Шононың туған анасы Сетержабтан көреді де, оны балаларымен, сондай-ақ сол тұста Қалмақиядан (бәлкім, қытай жылнамасында айтылғандай мақсатпен  Лаузан Шонодан) келген елшілердің кейбірін өлтіреді. Сондықтан, боғдыхан сарайының шежіресінде одан әрі айтылғандай, «Галдан Церен оның анасын, сондай-ақ бірге туған інісі мен қарындасын өлтіргендіктен»,  Лаузан Шоно «Галдан Цереннен өш алуды қатты тілеп жүр. Оған әскери шабуыл жасағысы келеді». Бұндай ахуалдың Әбілқайыр ханның ойраттармен де, қалмақтармен де бітім жасауына жанама түрде болса да әсер етуі мүмкіндігін мойындаймыз. (Тек  Лаузан Шоно «қазақ жерінде тұрады» дегені жаңсақ, ол Қалмақ хандығында  тұрған.  Қонтайшы Галдан Церен өзінің тағына бәсекелес дұшпанын ұстап беруді қалмақ ханы Церен Дондуктан талап еткен болатын).

Аңырақай шайқасынан кейін жасалған бейбіт келісімшарт екі жаққа да тиімді еді. Галдан Церен қазақтармен бітімге келу арқылы цин-қытай жағындағы шекарасына әскери күштерін топтастыруға мүмкіндік алды. Император Юнчжен ойраттармен соғысты қайта жаңғырту жайында 1729 жылы шешім қабылдаған болатын. Қазақтармен 1730 жылы бітімге келіп, қолын күшейтуге мүмкіндік алған қонтайшы сол жылдың өзінде қытай әскерін Баркөл маңында тас-талқан етіп, енді Алтайда соғысуға әзірлік жүргізе бастады. Ал жоңғармен соғысты одан әрі созбай, бітім жасауды мақұл көрген Әбілқайыр хан солтүстік-батыс шекараға жаңа шабуылдарымен қайтадан  қауіп-қатер төндіріп тұрғандар көршілермен – орыс мемлекетіне қарасты казактар қауымымен,  қалмақ және башқұрт елдерімен ара-қатынасты ретке келтіруге аттанған еді. Ол орыс империясымен шекарадағы  мазасыздықты тыныштандыруға күш салды.

1730 жылғы мамыр айында Әбілқайыр ханның Торғай өлкесіндегі жазғы ордасына Кіші жүз бен Орта жүздің бас адамдары бас қосты. Бұл мәжілісте орыс шекарасына тақау көшіп-қонып жүрген  жұртқа қырғидай тиіп жүрген Жайық және Сібір орыс казактарының, Еділ қалмақтарының шапқыншылық қылықтары, қалмақтармен арадағы қатынас, жоңғарды жеңуге байланысты, қазіргі сәтте біршама реттеліп, тыншығанмен, түбі бір түркі болса да, желкелеріндегі отаршыл әкімдерінің астыртын айдап салуына көніп, қазақ ауылдарына тұтқиылдан  жортуылдатып айрықша  маза кетіріп жүрген башқұрттар жайы талқыға түсті. Осынау мәжіліске дейін Әбілқайыр ханға башқұрт елінің құрметті адамы тархан Алдар Есенгелдин (Исекеев) жолығып қайтқан. Бұл содан жиырма шақты жыл бұрын Әбілқайыр баһадүрді башқұрт тағына шақыруды ұйымдастырған, онымен бірге орысқа қарсы иық тіресе күрескен әскери-басшы тұлға болатын. Бұл қос үзеңгілес баһадүр әрәдік кездесіп, әрдайым достық пейілмен жылы сұқбаттасып отыратын. Осынау көзқарастары ертеден жарасқан екі ел ағаларының сұқбаттары әрдайым өзара түсіністік рәуіште өтетін. Ендеше осынау қарулас әм пікірлес қос әміршінің қарамағындағы адамдар неліктен өзара шабуылға шыға беруін доғармайды? Мұнда қандай сыр бар? Әрине, екеуара өткен кеңестің бүге-шігесін білмегенмен, шамалауға болады: олар сол мәселені түбегейлі шешудегі кедергілерді сараптап, оларды жою жолдарын ақылға салысты…

(Кезінде империяға қарсы тұрған башқұрт жетекшісін өз жағына ұтымды тарта алған патша әкімшілігінің ұсынуымен оған аталған тархан айырым-белгісі берілген. Жалпы, тархан атағы Алтын Орда хандары дәуірінде шіркеу адамдарына олардың өз шаруаларын шешуге ерікті екендіктерін көрсету үшін беріліп тұрған. Кейін оны орыс князьдері де жекелеген адамдарға алым-салықтан босатылатынын, даулы мәселелерде ешкімге бағынбай, тек ұлы князьдің өз құзырына келуге хақылы екендігін білдіру үшін беріп жүрді. Бір-екі мәрте тархандық беру мүлдем жойылып тасталды да, бодан ұлттардың беделді адамдарын империяға сенімді ете түсу үшін, қайта енгізілді. Башқұрт көтерілісшісі Алдарды тархан мәртебесіне көтеру арқылы патша әкімшілігі оны өзіне өркениеті тәсілмен тәуелді етті. Қазақтар арасында да тархан болғандар бар).

Сол жылғы мамырда ханның жазғы ордасына жиналған Кіші және Орта жүздер сұлтандарының, батырлары мен белгілі адамдарының құрылтайында орыс патшасының үкіметімен оның қоластындағы қалмақ, башқұрт және орыс казактарының қазақ еліне шабуылдарын доғартуды көздейтін бітім жасау жөнінде шешім қабылданған…


Ордасында өткен мәжіліске қатысушы билер, батырлар, бас адамдар мен сұлтандардың терістіктегі алып көршімен бітім жасасу жайындағы ұжымдық шешімін жүзеге асыру үшін Әбілқайыр хан орыс патшайымына арнайы хат жазды. Оны апарып тапсыру міндеттелген елшілеріне жолдағы орыс әкіміне көрсету үшін де хат берді, сосын олармен оңаша ұзақ кеңесіп, дипломатиялық сапар барысында қол жеткізулері тиіс мәселелерді пысықтады…

Ұзамай құрамында он бір адам бар Әбілқайыр хан елшілігінің керуені орыс империясының астанасын бетке ұстап, император әйел Анна Иоанновнаға ханның хатын тапсыру үшін арнайы сапарға шыққан. Жолшыбай тоқтаған орыс қалаларындағы патша әкімшіліктері Санкт-Петербургті бетке ұстаған қазақ елшілігінің алға қойған мақсаты жайында олардан сұрап білген мағлұматтарын жоғарыға жолдап отырған.  Солардан мынандай ақпарат мәлім. 1720 жылғы 20 шілдеде елшілік Уфаға келген. Сол жерде, Уфаның әскери кеңсесінде, «Құтлұмбет би, Сейтқұл батыр, Тоқтамыс мырза» ауызша әңгімеде үш бөлікке жүйеленген мынандай мәлімет берген:

Бірінші. «Көшпенді қазақ халқы 40 мың шаңырақ болады, олардың басты адамы Әбілқайыр хан, елшілікті сол жіберген. Одан басқа тағы екі  ханы бар – Барақ және Әбілмәмет. Ұлы және Кіші тауларда, Сыр, Сарысу және Торғай өзендері бойларында, Қарақұм даласында және сол жақтардағы басқа жерледе көшіп-қонып жүреді. Сол жақтарда қазақ қалалары бар: басты қаласы Ташкент, ондағы қожа Жолбарыс хан, екінші қала Түркістан, оның иеленушісі Сәмеке хан, үшінші қала Сайрам, ондағы иеленуші Күшік хан. Осы қалаларға қарайтын қыстақтардың саны аз емес. Барлық көшпенділердің де, қалалықтардың да хандары – мұрагерлікті ұстанады. Олардың, қазақтардың, заңы – мұсылмандық».

Екінші. Осыған дейін осы қазақ хандары қонтайшымен және Еділ қалмақтарымен, сондай-ақ башқұрттармен соғысқан. Қазір олар қонтайшымен де, қалмақтармен де татуласты, ал башқұрттар олармен, қазақтармен, императордың ұлылығының ерік-жігері білдірілмейінше татуласар емес. Ал қазақ хандары өзге халықтардың шабуылдарынан даңқты Ресей империясының протекциясы арқылы қорғануға мүдделі, сондықтан олар мұны Әбілқайыр ханға тапсырды.  Содан оның елшілері барлық хандардың келісімімен белгілі бір шартты патшайымға жеткізу үшін жіберіліп отыр.

Үшінші. Егер «ұлы мәртебелі императрица қазақ хандарын бодандыққа қабылдауға кеңшілік етіп нұсқау берсе», сөйтіп башқұрттардың және өзге де ресейлік бодандардың олардан олжалаған бенделерін қазақ хандарына қайтарса деген ұсыныстарын айтпақ. Сонда  олар, қазақ хандары, өздеріндегі олжаланған ресейлік бодандарды қайтаруға және қызмет етіп, ясак (бұлғын, түлкі, құндыз, сусар және басқа да аң терілері түрінде алынатын алым-салық – Б.Қ.)   төлеп жүрген башқұрттар тәрізді «адал қызмет етуге» және ясак беруге уәде етеді. Ал егер оларға әлдебір дұшпанда шабуыл жасаса, оларды, «қазақ хандарын ұлы мәртебелінің бодандарындай» есептесе дейді.

Мәтіннен байқалып тұрғандай, елшілер башқұрттармен тіл табысу (тұтқындармен алмасу, екінші қайтып өзара шабуыл жасаспау) жайында, башқұрттар империя қарамағындағы ел болғандықтан,  императрицадан арнайы нұсқау беруін сұрамақ. Мұндай тыныштыққа жағдай туғызылған және патшайым сыртқы дұшпандардан қорғануға септескен жағдайда, қазақтар да башқұрттар тәрізді ясак беріп тұруға әзір. Әбілқайыр ханның елшілері Ресей астанасына сапарының мақсатын осындай ауқымда ғана түсіндіруге хақылы болған. Мәтіндегі біз тырнақшаға алған жалыныштылық күй танытатын сөйлемдер орыс әкімшіліктеріндегі қызметшілердің патшалық империя аталғалы бері астамшылық дерті үдей түскен пиғылдарына сәйкес өз жандарынан қосқан ұғымдарды білдіреді.

Уфадан Санкт-Петербургке жолданған ақпаратта «Ал оларға жол көрсетіп келе жатқан башқұрттар әскери кеңсеге қазақтардың Уфадан алты аптада, ал олардан, башқұрттардан, бір айда  атпен жүргенде жетуге болатын жерде көшіп-қонып жүргенін айтқан» деген хабар бар. Орыстардан осындай қашықтықта өмір сүріп жатқан халықтың оларға басыбайлы бодан болуға бейілдігін білдіруі қисынсыз екені дәлел тілемесе керек. Бөтен тектілердің тілдеріндегі құжаттарды орысшалағанда өз пиғылдарын тұжырымдап қоюды орыс әкімдері қалмақтармен жасаған келісімшарттарында көрсеткен (басқы тарауда айтқанымыздай, 17-ші ғасырда жасалған құжат бойынша қалмақтар орыстармен әскери одақ құрдық деп санаса, орыстар оларды бодандығымызға алдық, қалмақ жасақтары орыс әскері құрамында болады деп санаған).

Аймағынан өтіп бара жатқан қазақ елшілігі жайында іле-шала Басқарушы Сенатқа жіберген Уфа воеводасының баянхатында мынандай қызық дерек айтылған. Сол 1730 жылғы 28 маусымда кеңсеге Уфа үйезі Ноғай жолындағы (жол – сөзбе-сөз алғанда, іс жүзінде мәтіндегі орысша «дорога» деген сөз аймақ, өңір, облыс ұғымын береді, башқұрт елінде Алтын Орда дәуірінде «даруга» деп қолданылған аумақтық-әкімшілік бірлік ұғымын білдіретін атау – Б.Қ.) Кубелек, Табын болыстарының башқұрттары Қарабай Тұрымбетов пен Лықай Сейітов Қазақ Ордасының қазағы Биатшы Төлеевті жолдастарымен алып келген. Ол Әбілқайыр хан иелігінен екен, Уфа үйезіндегі Ноғай жолына (яғни Ноғай аймағына, облысына) құдды әскерлер жайын білуге келген көрінеді. Олардың иесі Әбілқайыр мен Сәмеке хандар және олардың қазақтары бүгінде оның императорлық ұлылығы протекциясында «қызмет етіп», «бодан болғысы» келетін сияқты. Сөйтіп олардың қожалары шапшаңдатып өздерінен ұлы мәртебеліге елшілер жібергілері келеді екен. Бұл жайында Басқарушы Сенатқа 8 шілдеде хабарланған. Демек, бұл хабар Сыртқы істер алқасына да мәлімделсе керек…

Баянхатта одан әрі: «Ал  Қазақ ордасынан 20 шілдеде Әбілқайыр ханның елшілері ретінде  келген қазақтар өздерінде ұлы мәртебелі императрицаға арналған хат бар екенін айтқан. Екінші хат Уфа провинциясының воеводасы атына жазылған. Оны берген елшілер Құтлұмбет Қоштаев пен оның алты жолдасы. Олардың қастарында бес адам қосшы боп жүр. Осы баянхатпен қазақ ханының воеводаға жазған хаты орыс тіліне тәржімаланып қоса  жіберілді» делінген.

Елшілер Уфадағы мемлекеттік қызмет атқаратын адамдармен бірге, күзетпен 1730 жылғы тамыздың басында Санкт-Петербург (Питербурх) қаласына, Басқарушы Сенатқа жөнелтіледі.  Олар 28 тамызда Мәскеуге, одан қыркүйектің аяғына қарай империя астанасына жетеді. Сыртқы істер алқасына қазақ елшілерін алып келген башқұрттар 29 қыркүйекте жоғарыда айтылған мәліметтерді қайталап, өздерінің тұрғын-жайларының  төрт жолда (яғни төрт облыста), атап айтқанда Ноғай жолы (облысы), Сібір жолы (облысы), Осы жолы (облысы), Қазан жолында (облысы) жерлерінде екенін, қазақ ордаларынан қашықта тұратындықтан олармен соғыс жағдайында еместігін айтады. «Ұлы мәртебелі патшайымның аса мейірімді пәрменімен қазақ халқы бодандыққа қабылданса», онда башқұрттар да тыныштықта өмір сүрер еді, қазақтар оларға шабуыл жасап, тұрмыстарын күйзелтуге түсірмес еді, башқұрттан алған тұтқындарын қайтарар еді. Башқұрттарға келер пайда осы. Ал осындай қазақ сынды ұлы халықтың «өз еркімен бодандыққа келуі» ұлы мәртебелінің даңқын арттыра түсер еді. Бұл жерде де орыс әкімшілігі ниетін көрсететін, бұрмаланып тықпаланған сөздерді тырнақшаға алып көрсетіп отырмыз.

Сыртқы істер алқасында 1730 жылғы 21 қазанда қазақ елшілерінің Әбілқайыр ханның орыс патшайымына хат  жазу себебін түсіндірген сөздері рәсімделді. Хаттама іс жүзінде олардың 20 шілдеде Уфада берген хабарламасын қайталаған, тек қазақ қалаларындағы үйлер санын: «…бас қала Ташкент, онда қырық мың тұрғын үй бар, екінші қала Түркістан, ондағы тұрғынжай отыз екі мың үй, үшінші қала Сайрам, ондағы тұрғын үйлер саны отыз екі мың немесе одан да көп…» деп қосып келтірген. Және олардағы хандардың бәрі Әбілқайырға бағынатынын атап көрсеткен.

Осы хаттаманың, сонымен бірге, әрине, Әбілқайыр ханның императрицаға жазған хатының орысшаланған нұсқасының көшірмесі аса маңызды тапсырмамен қазақ еліне аттандырылмақ тілмәш және мәмілегер Тевкелевке беріледі. Бәлкім, солардың империя ыңғайында жасалған мәтіні мен аудармасына осынау дипломаттың өзінің тікелей қатысы болған да шығар…

Құтлұ-Мұхаммед (Мәмед) Тевкелев жастайынан Ресейдің шетелдермен байланыс жасап тұратын орталық үкіметтік мекемесі Посолдық приказ тілмәші болған. Мұнда, жалпы,  оның әкесі Мамеш, немере ағалары Рамазан мен Мұртаза да тілмәштық қызмет атқаратын. Орталық басқару мекемелерін реформалау кезінде І Петр Посолдық приказды 1720 жылы мүлдем жойып, орнына Сыртқы істер алқасын құрды. Ал Құтлұ-Мұхаммед ағаларының көмегімен сол Сыртқы істер алқасына қызметке алынды. Патша құзырындағы мемлекеттік чиновник лауазымы оны одан әрі өсуге, баюға, биік әлеуметтік мәртебеге жетуге ұмтылта түседі. Ол І Петрдің қатерлі бастамаларының бәріне қатысады. Тілмашы ретінде 1711 жылы Прут жорығына қатысып, түріктің саны басым армиясы орыс армиясын жойып жіберудің аз-ақ алдында қалғанын көреді.  Патша тапсырмасымен 1717 жылы Үндістанға жол ашқысы келген князь Бекович-Черкасскийлің Орта Азия экспедициясында болады. Экспедицияға қатысушыларды Хиуа ханының  әскері қырып жібергенде, әйтеуір, ғайыптан аман қалады. Сосын қайтадан патша жанынан табылады. 1722 жылы І Петрмен бірге оның тілмәші ретінде Парсы жорығына шығады.

Бұл жорықтың да оң нәтиже бермеуі І Петрдің назарын Қазақ Ордасына бұрады. Тевкелевтің жазбаларына қарағанда, І Петр қазақ жері арқылы шығысқа жол ашу үшін «миллион сом шығындасақ та қазақ ханынан орыстың қорғауында болғымыз келеді деген бір жапырақ қағазды қолға түсіру керек» деген жоспарын сол сапарынан кейін іле-шала айтқан екен. (Жоңғар хандығын боданы ету әрекеті оң нәтижеге жете қоймағандықтан, Азия қақпасы кілтін Қазақ Ордасын құзырына қарату арқылы қолына алғысы келген). Алайда тағдыр оның жоспарын өзіне орындатуға жазбады (1725 жылы қайтыс болды). Оны жүзеге асыруға І Петрдің аманатын көкірегіне мықтап байлаған мансапқор тілмәш  Мәмед (Алексей Иванович) Тевкелев Әбілқайыр ханның Ресей боданы болып табылатын башқұртпен қарым-қатынасты бейбіт сипатқа түсіру үшін Анна Иоанновна патшайымға бітім жасау жайында елшілік жіберуіне орай құлшына кірісті…


Мән-мағынасы бұрмаланып өмірге енгізілуге жазылған тағдыршешті бетбұрыстың негізгі құжаты Әбілқайыр ханның орыс императрицасына жазған хаты екені белгілі. Күні бүгінге дейін өзгере қоймаған көпшілік арасындағы пікір бойынша, ол жеке басының қамы үшін Ресейге қарамағындағы халқымен бодан болуға өзі сұранған, яғни сатқын делінеді. Алайда мұндай пікірдің түрлі бұрмалаушылықтың жетегінде кету салдарынан қалыптасқаны соңғы жылдары аныққа шықты.

Әбілқайыр ханның бізге орыс тілі арқылы мәлім болған «сатқындық хатын»  үстіміздегі ғасырдың басында тарихшы Амантай Исин түпнұсқадан оқып, қайта тәржімәлады. Нәтижесінде ғылыми айналымда жүрген тарихи хаттың орысша нұсқасындағы бірқатар  сөздердің түпнұсқада жоқ екенін, біразының мағынасы өзгертіліп берілгенін анықтады. Оның себебін тарихшы «дала билеушілері жазған хаттардың ресми аудармаларында… басы артық, бағынышты сөздерді қосып жіберу –  Мәскеу мемлекеті кеңсе қызметі қалыптастырып, Ресей империясы үдетіп жіберген әдет» болғандықтан, содан және «кеңес заманындағы ұлы халықты аға тұтқан құлшыныстан» көреді.  Сол замандағы шығыс әміршілері қолданған араб, парсы сөздері аралас түркі-қазақ тілінде жазған хатындағы «хан сөздері ұстамды, белгілі бір тұстарында асқақ. Кішіреюі де, өзге мемлекет иесімен тең сезінуі де, құрмет көрсетуі, сыпайы сөз саптауы, мүдделі ісі де үйлесімді, салмақты өлшеммен жеткізілген. Бұл хаттан артық жалбарыну, Ресей патшалығына ашық мойынсұну, құлдана сөйлеу деген байқалмайды». Енді А. Исин зерттеу мақаласында келтірген түпнұсқалық мәтінге көз жүгіртейік:

«Ұлұғларың аууа марһаматы биік, дәулеті артық, йер йүзіне билеген ақна ұлұғ падша хазыретлерің хұзырына бенделік етеміз. Күнден күн, айдан айға, йылдан йылға дәулет сәлемет зияда олар анша тасығай.

Біз ғарызбанде хазыретіңізге бұ дәрге. Сіз ұлұғ хазыретнің Орал ештегі башқұрт халайықы бірле арада еллігіміз йоқ ерді.

Емді ел-хал, Сіз дәулеті ұлұғ падша хазыретіңе саясыда панаһ олып, сатиғ мунқаз олмақ үчін тоғай йолы Орал ештегі бендеңіз Алдарбайға елші қосып йібердім. Ол Алдарбай Сіз ұлұғ падшаның хазіретіге елші тілегені үчін біз, Әбілхайыр хан, қырық сан қазақ Орта йүз, Кіші йүз барша рағайат қарашаларым бірле баш салдым.

Йарлық: Сізнің-дүр ол қулларыңыз Орал ештегі бірле ел қылып Ірішу[і]ңні тілейміз. Сізнің йарлығыңыз бірле ел болғаймыз.

Сейітқұл йіберген елші баш Құтлымет йолдашлары бірле».

Империяның Сыртқы істер алқасындағы аудармашылар – бәлкім, тәржімә жасауға Құтлұмұхаммед (Мәмед, Алексей Иванович) Тевкелевтің тікелей қатысы да болған шығар – қазақ ханының хатын патшайымға ұсыну үшін мәтінді орыс тілінде мынандай нұсқаға  түсірген екен:

«Величайшей, благородной, богатой и умной обладательнице многих земель, ее величеству государыне императрице ежедневно, ежемесячно и ежегодно желаем божией милостью благополучного государствования. Наше заявление Вашему величеству состоит в том, что с подданным Вам башкирским народом, который находится за Уралом, у нас близких отношений не было. Желая быть совершенно подвластным Вашему величеству, я посылаю своего посланника вместе с Вашим подданным Алдарбаем. Этот Алдарбай требовал посланника от нас к Вашему величеству, и поэтому мы, Абулхаир-хан с подвластным мне многочисленным казахским народом Среднего и Малого жузов, все преклоняемся перед Вами, являемся Вашими слугами и все вместе в простым народом желаем Вашего покровительства и ожидаем Вашей помощи, чтобы с подданным Вам башкирским народом, находящимся за Уралом, жить в согласии.

Желаем Вам всякого благополучия и будем Вашими подданными.

(Передали): Сеиткул. Главный посланник Куттумбет с товарищами».

Тәржімәдағы «благородной», «умной»,   «божией милостью», «который находится за Уралом»,   «близких отношений»,  «многочисленным»,  «являемся Вашими слугами и все вместе в простым народом желаем Вашего покровительства и ожидаем Вашей помощи», «находящимся за Уралом», «Желаем Вам всякого благополучия и будем Вашими подданными» деген сөздердің баламасының түпнұсқада жоқтығын, яғни олардың аударма жасау барысында мәтінге жаңадан немесе мағынасы өзгертіліп қосылғанын айта келіп, А.Исин хаттың мынандай жаңа аудармасын жасайды:

«Величия и милости высокой, государства превыше, правящей [всеми] землями ее величеству белой великой императрице обращаемся с обыденным намерением. Изо дня в день, из месяца в месяц, из года в год государство [Ваше] да пребывает в здравии и приумножается.

Наше заявление Вашему величеству следующее. С народом Вашего величества уральскими ештек-башкортами меж нами нет согласия.

Теперь, желая получить под покровом Вашего императорского величества защиту и спокойствие, посылаю, присоединив к лесной дороги уральскому ештеку подданному Вашему Алдарбаю, своего посла. Поскольку этот Алдарбай просил посла к Вашему императорскому величию, мы, Абулхаир-хан, сорок санов казахов, Средний и Младший жузы со всеми подвластными мне караша склоняем голову.

Ярлык: с Вашими слугами уральскими ештеками хотим достичь согласия. С Вашим ярлыком да будем в согласии.

Посланный посол Сеиткул во главе с Кутлыметом с товарищи».

Енді түпнұсқаның кей тұстарымен екі аударманы салыстырып қарайық Түпнұсқа: «Біз ғарызбанде хазыретіңізге бұ дәрге. Сіз ұлұғ хазыретнің Орал ештегі башқұрт халайықы бірле арада еллігіміз йоқ ерді».  Сыртқы істер алқасының аудармасы: «Наше заявление Вашему величеству состоит в том, что с подданным Вам башкирским народом, который находится за Уралом, у нас близких отношений не было». Тарихшы А.Исин жасаған жаңа аударма: «Наше заявление Вашему величеству следующее. С народом Вашего величества уральскими ештек-башкортами меж нами нет согласия». Осы үзік бүгінгі қолданыстағы өз тілімізде былай болар еді: «Біз Сіздің ұлы мәртебеңізге мынандай мәлімдеме жасаймыз. Сіздің ұлы мәртебеңіздің халайығы Орал башқұрт-естектерімен арада елдік келісім болмай тұр».

Одан әрі хаттың түпнұсқасында: «Емді ел-хал, Сіз дәулеті ұлұғ падша хазыретіңе саясыда панаһ олып, сатиғ мунқаз олмақ үчін тоғай йолы Орал ештегі бендеңіз Алдарбайға елші қосып йібердім. Ол Алдарбай Сіз ұлұғ падшаның хазіретіге елші тілегені үчін біз, Әбілхайыр хан, қырық сан қазақ Орта йүз, Кіші йүз барша рағайат қарашаларым бірле баш салдым», – делінеді. Патшалық тәржімәсінде бұл үзік түпнұсқада жоқ сөздер мен ұғымдарды қосып, былай берілген: «Желая быть совершенно подвластным Вашему величеству, я посылаю своего посланника вместе с Вашим подданным Алдарбаем. Этот Алдарбай требовал посланника от нас к Вашему величеству, и поэтому мы, Абулхаир-хан с подвластным мне многочисленным казахским народом Среднего и Малого жузов, все преклоняемся перед Вами, являемся Вашими слугами и все вместе в простым народом желаем Вашего покровительства и ожидаем Вашей помощи, чтобы с подданным Вам башкирским народом, находящимся за Уралом, жить в согласии». Артық сөздерді алып тастап, мағынасы өзгерген сөздерді (айталық, «елші тілегені», яғни «елші жіберуді өтінгені» деген тіркесті – «требовал посланника», яғни елші жіберуді талап етті» деп бергенді) түзетіп жасаған жаңа аудармада жоғарғы үзінді былай боп шыққан: «Теперь, желая получить под покровом Вашего императорского величества защиту и спокойствие, посылаю, присоединив к лесной дороги уральскому ештеку подданному Вашему Алдарбаю, своего посла. Поскольку этот Алдарбай просил посла к Вашему императорскому величию, мы, Абулхаир-хан, сорок санов казахов, Средний и Младший жузы со всеми подвластными мне караша склоняем голову». Қазақшасы: «Енді, Сіздің ұлы мемлекет патшасы мәртебеңіздің  саясында қорғалып, тыныштық алмақ үшін Ноғай жолындағы Орал естегі бендеңіз (боданыңыз) Алдарбайға елші қосып жібердім. Осы Алдарбай Сіздің ұлы патша мәртебеңізге елші жіберуді өтінгені үшін біз, Әбілқайыр хан, қырық сан қазақ, қарамағымдағы Орта жүз бен Кіші жүздегі барша қарашаларыммен бірге бас иемін».

Аңғарылып тұрғандай, түпнұсқадағы: «…тоғай йолы Орал ештегі…» деген тіркес жаңа аудармада: «…к лесной дороги уральскому ештеку…» деп берілген. Яғни «…тоғай йолы…» – «лесная дорога» деп төте аударылған.   Бұл жайында А. Исин түпнұсқада солай «тоғай» түрінде тұрғанын көрсете отырып: «Тарихта «Ноғай жолы» деген жол (бағыт) бар. Бірақ бұл жерде «ноғай жолы» деп қабылдау үшін анық жазылған «тоғай жолы» деген ұғымды жоққа шығару керек», – дейді. Алайда араб әріптерімен жазылған түпнұсқада бір ноқаттың абайсызда артық түсіп кетуі де ықтимал екенін ойлау жөн, екі нүкте – «т», егер бір нүкте болса – «н» болар еді. Әрі ол заманда, башқұрт көтерілісін қанға бояп басқаннан кейін, патшалық башқұрт жерін төрт әкімшілік аумаққа – жолға бөлген, «жол» (йол, дорога, даруга) – округ, облыс, аудан сияқты  аумақтық-әкімшілік бірлікті білдіретін сөз болып кеткен. Қазақ жерімен әлденеше болыстардан құралатын Ноғай және Сібір жолдары (аудандары) шектесіп жататын. Сондықтан, хат мәтініндегі «тоғай» деген сөзді кездейсоқ қос нүкте түсіп кеткендіктен кеткен қате ретінде түзетіп, «ноғай» деп батыл өзгертіп жазу керек. Мәтінді қазақшалағанда солай – «Ноғай жолы» деп көрсетілді.

Хаттың түйіні: «Йарлық: Сізнің-дүр ол қулларыңыз Орал ештегі бірле ел қылып Ірішу[і]ңні тілейміз. Сізнің йарлығыңыз бірле ел болғаймыз». Патшалық тәржімәсі: «…с подданным Вам башкирским народом, находящимся за Уралом, жить в согласии. Желаем Вам всякого благополучия и будем Вашими подданными». Жаңа аударма: «Ярлык: с Вашими слугами уральскими ештеками хотим достичь согласия. С Вашим ярлыком да будем в согласии». Қазақшасы: «Жарлық: Сіздің құлдарыңыз Орал естектерімен ынтымаққа қол жеткізгіміз келеді. Сіздің жарлығыңызбен ынтымақтас боламыз».

Әбілқайыр хан 1730 жылы Анна Ионновнаға осындай тілек айтқан еді.


Әбілқайыр хан елінің солтүстігіндегі күшті де қаһарлы империя тағында отырған патшайым Анна Иоанновнаға жолдаған, қазақ үшін тағдыршештілік мәні болған хаттың түп мәтініндегі: «Жарлық: Сіздің құлдарыңыз Орал естектерімен ынтымаққа қол жеткізгіміз келеді. Сіздің жарлығыңызбен ынтымақтас боламыз», – деген түйінді жолдар  оның мақсатын жеткілікті дәрежеде айқын көрсетіп тұр. Және оның ешқандай да «өз еркімен бодандыққа сұранды» деген ұғым бермейтіні де анық.

Орыс империясы қоластындағы Орал башқұрттары қазақ жер-суының біраз өңірін өздерінікі деп есептейтін де,  патшалық қысқан сайын, жаңа жайылымдарға көшу мақсатымен, Қазақ еліне жиі-жиі шабуылдап тыным бермейтін. Әбілқайыр ханның хаты соларды  императрица жарлығымен ауыздықтауға қол жеткізуді көздегені күмән туғызбайды. Хатында естектерді (башқұрттарды) орыс мемлекетінің «құлдары» деп атап көрсетіп отырғанында, енді өз халқын да сондай «құлдыққа» алуын патшайымнан «жалбарынып» сұрауы қисынсыздың қисынсызы екені дәлел тілемесе керек. Тарихшылардың бірқатары 1926 жылғы Қойбағар Көбекұлы елшілігін де Санкт-Петербургке Әбілқайыр хан жіберген, ол осылай орыс қоластына өтуге бұрын да әрекет еткен деп санайды. Алайда бұл кезде Әбілқайыр хан Отанының басқыншы табанына түскен түстік өңірін азат ету, басқыншының терістіктегі сыбайласының арқадан пышақ салуы ықтимал шапқыншылығының алдын алу шараларын жасап, біресе оңтүстікте жоңғарлармен, біресе солтүстікте казачество, қалмақ, башқұрттармен қазақ жер-суын қорғау жолында аласұра соғысып жүрген. Аталған миссия жекелеген рубасылардың бастамасы болатын. Қойбағар бастаған елшіліктің Қазақ хандығы бас әміршісінің жіберуімен келмегенін, сондықтан да оның тиісті өкілеттілік күші жоқтығын патша үкіметі бірден түсінген. Түсінген де, оған ешқандай жауап бермей, елеусіз күйде қайтарған болатын. Ал  Құтлұмбет би, Сейтқұл батыр, Тоқтамыс мырза бастаған 1930 жылғы елшілік қазақ ханының тікелей өзінен орыс патшайымына арнайы жазылған хат әкелген еді. Сол себепті империяның Сыртқы істер алқасы, ондағы жауапты қызметкер – кезінде  Бірінші Петрдің қазақ еліне қатысты жоспарын өз аузынан естіген Алексей Тевкелев, сондай-ақ әрине, патша үкіметі мен патшайымның өзі оған өте мұқият қарады.  Бәрі де Ұлы Петр аманат еткен  жобаны жүзеге асырар уақыттың туып келе жатқанын түйсінді. Мәселені  парықтай келе, патша үкіметі қазақ ханы өтінішінің империя мүддесіне сай тиянақталып орындалуын қамтамасыз етуді ойластырды. Сол  үшін барлық керек-жарақ, мол қаржы-қаражатпен жабдықталған, құрамына қазақ елінің жер-су бедерін, қоғамдық және әлеуметтік құрылымын, хал-жағдайын жан-жақты зерттей алатын мамандар енгізілген үлкен экспедиция құрды. Орыс императрицасы Анна Иоанновнаның осынау елшілігін басқаруға Сыртқы істер алқасының чиновнигі  Құтлұ-Мұхаммед Тевкелев тағайындалды. Оның алдына қойылған ірі дипломатиялық міндетті атқаруда мүлтіксіз орындалуға тиіс нұсқаулық жасалды. Сондай ұйымдастыру және жан-жақты дайындық шараларынан соң, экспедиция жол жүруге сақадай сай болды. Ақыры, кері қайтатын мезгілі жеткен Әбілқайыр ханның елшілерімен бірге, 1731 жылғы сәуірдің 30-ы күні Тевкелев бастаған миссия Қазақ елін бетке ұстап, Петербургтен шықты. Екі айдан кейін башқұрт аймағындағы орталық қала Уфаға жетті. Сол жерде  елшілікті Алдар тархан   күтіп алған. Ол Тевкелевке алдымен Әбілқайыр ханға хабар жіберген жөн деген кеңес берді.  Хабаршылар аттанды да, тамыздың 22-сінде хан өкілдерімен бірге оралды. Олар Уфада құрметті эскортпен, қарулы күзетпен күшейтілген экспедицияны (императрица Анна Иоанновнаның елшілігін) ханның жазғы  ордасына қарай сол айдың аяғында бастап шықты. Қазақ елінің шегіне іліге бергенде, оларды Әбілқайыр ханның ұлы  Нұралы сұлтан қарсы алды. Ол патша елшілігіне протоколдық құрмет көрсету үшін арнайы жіберілген еді. Сөйтіп, қазақ әскерінің хан тарапынан бөлінген екі жүз сарбаздан тұратын салтанатты эскорты әрі күзетінің ортасында, айдан астам жол үстінде болған экспедиция, ақыры, 1731 жылғы 5 қазанда Ырғыздағы Мәнітөбе алқабына тігілген ханның жазғы ордасына ат басын тіреді.

Әбілқайыр хан орыс патшайымының елшісі әкелген хабарды көпке созбай талқыға салу қажет деп шешті. 1731 жылғы 10 қазанды жиналыс өткізетін күн деп белгіледі. Оған 1730 жылғы мамыр айындағы құрылтайға қатысқан Кіші және Орта жүздер шонжарларын шақыртты. Жиналысқа дейін хан алдымен өз елшілерінен мұқият есеп алды, сосын орыс елшілігінің басшысы Тевкелевті қабылдады. Тевкелев  ханмен, қазақтың беделді тұлғаларымен  (би, сұлтан, батырларымен), экспедицияға Уфада қосылған құрметті эскортты бастап келген Алдар тарханмен және Таймас батыр секілді өзге де ықпалды башқұрттармен әлденеше рет кездесіп, алдына қойған мәселесінің шешілу жолын ақылдасты. Оның күнделігінде (журналында) жазылған ақпараттарға қарағанда, сый-сияпат тарата отырып қозғалған әңгіме түп-түгел қазақтарды империя боданы болуына мойынсұнту жөнінде болған сияқты.  Алайда, тапсырмаға сай толтырып отырған журналына патша қызметшісі тек қожайынына жағатын мазмұндағы сөздерді жазуы тиіс екенін есте ұстау керек. Яғни, түпкі мақсаты болып табылатын жасанды құжатты – «Ресейге кіріптарлығын мойындайтын бір жапырақ қағазды қайткенде қолға түсіру үшін, миллион сом жұмсаса да, беделді қазақтарды сатып алу» жолында жүргізген жұмыстарын әсірелеп таңбалауы күмән туғызбайды. Журналындағы ақпараттардың империяда өзге жұрттарға қатысты қалыптасқан толтыру үлгісінде,  кеңсе қағазын өзгені төменшіктете отырып жүргізу дәстүрінде жазылғаны анық. Патшалық және кеңестік дәуірлерде, сондай-ақ біздің тәуелсіз заманымызда да көптеген ғалымдар Тевкелевтің сол шақта жүргізген дипломатиялық келіссөздері қазаққа Ресейдің боданы болуды мойындатуға тірелді деп санайды. Дұрысында, сондағы келіссөзге әр тарап өз ұғымынша мән берген. Әбілқайыр ханның патшайымға жазған хатындағы «жарлық» (түйін) мағынасы орыс мемлекетінің қазақ еліне мазасыздық туғызып тұрған бодан елімен бейбіт қатар өмір сүруге қол жеткізуді көздеу екені айқын тұжырымдалған. Хатты империя астанасына апарған елшілер «империя қарамағындағы башқұрттардың қазақ еліне агрессиясын тоқтату үшін  императрицаның арнайы нұсқау беруін» сұрады, шартын баян етті: патшайым осылай тыныштық туғызса және қазақтардың сыртқы дұшпандардан қорғануына септессе – онда Қазақ хандығы да патша қазынасына бағалы аң терілерінен дайындалған алым (ясак) беріп тұратын болады. Әбілқайыр ханның елшілері Санкт-Петербургке сапарының мақсатын осындай ауқымда ғана түсіндіруге хақылы болған, солай еткен де. Жоғарыда қарастырғанымыздай, орыс құжаттарында бұл жәйт «бодан болуға құлшыну» сипатында жазылған.  Тевкелев қызметі барысында соларды басшылыққа алады. 1731 жылғы 10 қазандағы қазақ ақсүйектері мен беделді тұлғалары алдында мәмілегерлік амал-айламен айтқан сөзінде қазақтардың Ресей империясына ешқандай да қауіп-қатер төндіре алмайтынын шегелей аян қылып, сондықтан қазақтармен бейбіт келісімшарт жасаудың Ресейге түкке де керек еместігін жария етеді. Мұндай келісімшарт қазақтарға қажет. Өйткені оларға Ресей бодандары тарапынан төніп тұрған қатер аса зор. Ал одан тек айбынды Россияның боданы қатарына қабылданып қана құтылуға болады, егер қазақтың осынау бас адамдары «бодан болуды» (журналына түсірілген бұл етістік чиновниктің ішкі пиғылы болуға керек, жиында, ыңғайы, Ресейдің қазақ хандығын қорғауына алуы, нағыз мағынасындағы протектораты санауы жайында айтылуы көңілге қонымды) қабыл көрмесе, ұлы мәртебелі патшайымның елшісі оларды мәжбүрлемейді. Бірақ қазақ әміршілерімен «бейбіт келісімшарт жасауға да бармайды», себебі ондай шара «қуатты да айбарлы Россия империясы үшін абыройсыздық болар еді», патшалықты «мұндай масқарашылыққа ұшыратуға» Тевкелев ешқандай да келісе алмайды…

Жиналысқа қатысушыларға орыс елшісінің кең ауқымды, байыпты, терең сөзі қатты әсер етеді. Оған Табын Бөкенбай батыр қолдау көрсете сөйлейді. Қазақ үшін қазіргі таңда күшті елге арқа сүйеу аса  қажет екенін айтады. (Бөкенбай батыр 1710 жылғы құрылтайда қазақ жасақтарының сардарлығына сайланып, Әбілқайыр ханмен бірге жаудан елін азат етуге белсене қатысқан. 1726 жылы Жайық үшін шайқасып жүріп, бейбіт келісімшарт жасауға қажеттілік туғанда, қалмақ әскерінде аманатта қалған.  Жалпы, Отан соғысы кезінде талай шайқастың күйініші мен сүйінішін ханмен бірге бастан кешкен.  Әбілқайыр ханның ең сенімді батырларының бірі болатын. Ол осы жиын алдында ғана Тевкелевтің өзіне ұсынған ірі көлемдегі төлемақысын алудан бастартқан еді: ақша алсам – ақшаға сатылған болып шығам деген, мен еліме қорған болатын патшайымға ақысыз-пұлсыз, елімнің тыныштығы мен абыройы үшін адалдық сақтауды өзіме борыш санаймын деген).  Оның сөзі бас адамдардың бірқатарына оң әсер етті. Олар  Ресейді қорғаныш тұтуға бейілдік танытты. Ал бірқатары  қарсы болды.  Олар орыс патшалығымен бейбіт келісім жасауға қарсы емес. Әңгіме екі ел арасында бір-біріне әскери көмек беруді ескеретін уағдаластыққа қол жеткізу жөнінде болса – құба-құп. Мұны олар қолдар еді. Былтырғы құрылтайда олар ханға патшайыммен келісіп, башқұрт мазасыздығын тыныштандыруды тапсырған. Басқа ештеңе емес. Патшайымды қазақ хандығының бірден бір қамқоры тұтуға шақырып, хан өз өкілеттігін асыра пайдаланбақ. Бұған бұлар қарсы. Орыс мемлекетін қорғаныш көруге  қарсы. Келісім  тек қана бейбітшілік сақтау жайында ғана болсын. Олар Әбілқайыр ханға императрица елшілігін осындай жауаппен кері қайтаруға шақырады.

Сонда Әбілқайыр хан өзінің саяси ойын мейлінше айқын, еш бүкпесіз жария етті. Егер хандық Ресейдің қорғауындағы ел қатарына кірсе, оның қоластындағы қалмақ пен башқұрт, Жайық және Сібір казактары жүгенсіздік жасай алмайтын болады. Олардың әскери құрылымдарының қазақ елін шаба беруіне тоқтау салынады. Ресей де оларға астыртын көмек беруін, қазақтарға құпиялап  айдап сала беруін қояды. Бұл бір. Екіншіден, Қазақ хандығы Ресей қорғайтын ел қатарында болса, оның қоластындағы Қалмақ хандығынан кем түспейтін,  орталықтандырылған біртұтас күшті мемлекет құруына Әбілқайыр ханға да мүмкіндік туады…


Солтүстіктегі қуатты мемлекетке қарай шешімталдықпен бетбұрыс  жасауының шындығын Әбілқайыр хан 1731 жылғы 10 қазанда дала элитасы алдында айқара ашты. 1730 жылғы мамыр құрылтайы шешіміне сай ол орыс патшайымына арнайы хатпен елші жібергенінде, хатында айтылған тілек пен қойған шартының мазмұнын қандай ауқымда түсіндіруге болатыны жайында елшілеріне құпия түрде тиісті нұсқауын берген. Алыстан болжайтын көреген саясаткер ретінде, Әбілқайыр хан терістігіндегі алып көршісімен тату тұру арқылы ғана жүздерге бөлініп басқарулы Қазақ хандығының тұтастығын сақтай алатынын, сонда ғана өзінің жалпақ жер-суды алып жатқан бытыраңқы елінде бір орталыққа бағынатын біртұтас күшті мемлекет құруына мүмкіндік туатынын ұққан. Алайда бұған кедергі көп-тін…

Орыс патшайымының елшілігі қатысқан жиында қазақтың елдік мүддесін ойлайтын бас адамдар Әбілқайыр ханды түсінуге тиіс және оның ұсынысын қолдауға міндетті болуға керек еді. Мәселе мынада. Оны жиырма жылдан бері хан дейді. Кіші жүз бен Орта жүздің бір бөлігінің ханы, оның ішінде кейінгі он бір жыл бойы қазақ елінің аға ханы лауазымын алып келеді. Осы уақыт бойында қилы жағдайға орай жасақ жиып, әскер құрды, соғыс өнерін тәп-тәуір меңгергенінің арқасында, қазақтың айтулы батырларымен бірге маңызды жеңістерге жетіп жүрді. Бейбіт шақтардағы ел билеудің қыр-сырын да әжептеуір түсінді, сондай кезеңдерде өзінің төре тұқымдастары мен күллі қара халықтың қилы өкілдерінің жақсы-жаман қасиеттерін әбден танып-білді…

Орыс дереккөздерінен мәлім, башқұрттың белгілі бас адамдары (Алдар тархан, Таймас батыр және т.б.) 1730 жылы империяның Сыртқы істер алқасына берген мәліметтерінде «қазақтарда алты хан бар, іштеріндегі   зоры Әбілқайыр хан. Сол хандардың бәрі барлық істерде Әбілқайыр ханға құлақ асады», – деген. Бір айдан кейін бұл мәліметті патшайымға арнайы жіберілген қазақ елшілері растайды. Олар әлгі мәліметті Ұлы жүз билеушісі Жолбарыс хан мен Орта жүз хандары Сәмеке мен Күшік Әбілқайыр ханның айтқанынан шықпайды деген сөздерімен нақтылай түсті. Әйгілі қазақ батыры Табын Бөкенбай 1731 жылы қазақ даласына келген Құтлұ-Мұхаммед Тевкелевке: қазақ елінде «Тәуке ханнан кейінгі басты әмірші – Әбілқайыр хан, ол өз еркімен, ешкімнен кедергі көрместен, көп істі жүзеге асырды» деді. Орта жүз ханы Сәмеке Әбілқайырды «бас ханымыз» деп атады. Орыстың көптеген құжаттарында белгілі қазақ батырлары мен бас адамдарының, сондай-ақ Абылайдың және өзге де сұлтандардың  Әбілқайырды бас хан, аға хан деп атаған деректері сақталған.

Бұл лауазымға ол 1719 жылдан ие боп келе жатқан және сонша уақыт бойы аттан түспей, ұлан-ғайыр қазақ жерінің оңтүстігіне де, терістігіне де қорған болмаққа, жауынгер жасағын бастап әлденеше аттанған. Небір шайқастар жүргізіп, елдің азаттығы мен тұтастығын сақтау үшін алысқан. Осынша уақыт белден қынындағы қылыш пен жебе толы қорамса шешілмеді. Садақ пен семсерді бекем ұстап,  тұлпарынан түскен жоқ. Жауынгер сарбаздарын бастап, дамыл таппай, қазақ жерінің бір қиырынан екінші қиырына құйындата шапты. Ел мүддесі үшін құстай ұшып, қысқа мерзімде айшылық жерлерді шалды. Бас қолбасшы ретінде, қазақ әскерін күрделі майдандарда жеңіске бастады. Оңтүстікте  қазақтың астанасы мен талай өзге де шаһарын, шұрайлы жер-суын жоңғар-басқыншыдан азат етті. Терістік-батыста орыс үкіметі айтақтаған, орыс қоластындағы қалмақ, казак-орыс, башқұрттан ел-жұртын қорғады. Жайық үшін жан аямай шайқасты (Әбілқайыр ханның орыс өкіметіне мәлімдемесі: «Қазақ халқы Жайықтан өзен суы сарқылып біткенше айрылмайды!»). Жоңғар басқыншыларына қарсы жүргізген Отан соғысын жеңіспен аяқтады. Қонтайшы Галдан Церен сынды қуатты әм қатерлі,  әскери күшінің мүмкіндігі мол бас дұшпанымен абыройлы келісімге қол жеткізді. Не керек, Әбілқайыр баһадүр өзінің аға хан ретіндегі лауазымын білегінің күшімен, қолбасшылық білігімен бекемдеді. Ол бір мүшелдей уақыт бойы өзінің іс жүзінде елдің басты ханы екенін ісімен дәлелдеп келеді.

1736 жылы ордасында болып қайтқан шетел саяхатшысы Джон Кэстльдің жазуына қарағанда,  Әбілқайыр хан биік бойлы, мығым денелі, қызыл шырайлы жүзі жақсылық, тілектестік нұрын шашқан баһадүр болатұғын. Сонымен қатар ол өте қажырлы, аса қуатты күш иесі еді, бүкіл қазақ халқы ішінде садақ тартуда оған тең келетін жан жоқ болатын (Кэстль күнделігінде оны осылай суреттеді, бұл оған Әбілқайыр ханның елудің ортасына келген шағындағы бейнесінің берген әсері). Әбілқайыр хан шынында да келбетті, күш-қуаты кемерінен асқан, өте қарулы, жауынгерлік шеберлігі жауын да тәнті еткен, сонымен бірге аса ірі ұйымдастырушы және ғаламат қолбасшы талантын құдай бір бойына аямай дарытқан жан болған.  Оның жоңғарларға қарсы жауынгерлік шайқастарында да, Россияның шекаралық аудандарына жасаған әскери жорықтарында да көрсеткен ессіздікке барабар жүрекжұтқандығын, керемет батылдығын орыс әкімдері ерекше қолбасылық дарынымен қоса атап көрсетіп отырған. Сүйікті арғымағынан түспейтін дала қолбасшысының аса шебер шабандоздық өнеріне тікелей куә болғанын шекара жасақтарының командирлері де жиі еске алған.  1723 жылғы апатты жеңіліс туғызған көңіл-күй халықтың еңсесін басып, жаппай түңілу орын алған ең қиын жағдайлардың өзінде Әбілқайыр хан сабыр сақтап, ой айқындығын жоғалтпай, өзінің ержүректігі, шешімталдығы арқасында батыл әрекеттер жасай білді. Жұрт босып кеткен «Ақтабан шұбырындыда» естері шыққан көптеген қарулас шыңғыстұқымды бауырларына ұқсамай, ол тез әскер жинай алды. Сарбаздарын дұшпанның шапқыншылық жасаған бағыттарында топтастырды. Басқыншы қолдарын шапшаң, қарқынды түрде шабуылдау арқылы көп ретте басымдыққа жетіп, шайқастарда жиі жеңіп шығып жүрді.

Күреске толы ұзақ жылдарда көзінің жеткені –  қазақ жұрты еркіндікті сүйеді, дұшпанға алдырғысы келмейді, батыр, алайда, мемлекетінің құрылымы әлсіз. Тәуке ханның реформасында көзделген өлкелердегі билікті күшейту арқылы мемлекеттік бірлікті арттыру идеясы жүзеге аспай қалған. Бас-басына би болуға құмарлық үдеп, елді бытыраңқылық жайлап кеткен. Өйткені төре де, қара да мықты мемлекеттік құрылым және оны нығайта түсу жолында атқарылмақ парыз хақында санасына оң ұғым ұялатпаған. Олар Әбілқайырды бас хан деп санамайды, оның аға хан ретіндегі билігін мойындамауға бейім, оны тек Кіші жүз ханы ғана деп тануға оң иықтарын беріп тұрады. Ал Кіші жүздің өзінде де, шындап келгенде, хан билігіне сөзсіз құлдық ұра бермейді. Билер кеңесіне сонау Есім хан заманынан беріліп, Тәуке хан дәуірінде күшейтіле түскен өкілеттілік тап қазіргі таңда кері әсер етіп тұр. Өкінішті-ақ, бірақ ханның ел бірлігін көздейтін пәрменді жұмыс жүргізуіне кедергі бола түсуде.

Әбілқайыр хан 10 қазандағы мәжілісте осы жәйтті күйіне айтты: оның бүгінде хан деген аты ғана бар, құзырындағы бодандарына бейбіт күнде сөзі өтпейді, қазақ ішіндегі қазіргі жағдайы «иесіз жабайы атқа ұқсайды», «ондай атты адамдар ұрып-соғып, қуып әлек, ал аңдар ұстап алып жеп қоюға ұмтылады». Алайда ол елдің тұтастығын арттырғысы келеді. Мемлекеті күшті, орнықты болса екен дейді. Солай жасау үшін нақты билікке қол жеткізуді армандайды. Ал ондай жағдай Ресей сынды қуатты монархияны арқа тұтқанда ғана мүмкін болмақ. Ресейдің протектораты ретінде біртұтас, билік жүйесі бір орталықтандырылған қуатты мемлекет құру қажет. Мұндай жағдайға, әне, өздері талай шайқасқан Қалмақ хандығы жетіп отыр…

Әбілқайыр ханның тап осылай ағынан ақтарылуын баршасы мұқият тыңдады. Солтүстіктегі күшті көршіні сюзерен ретінде танудың тап сол шақтағы ахуалда шын мәніндегі мемлекеттік мүдде тұрғысынан жасалуға қажет шара екенін оған ең қарсы топтың өзі де түсінді. Және мойындады, тек  іштей ғана. Бірақ ханның ондай шешімімен келісе алмады. Себебі Әбілқайыр ханның жүзеге асыруға бекем бекінген мақсаты қазақ еліндегі дәстүрлі әлеуметтік-саяси жүйеге үлкен өзгеріс енгізетінін қай-қайсысы да сезді. Турасын айтқанда, оның орталық өкіметті қатты күшейтуге апаратын шара екенін ұқты. Бұл шараның қазақ елі аумағында Қасым хан заманынан бері болмаған билік жүйесін жаңаша жаңғыртатынын пайымдады. Ел ішінде аға ханның бір өзі басқаратын күшті режим орнатуға апаратынын зайыр түсінді. Соны түсінгендіктен де, тиісінше – қорықты. Өйткені, аға ханға бүкіл елді бір өзі билейтін әмірші құқтарын берген жағдайда, қазіргі барша бас адамдар өздерінің қазақ халқын басқару саласындағы бұрынғы артықшылықтарынан айрылып қалатындарын түйсінді. Бір қолға алынған хандық билікке бұрын-соңды болмаған дәрежеде тәуелді болып шығатындарын шамалады. Сондықтан да, 10 қазандағы жиналыста елдің бірқатар бас адамдары (би, сұлтан, батыр, старшын) алауыздыққа жол берді. Ханға бір ауыздан қолдау көрсетпеді. Дегенмен, сүйенетін сюзерен таңдау мәселесінде ол жолы Әбілқайыр ханды Бөкенбай, Есет батырлар және Құдайназар мырза ашық қолдаған, оларды ел ішінде беделі бар тағы жиырма жеті белгілі тұлға жақтады.

Әбілқайыр ханның Ресейге арқа сүйеу арқылы күшті мемлекет орнатпақ жолындағы алғашқы ашық қадамы осылай жасалды. Жоғарыда айтқанымыздай, мәжіліс үстінде бірден елдік мүддеге басымдық бере алмаушылық пен пендешілік ұсақ мүдделер бой көрсетіп, басқарушы элита арасындағы тар өрісті кембағал қайшылық көзге ұрды. Дегенмен Әбілқайыр хан бұл алауыздықты жеңуден үміттенді. Алайда оның жеңілмек түгіл, үдей түсуіне хан сенім артқан сюзереннің өзі мүдделі еді.  Ол Әбілқайыр ханның біртұтас хандық құру жоспарын қайткенде орындатпау жағын көздейтін…

Бейбіт Қойшыбаев

Abai.kz

 

 

Начало формы

Конец формы

Начало формы

Конец формы

 

Жанат 2018-10-09 19:47:41

Қазақ хандарың қай-қайсысы да өз мүмкіндіктеріне сай халыққа қызмет қалған. Жер сақталды. Тіл, салт-дəстүр сақталды. Қазақ аты өзгерген жоқ. Бүгін егемен болғанымызда солаймыз дей аламыз ба? Əуелі өзіңді түзет, ҚАЗАҚ.

 

Жанат 2018-10-09 19:42:28

Төкен мен Жебенің сөздерінің жаны бар. Сол заманның жайын білмей тұрып, хандарды ғайбаттау – арсыздық. Хандардың бірін тəуір, бірін залым қылып көрсету -отарлаушы ел тарихшыларының ісі. Оған ылығудың қажеті жоқ.

 

Төкен 2018-10-09 10:18:41

Сауатты әдемі жазылған мақаланы тұшынып оқып біткесін, комменттерді оқымаққа ыңғайланып, осы айтыған сөзге тоқтаиай түйе сияқты теріс сигендер бар шығар ау деген ой келген. Оным расқа шықты. Мәселе ресейимпериясы, кейін оның мұрагері болған ксроның отарына айналадағы елдер кірмей тек қазақ бодан болған болса, Әбілхайырды кіналап күстаналауға болар еді. Бірақ бұл империя айаладағы 15 республикамен қатар, біршама еркін деген еуропа елдерін, бір рынғы соц. елдерді уысында ұстап отырды ғой. Әблхайыр ресей құрамын кірмегенде орыс бодандығынан құтылпр едік деген далбаса, оқ дәрімен атылатын қаруы жоқ қазақ орасан зор шығынмен бәрібір ресейдің бодандық қамытын киер еді. Тарихтың осылай өрбуі, қазақтың тарих сахнасынан жоғалып кетпеуі, әуелі Алла, екінші осылай көрегендік танытқан хандарың еңбегі екенін түсінетін уақыт жетті.

 

Жебе 2018-10-09 05:38:02

Тарихқа терең үңілетін болсақ қазақтардың жоңғарлардан жеңілуі, Әбілхайыр ханның орыстардан бодандық сұрауына кінәлі адам бұл Ұлы Жүздің биі Төле би. Аңырақай шайқасынан кейін қазақтардың жақсылары Түркістанда бас қосып, қазақ халқының бас ханын сайлау мәселесін көтереді. Төле би бұл орынға Ұлы Жүздің ханы Әбілмамбетті ұсынады. Оның сөзі бойынша, бұл тұлғаның мінезі жұмсақ, мал дүниесін соғыс жолына берді, үлкендерді сыйлайды, әдет -ғұрыптарды біледі. Сөйтіп 7-8 билерді көндіріп, Әбілмамбетті үш Жүздің бас ханы етіп сайлайды. Осыдан кейін Әбілхайыр хан істерін тапсырып еліне қайтады.1773 жылы жоңғарлар елге қайта шабады. Әбілмамбет хан қолынан түк келмейтін әлсіз адам екенін көрсетіп, халықтың басын біріктіре алмай, Түркістанда қамалып отырып алады. Жоңғарлар Ұлы Жүздің жерін түгелімен басып алады. Бір жылдан кейін қызыл бастар (ирандықтар) Кіші Хүздің жеріне баса көктеп кіреді. Әбілхайыр хан Кіші жүздің жігіттерімен оларды талқандап, елден қуып шығады. Егер де сол Түркістан жиынында Әбілхайыр ханды бас хан етіп сайлағанда, қазақтар жоңғарлардан жеңілмес еді, Әбілхайыр хан орыстардан бодандық сұрамас еді. Бодандықтың қамытын киудің бірден бір себебі Әбілхайырдың орыстың көмегімен бас хан болу ойы еді…

 

Қарапайым қазақ 2018-10-09 02:27:25

Қазан төнкерісінен кейін комунистер қазақтын тарихын өздеріне икемдеп жазып шықты, Олардың жазған тарихы қазақтар жабайы болған ол жабайылардың көзін ашқан ұлы орыс халқы, комунистер жазған тарихта болсын олар түсірген кинолар болсын қазақтар женіп көрмеген үнемі женіліп отырған,70жылда олар өздеріне тәуелді ынжықтарды тәрбиелеп оқытып шығарды олар қазақ жастарын оқытқанымен өздеріне қарсы шықпайтын қолақпандай галстук таққан ұлтынаң безген ынжық мәнгүрттерді тәрбиелеп шығарды.Бәрі бірдей емес әрине дегенмен басым көбі орыстың сойлын соғатын мәдени мәнгүрттер еді.Олар әліде баршылық

 

Фидель 2018-10-08 23:50:58

Осыған да құдайға шүкір деу керек…Қазақстанның тағдыры басқаша қалыптасқанда біздің қазіргі жеріміздің біразы Қоқан хандығында қалар ма еді, оны бір құдай біледі!….

 

Жебе 2018-10-08 23:34:00

DUMAN 2018-10-08 22:14:47 Арыстан жүректі айбарлы батыр Жұмабек Тәшеновты ұмытпайық. Қазақтың жерін тартып алып, басқа халықтарға үлестіріп бермекші болған Хрущевқа қарсы шығып, жерімізді сақтап қалды…

 

DUMAN 2018-10-08 22:14:47

Адилет! Алихан Ахмет Мыржакыптар болмаса казагымыздын бугинги халкы, ели мен территориясы болмаса еди. Олар казак журтынын болашагы ушин жандарын Курбан етти, Жане автономиядан Казак Социялистик Республика Одагын жасап Кетти. Ал осы корага киргизген Абилхайыр еди. Барак султан баскасы баска, Абилхайырдын осы саткындыгын кешире алмай басын алды.

 

Фидель 2018-10-08 21:49:16

Әділет 2018-10-08 21:40:26——————–Әдекеңнің сөзінің жаны бар…Жалпы қазақтың барлық ханының өз орны бар дейік!…

 

Әділет 2018-10-08 21:40:26

Осында пікір жазып отырған ағайындар, мен Орта жүз Керей тайпасынан болам, Қостанай туған менің өлкем. Әбілқайыр xанды 27 жыл боқтап, “Қазақстанды Ресей Империясына бодаулыққа жығып берген сатқын” деп айып тақтық. Солай да ол xанымызды жетер жеріне апарып жермен жексен еттік. Айналайын қазағым сол айыптау артыңдағы мотивацияны тек рушылдықтан басқа ештемеде көріп отырғаным жоқ. Тоғыз ауыз сөздің тобықтай бір түйіні бүгінгі Қазақстанның Қазақстан болып орнында қалуы осы Әбілқайыр xанның сол “бодаулыққа” баруының тіке еңбегінің арқасында болған тариxи шындық. Сол Ресейге біздің ел тәуелді болғаннан соң ұлан байтақ жеріміз империяның бір бөлігі ретінде “басқа” елге жұтылып кетпей, 1991 жылы қайтып біз бір оқ атпай сол Қазақстанды қайтып “сейфтан” алып шықтық. “Бабамыз найзаның ұшы, білектің күшімен” байтақ даламызды алып қалды деген сөзге қатты күмәнмен қараймын. Сенің найзаң мен білегің винтовка мен пушканың алдында құтты аузынан от шашкан айдаһардың алдында тұрғанымен бірдей. Ұзын сөздің қысқасы, чем Американың жайлақ атқа мінген индустарындай айқайлап жаудың оғына барып кеудеңді төсеп бекер құрбан болып өлгеніңше гипкость танытқаның әлде қайда абзал болмай ма?

 

Фидель 2018-10-08 21:19:44

Кеңестік дәуірде орыстар хандарымызды жеккөрінішті етіп оқытты дедік. Енді ЕГЕМЕНДІК алғанда хандарымызды өзіміз жамандамайық! Қазақтың ХАНДАРЫ туралы Қазақстан тарихы оқулығында жеткілікті жазылған. Келешек ұрпақ оларды танып, біліп, дәріптері сөзсіз! Бос сөзді доғарайық та, ХАНДАРЫМЫЗДЫҢ мерейі үстем болсын! Қазақтың тарихы бөлінбейді!…

 

 

Біздер 2018-10-08 19:11:45

Мынау “Адай” атын жамылған Бопайдың інісі емес-ау деймін. Қыран мен құзғынның арасына, жалпақ елге өсек таситын “сауысқан” болар. Сақ болыңдар.

 

1 2018-10-08 18:54:40

“Қазақ халқы” атынан сөйлейтін ен қай Мырқымбайсың ?! Жөніңді біл. Черт!

 

ҚАЗАҚ ХАЛҚЫ. 2018-10-08 18:40:27

Мынау аты аталған надандарда ұлттық сана түгіл… Халықтық сана жоқ тайпаның табанының астында қалғандар ғой. Міне осындай санасыздарымен Қазақ қайтып береке бірлікке келмек ??… Қожырбай – Қойшыбай – Кемелбай -дегендерің бейшаралар… тіпті сөз етуге тұрмайтын сорлылар…

 

кемелхан кадырша 2018-10-08 17:46:21

Әбілқайыр ханды Барақ султан өлтіргені Барақтың басына таңба салғаны бәрі күмәнді нәрсе оның бәрін мұқият тексеру қажет.Қазір осы жағыдайды тексеріпшындықты ашатын тарихшы жоқ.Әбілхайыр өкпелеп кетіп қалды деген сөзде шындыққа жатпайды.

 

штел қазағы 2018-10-08 17:37:42

қазақ тарихын жүздердің деңгейінде, бір-бірін кінәлап, зерттейтін ұғым осы Бейбіт Қойшыбайдан басталады. Әбілхайырды әспеттеу, Абылайды төмендету, орта жүзден шыққан батыр-баһадүрлерді жоққа шығару, бәрін аңырақай шайқасы шешті деп жар салу кімге керек сонда?аңырақай шайқасынан кейін, жоңғар тұқымымен жойылып кеткен жоқ. онан кейін де көптеген ірі шайқастар болған. Мұхамбеткәрім Қожырбайұлы, Әнес Сарай, Бейбіт Қойшыбай кете береді. тек ғана жазатындары кіші жүздің аттөбеліндей қазақтарын көкке көтеру, ұлтты ортақ іске жұмылдыра алатын бір ой жоқ жазғандарында. тек ғана кіші жүз…қазақтң жоңғар заманында жауға шапқан атақты жүз батырының тең жартысынан астамы найман руынан шыққанын Қойшекең білмейме?тегеуінді қарулы жоңғар, түркімен құмынан шығып, кіші жүзге тап бермеген шығар. жоңғар тарбағатай, іле жақтан қалың Найман отырған жетісуға, тарбағатайға лап қойды. үш жүз әскерінің бас қолбасшысы болған Қабанбай батыр, көкжал Барақ, Батыр Баян туралы қаламы жүрмейді. Абылайдың деңгейі мен сіңірген еңбегін әбілқайыр істей алған жоқ.

 

АДАй 2018-10-08 16:25:32

Әспет – мынау Әбілқайырды өдтірген Барақты… “Шотан батыр бастаған Адай жігіттері Барақтың басын тіліпті ” – деген өтірік қана емес тарихты ойыншық етушілердің сөзі ғой…

 

Əспет 2018-10-08 12:49:41

Əбілқайырды Барақ сұлтан өлтіріп, Бопайдың өтінішімен Шотан батыр бастаған Адай жігіттерінің Барақтан барып Əбілқайырдың кегім алғаны рас па? Барақтың басына тіліп Адай таңбаны салып қорлаған деген бар. Светқали ақынның өлеңі бойынша осы тақырыпта Маңғыстау театры спектакль шығарды. Тарихшылар дұрыс пікір айтса екен. Біреулер ондай оқиға болмаған дейді

 

Фидель 2018-10-08 11:20:25

Қазақтың әншілерінің бәрі жақсы, әрқайсысының өз орны бар дегендей… Міне, сол сияқты қазақтың хандарының да барлығы жақсы. Олардың әрқайсысының қазақтың тарихында өз орындары бар…Ешкім үш жүздің хандарын ары тарт та, бері тарт етіп бөлектемесе керек. Оның бір дәлелі – Әбілқайыр ханнның суреті алғаш теңге шыққан жылдары анау-мынау емес, 50 теңгелікке берілген еді ғой!…Әбілқайыр хан – қазақтың ең көрнекті хандарының бірі және болып қала да береді…Бұл – Ұлы жүздің баласының ойы. Руға, жүзге бөлініп жатырмыз ба?…

 

АДАЙ 2018-10-08 11:19:56

ТАРИХТЫ – өтірік жазып отырған Қойшыбайды – Алланың қарғысына тапсырдық. Ол былжырап жазып отырған Әбілқайырды… Барақтың барып өлтіруі ЖӘЙ нәрсе секілді… ұяалса шы…

 

Қанат Атырау 2018-10-08 10:26:54

Жақсы жазылған мақала . Рахмет.

 

Ватсонбаев 2018-10-08 10:13:08

Айнәнәін ақиқат деп ник өзіне қойған шалапұтқа! Өзіне қара! Егер прости*господи болсан – скатертью дорога! Ал, барлық адамдарға, оның ішінде тарихшы болсын, иә басқа болсын – миы жоқтығын көрсетеді! Егер мықты болсан – бар өзінді көрсет – жол ашық! Ал, егер, тілмен шаруа бітірсен, онда болтунсын және демагогсын!

 

Әділханұлы Қуаныш 2018-10-08 10:01:20

Авторға мың алғыс! Өте ауқымды, түсініп бағалай білген адамға керекті мағлұматқа толы, жақсы ашылып жазылған мақала. Тағы да басқаларын күтеміз … Қазіргі тарихшылардың мадақтап бүкіл ерлік пен қаһармандықты беріп жүрген Абылай ханды жас кезінде Жоңғардың тұтқынынан елшілік сайлатып, босатып, алдыртқан да – Әбілхайыр хан! Өкінішке орай қазір көп адам ақиқатты ізденіп, көргесі келмейді. Оның үстіне бізде рушылдық алауыз-надан көзқарас басып кеткен, басқаның адалдығы мен артықшылығын мойындауға бойымызда азаматтық жоқ. Болар елдің баласы, бірін-бірі батыр дейді деген ұстана алмаймыз. Әбілхайыр ханның орасан зор еңбегі мен ерлігін мойындаса, бүкіл Кіші жүзден кем болып қаламын деген өте төмен деңгейде, тар пиғылдылар көп… Түбінде шындық, ақиқат жеңетіні сөзсіз … Қуаныш 87776773340

 

Ақиқат 2018-10-08 09:31:22

Тарихшылар проституткалар ғой. Билікте кім отырса соның сөзін сөйлеп тарих жазады. Ал қазақ тарихшылар шын тарихты объективті жаза алмайды. Өз ру-жүзіне тартып кетеді. Қазақтың алғашқы тарих докторы Бекмахановтың монографиясы мен оқулығы Әбілқайырға әділ тарихи баға беріп кеткен. Қалғандарінік құр былжырақ. Тіпті қазіргі Қазақстан тарихы да куәгерлер тірі болса да шынайы жазылып отырған жоқ. Алысқа ұзамай-ақ 86 жылдың желтоқсан оқиғасын алайықшы. шындық айтылды ма? Қазақ партноменкулатурасының әрекеттерін қарашы. Билікке таласып қазақтарды қыруға атсалысқан адамдар кейін герой боп жүр…